Қадірлі туыс жан!
«Мен кіммін, адамзат қайдан келді, біз қайда барамыз?» – деген сұрақтар мені ес білгелі мазалап келеді. Көктен түскен қасиетті кітаптарда «Ең әуелі сөз болған» – деген ақиқат бар. Демек, жаратылыс атаулы – ойдың жемісі. Ой – сөз арқылы мәлім болмақ, қимыл, іс-әрекет жүзеге аспақ. Демек, ең әуелі ой болған шығар? Олай болса, бізді жаратқан – Тәңірдің Ұлы Ойы. Мүмкін біз сөзбіз? Әр адам әріп болар?.. Жә, бұл ақынның сандырағы, назар аудармаңыз!
Біздің көзімізге көрінбейтін, алайда, түйсікке еміс-еміс сезілетін параллельді әлемдерден келетін ой мен геніміздегі сөз қорынан өлең өретін қызметкерлеріңіз – Ақын деп біліңіз. Мен де сол ақындар әулетінен шыққан туысыңызбын. Туысыңыз шамасы келгенше сол тылсым жақтағы Сізге арналған ақпаратты жеткізуге тырысып жүр. Алла берген қалған ғұмырымды да сол қызметке арнамақ ниетім бар.
Сіз кіріп отырған сайт – Сізге арналған. 30 жасқа дейін не білдім, не тоқыдым, не сездім – бәрін әлім жеткенше осында жинақтадым. Егер Сізге ұнамай жатса, өкініш пен мұң мен жақта, егер ұнап жатса, мен Сізбен бірге қуанамын.
Сайттың әр рубрикаларында менің әр жылда жазған өлеңдерім, мақалаларым, прозалық дүниелерім мен берген сұхбаттарым һәм қаламгерлердің мен туралы білдірген лебіздері топтастырылылды.
Онсыз да көп сөйлеп кеттім-ау деймін, уақытыңызды алмайын.
Іске сәт! Жақсы демалыңыз!
