30.12.09

Ақберен Елгезек, ақын: «Қатты қиналған сәттерімде ұлып-ұлып алатыным бар!».

– Жастар поэзиясы туралы әңгіме бола қалса, сіздің атыңыз жиі айтылады. Бірақ аты шулы мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаныңызды көрмеппіз. Азын-аулақ жүлдесін місе тұтпайсыз ба, әлде жеңіліп қалудан қорқасыз ба?

– Екі рет қатысқаным бар. Екеуінде де үшінші орын алдым. Өкіндім. Орын үшін емес. Тәңірден түскен дүниелерді қорлағаным үшін өкіндім. Сосын көптеген мүшәйралар арнайы тақырып ұсынады. Ал мен белгілі бір тақырыптарға жаза алмайтыным бар. Мысалы, жақында ұлттық спорт түрлеріне арналған мүшәйра өтіпті. Сонда мен қатысуым үшін «Аударыспақ», «Арқан тарту» сияқты өлеңдер жазуым керек екен. Кешіріңіз, менің ұстанымыма келмейтін нәрсе екен – бұл. Биік поэзия – мүшәйралар үшін жазылмайды. Нағыз поэзияны жарысқа салудың өзі орынсыз. Базбіреулер мүшәйралар жас ақындар үшін жасалып жатқан қамқорлық деп лепіріп жатады. Бірақ жас ақындар, өкінішке қарай, «ынталандыру» сыйлығынан ары аса алмай жүр. Негізгі жүлделі орындарды жағдайы түзелген сақа ақындар алады. Ол ешкімге құпия емес. Мен екі мүшәйрадан алған ақшалай сыйлығымды жүлдесіз қайтқан жігіттерге таратып бергем. Себебі мен «мүшәйрист» ақын емеспін. Тек буындас қаламгерлермен қауқылдасып, ойнап-күліп, ел көру үшін барған едім.

– Поэзияны адам демалу үшін, жанға ләззат табу үшін, өмірге деген құлшынысты арттыру үшін оқиды. Ал сізде көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын өлеңдер тапшы… Осы тұрғыда не айта аласыз?..

–  Мен оқырманның сұранысын зерттеп жазбаймын. Ғарыштағы ақпараттық өрістен маған тиесілі ойларды қағаз бетіне көшірем де қоям. Шынымды айтсам, көңіл көтеріп, қуанатын сәттерім аз. Неге екенімді білмеймін. Оған аса қайғыра да қоймаймын. Себебі поэзия мұңына етім үйреніп кеткен. Бұл – менің өмірім. Сосын нағыз ақын көкте. Біз – ақынбыз деп жүргендер, соның күбірі мен сыбырын пенделер пәниіне жеткізуші делдал ғанамыз. Ал ол қандай өлең түсіреді, немен азаптайды, Өзі біледі.

– Көп өлеңдеріңізде Тәңірі мен көк бөрінің тотемі жиі қолданылады. Тіпті бір кездесуде «Мен тәңіршілмін» деп айтып қалыпсыз. Зиялы қауымның тәңіршілдікті ұстануы халықтың адасуына апарып соғады деп ойламайсыз ба?

– «Тәңіршілмін» деп айтып қалсам, ол менің Құдайшылығым. Көк түріктің Тәңірі исламның, болмаса христиан Құдайынан еш айырмашылығы жоқ. Ол ғарышты және біз біле бермейтін параллельді әлемдерді жаратушы Ұлы Рух һәм Ол жалғыз. Және Жаратушыға сіз қай дінде, қай тілде жалбарынсаңыз да бәрібір. Мәселе, қай дінде болуыңда емес, мәселе жүрегіңде иманың болуда. Көк түріктің ата діні – тәңіршілдік монотеистік дін. Сондықтан да көшпелілер ислам дінін жатырқамай қабылдаған. Ал көк бөріге келсек, ол мені қолдап жүрген көкжалдың аруағы. Ол мен қиналған кезімде түсіме кіреді, адами тілде сөйлеседі менімен. Кеңес береді, кейде қорқытады. Бірақ мен оған сыйынып, пір тұтпаймын. Әр адамның ішінде екінші жан иесі өмір сүреді. Менің ішімде көк бөрінің рухы бар. Кейде қатты қиналған сәттерімде ұлып-ұлып алатыным бар. Шерім тарқап, кәдімгідей жеңілдеп қалам. Жай нәрсе емес сияқты…

– Отбасыңыз бар ма?

– Тәңірге тәуба, бір әйелім (күледі), Муза атты кішкентай қызым бар.

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар?

– «Көлеңкелер күбірі» атты кітабымның қолжазбасы дайын тұр. Мәдениет және ақпарат министрлігіне өткізіп тастадық. Әзірше хабар жоқ. Шығатын шығар…

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Ермахан Шайхыұлы

Айқын 11.04.2008  http://www.aikyn.kz/site.php?lan=kaz&id=129&pub=17402

1588 рет қаралды

13 Пікірлер “Ақберен Елгезек, ақын: «Қатты қиналған сәттерімде ұлып-ұлып алатыным бар!».”

  1. Ермухан:

    Ей ага деп айтугада жарамайтын адасушы бауырымнын бірі екенгой!

  2. Ақберен:

    Мүмкін… Сізді Құдай адастырмасын!

  3. Санду:

    Сонғы пікіріңіз көп ойлантты! Жаратушыға қай тілде жалбарынсақ та бәрібір шығар, ал бірақ кез келген дінде жалбарынсаңыз да бәрібір деген пікіріңізбен келіспеймін!!! жер бетін жаратушы Алла тағаланын 99 есімі бар, ал Тәңір жоқ!Көк түріктің ата діні шаманизмді жаңғыртудың не қажеті бар!Түйсікпен еліктеушіліпен өзіңізге Тәңір жасамаңыз, ақиақатты ислам дініне мойынсұнғаныныз абзал!!! Абайдың өзі құдыретті жаратушы күш -Алланың бар екенін мойындаған,
    Махаббатпен жаратқан адамзатты,
    Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті!!! деген Ақберен аға!!! Ойланыңыз!!!

  4. Ақберен:

    Айналайын, Сәнду! Менің осы сұхбаттағы мына сөйлеміме назар аударыңызшы: “Көк түріктің Тәңірі исламның, болмаса христиан Құдайынан еш айырмашылығы жоқ. Ол ғарышты және біз біле бермейтін параллельді әлемдерді жаратушы Ұлы Рух һәм Ол жалғыз”.

    Бұл жерде мен Жаратушы, Жалғыз һәм ешнәрсеге мұқтаж емес АЛЛАНЫ айтып отырмын.

    Бұл шаманизм емес.

    Маған бар болғаны Тәңір деген сөз қатты ұнайды. Себебі оның дыбысталу вибрациясы өте қуатты.

    Түріктің Көк Тәңірісі деген – аруақ та, қасқыр да емес, күллі ғарышты жаратқан Ұлы Рух яғни
    арабтардың тіліндегі АЛЛА!

    Иудейлер оны Яхве дейді, христиандар оны Бог дейді, басқалар тағы басқаша атайды.

    Менің қазақ тіліндегі Тәңірім – Аллам. Дыбысталуы өзгергенмен, мәні өзгермейтін дүние бұл.

    Осы сөз үшін талай түсінбеушілікке тап боламын үнемі мен.

    Сосын Тәңіршілдік дегенді білмей жатып оны тотемизм, шаманизм тағы бірдемемизм деп шатастырғандарды сауатты қазақ деп айта алмаймын.

    Тәңіршілдік – монотеистік дін яғни бір Құдайға табынушылық.

  5. Санду:

    Дұрыс түсінбегенім үшін кешірім сұраймын сізден! Ашуланбай ойыңызды таратып орнықты жауап бергеніңіз үшін рахмет Сізге!!!

  6. Жүкел ХАМАЙ:

    Ойлану керек, тағы да ойлану керек… Ауыр мұңға адам күлмейді. Ақиқат. Алайда, күлкіден де терең,күлкіден де жеңіл… тіпті біз көре білмейтін сәт, ести бермейтін үн,оң мен сол бағыттар бар ғой!.. Алтын шөпке тор шалған өрмекшіні не деуге, не деп атауға болады?!. Тәңір, Аллаһ,Христос, Будда… біз білетін атаулар, білмейтіндеріміз ше?!.

  7. Ақберен:

    Жүкел ағам өте дұрыс айтып отыр! Өте дұрыс!

  8. Гуля:

    Ермухан, Сандулар дұрыс түсінбеуде сияқты.Құран -кәрімді оқысаңыздар “Алладан басқа тәңір жоқ” деген ұғымды кездестіресіздер.Тәңір деген сөзді Алла, Құдай деген сөздердің синонимі деп қарастырамыз.Оған серік қосу емес,я болмаса басқаға табынушылық емес

  9. Жырға ғашық:

    тәңір деген сөз моңғол тілінде аспан дегенді білдіреді/ түсінбеймін, осы сөзден қорқатындарды/ аспандай биік, мәңгі түпсіз тұңғиық көгідір болуға ұмтылу, сондай күй кешу – шынайы шығыс ақындарына тән қасиет/ өзіңе Төлеген атындағы сыйлықтың бұйыруы да осыған куә

  10. Ахилес (Акыл-ес):

    Тәңіршілдіктің түк те қатысы жоқ мұнда. Ақынның шығармашылық лабараториясына үңілу немесе жіті талдау жасау, конпептуалдық принциптерді анықтау, ой қорыту, шешім жасау… Міне, бұлардың ешқайсысы да жоқ мына сұхбатта. Өкініштісі де сол. Ақберенді бір діншіл немесе оған қарсы құдайсыз біреу деуге болмайды. Ол ақындығымен көзге түсті. Енді тек қана ақындығын айту керек. Поэзияға махаббат дегеніңіз ол дініңнің бет-сипаты қандай екенімен өлшенбейді. Кесіп айтайын, тілші сұхбат жүргізе алмаған, Ақберен оның есіне салуды ұмытқан, яки сол секілді қатерлі қате туындаған.Солай…

  11. filolog:

    aqberen/abiz akin.

  12. Нарынбеk Жумашев:

    Аkберен нагыз аkын.

  13. Ақбота:

    Ермухан нағыз адасушы сенсің! Сен сияқты салафиттер поэзияға қызықпай ақ қойсыншы.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion