30.12.09

Aқын, Серпер сыйлығының лауреаты Ақберен Елгезекпен сұхбат. «Мүшәйрадан мән кетті…»

Алтын Орда:  – Әуелгі сұрақ: өлең сізді іздеп тапты ма, әлде өлеңді сіз таптыңыз ба?

А.Е. Қызық сұрақ екен… Мен ешқашан өлеңді іздеген емеспін. Кім өз еркімен дерттенгісі келеді дейсіз? Соған қарағанда өлең мені өзі іздеп келді-ау деймін. Негізі өлең емес, соның иесі іздеп келді деп айтсам дұрыс шығар. Өлең деген құбылысқа менің өз анықтамам да дайын. Бұл төрт әріпке қана сыйып тұрған ғажайып һәм азапты дүниені мен ақпараттық-энергетикалық құрылым деп қабылдаймын. Яғни оның рухы, жаны және санасы бар. Жыр деген басқа нәрсе. Сондықтан өлең жырға қарағанда кербездеу келеді. Тігісін жатқызып жазбасаң, оны асқақтатпасаң, оған түбегейлі берілмесең, мазаңды алып бітеді.

Жалпы мен бала кезімнен актер болуды армандаған едім және ақын болам деп еш ойлаған жоқпын. Ақындық деген бақсылық сияқты. Көнесің бе, көнбейсің бе, бәрібір оған. Бір күндері басыңды айналдырып, тұла-бойыңды буып, ішінді өртеп, ақ қағаздың алдынан бірақ шығарады. Көресін сосын!

«Алтын орда»:

Өлең жазған кезде қандай күйде боласыз?

А.Е.

Оны сөзбен жеткізе алмаймын. Менің бір өлеңімде «…жүрегіме жұлдыз біткен көміліп, бір нүктеде ғарыш болып отырмын…» деген жолдар бар. Яғни, осы дүниеде саусақтарың өлең жазып жатса, рухың мен миың басқа параллельді әлемдерге саяхат жасап жүреді. Ал сен, ақ қағаздың арғы жағынан қалқып шығатын қызылды-жасыл әлемге арбалып отырасың да қаласың…

«Алтын орда»:

Тапсырыспен өлең жазуға деген көзқарасыңыз?

А.Е.

Тапсырыспен өлең жазылмайды. Ол өлең емес.

«Алтын орда»:

Қазіргі жас ақындардың ең басты проблемасы? Және оған Сіз басқарып отырған «Қазақ әдебиетін қолдау қоры» қандай үлес қоса алады?

А.Е.

Жас ақындардың басты проблемасы – үй және әлеуметтік жағдай. Оған қоғамдық қор немен көмектесе алады? Ол мемлекеттің шаруасы. Біздің негізгі міндетіміз – жас таланттардың шығармашылығына қолдау көрсету, жариялануына көмектесу, кешін өткізіп беру сияқты жұмыстар ғой.

«Алтын орда»:

Өлең өлкесіне аяқ басқан талапкердің танылуына мүшәйралар да себепкер боп жатады. Осы ретте Сіздің жыл сайын саны артып келе жатқан мүшәйраларға деген көзқарасыңыз қандай?

А.Е.

Мен бір сұхбатымда мүшәйраға деген көзқарасымды білдіргем. Қайталаудан жалықпаймын. Мүмкін біреуге мүшәйраларға қатысу қызық шығар. Біреу одан атақ табатын болар, біреу ақша үшін қатысар. Бірақ, маған биік поэзияны жарысқа салу ұят көрінеді.

«Ау, мүшәйра жас ақынға аз да болса әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесетін шара ғой» – деп тулар біреу? Ал, келісейін. Бірақ, жас ақындар негізгі жүлделі орындарды алмайды ғой. Алса, сол ынталандыру сыйлығын, болмаса, бір ақын-жазушының атындағы сыйлықты алар. Алайда, оның ақшасы өте аз келеді емес пе. Сондықтан менің ойымша, жас қаламгерлерге Тәңірден түскен дүниелерді мүшәйра сияқты лас талас-тартысқа салғаннын орнына, жұмыс істеу керек. Қазір не көп, басылым көп. Мақала жазсын, қызметке тұрсын. Ешкім кедергі келтірмейді ғой. Ал, бұл ойыммен келіспейтіндер болса, олар нағыз жалқаулар. Жалпы, бұрын сондай шараларға елеңдеп жүретін менің достарымның бәрінің мүшәйралардан көңілі қалып барады. Ол жақсы үрдіс.

«Алтын орда»:

Аға буын өкілдерінің кейінгі жастарға назар аударып, батасын беруі, ортаға танытуы кемшін соғып жатқан жоқ па? Осы ретте өзіңіз кімдердің шапағатын көрдіңіз?

А.Е.

Біз тамсанып еститін кеңес уақытындағы әдеби ортадай емес, әрине. Бірақ, қазір де ешкім біздің кеудемізден итеріп жатқан жоқ. Оған үлкен ағалардың құқығы да шектеулі. Әр үлкен буынның өкілі өзіне ұнаған жаспен араласады. Ол жағынан кенде емеспіз. Мәселе сен туралы тіс жарып ешнәрсе айтпатындығында болып тұр. Кейін айта жатар…

Мені басылым бетіне ең алғашқы шығарған Маралтай ағам болатын. Ол кезде ағамыз «Жас қалам» қосымшасының редакторы еді ғой. Бірнеше жылдан кейін Мәкең алғысөз жазып тағы да бір топтамамды берді. Жалпы, сол топтамадан кейін әдеби ортаға ендім деп есептеймін.

Сол топтамаға Тыныштықбек ағам лебіз білдірді. Әрине, Тыныш ағамның бұл лебізі көп адамға біртүрлі көрінген болуы керек. Өзім де таңқалдым. Семейге бір барғанымда рахметімді айттым. Маған ол шайыр: «Мен мақала жазсам өлеңіне жаздым, сен үшін емес» деп дүрсе қоя бергені есімде.

Ғалым Жайлыбай ағам алғашқы өлеңдер жинағыма алғысөз жазған. Жалпы, ол кісі қашанда мені көрсе, еміреніп тұрады, мен де ол кісіге ағамдай қараймын. Сыйлаймын, жақсы көрем.

Әмірхан Балқыбекті ерекше айта кеткім кеп отыр. Әбекең маған әдебиетке деген құштарлығымды оятты. Білімділігі өз алдына, ол кісі өте әділ әрі сұңғыла адам. Алдына буындастарыммен талай өлең оқуға бардық қой. Шынайы бағасын беретін. Сосын тындай біледі. Әмірхан ағамнан «Мен бәрін білемін, мен кереметпін» – дегенді бір естіген емеспін. Керісінше, біз әлі маңына жолай алмайтын ұшан-теңіз білімнің иесі бола тұрып, «осы мен нашар емеспін бе-ей» – деп күмәнданады да жүреді. Сол үшін сыйлаймын. Ұлық болсаң, кішік бол деген осы.

«Алтын орда»:

Әдеби сынның бүгінгі ахуалына көңіліңіз тола ма? Бүгінгі әдебиет сыншылары белгілі бір топтың мүддесін қорғайтын қаһарманға айналып кетті дей аламыз ба?

А.Е.

Сұрақтың екінші бөлігіндегі сұрау нақышын білдіретін белгілерін алып тастасақ, сауалыңыз менің қазіргі әдеби сынға деген көзқарасым болып шыға келеді екен…

«Алтын орда»:

Қазіргі жас қаламгерлер бір-бірін оқымай жатып, сырттай жорамал жасауға бейім – деген пікірге алып-қосарыңыз бар ма? Және жасын жырлардан тағдырсыз тақпақтар көп деген ойдың талқыға түсуіне не себеп?

Кейбір эмоцияға беріліп отырғанда болмаса, ондай жеңіл әңгіме айтылмаса керек. Негізінен, жастар өз буындастарының шығармашылығын жақсы біледі. Әркімнің өз орыны айқындалып, потенциалы білініп қалды ғой.

Екінші сұраққа қатысты былай жауап беруге болады: кім жасын жыр, кім тақпақ жазып жүргендігін тарих өзі екшейді. Оны айтып жүргендерді кезінде Жұмекен мен Мұқағалидің, Төлеген мен Жұматайдың қадірін білмей қалған адамдардың сортына жатқызыңыз.

«Алтын орда»:

«Өлеңді жұрт жанын демалдыру үшін оқиды. Ал бүгінгі жастардың жырын оқып отырып төртінші қабаттан секіріп кеткің келеді» деген бір ағамыз. Шынында, қолында қаламы бар кейінгі буынның пессимистік сарынға көп ойысып кеткенін немен түсіндіруге болады?

А.Е.

Ол қазіргі жастарға тән психологиялық дерт десем, ешкім өкпелемесін. Оның аты – депрессия. Бұл жалғыз қазақ жастарына ғана тән ауру емес, онымен дүниежүзі жаппай аура бастады. Бұл ауру ең алдымен жүйкені жұқартады. Сосын өлім туралы ойларды жұмыр басына тықпалайды кеп. Сосын сол ойлардан қашып жүргенің…

Неге олай болып жатқанына мен жауап бере алмаймын. Мүмкін ақпараттық кеңістіктің балансы бұзылғаннан болар? Әлде, тылсым жақтан көрінбейтін есіктер ерте ашылып қойды ма?.. Әйтпесе, өрімдей қыз-жігіттерге не көрінді дейсіз, сонша?! Қоғам кінәлі десең, тағы келмейді. Соғыстан кейінгі әдебиетке келген буынның жағдайы біздікінен де нашар болған. Қазір барлық мүмкіншілік бар ғой. Сонда да «бірдеме» ішіне кіріп алып, азаптайды. Түсініксіз…

«Алтын орда»:

Әр адамның, оның ішінде шығармашылық иесінің ішінде «Осыны бір айтсам» деп жүретін ойы болады. Сондай ой сізде бар ма, болса, мүмкіндік туды деп біліңіз…

А.Е.

Қай заманда өмір сүрмесін, ақын біткеннің қоғамға, заманға деген көңілі толған ба екен?! Мен де әр қаламгерді толғандырып жүрген мәселелерден азат емеспін. Мені де қазақтың ұлт ретіндегі ертеңі алаңдатады. Тілдің тағдыры күйзелтеді. Тарихымыздың дұрыс зерттелмей жатқаны қынжылтады. Әдебиетке деген мемлекеттің бейжайлығы ұнамайды. Өзімнің оған түк істей алмайтындығым ұялтады…

«Алтын орда»:

Оқырманға бір өлең…

А.Е.

-  Жақсы…

Қобыз-жүрек

Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,

Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін.

Дүниедегі бәр дыбыстар бір арнада қауышып,

Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.

Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,

Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі шырақшы.

Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,

Сен білерсің, түсінерсің, бұл Жалғанның тарлығын.

Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер,

Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде…

Кенет, сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,

Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс,

Алаңғасар дүниені дауыл алып жоғалар,

Ал, ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.

Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін,

Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін.

Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар,

Бұршақ-бұршақ саулап жатар жұмыр-жұмыр жұлдыздар.

Мақшарланған ақшам сондай!

Сен қапысыз аңдап қал,

Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар.

Жиын болар содан кейін…

Қобыз үні мәңгілік!

Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры!..

Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы.

Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін!

…Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін,

Қобыз-жүрек,

Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін…

Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Бақытгүл Бабаш
«Алтын орда» газеті

1724 рет қаралды

2 Пікірлер “Aқын, Серпер сыйлығының лауреаты Ақберен Елгезекпен сұхбат. «Мүшәйрадан мән кетті…»”

  1. Қосақ:

    Мүшәйра туралы ойыңмен толық келісемін. Жақсы сұқбат екен!

  2. Ардақ:

    Беу-беу дүние! “Ақ қағаздың алдынан бірақ шығарады. Көреңсің сосын!” Ақберен ағада айтқыштық басым, тауып айтады. қызғанам ))

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion