07.06.11

Жанбай жатып, сөнгім келмейді…

Жаңа ғасырдағы жас ақындардың арасында аты жиі аталатыны – Ақберен Елгезек. Өзгеше өлеңдерімен танылып, жас та болса әдебиетке жаңалық әкелген Ақберен жайлы бүгінде жылы әңгіме көп. Ғаламның болмаса да, ғаламтордың ақынына арналған Ақберен ақынға жақында екінің бірінің қолы жете бермейтін «Дарын» сыйлығы тапсырылды. Біз осы орайда жас қаламгерлерге бірнеше сауалдар қойып, аз-маз әңгіме өрбіттік.

– Сізді осы уақытқа шейін ақын ретінде ғана танып келгенбіз. Бірақ былтыр «Ақ желкен» журналында жарияланған «Болмаған балалық шақ» әңгімеңіз арқылы прозалық қабілетіңізді де байқатып қалдыңыз. Әдеби ортада жақсы қабылданған бұл әңгімеңіз – тұп-тура өміріңіз екен. Алдымен өзіңіз жайында айтыңызшы, қайда туылдыңыз, қайда өсіп-өндіңіз?

– Алматы қаласында дүниеге келгем. Әкем арман қуып, 1975 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түскен. Сол бойы ару қалада қалып қойған. Соның арқасында бізге өмірге келетін нүкте ретінде сұлу Алматы шаһары бұйырды. Ал негізі, бабаларымның тамыры тартылған атамекенім – Семей  өңірінің Шұбартау ауданы. Мен осы  ауданының Мәдениет  ауылда ер жеттім.

– Аталмыш хикаятан түйгенім, сіз бала күніңізде кітапқа өте құмар болған екенсіз. Бала Ақбереннің ең сүйікті кітабы қандай еді?

– Хикаятта айтып кеткенімдей, бала кезімде ауыл кітапханасындағы барлық кітапты оқып шықтым. Оның ішінде қазақ және әлем әдебиетінің жауһарлары, керек десеңіз Маркс пен Лениннің барлық шығармаларын оқыдым. Ауылда кітапхана болғанмен, ол менің рухани сұраныстарымды толық қанағаттандыра алмады. Сондықтан, қолыма түскен дүниенің барлығын оқуға құмар болатынмын. Көбінесе, орыс тіліндегі кітаптарды оқитынмын. Себебі, түбі қалаға баратынымды ішім сезетін. Оның үстіне атамның қолына келгелі қазақ мектебіне  бардым. Орыс тілін ұмытпау үшін де оқуым керек екенін түсінгендігімнен де болар.

– Ал сүйіп оқыған шығармаңыз ше?

– Бердібек Соқпақбаевтің барлық шығармаларын сүйіп оқыдым. Оның ішінде «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» ерекше ұнайтын. Себебі, ол шығармаларда өзімнің сол кездегі бала көңілім мен жағдайларыма ұқсас ситуациялар суреттелген. Ал поэзиядан Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әли ағаларымыздың кітаптары  қолымнан түспейтін.

– Ең алғашқы жазған өлеңіңіз не жайында еді. Жадыңызда жатталды ма?

– Алғашқы  өлеңді орыс мектебінде оқып жүргенде орысша жазғанмын. Қазақ тіліндегі алғашқы өлеңім «Қызыл кілем» деп аталатын. Әкем қайтыс болғанда, мәйітін сол кілемге орап шығарған дегенді естігенде, көңілім босап, жылап отырып жазғап. Бірақ сол өлең есімде де, қағазда да сақталмапты.

– Бала кезіңізде жан сырын  жұртқа  жариялай  бермейтін бала болған екенсіз. Бүгінде орда бұзар отызға келдіңіз. Қазір қандайсыз?

– Қазір де сондаймын. Әлі де қиялимын. Әлі де бұзықтанғым келіп тұрады. Еркелегім келеді біреуге. Алайда, жан сырымды ешкімге аша алмаймын. Шынымды айтсам, адамдардан қорқамын. Түсінбейтін сияқты боп көрінеді де тұрады. Мүмкін бұл бала кезден қалған көңіл-күй шығар. Дегенмен, ер жеттік, мінезіміз де өзгерді. Қазір кішкене өжеттілеумін десем де болады. Өмір – ұлы ұстаз ғой. Әлі де өзгеретін шығармыз…

– Өмірде қандайсыз, өлеңде ше?

Өмірде қаталмын, өлеңде нәзікпін.

– Өлең ақынды қаншалықты асырай алады?

– Асыра алмайды. Өлең ақынды асырауға міндетті емес. Поэзия кәсіп емес, ол – өмір сүру формасы.

– Сізді жұрт атаққұмар дейді, рас па?

Жұртқа солай көрінетін шығар… Атаққұмарлық  – ақынды  өлтіретін жаман қасиет. Ал мен жанбай жатып сөнгім келмейді. Жүрегімді ұстап, поэзияға адалмын деп айта аламын. Қалған сөзде шаруам жоқ. Бүгін жұрт былай дейді, ертең былай дейді. Ал мен қандаймын, сондай болып қаламын…

– Ақберен аға, соңғы кезде өлеңдеріңізді тек блогтан ғана оқитын болып жүрміз. Өлеңді блогқа жазу арқылы да оқырман табуға бола ма, әлде бұл бір жарнаманың түрі ме?

– Жаңа өлеңді менен агенттегі оқырмандарым сұрайды. Олардың әрқайсысына  жіберіп отыратын уақытым жоқ. Сондықтан микроблогқа тастай саламын. Сосын жазылған дүниені жұртпен бөліспессең, не үшін жазасың?  Мүмкін дәл сол уақытта бір адамға сенің өлеңдеріндегі сөздер мен сезімдер аса қажет боп отырған шығар. Маған жарнаманың қажеті жоқ. Өлеңім біреуге ұнамаса мен оны мың жерден жарнамаласам да оқымайтын еді ғой…

– Жеке сайтыңыз бар. Сайттың ақын үшін пайдасы қанша?

Кітаптарымды іздеп, өлеңімді ақшаға сатып алмай, тегін оқысын деп қойдым. Жарнама деп ойласаңыз өзіңіз біліңіз.

– Оқырмандардан хат алып көрдіңіз бе?

– Сайтыма жазып тұрады…

– Әңгімеңізге рахмет!


Ботагөз АБАШЕВА
«Ақжелкен» журналы,
мамыр, 2011 жыл

1012 рет қаралды

8 Пікірлер “Жанбай жатып, сөнгім келмейді…”

  1. Әлия:

    Өлең сөздің патшасы сөз сарасы Киыннан қиыстырар ер данасы деп Абай атамыз айтқанындай өлеңдериңиз өрлей берсин.

  2. Гүлнар:

    Акберен, саған тілерім: кішіпейілдік деген үлкен қасиеттен ажырамағын! Ақынның ақындығын танытатын жоғарыда отырған қара-құра емес, қарапайым қалың бұқара, ақынын сүйсе, әспеттейтін оқырманы…
    Сені әкеңнің де ұлы қылмай, шешеңнің де ұлы қылмай, халықтың, елдің баласы етіп әдейі жаратқандай Жаратушы… Елдің ұлы болу оңай емес, сондықтан да қаршадайыңнан саған өзгеше өмір беріп, ширықтырып тәрбиелегісі келгендей…

  3. Ақберен:

    Ұқтым, Гүлнәр.

  4. Жанна:

    Ақберен аға, Сізге шығармашылық шабыт тілеймін!
    Шет елде жүріп қазақ тіліндегі сайттардан(кейде онлайн режимінде) ел туралы хабар біліп отырытын жайым бар. Сіздің шығармашылығыңызбен елден жырақта жүріп болса да танысқаныма өте қуаныштымын! Әрбір өлең жолдарыңыз оқырманға өзін-өзі тануға мүмкіндік береді. Деніңіз сау, бауырыңыз бүтін, шаңырағыңыз берік болсын!

  5. Толкын:

    Олен коржынынызда жана туындылар таусылмасын. Кайда журсенизде жолыныз ак, дениниз сау болсын.Отбасынызга бакыт, куаныш,тыныштык тилеймин.Журегинизге мол иман, сабыр берсин! Аркез Алланын камкорында болыныз!

  6. Ақберен:

    Аумин! Баршаларыңызға үлкен рахмет айтамын! Бақытты болыңыздар!

  7. әскери адам:

    Қазағымның Сөз әлеміндегі үлесі қашан да қомақты ғой. Соның бір реті Ақберен ақын. Семей өңірінен екен. Ұлы Хакім Абай атамыздың әруағы өлкені шарлап, болад дегендеріне киесін дарытып жүргендей. Ақберен, Қалқаман. есімдері неткен алтын еді. Тәуба, Тәңірім! Мың алғыс Саған.

  8. Салима апа:

    С1зд1н п1к1р1н1зге толыгымен косыламын! “Отызында орда бузды”,деген осы болса керек! Алкалы журтты аузына каратып журген азаматтарымызга Алланын рахымы жаусын! Жыр суйер кауымнын осы кундери оленин суйсине окитын акындарымыздын б!регей! десем кателеспейм!н ! Т!л-козден аман болсын !

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion