06.01.10

Ақшамдағы жалғыздық

Алыстады Алатаудың асқары,
Бояулар да іңірлене бастады.
Бұлттың бұла жанарыңнан шашылған, 
Жапырақтың бір ұшында жас қалды… 

Жұлдыздардың әуендері басталды,
Бұл әлемде түннің бары расталды.
Кеше түскен сәулелердің қалдығы,
Қараңғылық тозаңына тасталды.
 
Басталды ма қара түннің дастаны,
Алаңытты Алматының аспаны?
Күлдіретін болу керек Құдайды,
Адамдардың құрып жатқан жоспары.

Түннің тағы тарқатылды шаштары…
Іңір сіңіп кетті тағы қас-қағым.
Ақшам болып еріп кетер күн ертең,
Кәрі түннің алдындағы жас шағым…

Бәрі бүгін баяғыдай, бос бәрі,
Дабыл қағар жалғыздықтың sosтары!
Түн түбінде тағы қалам мен бүгін,
Қайдасыңдар мені ұмытқан достарым?…

1274 рет қаралды

7 Пікірлер “Ақшамдағы жалғыздық”

  1. Гүлжайнат:

    Анда – санда жанкешті жалғыздықтың дар ағашының астында, жалғыздықтың жалба – жұлба шапанын кейіп, жабығып жалғыз қалған сәтте, осы өлеңіңізді оқысам … жадырап қаламын.

  2. Әппақ қыз:

    Күлдіретін болу керек Құдайды, Адамдардың құрып жатқан жоспары…
    Келісемін аға.. Мен мұны жалғыз отырып оқысам, сөз жоқ жылаймын…

  3. Камар:

    Жалгыздык такырыбы – менин ен унамды такырыбым еди.Тун, мун – мунын бари де менин суйиктилерим.Сизге осы олениниз ушин-ак зор алгыс билдиргим келеди.

  4. Орынбасар.Ж.:

    Жалғыздық шын, ақындықтың шарты бұл.
    Басы қатты көрінгенмен арты гүл.
    Оңашада ойды тербеп мұң туар…
    Сезім ішегін сілкіндіріп, тартып ұр.

    Жалғыздығың жазылыпты тәп-тәуір.
    Ақшамда деп қойылыпты ат тәуір.
    Түн түбінен тылсым өлең терем деп,
    Достарыңа болып кетпе жатбауыр…

  5. Жыр құмар жан:

    Ақын, мұң, жалғыздық,түн. Бұлар поэзияда синонимдес сөздер.

  6. мынау олен!:

    мынау жаксы олен

  7. Нургуль:

    Жаксы олен….

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion