Жасанды үміттерім…
Сөнуден жалыққан жарықтаймын.
Көкала көбелек-күдіктерім,
Көңілдің көшесімен қалықтайды…
Ішімнен өртенген іңірдеймін,
Кірпіктен тұтанған тамұқтаймын.
Біреуге өлеңдер күбірлеймін,
Біреуді іздеуден жалықпаймын…
Кеудесін қызыл сәуле еміп жатқан,
Батысы өртенген құрлықтаймын.
Тұмандар тірідей көміп жатқан,
Жарықтың жаңғырығын ұлықтаймын.
Таппаған орманынан қайырымды,
Дірілден жалыққан шыбықтаймын.
Көрсеткен өз көзіме айбымды,
Айнадан құлаған сынықтаймын…
Мен кеше ұшып жүріп гүлге қондым,
Инелік қанатымды ала қашты…
Келмейді менің енді пенде болғым,
Жалғанмен келмейді жағаласқым.
Періштеге тіл қатпай оң жақтағы.
Сайтанға сағым шашып иықтағы,
Мен бүгін бесігімде құндақталып,
Сәбидей келеді ұйықтағым…

ЕЕЕЕеееее…..! Амал который!? Бәріміздің басымыздағы жағдай.
Жақсы өлең екен! сізге көп рехмет. кейде адам баласы өмірден түңіледі, кейде қуанышқа бөленеді, сондағы көңілге медеу болатын өлеңдердің бірі сіздің өлеңдеріңіз.