Күн еңкейсе, көлеңкелер мүсіндей
Бой көтерер, қызғылт дала төсінде.
Пенделердің жалғыздығын түсінбей
Фотосурет аңыраяр иесіне.
О, несіне… несіне мен егілдім,
Өткен шақтың елесімен көрісіп?
Мен – әлемнен, әлем менен жеріді,
Жалғыздық пен жетімдіктің соры үшін.
Бір-ақ дауыс шығарғанда мың ауыз,
Бір қауыз да ашылмайды мың гүлден.
Бір-ақ сәтте тұңғиыққа құлармыз,
Жарылғанда жүректегі күмбірден.
Мұң өтінде жамау жөргек желбіреп,
Жетімдіктің сорын қосса әнге бір,
Жер-жаһанның жанарынан мөлдіреп
Бір-ақ тамшы тамар ма еді көрге бір…
Бір ақ жүрек мың жүректен безінді,
Бір-ақ тілек – тыныштықтың төсегі.
Бұлқыныс боп, күрсініс боп сезілді
Мың ауыздан шыққан дауыс кешегі!
Мың сәттердің қосындысы – өмір бұл,
Мың өкініш түйсік түбі өшеді.
Еске салма, еске салма, Тәңірім,
Маңдайдағы қасіретті бес елі!
Мың-сан сурет шеру жасап барады,
Түсім бе бұл, өңім бе бұл, кім білген.
Мың жүректе сөздер жатыр жаралы,
Жалғыз қауыз ашылмады-ау мың гүлден…
