06.01.10

Бұлттар, бұлттар…

Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі,
Мың құбылып, биіктікте бүр жарған.
Мені елемей, өткен күнге өкпелі, 
Сағымданар сұр жалған.

Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі,
Жусан исі аңқып ескен жаңбырдан.
Өміріміз ақ жауындай өтпелі,
Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған?

Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі,
Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?
Шығыс жақтан айдаһар-Күн от демі,
Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.

Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі,
Жербауырлап, боз даланы емізген, 
Көкке мен де шырқап кеткім келеді,
Өздеріңмен егіз бе ем?

Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі,
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың.
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі,
Енді міне, қала болды қамалым. 

Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі,
Мені ала кет, қосып алып көшіңе.
Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері
Неге жиі оралады есіме?..

Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі,
Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен…
Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін,
Аспан жаққа кететін боп шештім мен!

894 рет қаралды

2 Пікірлер “Бұлттар, бұлттар…”

  1. Орынбасар Ж:

    Бұлттар, бұлттар, биіктегі түтіндей,
    Желге отырып жердің бетін кезеді.
    Көк аспанды қара басып бүтіндей
    Ес жыйдырмай еңселерді езеді…

    Бұлттар, бұлттар, безбүйректей көктегі,
    Шөлдегенге шәрбәтынан бермеді.
    Бұлдыр-бұлдыр батыс жаққа беттеді,
    Жердегіні мазақ қылу ермегі…

    Бұлттар, бұлттар, есімді алып елтіген,
    Шабытыма шабыт әкеп қоспады.
    Айырылып қалған қыздай көркінен,
    Мен де оларды мекенімнен тоспадым.

    Бұлттар, бұлттар, ерігі жоқ өзінде,
    Әмірімен басқалардың жүреді.
    Тиіп кетсең жас тұрады көзінде…
    Ар жағында күн мазақ қып күледі.

  2. Есенбек:

    Тамаша олен!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion