14.01.10

Сайқымазаққа хат

Сен күлесің, жылағың кеп тұрса да,
Сен жылайсың, күліп алып біршама.
Ал, әлем ше, әлем сенің жасыңа,
Күліп отыр, күліп отыр, жасыма!

Сен ғаламның жан-жүрегін емдейсің,
Сен адамның мазағына көнбейсің.
Бөтен жасты кептіргенмен күлкімен,
Шаттық деген құбылысқа сенбейсің.

Біз сүретін әлем мүлде сұрқай-ды,
Күліп жүріп, күтеміз ғой бір қайғы.
Жылап жүріп, жастың өзі ортайды,
Жылап жүріп, бастың өзі қартайды.

Мен де сендей пенделерді жек көрдім,
Күлкім менің көмейімде кептелді.
Екеумізге ортақ міндет жүктелді,
Күлдіреміз есі ауысқан жұртты енді!

626 рет қаралды

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion