14.01.10

Сол… отырған…

Мақсат Мәлікке

Білесің бе, Ғайса досым, сол, әлгі…
Күлуді мен енді мүлде доғардым.
Қу медиен сахарадай көкірек…
Кеше түнде жоғалдым.

Содан кейін…
Қаңғып жүріп таң алды,
Түстерімнің түкпірінен оралдым.
Қайтем енді, байыз таппай жүрген соң,
Байғұс жаным дәруіштей боп алды.

Жүргенімде, сонда Сенен алыста,
Күрсінгенің естіліп ед ғарыштан.
Сездім Сенің аспандағы бейнеңді,
Ішіндегі перілермен алысқан.

О, сол кезде сағынып ем Өзіңді,
Жүрегіңді, жан-жүйкеңді төзімді.
Ғайып сәтте Саған ұқсас пайғамбар,
Менің мына құшағымда көз ілді…

Сол… отырған…
Сыра тартып, салқындап…
Білте шамдай Ай жанады қалтылдап.
Жасырынып тұрғандайсың әдейі,
Аспан-қалқан артында!

Жаңалық жоқ.
Сол… отырған… ән тыңдап,
Баяғы бір балбал тастай қалпымда.
Маңайымда тірі жандар билеп жүр,
Арасынан елестейді марқұмдар…

Бәрі өтірік – бақытты боп өтем деу,
Бәрі – жалған,
Таусылмайық бекерге?!
«Алдавайда» кездесейік екеуміз,
Ана жаққа біржолата кетерде…

801 рет қаралды

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion