І. Ақын мен атом
Генералдар «қызыл түйме» басқанда,
Тозақ оты көтерілді аспанға.
Дегелеңнің қақ жарылып бүйрегі,
Дала жатты жанарынан жас парлап.
Ауылдарда алдын ала тасталған,
Иттер менен мысықтар жүр аш қалған.
Біреуінің жүні жидіп,
Бірінің
Жанары ағып…
Аппақ сүйек бас қалған.
О, қас жандар, бұл не деген масқара!
Қандай зұлмат қара жерде басталмақ?!
Орман-тоғай тамырлары үзіліп,
Жапалақтап күл жауады аспаннан!
Дауыл соғып, тұншықтырып жер бетін,
Өзгертуде кербез дала келбетін.
Жер ананың шашы ағарып ілезде,
Қарғап жатты қасиетсіз жендетін…
Қандай қайғы көрмеді бұл мекенім,
Қаншама ұлдар қаза тапты шекелі!
Аштықты да, айдауды да көрсе де,
Білмеді ғой жынды атомның не екенін!
Бұза алмаған қанша жасын-жебелер,
Быт-шыт болды таулар киген көбелер.
«Мақшар күні келген екен!» деп жүрді,
«Қызыл жұмақ – коммунизм!» деген ел…
…Жылдар өтті, дала ерні кезерген.
Жанданар ма орман-тоғай, өзен-көл?
Жапырақтың жанарынан қырдағы,
Жасырынған сәуле дертін сезем мен.
Түзде қайта көк өсуде ұйысып.
Тек Сөз ғана сақтайды екен иісін:
азалы жұрт Абай жырын жаттаумен
аман қалды, жусан аңқып ми іші!
ІІ. Психосурет.
Жер-суына ұқсап қалған түрлері,
Біздің жақтың адамдары күрделі.
Жүйкелері Күн нұрына күрмеліп…
Күлкі орнына – иектегі дірдегі…
Мен, әйтеуір, бұл жалғанға келгелі,
Жанар гүлі бүр жарғанын көрмедім.
Жыламсырап шыққан керең сөздері
Өзгермепті, бабалары өлгелі.
Қуғыннан ба, аштықтан ба, білмедім,
Ұрпақтары со қалпы жүр түнеріп.
Іштегі шер сыртқа лықсып шыға алмай,
Күп-күрең боп, міз бақпайды іреңі.
Аралатпас ішкі сарай-бөлмені.
Ілінулі жүректердің ілгегі.
Жүздерінде – сыр бермейтін салқындық,
Жарығы жоқ тас үйлердей түндегі.
Тірі жүрсең, ол – өзіңнің еңбегің,
Өліп қалсаң, төсегің бар көрдегі.
Ғайып болсаң, жоқтамайды дала да,
Сыбдыр етіп теңселместей шеңгелі.
Ертеңгілік қабірлері қазулы,
Біздің жақтың адамдары қажулы.
Шал жігіттер, кемпір қыздар қайдағы,
Жарылыстан бетке түскен әжімі!
Бұл неғылған сұрғылт-сұрғылт суреттер,
Бұл неғылған меңірейген жүректер?..
Мұздай нұрға бөлеп жатыр даламды
Қорымдардан сәуле шашқан сүйектер!..
ІІІ. Қария мұңы
Мына ауыл болды енді оңбайтын,
Балалар аз, асыр салып ойнайтын.
Қайтем мына ойларымды зарлайтын,
Кәрі миды құрттай тесіп қоймайтын.
… Анау жерде ләңгілі топ, бірнеше,
Анау жерде асықты топ, бірнеше.
Бір топ бала, сияқтанып дәл кеше,
Доп лақтырар, құлаштарын сермесе.
Сонау құмда бір қожалақ бүлдіршін
Сарай соғып отыратын,
Күмбезі…
Бұзау айдап жеткіншектер оу қырдан
Түсетұғын, торы тайға міңгесіп.
Келіншектер бөбек ұстап, шешек-гүл,
Өң-түстері өртеп кетер өсекті.
Кейуаналар желкен тұтар өрмектен,
Толқынында жасыл өлең-төсектің!..
Е, шіркін-ай, улап-шулап қой кешке,
Қозыларын емізетін дөңесте.
Жыр-думаншыл қайран ғайып құрдастар
Алар ма екен о дүниеде мені еске?!
Қолдарында жарқыраған күрегі,
Егін жақтан келер елдің тірегі.
Қайран біздің қасиетті туған жер!..
Қажыды ма, қартайды ма жүрегі?..
Қайран ауыл, ең сүйікті жердегі,
Тым шөктіріп жібердің-ау сен мені.
Басқа ермек қалмады ғой біздерге,
Әй, кемпірім, шәй ішелік, кел бері!..
Содан кейін малдас құрып, жөтеліп,
Ауырлаған сүйегімді көтеріп,
Елестетем, ойнап жүрген қасымда
Орыстанған немеремді шекелі…
IV. Екі ауыл
Біздің жақта екі ауыл бар,
Бірі өлі,
Біреуінде тіршілік бар,
Тірі елі.
Біреуінде ұйықтап жатыр жан-әкем,
Бұ дүниеге үні жетпей, түнеріп.
Тірі ауылға апарады қасқа жол,
Өлі ауылда түнеп шығу – басқа сор.
Қос дүниені жалғап жатыр көпір боп,
Екі ауылдың арасында қасқа жол.
Екі ауыл да бір атадан тарапты,
Екі ауыл да құбылаға қарап тұр.
Тірі ауыл қастерлейді бабасын,
Өлі ауыл аңсатады жәннәтті.
Бір ауылда таралғанда жыртыс тең,
Бір ауылға қара түнде нұр түскен.
Бірінде – Ай, бірінде – Күн-шаңырақ…
Екі ауыл да қалануда кірпіштен.
Екі ауылдың арасында – мәңгілік,
Мәңгілікті өмір жатыр ән қылып.
Екі ауылдан бірі ғана қалар деп,
Қорқып жүрмін әр қалада қаңғырып…
V. Өлген тарих – өшкен уақыт
Бір өмірім – пирамида қасында,
Бір өмірім – қирандылар басында.
Мен отырмын өкініштен опық жеп,
Ұмыт болған тарихымның асында.
Көне шаһар мүрдесіне қонақтап,
Дәуір құсы шаңқылдайды, түрі аппақ.
Қауырсыны – календарлық парақтар…
Әр күн сайын жүрегіңді жылатпақ.
Қайырымсыз, қанағатсыз қай құзыр?
Құлқын десе, сезім жасыл, ой қызыл!
Бүгінгі ұрпақ кешегіден қатыгез,
Олар да ертең ел болады қайғышыл…
Ақыл-есте болар ма екен ымыра?
Құлқын құлы – құм құюлы құмыра…
Дәл бүгінгі заманыңның зар-мұңын,
Бас сүйегің айтып берер, соңыра…
Адамзаттың есі неге сұр сағым?..
Шермиеді жаңа ғасыр құрсағы.
Уақыт сенің ұмытқанда атыңды,
Ұрпағыңнан түсер Хаққа бір шағым!..

өте жақсы жазылған, тарихи маңызы зор!
автор өз пікірін жақсы жеткізген, маған ұнады!