06.01.10

Депрессия

Бұрын,
Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер.
Көкірегімдегі нұр шашатын  күдік те.
Түні бойы өлең жазып,
Таң алды
Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!..

Кеше,
Талай-талай кітап оқып тартымды,
Ақыл-есім ойжетпеске талпынды.
Ондай кезде, мырзасынғандардың бетіне
Шашып кететінмін алтынды.

Құштарымнан жаратылып армандар,
Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал…
Бүгін,
Жалған өрнегімен жауратты
Жалбыр-жұлбыр жауған қар…
Менен гөрі бақыттырақ секілді,
Мәйхананы мекен етіп алғандар…

Енді,
Ойламаңыз мен секілді ерді сіз,
Күз келді де, меңдеп алды жерді сыз.
…Жындарына еріп кетті бір адам,
Барар жері белгісіз…

898 рет қаралды

4 Пікірлер “Депрессия”

  1. Мәншүк:

    Өлең ұйқасы жақсы. Рнжімеңіз, мен осы өлеңнің бір ұйқасын Фариза апамыздан байқағам. Сонда бір бірлеріңізден көшіру бар ма?

  2. Ақберен:

    Фактпен сөйлеңіз Мәншүк! Дәлеліңіз дәйекті болсын. Мен Фариза апамның өлеңдерімен ешқашан ауырған емеспін…

  3. Орынбасар.Ж.:

    Ақын мінез солай екен, күн сияқты құбылған.
    Бірде нұр боп көкірегің, бірде бұлт боп сығылған…
    Кейде кеңіп әлем мына, кейде қысып кеудені,
    Бүкіл дүние тіреліп кеп, бір әріпке тығылған…

    Сансыз сурет санадағы, сайтанның бар үлесі.
    Түпсіз түндей тымырайған, тұмандарға кіресің.
    Кейде қаңсып, қаңыраған, қан жіберіп қанаңа,
    Шабыт келіп шаң тазарып, періште боп жүресің.

    Жындар келіп жетелейді, берсең жүрек тізгінін.
    Ондай кезде қысқа айналар, қоңыр шуақ күз күнің.
    Әуелі Алла, сосын өлең, қуып қырсық ойларды,
    Адамзатты ақиқатқа үгіттесін ізгі үнің!

  4. айнур:

    не деген керемет!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion