Автопортрет
Жизнь моя, иль ты приснилась мне…
Есенин
Өңім бе еді бұл өмір, түсім бе еді?
Мен әлі де ештеңе түсінбедім.
Айнадағы бейнеге ұқсасам да,
Сол біреуге тартпаған ішімдегім!
Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым,
Біреудікі – өксігім, жымиғаным.
Қарашықтың түбінен оқта-текте
Оқылады дыбыссыз жыр-иманым.
Кейіпкердей өткен шақ өлеңінде,
Ұмыт болдым,
Белгісіз дерегім де.
Өмір сүріп беймәлім керегі не,
Керегі жоқ адамдар әлемінде.
Миллионжылдық секундтар есебінен
Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге.
Өзім сірә тірімін!
Қызық екен…
Денем отыр бүкшиіп төсегімде…
Бір кісі
Менің жұмық көздеріммен бір кісі
Жылап отыр…
Сондай оның күлкісі.
Жұлдыздардан тәспі тартар түн бойы,
Иығынан пыр-пыр етіп пір-құсы.
Тілеулеске көкте тұрған Айды алып.
Көлеңкелі көңіліне қайғы алып,
Кірпігімнен тамшылаған көз жаспен
Жыр ояды құлпытасқа, майда қып…
Оның жасы – мыңжылдықтар құрдасы,
Оның сөзі – мың мұңлықтың сырласы.
Үміт іздер түйсігімнің түбінен,
Көк Тәңірден үрейленген сұлбасы.
Менің соқыр саусағымды шошайтып,
Бәз-біреуге күрсінеді, қош айтып.
Содан кейін менен шарап сұрайды.
Сіміре сап, тұңғиыққа құлайды,
Жүрегімді масайтып.
Бір қазада, еріп келген қорымнан,
Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.
Жетімек шал…
Орын беріп ішімнен…
Содан бері қара дертке ұрынғам.
Ол қиялға берілгенде бүрісіп,
Менің мүлде жоғалады тынышым.
Бір нүктенің мекен етіп бұрышын,
Оның түсін мен көремін түн іші.
Қаракөк нұр – түсімдегі денесі.
Ғұмыр бойы күтер Көктің кемесін.
«Құс жолынан» желкен жайған сол кеме –
болашақтың елесі.
Қашып жүрген Жаратқан мен сайтаннан,
Тыншымайды ішімдегі майталман.
Оның түсі өмірім бе, өңім бе,
Менің түсім оның түсі? Айта алман!
Санамалап әр аптаны, күн, айды,
Өкінеді,
Ағыл-тегіл жылайды.
Қолындағы сезім шашқан шырағы
Аспан жаққа құлайды…
Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым.
Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым?
Жазмышым ше, қара сөз бе, өлең бе,
Сыңарымнан сұрағым кеп тұрады.
Көк аспаннан мен де күтем кемемді,
Ал, сыңарым қалшылдатып денемді,
Кірпігімнен тамшылаған көз жаспен
Қашап тұрар құлпытасқа өлеңді…
Геометриялық ойлар
Дәу шеңбердің ішіндегі нүктедей,
Мен отырмын қолдарымнан түк келмей.
Арманым жоқ өзгертуге әлемді,
Амалым жоқ өтіп кетсем, түк көрмей.
Ақ парақты құлпыртуға үйренген,
Бір сызыққа тізіледі сөйлемдер.
Өлең жазу қасыретін ақынның,
Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем.
…Әлі ешкім оянбаған әлемде,
Түсіп жатыр жұлдызданған сөйлемдер,
Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де,
Мыңдап ақын туғанымен әр елде.
Бірақ, біреу төртбұрышты бөлмеде,
Кітап қысып шерге толы кеудеге.
Жылап-жылап алатыны ақиқат,
Келетіні тағы шындық тәубеге.
Доға қылып исе сені тағдырың,
Онда артыңда өкінішің, алдың мұң.
О, дүниемен қиылыспаса жолдарың,
Бұл дүниеде ажалы жоқ қалды кім?..
Қанша ғасыр қозғалудан жалыққан,
Жарық күнді айналады алып шар.
Дәу шеңбердің ішіндегі нүктелер,
Бір күндері аспан жаққа қалықтар.
Сонда ғана жеңілдейді зілдей мұң,
Жұпар аңқып өлең жатар гүлдей бір.
Ал, әзірше ғұмыр берші Тәңірім,
Үзілмеші шексіздіктің шеңбері!..
Аңғалақ
Барлық адамның аңғалағы* бірдей келеді
Эрнест Мулдашев
Пері өмірін келгендей қайталағым,
Айна ішінен жаныма жай табамын.
Қарашықта жұлдыздар ән салады,
Қара аспанның нұрынан Ай толады.
Өкінішіне өткеннің өкпелемей,
Жерұйыққа ақыры жеткен елдей,
Мен өзіме қараймын айна ішінде,
Мейірімнен тұтанған от көрердей.
Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның,
Болашағы киесіз – бұл ғаламның.
Шиырланған жаһанның тамырымен,
Аппақ нұрды қуады түн қараңғы.
Түн қараңғы, басады сар Даланы,
Кірпігінен дірілдеп шам жанады.
Рухым кезіп іздейді кеңістіктен,
Беймекенде орныққан Шамбаланы.
Өткендердің босаған аңғалағы,
Түнегімен үңіліп, жанды алады.
Шым-шытырқ айнаның әлемінде,
Өз-өзімді таба алмай сандаламын…
*Аңғалақ – адамның бас сүйегіндегі көз ұясы
Пенде мұңы
Періште перзент едім ғарыштағы,
Рухыма Тәңір тәнді бағыштады.
Жаратқанды сағынып жылап жаттым,
Жалғанменен еріксіз табысқалы.
Елігіп жұлдыздарға жолымдағы,
Бағымды жоғалттым ба қолымдағы.
Білмеген өлім сырын бала жүрек,
Шошыды құлпытастан қорымдағы.
Аллаға адал қайту антым еді,
Шаршатты тіршіліктің шарты мені.
Сенделіп екі дүние арасында,
Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.
Рухым ұшса ортасы шеңберленген,
Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем…
Не сұраймын,
Не күтем,
Нені білем,
Мен сияқты бейүміт пенделерден?
Қым-қуыт күндер өтер дөңгеленген,
Кім туып, кімдер өтпес, шерленбеген.
Барар жерің беймәлім,
Бейтарапта,
Бейжауапты күтпеші сен де менен…
Антиқұсалық
Көкірегін көкжиекпен көмкерiп,
Жұлдыз жұтпақ, Көк төсінен жұлып ап!
Бұлт шайнамақ, өз-өзінен өртеніп…
Па десеңші! Қылық-ақ!
Қарғап-сілеп мына бес күн жалғанды,
Дәтін тырнап, зарланды.
Өкінішінің өртін сұмдық лаулатып,
Өртемекші орманды!..
Оған енді не дейін-ай, не дейін,
Сақал-мұрты – қудан ақ.
Көл боп аққан көз жасымен, әдейі,
Мұхиттарды уламақ!
Тектен-текке көңірсіген ғұмыр-ай!..
Іздемейді дауаны.
Ұнжырғасы үңірейіп,
Сұмырай
Ұрлап кетпек ауаны!
Ақырынып айтқан сөзі – ала жел…
Қай адамға пайдалы?
Қара Аспанға күрсінеді Қара Жер,
Айдан – күміс айдары.
Зәр шашады алабұртқан қоғамға
Көзіндегі сұқтан да!
Жұқпаса екен оның дерті маған да,
Жұғып кетсе, бітті онда!
Жүрек қылын жын үнімен жалғап мен,
Күресімді құсалықтан бастаймын:
пешенесін көздеп тұрып бармақпен…
Бір күндері атамын да тастаймын!..
Бұлттар, бұлттар…
Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі,
Мың құбылып, биіктікте бүр жарған.
Мені елемей, өткен күнге өкпелі,
Сағымданар сұр жалған.
Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі,
Жусан исі аңқып ескен жаңбырдан.
Өміріміз ақ жауындай өтпелі,
Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған?
Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі,
Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?
Шығыс жақтан айдаһар-Күн от демі,
Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.
Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі,
Жербауырлап, боз даланы емізген,
Көкке мен де шырқап кеткім келеді,
Өздеріңмен егіз бе ем?
Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі,
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың.
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі,
Енді міне, қала болды қамалым.
Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі,
Мені ала кет, қосып алып көшіңе.
Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері
Неге жиі оралады есіме?..
Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі,
Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен…
Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін,
Аспан жаққа кететін боп шештім мен!
Күзгі қала. Жаңбырлы кеш.
Тереземнің арғы жағы – күнелтудің амалы.
Күнелтуде мән қанша?
Хайуан болып ырылдауың керек шығар,
Жанарың
Жап-жасыл боп жанғанша!
Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше,
Үш көзі
Жыпылықтап кезекпен…
Өлең үшін ішу керек, ішкесін,
Шер тіленген өзекпен!..
Тереземнің арғы жағы – гүр-гүр мотор,
Отынан
Жаратылған газ көкшіл…
Асфальт қана жазар бәрін жадына,
Жазылары – сөз кекшіл…
Тереземнің арғы жағы – жетім жаңбыр, тілемсек.
Әйелдердің өкшесі…
Жапыраққа Күз жыр жазып жіберсе,
Жап-жарық боп кетсе есім!..
Тереземнің арғы жағы – тұмандықтар, ғаламдар…
Аузын ұрдым… ақшасын!..
Біреу маған қарап отыр жалаңдап,
Көзін қара!.. жап-жасыл!..
Депрессия
Бұрын,
Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер.
Көкірегімдегі нұр шашатын күдік те.
Түні бойы өлең жазып,
Таң алды
Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!..
Кеше,
Талай-талай кітап оқып тартымды,
Ақыл-есім ойжетпеске талпынды.
Ондай кезде, мырзасынғандардың бетіне
Шашып кететінмін алтынды.
Құштарымнан жаратылып армандар,
Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал…
Бүгін,
Жалған өрнегімен жауратты
Жалбыр-жұлбыр жауған қар…
Менен гөрі бақыттырақ секілді,
Мәйхананы мекен етіп алғандар…
Енді,
Ойламаңыз мен секілді ерді сіз,
Күз келді де, меңдеп алды жерді сыз.
…Жындарына еріп кетті бір адам,
Барар жері белгісіз…
***
Жұлыны түннің үзіледі,
Жұлдыздар тағы өшеді…
«Бәрі де – Тәңір құзіреті»
деседі.
Тәніміз – қасқыр, ырылдаған,
Жанымыз – пенде, жасқаншақ.
Елестеуші еді бұрын маған,
Екеуін Тәңір қосқан шақ.
Алпауытпен де, жарлымен де
Ойнайды Құдай, сенемін.
Мен де солардай сорлы пенде,
Қасқырды мініп келемін.
Көңілім ылғи мұң жияды,
Пенделік қай бір қуаныш.
Қасқырым ертең қылжияды.
Сол ғана – маған жұбаныш.
Фантасмагория
Шытырман түстер… ұлыған иттер дауысы
Қинайды мені, көз іле қалсам түн іші.
Ауаға тажал сурет сала береді,
Сүп-сүйрік саусақ-қауырсын.
Шытырман түстер:
құтырған иттер күлкісі,
қосбасты аттар,
төрткөзді қырдың түлкісі…
Сапарға шықсам, қолыма ұстап басымды,
Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі…
Шытырман түстер…
Бітпейтін зарлы жаңғырық…
Жүреді біреу аң қуып.
Құтырған қасқыр қаңғырып,
Жүреді маңды лаң қылып.
Еріккен біреу
Ішімнен
Ұлиды-ай келіп!..
Әңгүдік..
Шытырман түстер…
Аядай ғана бөлмемде менің дөңгелеп
Лаулайды Күнім… әңгелек…
Оятшы мені, телефон…
Өртеніп барам!.. Жан керек!..
Айна
Жалғыз ұлы, жетім ұлы әкемнің
Үңіледі қабырғаның ішінен.
Көк түтіннен көрінбейтін кафенің
Қабырғасы айна екенін түсінем.
Түсінем де, үңірейіп отырам,
Айнадан да, шараптан да шошынып.
Қышқырады дөкір ән,
Құтырамын, қайырмасына қосылып.
Қайтем енді, діл саңырау…
Сол-ақ па?..
Ешкімнің де қажет емес сөздері.
Оңай шаруа –
тойып алып шарапқа,
шайтан болып өзгеру.
Алдымдағы төңкеріп сап көзені,
Жынданғым-ақ келеді.
Қабырғаның оқты көзін сеземін,
Көрінбесті көретін.
Оқты көзде – жетім ұлы әкемнің.
Сол кірпияз пішін – мен…
Жетімдіктің не екенін
Айна ғана түсінген.
Горький саябағындағы ойлар немесе мұңнан қашу
Кірпіктердің арасынан күн сәулесі сығалар,
Көгімдегі алтын ділдә – менің жалғыз сыбағам!
Бұл көктемнің ауасы да, дәл өзімдей мас бүгін,
Қурап қалған ағаштардай – жапырақсыз жастығым…
Шіркін, шырша болсам егер, төрт мезгілде жап-жасыл,
Тауға тәж боп тұрар едім, безендіріп қар басын!
Әй, адаммын бірақ та мен, ұмтылатын жақсы атқа,
Өзі білмес, қайда апарар армандар мен мақсаттар…
Жып-жылы күн алдамшы тым, көпті көрген арудай,
Пенделер жүр дөңгеленген – Тәңір шашқан тарыдай.
Менде солар сияқтымын, өзгешелік жоқ менде,
Тек жүрегім сәл басқалау, сәл басқалау көктемде.
Қиялымда мүлде ұмытып, жер бетінде жұрт барын,
Мен көктемде тербелемін бесігінде бұлттардың.
Жапырақсыз жүрегіме, ақ бұлттардан жай табам,
Содан кейін ораламын, көк аспаннан қайтадан.
Ол да өтірік, мен жай ғана күн сәулесін сіміріп,
Отырамын бар адамның тыңдаған боп күбірін,
…Шындығында шырша салып дәптерімнің шетіне,
Жап-жасыл бір өлең тілеп, Тәңірімнен өтінем!..
Жол
Қамықтырып ақ таңдарда ой-күдік,
Қара бұлтқа сіңіп кетті Ай күліп.
Алабұртып, қара жаяу қалпымда
Жолға шықтым…
Қажет емес сәйгүлік.
Бұл сапардың жөні бөлек, жолы – сын,
Бұл сапардың бітер жері – «Кәрі-шың».
Басында оның мәңгі жасыл бағым бар,
Сорым бары тағы шын.
Жәутендеген қоңыр көзі құланның
Мұнарынан елестейді тұманның.
Ақ тозаң қар иреңдейді тұс-тұстан,
Ізін салып жыланның.
Мен әйтеуір көз ашпадым бораннан,
Жібермейді тосқауыл боп ол алдан.
Қар жастанған қарақшылар жолында
Әулиелер тоналған.
Осы жолда – айдаһарлы үңгірлер,
Осы жолда – тылсым-тылсым күмбірлер…
Өрмелеймін.
Өлерімді қай жерде
Ішімдегі мұң білген.
Болсам-дағы өз-өзіме өкпелі,
Пірлерімнен медет күтем көктегі.
Қос өкпемді айналдырар қанатқа
Тәңірімнің нұры ойнаған оттегі!
Айналамды ажал демі құрсаулап,
Азғыруда сайтан күліп, жын сарнап.
«Кәрі-шыңның» шығам бір күн басына,
Өн-бойымнан нұр саулап…
Мен. Айна. Ол.
Өмір–елес, жан –сағым,
Алаңғасар мұң-ғұмыр.
Мен емес ем аңсарым,
Менікі емес түрім бұл.
Мына көздің ішінде,
Сөздер жатыр ұятты.
Ғұмыр мені түсінде,
Көріп жатқан сияқты.
Менікі емес бұл өмір,
Менікі емес заман бұл.
Жүрегімде темір гүл,
Көңілімде алаң жүр.
Қарашықтың түбінен,
Қол бұлғаса өткен ел.
Мен айнадан шегінем,
Шеті нұрдан көктеген.
Рухым алыс ғарышта,
Бейнем дақ па айдағы?
Мен өзіммен танысқам,
Бір бұрышта қайдағы.
Содан бері көрем деп,
Керуенін ғұмырдың.
Бір бейнеге елеңдеп,
Өз-өзіме жүгірдім.
Бәрі бекер боп шықты,
Мен өзімнен құтылдым.
Желбіретіп ақ шытты,
Айна ішінде жұтылдым.
Айнадағы егізге,
Қол бұлғадым, ол маған.
Қойып кетті теңізге,
Маған тартқан бір адам…
Шешім
Ақ түбіт бұлттар көшімен,
Армандап Күнге көшіп ем…
Жусанды иіскеп айықтым,
Жымиған гүлдер ішінен.
Ақ мамық қарға айналып,
Ауада жаттым жайланып.
Құмардың шөбін тістедім,
Құмырсқаша ойланып.
Жұлдызға қарап сәулелі,
Санамнан қудым әурені.
Жылап та тұрып, ән салдым,
Өтіп жатыр дәуренім.
Аңсай да аңсай көсемді,
Шараптан алдым есемді.
Сықылығына қыздың көп тостым
Сынық көңіл-кесемді.
Алысқа қарап ұзақ тым,
Наламды желге ұзаттым.
Өрекпіген сайын,
Жүректе
Ұлғайып барады сызат тым.
Ойнадым,
Күлдім,
Өкіндім,
Бұлтты ойдан қалды шөкім-мұң.
Аңырайды қу тірлік…
Аяз болуға бекіндім.
Медитация
Бола ма мүлде өлмеуге,
Бола ма мұңды емдеуге?
Симайды, әттең, бұл жүрек,
Кеңістік сиған кеудеге!..
Тоқтатпай секунд, минутты,
Қасымнан талай жыл өтті.
Көрсем бе деп ем уақытты,
Сағаттың тілі дір етті.
Қаламмен түртіп жүректі,
Көңілге көркем жыр ектім.
Көрсем бе деп Тәңірді,
Періште түйсік шыр етті…
Арқалап аңқау арманды,
Көрсем бе деп ем орманды.
Орманым отқа оранып,
Аспанға барып сомдалды.
Биікке мен де құмар ем,
Биікке мен де сыңар ем.
Көрсем бе деп мұзартты,
Төмендеп кетті мына әлем.
Симадым енді жерге мен,
Қимадым жырды көрге мен.
Аспанды сүйсем деп едім,
Жұлдызды сүйіп көрген ем.
Содан мен жолды шаң қылып,
Шықтым да кеттім қаңғырып?
Сағаттың тілі тоқтады,
Басталып кетіп мәңгілік…
Утопиялық түс
Түс көріп жатқам…
Сәлем айтып келіпті өткен шақтан,
Самал желмен қалықтап жеткен хаттар.
Жүр екен-ай, жайылып боз көдеге,
Тәңір көктен түсірген ертегі аттар.
Бір қуантып шаһарлық тамам елді,
Ауыл жақтан күтпеген хабар келді.
Таңғажайып аққулар түннен қулап,
Мекен етіп алмақшы Аралды енді.
Иен далаға наладан күйіп кеткен,
Жәудір көзді бітіпті киік-көктем!
Барыс-таулар көкала кейіпке еніп,
Марғау ғана есінер биіктіктен.
Біз түгілі, алыста жат қуанған,
Бір керемет болыпты Сақ-Тұранда.
Ал, ендеше, көлкіген көк тұманнан,
Қарғып-қарғып шығыпты ақ құландар.
Ертеректе қағылған қолданыстан,
Ескі сөздер келіпті қолғабысқа.
Биік-биік қамыстар арасында,
Пайда бопты жоғалған жолбарыстар!
Па, шіркін-ай, кигендей ала көйлек,
Саңқ-саңқ етіп ұшыпты қара ләйлек.
Аппақ жауын жауып тұр қабырға боп,
Тұрғызғандай тап-таза далаға әйнек.
Ех, көңілім, көңіл-ай, көк дөненім,
Арманым бар елім-ай, көкте менің.
…Оятатын осындай түстерімнен,
Қалай сені жұмысым жек көремін!
Қарғалы бағы
…Қарғалыда қалмады қарақаткөз тиіндер.
Олар жайлы ойламау, маған, сірә, қиындау.
Бәрі есімде!
Сол кезгі қайыршылық күйім де.
Ал, әзірше күй мынау,
Берекесіз жүрістер,
Мақсаты жоқ жиындар.
Кеше ғана ол маңда серуендейтін ән-самал,
Бозбаламын арманшыл, жүрегінде мың алау.
ЕҺ, шіркін-ай, есіл кез, қандай тәтті едің сен,
Қиялиға мүмкін бе еркіндікті аңсамау!
«Сабыр, сабыр!» – деуші едім, мен әлі де тірімін,
«Жетім болсам, жетіммін, бірақ көптің бірімін»
Деп жұбатып өзімді,
Кеуіп қалған шелпекті
Қытыр-қытыр кеміріп, ой жиғанмын ең текті.
Қарғалым-ай… қарағай-қайың-терек халық-ай!..
Жүруші едім бағында, дұрыс асқа жарымай.
О, сол кезде түсіме жиі-жиі енетін
Ыстық-ыстық бауырсақ, қарындағы сары май!
О, сол кезде аңсаушы ем ақшаны да, мансапты,
Қазір шынын айтайын: екеуі де шаршатты!
Бәрін қойшы, қайран сол Қарғалымның бағы еді-ау,
Ғашық еткен өмірге аңқылдаған жүректі!
Ал, бүгін ше, бүгін ше?
Маңайдағы бар ағаш
Қиылыпты, құрғыр-ай!
Ұжымағым жалаңаш.
…Зәулім- зәулім кешенге таңдай қағып, сүйінді ел,
Қарғалыда қалмапты мен сүйетін тиіндер…
Сайқымазаққа хат
Сен күлесің, жылағың кеп тұрса да,
Сен жылайсың, күліп алып біршама.
Ал, әлем ше, әлем сенің жасыңа,
Күліп отыр, күліп отыр, жасыма!
Сен ғаламның жан-жүрегін емдейсің,
Сен адамның мазағына көнбейсің.
Бөтен жасты кептіргенмен күлкімен,
Шаттық деген құбылысқа сенбейсің.
Біз сүретін әлем мүлде сұрқай-ды,
К йғы. йғы.
Жылап жүріп, жастың
Жылап жүріп, жастың
үліп жүріп, күтеміз ғой бір қа өзі ортайды,
Жылап жүріп, бастың өзі қартайды.
Мен де сендей пенделерді жек көрдім,
Күлкім менің көмейімде кептелді.
Екеумізге ортақ міндет жүктелді,
Күлдіреміз есі ауысқан жұртты енді!
Мәсіхтің мұңы
Үңіліп тұрып қарасаң, сағымдардың ішінен,
Сен көресің бейнемді Құдай нұрын түсірген.
Керілгенмен айқышқа, тізе бүгіп сүйемін,
Тәңірімнің табанын, үмітімді өшірген.
Шіркеулерде күй ойнап, боздақ-орган жылайды,
Қысқа менің ғұмырым, қара түнге құлайды.
Қабірімнің үстінде, сөніп қалған шырақтар,
Бір ұшқынды сұрайды…
***
Мына жалған мен сияқты тынымсыз,
Шыр көбелек айналады Күн асты.
Бір күндерім әнге салса,
Бірі үнсіз
Қайғырады,
Мұңы ащы.
Мына көктем мен сияқты балаң тым,
Өлім жақтан сезгісі жоқ күз демін.
Мына ақшам мен сияқты алаң тым,
Бақылайтын көліктердің тізбегін.
Мына таулар мен сияқты көкірек,
Көңілімен әлпештеген аспанды.
Мына жұлдыз мен сияқты жетімек,
Тастанды.
Мына өлең мен сияқты қырсық шын,
Көнбейтұғын жылтыр көз бен мақтауға.
Сөзін сөйлеп кетсе күш пен бұлшықтың,
Оған менен жоқ сауға.
Мына түн де мен сияқты тылсым-ды,
Бұза түскен ақындардың ұйқысын.
Тағдыр, сірә, қылкөпірлік қыл сынды,
Тартқылай ма бір кісі?
Иесі ме ол мендік ақыл-теңіздің,
Бел байладым не қылса да көнбеуге.
Мен тегінде тек ажалмен егізбін,
Тиіспін бірақ өлмеуге.
***
Мұңлы бұлттың тоқтамаса жаңбыры,
Мұндай күні жалғыз қалу – заңдылық!
Тамшылардың арасынан мәңгіріп,
Өткен шақтан қарап отыр мәңгілік.
Өткен шақтан қалқып түсіп естелік,
Қарашалық қар жауар ма кешкілік?…
Бала кезім күліп отыр бақытсыз,
Дау-дамайдың арасынан естіліп…
Неге бүгін еске салдым ауылды,
Қазандағы қайтыс болған бауырды?
Айғыз-айғыз, мұң аралас ғұмырдай,
Жақтырмаймын қар аралас жауынды.
Қара үй – жалған.
Іргесінен із қашқан.
Өлең жолы.
Мағынасыз түз-дастан…
Неге менің қамшылайды бетімді,
Тамшылармен күзгі аспан?…
Ақшамдағы жалғыздық
Бояулар іңірлене бастады…
Алыстады Алатаудың асқары…
Бұлттың бұла жанарыңнан шашылған,
Жапырақтың бір ұшында жас қалды…
Жұлдыздардың әуендері басталды,
Бұл әлемде түннің бары расталды.
Кеше түскен сәулелердің қалдығы,
Қараңғылық тозаңына тасталды.
Басталды ма қара түннің дастаны,
Алаңытты Алматының аспаны?
Күлдіретін болу керек Құдайды,
Адамдардың құрып жатқан жоспары.
Түннің тағы тарқатылды шаштары…
Іңір еріп кетті тағы қас-қағым.
Ақшам болып еріп кетер күн ертең,
Кәрі түннің алдындағы жас шағым…
Бәрі бүгін баяғыдай…
Бос бәрі…
Дабыл қағар жалғыздықтың sosтары…
Түн түбінде тағы қалам мен бүгін,
Қайдасыңдар мені ұмытқан достарым?..
Кофе және темекі
Сағат түнгі он екі
Кофе және темекі…
Менің адал достарым,
Жоғалады таңертең,
Шамнан түскен көлеңкем,
Және қара аспаным.
Жүректегі күрсініс -
Түнектегі бұлқыныс…
Періштелер сұңқылы.
Көз алдымда жыл көші,
Мәңгіліктің түрмесі.
Ібілістің күңкілі…
Көзінен мұң азынап,
Түн отыр құлазыған,
Ішіме кіріп алып.
Өмірге ерсем дағы,
Шықпайды кемсең қағып,
Түсімде тірі халық…
Жанымның қуысында,
Ең түпкі бұрышында,
Мөлдіреген өлеңдер.
Балауыз шам сөнерде,
Тарқатылып төбемнен
Құлап кетем төменге…
Сонда маған көрінер,
Атажұрттың төрінен,
Жусан менен бетеге!
Ішімнен бір мұң сезіп,
Үңіледі түн көзі,
Суып қалған кофеден…
Имани көктем
Бүршік ата келседағы көктем-қыз,
Кеудемде бұл ерімейтін неткен мұз…
Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,
Көлеңкеге неге ұқсап кеткенбіз?
Бұл көктемнің нұры да өзге, сыры да,
Тәнім менің – мұң құйылған құмыра.
Жанарымда қара жалын билейді,
Жолатпайды мың құбылған құбыла…
Ішіне еніп сайтансыған сағымның,
Кіммен бұлай арпалысып жаным жүр?
Мен өзімді ұмытқым-ақ келеді,
А, Тәңірім сағындыр!
Кіресілі – шығасылы неге есім,
Қандай азап өзді-өзіңмен күресу.
Табиғатқа қараймын да жылаймын,
Сондай ғажап үйлесім!
Көктем, көктем…
Өзге көктем, жаңа дем…
Гүлің болып, түнің болып қалар ем!
Мені бірақ күтіп отыр бір бейбақ,
…Ғарыштағы бәз-біреуге сыңар ем…
Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,
Қимағаным көп секілді қиғаннан.
Аспан жаққа көз тігуге ұялам,
Қарашығым нұрланбаған иманнан…
Аппақ нұрдың жұпарынан емделіп,
Бұлт арасы кетер ме едім, сенделіп.
Өткен өмір – күнәлардың тарихы,
Періштенің қолындағы күнделік…
Пейіштің көлеңкесі
Бірі күліп,
бірі жылап,
мұңданып,
Жанарыма жамырайды мың жарық.
Мен тағы да аппақ таңға аттанам,
Ақ түтінге айналғанда түн жанып…
Сансыз сәуле сансыз түске боялып,
Шашылады ақпар алып, ой алып.
Жарық бәлкім көлеңкесі пейіштің,
Бар ғарыштан құлап жатқан зорайып?!
Бола берсін!
Тәубе деймін Раббыма,
Күлімсіреп қарсы аламын таңды да.
Жұмақ жақтан жайылмаса көлеңке,
Нұр туралы қайдан білсін жан мына?
Нұр ұшында жылу келсе мөлдіреп,
Оны маған жеткізеді жел-жібек.
Жарық бізге сәлем айтса, таң сайын,
Мен Аллаға мадақ айтам елжіреп!
Пейіштегі аппақ мекен – аңсарым,
Сонда қайтар әлмисақтық бал шағым.
Қуатты бір жасыл нұрға айналсам,
Бар мұңымды ұмытар ед жан-сағым.
Жарық, жарық!
Елшісіндей Тәңірдің,
Бар ғаламға шуақ әкел сабырлы.
Жұмақ жаққа көш түзесін махшарда,
Қазақ қарға тамырлы!
Аумин!
Айнадағы бейтаныстың монологы
Сені біреу ұқса егер…
Аспан ұғар!
Себебі оның сен жайлы дастаны бар.
Сен жұтасың тамшысын ол жыласа,
Сен жыласаң…
Жұбатпас достарың бар…
Мінезің жоқ расында жұртқа ұнар…
Сені біреу ұқса егер…
Бұлттар ұғар!
Бір жылдары бұлттарда бейнең тұнып,
Сәуле болып таңдағы шыққа құлар.
Бір құпия бар қаныңның ағысында,
Бір құпия бар тамырдың қағысында.
Сенің тылсым рухыңның өрнектерін,
Ұқса ұғар тек қана Ғарыш-мұнар!
Сені ұқпас жердегі халық-тұман…
Саған біреу құмартса…
Жарық құмар!
Ішіңдегі миллиондаған әріптер,
Бір күндері кеудеңді жарып шығар…
Сонда сөзің көзіңде жанып тұрар,
Аяғында тұрады-ау қалып сұрақ…
Сен жүгірдің адамға бауырым деп,
Сен кіретін жүректер жабық бірақ…
Тұман кешу
Менің нала – мұңымнан жаратылған,
Алматыны орады ала тұман.
Түкпірінде тұманның періште жүр,
Пейіш нұры тамшылап қанатынан.
Айырылғандай мәңгіге тағатынан,
Уақыт күйі қалқиды сағатымнан.
Нәрестенің шырылы маза бермес,
Көрші әлемнің төрінде жаңа туған.
Жұпар жұтып алған соң қауыздардан,
Сөздер түсіп барады ауыздардан.
Тұңғиыққа құлайды нәзік дене,
Бір сөз үшін байқаусыз бауыздалған…
Ал, ішімде бақсылар жұлқынады,
Дауыстары алыста бұлқынады.
Кісінеп кеп жүрекке қарғып кірер,
Жаратқанның жабайы жылқылары.
Көздер атып шыққанда шарасынан,
Тұтанады ормандар қарасынан.
Сен көзіңді табарсың қарап тұрсаң,
Жаутаңдаған жанарлар арасынан.
О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай,
Тұман бірде тулайды дауылдырдай.
Жүгіресің тұманның тұнығына,
Тұнығында тұп-тұнық ауыл бардай.
Бойындағы біткен соң жанып сабыр,
Кездесесің бақытты халыққа бір.
Ол әлемнен шошынған тірі денең,
Ұмтылады жердегі жарыққа бір…
Көзіне көрінбейтін жарық та бір,
Қара жалын лаулаған тамұқтай дүр.
Сәулелерін жұтып ап ала тұман,
Түйсігіңнің төрінде қалықтап жүр.
Періште ше?
Түтіндеп қанатынан,
Отқа оранар… (ол оттан жаратылған!).
Қауырсынға қол созар жұпарланған,
Күнәлардан жалыққан қара күмән…
Менің нала-мұңымнан жаратылған,
Алматыда басылар ала тұман,
Жарық – патша сұрайды аспан астын,
Түн атты қара құлдан…
Менің гордий түйінім
Жасыл айдың сәулесін кірпігімнен үзбедім,
Түнішіндік ізімді өзім қайта іздедім.
Қайырымсыз шаһардың шамдары да безбүйрек,
Жақсы сөзі жарқырап жарық берер бізге кім?
Жеңе алмадым мұңымды,
Желбіремей туым бір,
Жарылуға шақ қалып, шамырқанған миым бұл.
Жүрегімнің ашынған тамырлары буылып,
Жан түбінде тастай боп шиеленген түйін тұр.
Ол түйінді қия алмас жігер деген қылышым,
Іште жатқан күдікке күрмеледі бір ұшы.
Жанарымнан тоқтаусыз сорғалайды ып-ыстық,
Жан ішінде балқыған көңілімнің күмісі.
Күшендім де күшендім, күшім жиып ақырғы,
Көкейдегі түйінін шеше алмаған пақырмын.
Шешілмейтін сол сұрақ: «кіммін мына өмірде?»,
Ертең тағы тәнімді сипалайды-ау соқыр-Күн.
Қара тәнім – топырақ,
Қарашығым – қара мұң,
Тәңірді ойлап, жанды ойлап, ми ішінде жанамын.
Ішкі гордий түйінін шаба алмаған баламын,
Аққан жұлдыз ізінен семсер көріп қаламын…
Пессимизм. Оптимизм.
Қалды ма біреу мына әлемде тірі әлі,
Сыныптай боп жылжып жатыр түн әлі.
Күй шығады көкіректен күнәлі,
Үміт қана дірілдейді шүбәлі.
Үнсіздік те жаңғырады күмәнді,
Қаңғырады ауа ғана тұманды.
Кеңістікте кісінейді құлан бір,
Жалғыз өзі кезіп жүрген Тұранды.
Мешіт жақтан айтып отыр кім әнді?
Таңғы бесте тыңдайыңшы Құранды…
Ысылымен үмітімді сөндірмек,
Иманыммен өлтірейін жыланды!
Реквием-көңіл
Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта,
Қимылы жоқ, тынып тұрған әлемде,
Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,
Күліп тұрып, реквиемге елеңде.
Сәуле іздеп, жарық таппай түңілгем,
Мың түнектің керуеніне ілестім.
Шыңғыстаудың елесіне көмілгем,
Келмеген соң жалған күнмен күрескім.
Қиямпұрыс қиялына құл адам,
Саф алтынын таба алмайды сабырдың.
Күйсандықтан басқа күмбір сұрағам,
Лақылдап кеп Лакримоза ағылды.
Тұңғиықтың шеті де жоқ, шегі де,
Тұңғиықтан тұнық көздер қарады.
Ауаменен көшкен күйдің легі де
Ой-санама ойран салып барады.
Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта,
Мәңгілікте қалу – менің әлегім.
Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,
Реквием боп жылап тұршы әлемім…
Түс жору
Келбетімнен бүгін менің, аяулым–ау, нені ұқтың,
Түнде менің пәк түсіме ақ көделер еніпті.
Толқып тұрған аппақ теңіз тербетілген сағым-дүр,
Сезесің бе, мен – даланы, дала мені сағынды…
Мені іздеген бала күнгі қоңыр көзді жылқылар,
Ақ көдені кешіп жүрді кісінесіп, шұрқырап.
Қос құлағын қайшылаған, жер тарпыған жұлқынып,
Маған ұқсас, өзі асаулау шапқылайды бір құлын.
Осқырына жақындайды, соза түсіп тұмсығын,
Құшақтатпай қайта қашар, кіп-кішкентай қырсығым!
Анау жерде өзен жатыр, балық толы құрсағы,
Жағасында мен отырмын, қатып қалған құрт шағып.
Сары құртпен араласа, бырдай-бырдай шашылып,
Жатыр екен, қынаменен мың боялған асығым.
Қармағым да қолымдағы – қарағаштың бұтағы,
Ол бұтақтың өн-бойынан мөлдір-мөлдір шық ағып…
Ару самал тым мейірлі, маңдайымнан сипаған,
Күй төгеді дөңгеленіп аспанда Күн-күйтабақ!
Сиқырлы күй!.. сиқыр сәуле!.. сиқырлы бір ноталар!..
Бұлаң-бұлаң бұлт билейді, көтеріліп жотадан!
Ах, шіркін-ай, бүйтіп жаным шалқымапты бұрыннан,
Ах, шіркін-ай, Күннің исі аңқитындай құлыннан!..
Қандай бақыт!..
Ал, есімде бақытсыздау балалық…
Әлде, Тәңір түспен емдеп бермек пе еді сананы?
Сұм қалада жүрген кезде жан берісіп, жан алып,
Көптен күткен тылсым жақтан бұл бір ғажап жаңалық?!
…Бұл түсімді жору үшін, көңілімді тасытқан,
Қылаң таңда оянып ап, тауға қарай асыққам.
Таулы өзеннің жағасында қиыршық тас «шүкір!..» – деп…
Тасқа айналып кеткен болды түсімдегі асықтар…
Гүлдер
Ол жақтағы гүлдер мүлде өзгеше,
Солған емес, келгенімен күз неше.
Ақ қауызы ашылады ән салып,
Сайтан келіп үзбесе.
Ол жақтағы гүлдер мүлде басқаша,
Қаулап өсер, тамырымен тас қашап.
Мына әлемді мойындатар күні ертең,
«Сұлумыз!» – деп таспаса.
Ол жақтағы гүлдер мүлде бөлек тым,
Солай, солай, сұрамаңыз деректі!..
Олар жайлы өлең жазу үшін де
Әулиелік керек тіл!
Түсін мейлің, түсінбе,
Ойға шомсам жетімектеу пішінде,
Сол бір гүлдер бір-бірімен сырласып,
Жыр тоқиды… түсімде…
Көздеріңмен көре алмайсың оны сен,
Кешір мені, олар менің ішімде.
***
Мен тағы да бұл әлемге келер ем,
Жатқан кезде қыс сарғайып, күз көктеп.
Мен бағбанға гүл орнына берер ем,
Жұпарланған жырларымды тізбектеп.
Өтіп кетер өкінішті өмір бұл,
Бір Құдайдың өзгермейтін заңы бір!
Мені тағы ақын етсе Тәңірім,
Бұл жалғанға келер едім тағы бір!
Елес
Ағам Данышпанның рухына
Бір көрініс келгенде көз алдыма кештетіп,
Опынумен отырам, көңіл өшіп, ес кетіп.
Құтыла алман одан мен…
Дымқылданса жанарым,
Өлең жазу тек қана – құтылатын амалым.
Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып,
Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр,
Аппақ үйді көремін,
Шөлмектерін тізілтіп,
Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып,
Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып.
Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап,
Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап.
Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені,
Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені…
Сол бір елес, білемін – өң мен түстің арасы,
Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып.
Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын,
Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын.
Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбатым,
Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі – өз әкемнен аумаған)
Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан.
Ағам еді ол менің, елес іші қамалған,
Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған.
Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым,
Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым.
….Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан,
Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан…
Әпкеме
Маржанға
Алматының шетіндегі кафеде,
Маусымдардың арасында отырмыз.
Аруақтарға сағыныш бар көкейде.
(Үнсіз күтіп жүрміз ажал сотын біз).
Үнсіз ғана тілдесеміз екеуміз,
Ас мәзірін жалған оқып, мұңайып.
Жарты сағат – жарты ғасыр,
Не етерміз,
Іштей өксіп, жылайық.
Әкеміздің соңғы сөзін естіген,
Сен ғанасың, байыптап.
Өкінемін,
Аспан жаққа көз тіге,
Іздей берем бір бейнені ғайыптан.
Отырмыз ғой ой парағын ақтарып,
Өткен шақтан белгі бар ма, көрелік?!
Жүректегі Алла рухы-көк жарық,
Үнсіз айтар төрелік…
Қысқы кеш этюді
Шайырларға
Зәулім үйлер арасынан, сәулесіз,
Сүйретіле шығып жатыр қара кеш.
Бізді мүлде түсінбейтін, әуресіз,
Алдымызда әлем жатыр алапес.
Ызғарлы кеш құбылады, киесіз,
«Құс жолы» да – бір құбыжық, ала төс.
Қап-қара ауа айнасынан иесіз,
Қадалады кірпігі жоқ қара көз.
Ол нендей көз?
Тегін емес, әйтеуір,
Бір қатерді ымырт келе байқағам…
Телесандық айтқан сайын ертегі,
Көкіректі шер басады қайтадан.
Әлдебір дем терезені жиектеп,
Иір-иір ою-өрнек жасаған.
Бір өрнекте – қырауланған жүректер,
Бір өрнекте – гүлді құшқан ошаған…
Бір өрнекте – қыз сұлбасы қаралы…
Бір өрнекте өлеңдерден қалған із.
Бір бұрышта ақ параққа оранып,
Қара кешке сіңіп жатыр сұлбамыз…
***
Жалғыздық пен мылқау түннен түңіліп,
Жүрек бүгін тоқтап қала жаздаған.
Ал, мен тұрмын аспан жаққа үңіліп,
Жылынам деп жұлдыздармен аздаған…
Бәрі – бекер, жылыта алмас аспан түк,
Өте суық , қатал өте жұлдыздар.
Бар да шығар суықтықта бостандық,
Жылылықта – мұңлы ызғар?..
Оу, жұлдыздар!..
Жаурағам жоқ мүлде мен,
Өздеріңнен сәуле іздеуді қоймағам,
Мына қыста жүрек нұрға шөлдеген,
Мен басқаны ойлағам…
Енді міне берекесіз шалдай бір,
Көңіл бүгін «күңкілдегіш» боп алған.
Қандай сәуле,
Қандай жылу,
Қандай нұр,
Тауып берем мен оған?..
Күнбатыс
Өрт пе мынау, теңіз бе?
Қызыл шашы жалқындап,
Жанарымды шарпиды, қою-қою толқындар.
Көкжиекте ақ бұлттар қызыл түске боялып,
Өкси-өкси көшуде, ауыр-ауыр ой алып.
Кіндігінде теңіздің иірім бар ұршықтай.
Қанша кеме бұл жерден өте алмаған тұншықпай.
Иірімнің түбінде күндерім бар қайғылы…
Қаперімнің бетіне қалқып шығар қай күні?
Қай шерімнің толқыны шығарады қаңқасын?
Қай көңілдің дауылы жинастырар жаңқасын?..
Мына теңіз тым сұсты көз жасындай Тәңірдің,
Үзіледі аспаннан, жазмышымдай әмірлі…
Қызыл беті теңіздің болғанымен тым үнсіз,
Тұңғиықтан әруақтар ән салады көңілсіз.
Бұл азапқа шыдамай, айналды да балыққа,
Сүңгіп кетті Күн байғұс, толқып жатқан тамұққа.
Ал, мен болсам түсімде жүзіп жүрдім теңізде,
Қаракеуім шақта бір, ғайып болған күнді іздеп…
Жұлдыз-гүлдер
Бұрыңғы бір түстерімдей көрмеген,
Бұрыңғы бір өмірімдей сүрмеген.
Көк пейіштен көктем исін үрлеген,
Көк аспанда жұлдыз-гүлдер бүрлеген.
Жұлдыз-гүлдер…
Ғұмырымда көрмеген.
Жүрегімді емдеңдерші кірлеген!
Іштен сыртқа шығатындай бірдемем,
Сендер жаққа жаутаңдаймын түнде мен.
Жұлдыз-гүлдер…
Жылап тұрмын мен неге?
Бұл жалғанның жарығына көнген ем,
Білем, білем шаршап кеттім мүлде мен,
Маңайдағы жұлдызсынған пендеден.
…Еш пенденің түсіне де кірмеген,
Көксеңгірде жұлдыз-гүлдер бүрлеген.
Көз жасымның түкпірінде бұлдырап,
Көк пейіштің көбелегі жүр неге?..
Бейнала
Күн еңкейсе, көлеңкелер мүсіндей
Бой көтерер, қызғылт дала төсінде.
Пенделердің жалғыздығын түсінбей
Фотосурет аңыраяр иесіне.
О, несіне… несіне мен егілдім,
Өткен шақтың елесімен көрісіп?
Мен – әлемнен, әлем менен жеріді,
Жалғыздық пен жетімдіктің соры үшін.
Бір-ақ дауыс шығарғанда мың ауыз,
Бір қауыз да ашылмайды мың гүлден.
Бір-ақ сәтте тұңғиыққа құлармыз,
Жарылғанда жүректегі күмбірден.
Мұң өтінде жамау жөргек желбіреп,
Жетімдіктің сорын қосса әнге бір,
Жер-жаһанның жанарынан мөлдіреп
Бір-ақ тамшы тамар ма еді көрге бір…
Бір ақ жүрек мың жүректен безінді,
Бір-ақ тілек – тыныштықтың төсегі.
Бұлқыныс боп, күрсініс боп сезілді
Мың ауыздан шыққан дауыс кешегі!
Мың сәттердің қосындысы – өмір бұл,
Мың өкініш түйсік түбі өшеді.
Еске салма, еске салма, Тәңірім,
Маңдайдағы қасіретті бес елі!
Мың-сан сурет шеру жасап барады,
Түсім бе бұл, өңім бе бұл, кім білген.
Мың жүректе сөздер жатыр жаралы,
Жалғыз қауыз ашылмады-ау мың гүлден…
***
Менің досым жырақта жүр.
Кешегі уақыт қалада…
Күмбірлейді құлақта жыр…
Мұң тұнып тұр санада.
Мұңым – батпан. Соны білдім.
Ақыл үнсіз, тіл түгіл.
Бұлт ішінен сары іңірдің
Қимылдайды кірпігі.
Кешегі бақ – даңғыл түбі.
Кешегі бақ…
Сау о да.
Сағыныштың сарғылтымы
Ілініп тұр ауада.
Көңілімді шешінбесем…
Көрінбейді жарадан…
Қашып кетті досым кеше.
Менен емес. Қаладан.
Кеше ғана, кеше ғана
Қасымда еді жас досым.
Дұшпандарға қасақана
Екеуара бас қосу…
Бал сырадан қанып ішіп,
Отырысу қарайып…
Бүгінгі іңір – сары мысық,
Пырылдайды жабайы.
Бал сыраны төге салдым,
Құрғап тұрған кесеге.
Кездеспеуге көне салды,
Кешегі уақыт көшеге…
Түн
Тұңғиықтан түрте-түрте соқыр мұң,
Есін алды елес қуған пақырдың.
Жүрегіме жұлдыз біткен жұтылып…
Бір нүктеде ғарыш болып отырмын.
Тылсым гүлдер көз алдымда жайқалып,
Қолтығымда үлпілдейді Ай-мамық.
Қарашығым бар жарықты сімірді,
Сәулелердің қоймасына айналып.
Жанарымнан өшкен оттар суретін,
Санасына көшіреді көне Түн.
Шерлі сырлар сіңіп жатыр сағымға,
Әлімсақтан өзім ғана білетін.
Өзегімді шарпып өтіп аш жалын,
Көңілімнен бұлғаңдайды мас сағым…
Қаламыма қолды соза бергенде,
Ғайып болдым түйсігімде қас-қағым.
Арқамдағы қанатымнан тамып қан,
Ұшып келдім белгісіз бір бағыттан.
Түн болмысын өзгерткім кеп, талпынып,
Тулап тұрған жанның нұрын ағытқам…
Содан бітті…
Санам кетті сан ұшқынға шашылып,
Үні сөнді, Күні сөнді басымның.
Темірқазық қадап қойып ауаға,
Алпыс екі тамырыма асылдым…
Қобыз-жүрек
Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,
Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін.
Дүниедегі бәр дыбыстар бір арнада қауышып,
Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.
Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,
Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі шырақшы.
Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,
Сен білерсің, түсінерсің, бұл Жалғанның тарлығын.
Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер,
Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде…
Кенет, сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,
Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс,
Алаңғасар дүниені дауыл алып жоғалар,
Ал, ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін,
Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін.
Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар,
Бұршақ-бұршақ саулап жатар жұмыр-жұмыр жұлдыздар.
Мақшарланған ақшам сондай!
Сен қапысыз аңдап қал,
Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар.
Жиын болар содан кейін…
Қобыз үні мәңгілік!
Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры!..
Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы.
Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін!
…Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін,
Қобыз-жүрек,
Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін…
Бақылау
Қасымда жоқ сырласатын ешкімім,
Мен отырмын өзді-өзіммен қату боп.
Су бетінде әлем жатыр бес жұлым,
Жаратқанның жырым-жырым хаты боп.
Алтыншысы солтүстікте мұздана,
Ақ аюға мекен болған кеңістік…
Өткен күндер шұғыласында – түз-дала…
Жерұйықпен оңтүстікте табыстық.
Ал, ауылым ғарыштан да мұнартып,
Сағыныштың ширатады түтінін.
Ләйліген жұрт…
Ондай дудан мұң артық,
Тұрмыс артық, шапан киген жұпыны.
Жұлдыздар жоқ, көрінбейді ешбірі,
Жымыңымен қытықтайтын жұлынды.
Жоқтау айтып, мені іздеуші кешқұрым,
Өлең ғана екендігі білінді.
Таңғы арай да – қызыл қораз, шақырған,
Көк аспанда дөңгеленер бақыр-күн.
Ызғар ғана сезіледі ақылдан,
Түк жаза алмай отырмын…
Жеті бояу
Ай нұрынан еріп кетсін қар бүгін,
Аппақ түсте жеті бояу бар, күнім!
Рухтың түсі – алқаракөк тұмандық,
Жұтып алған сәулелердің қалдығын.
Бар ғұмырын бояуларсыз сүретін,
Ақ парақта кемпірқосақ суреті.
Қарашықтың дірілдесе күлтесі,
Жан кірпігі серпіледі дүр етіп!
Бейсиқырмен айғыздала қонады,
Аппақ қарға жеті бояу жолағы.
Жанның көзі көре алады тек оны -
Суыт жүрген тәннің ояу қонағы.
Ақ шапақпен жерге қарай ағатын,
Жеті бояу жеті сүрлеу салатын.
Анашымның ақ сүтінен осылай,
Жеті тамшы жеті түрлі таматын.
Олар бірақ сыртын ғана жалатып,
Ыршып кетіп, жөргегіме қонатын.
Жеті тамшы – айтылмаған жеті сөз,
Пәк күйінде жұпар аңқып қалатын.
Ақ қағаздан мың оралып, бүктелген,
Ұшып жатыр жеті түсті нүктелер.
Сансыз түсті ажыратқан жанармен,
Мен оларды көре алмаймын, әттеген…
Антиелес
Түйсігімде тылсым сөздер гүлдеген,
Оны айтатын үнсіз бірақ тіл неге?
Мен көретін құбылыстар әуеден,
Басқаларды көре алмастан жүр неге?
Бірі үкім, бірі сезім тынымсыз,
Бірі түтін, ширатылар шылымсыз.
Түйсігіме сыбырлайтын құшақтап,
Теріс қарап жатыр бүгін түн үнсіз…
Анабіреу бейне неткен көркем-ді,
Ашып қалып, жоғалады көрпемді.
Бір біріне ұқсамайтын өрнектер,
Тағы бүгін қар үстінде өртенді.
Қарашы әне!
Ешбір пенде көрмеген,
Ғажап құстар қалықтайды бөлмемде.
Адам жаны дәл осылай…
Мүмкін бе?
Жанталаса қанат қағар өлгенде?..
Мына біреу ешқашанда тумайтын,
Күнде осылай көз алдымда жылайды.
Басқа басқа, өзін өзін танымас,
Мен сорлыдан қандай медет сұрайды?
Оны қойшы!
Мына сурет керемет,
Қарашықтан шарап ішкен көбелек!
Масайып ап қанаттарын созады,
Мені өзінін құшағына бөлемек.
Қайдағы бір тесіктерден сорғалап,
Келе жатыр өрмекшілер жорғалап.
Қорқынышты!
Бұл да қызық дегенмен,
Мені ана көбелектен қорғамақ!
Екі басты мына жылан оралып,
Тағы ұйықтайды білегіме оралып.
Таң атқанда жоғалады бір жаққа,
Бір ізінен екі бастың жолы ағып.
Кейде, кейде,
Келер көктен періште,
Менің көрген елесімді терістеп.
Бәз біреуге осыны айтсам ауызша,
Мені ойлайды кеміс деп.
Енді қайтем?
Сана ойыны осындай,
Елес келер тағы кәрі досымдай.
Көркем бейне көрпемді ашып тағы да,
Ғайып болар тірі тәнмен қосылмай.
Түйсігімде тылсым сөздер гүлдейді,
Оны айтатын үнсіз болсын тіл мейлі!
Көрші әлемнен сәлемдескен елестер,
Менен басқа бір елесті білмейді…
Метафизика (1).
Кеңістік – шексіздіктің ішінде,
Мен кеңістіктің көшінде…
Қосарлана қозғаламыз.
Жаңғырмайтын сәттерменен,
Парағы жоқ дәптерлерде,
Жазылмайтын сөз ғанамыз.
Уақыт – мәңгіліктің жанарына,
Мен уақыттың амалына,
Жете алмастан қиналамыз.
Ол ғасырлар бағдарында,
Мен өзімнің тағдырымда,
Нүкте болып жиналамыз.
Ғұмыр – секунд бес күндегі,
Артық емен ешкімнен мен,
Мен – жердегі көптің бірі.
Тән – тіршілік азабында,
Жан – Тәңірдің назарына,
Бару керек түптің түбі.
Ал, ауаның келген жағы белгісіз,
Ол болмаса төзгізсіз.
Бар ғарышта ауа жоқ.
Мен ауаның ішіндемін,
Ауа ненің ішінде жүр?
Бұл сұраққа жауап жоқ!
Ұлы Тәңір – Жаратқаным,
Жүректерге таратпа мұң,
Бәрі осылай бола берсін!
Ешнәрсеге ілінбеген,
Ешбір жері бүлінбеген.
Жер айналып тұра берсін!
Метафизика (2.)
Маған ауа көп нәрсені үйретті,
Содан болар, сұрақтарым сирепті.
Қандай құдырет!
Ауа алып құйын боп,
Көз алдымда жаңбырлата билеп тұр!
Сәлемімді Көк еліне жолдап тұр,
Ол Аспан мен Жер арасын жалғап тұр,
Қалықтаған қауырсын да сезбейді,
Үстіндегі мөлдіреген салмақты.
Бұл ауадан өткен талай жыл көші,
Қалалардың жатыр, әне мүрдесі.
Ауа деген о, дүниені жасырған,
Табиғаттың қатпар-қатпар пердесі.
Нұр мен түнек сол перденің өрнегі,
(Ал, жаңғырық – перілердің ермегі!).
Жел жарықтық – күрсінісі ауаның,
Шылым демі – оның мұңлы кермегі.
Бұл ауаның ұлы күйі – тыныштық,
Ұлы күйді тудырады қыл үсті.
Ауа ғана тоқтатады демімен,
Ең алапат дыбысты…
Ауа – Тәңір күбірінің бір демі,
Күн көрінсе, естіледі күлгені.
Самал үрлеп ол оқиды өлеңді,
Шайқап тұрып бөлмемді…
Жаңбырлы элегия
Жаңбыр – мөлдір құс,
Асфальтқа құлап шашылған.
Елесі ме екен…сол бір қыз…
Мұң өретін шашынан….
Саябақ. Сүрлеу. Тротуар.
Шамның жасы – сары нұр.
Елесі ме екен…отынан…
Жанып кетті кәрі Күн…
Жалғыздықтың жалғызы -
Өзім және кім екен?
Елесі ме екен…алқызыл…
Жалын атар көлеңкем…
Көліктер. Қала. Дүкендер.
Бағдаршам. Талдар. Алаңдар.
Елесі ме екен…кетерде…
Жымияды адамдар…
Жарнама – өмір. Көшелер.
Алдымда тағы сол есік.
Елесім бе екен…кеше мен…
Барады екем жол кесіп…
Өз үйім. Төсек. Күрсініс.
Ұйқы жоқ. Әлде ол түсім?
Елесі ме екен…бір сыбыс…
Естіп жатыр бір кісі…
Қысқы түстер
Қысқы түстер. Көктем жайлы.
Көктем жайлы, аспан жайлы.
Бұл түстерде, неткен қайғы,
Көктем неге басталмайды.
Қысқы түстер. Гүл жайында.
Гүл жайында, Ай жайында.
Бұл түстерде ақ қайыңдар,
Бүрлемейді май айында.
Қысқы түстер. Мұң туралы.
Мұң туралы ауыр неге?
Аппақ қарда түн тұнады,
Жылымайтын сәуірлерде.
Қысқы түстер. Көктем де өзге.
Гүлдер де өзге неге, мүлде.
Салқын самал өпкен кезде,
Сыбырлайды нені, кімге?
Қысқы түстер. Жұлдыз жайлы,
Жұлдыз жайлы, ғарыштағы.
Қысқы түстер. Бір қыз жайлы.
Бір қыз жайлы, алыстағы.
Қысқы түстер. Бүршік жайлы.
Бүршік жайлы дірдектеген.
Аппақ құйын ұршықтай бір,
Жүрекке сыз өрнектеген…
Қысқы түстер. Мен жөнінде,
Ол жөнінде. Неткен қиын!
Қысқы түстер. Шер көңілде.
Келе ме екен көктем биыл?..
Адам іздеу
«Аспан!» десем,
Теңіз толқып төбемнен,
Тамшыларын шашыратар төменге.
Жанарынан жанұшыра мың әріп,
Жамырайды жазылмаған өлеңге!
«Жұлдыз!» десем,
Сәуле-үні төгілген,
Орман шулап теңселеді көгімнен.
Жансыз оттар жерге жетпей жоғалар,
Шылымдардың шоқтарындай шегілген.
«Бұлттар!» десем,
Түйелерін желдірген,
Керуендер көтерілер сеңгірге.
Кіріп кетер сағымданған сұлбалар,
Әуедегі көрінбейтін үңгірге.
«Таулар!» десем,
Биіктіктікті керең қып,
Су астынан көтерілер тереңдік.
Мылқау балық шындық айтса шыңғырып,
Соқырлығын мойындайды кемелдік…
«Күн!» деп айтсам,
Суық жүзі жарқылдап,
Ай ауада дөңгелейді, қарқылдап,
Оның өлі көлеңкесі жаңбырдың,
Арасында сенделеді салқындап.
«Пейіш!» десем,
Тәулік бойы құбыла,
Батыс жатқан көрінеді құбыла,
Сансыз мешіт күмбезінен жарқ етіп,
Ақ далаға таралады шұғыла.
«Құстар» десем,
Денелері керілген,
Қанаттары аппақ нұрдан өрілген.
Заңғар көкте періштелер қалықтар,
Хабары жоқ өлімнен…
«Адам!» десем,
Аспан астын паналап,
Дауыс тағы жаңғырықты жағалар,
Қоғам ішін кезіп жүрген жалғызды,
Аяп тұрар ауадағы бабалар…
Қанат сілку
Ұлықбек Есдәулетке
Пейіш жаққа қимай-қимай елеңдеп,
Періште боп қонып едік жатырға.
Құстар ғана ұшатұғын әлемде,
Айналдық па қанаты жоқ пақырға?!
Аспан жаққа көз тігеміз сағына,
Адам жүзін жатырқаймыз әлі де.
Арқамызға қарап қойып тағы да,
«Қанат бер!» деп жалынамыз Тәңірге…
Қарашықты сәулелерге сүйгізіп,
Бір суретті көреміз бе сенгісіз.
Саусақ ұшын жұлдыздарға тигізіп,
Бір нөмірді тереміз бе белгісіз?!
Әлдекімді, ештеңені елемей,
Әлде мүлде ден қоярмыз шарапқа.
Ешқашанда жазылмайтын өлеңдей,
Қонбай ұшып кетеміз бе параққа.
Түннің суық шуағына жылынып,
Ай нұрынан жатамыз ба мас болып,
Бір арудың кірпігінде ілініп,
Қалайықшы үзілмейтін жас болып?
Қалайықшы!
Жалт-жұлт етіп жақұтша,
Сол кірпіктен сосын ұшып кетерміз.
Амал қанша, шықтың жасы уақытша,
Ал, уақытқа не қылармыз, нетерміз.
Шықтан кейін көбелекке айналып,
Қалықтаймыз еркіндіктің елінде.
Қалған кезде Күн ойланып, Ай қалып,
Адамдардың меншіктеген көгінде.
Ал, біздер ше? Періштелік кейіпке,
Қайта оралып шаттанамыз бір күні.
Келмеңдерші, келмеңдерші бейітке,
Онда жатар басқа бейне біртүрлі…
Қанаты бар періштеден пендеге,
Айналғанмен ұшатындай жүреміз.
Ақын айтса сенбейді екен ел неге,
Сенбейді олар, сенбейтінін білеміз!
Тірі кезде мұндай мүмкін емес дер,
Ессіздермен мен несіне таласам.
…Маған ылғи мөлдір қанат елестер,
Аға, Сіздің арқаңызға қарасам!..
Амнезия
Кеудемдегі көп көрініс кешегі,
Түйсігімнің түкпіріне көшеді.
Мәңгі-бақи тастар ма екен ұйықтатып,
Алақандай қабірстан төсегі?
Шынымды айтсам, ол – мұңымның кеселі,
Оны бірақ Тәңір маған кешеді.
Жүрегіме тас боп біткен секілді
Бар ғаламның қайғы-соры бес елі.
Сәуле шашқан сезім кетті сенделіп,
Шым-шытырық дауыстарға мүлде еніп.
Жадым іші қызыл жалын секілді,
Сағынышым – шимай-шимай күнделік.
Тағдырым да
(талай тиген таяғы)
Мені ұмытты,
Бәлкім жылап, аяды.
Сандырақпен бірге кетті жоғалып,
Санамдағы сансыз сұрақ баяғы.
Менде ой жоқ!
Ойлау енді кеш еді…
Тек тамшылар тыныштықты теседі.
Біреулерден сұрап көрсем өзімді,
«Ол пендеңіз өліп қалған» – деседі.
Жаздың салған бар бояуы кешегі,
Жапырақсыз көшелерде өшеді.
Қырға шығып жылап отыр қыркүйек,
Күздің келіп қалғаны ғой, есебі…
***
Өз сорыма айналғандай өз бағым,
Жалғыздықтың құшағында мұздадым.
Түндер түнеп қабағымның астында,
Жүрегіме құлап кете жаздады…
Мына әлемнің маздап тұрған оттарын,
Мұңның мұзы басып қапты қап-қалың.
Мен түгілі, албасты да безінер,
Тәубәсі жоқ тәуліктерден таптаурын.
Көз алдыма елесі кеп ескінің,
Өлетіндей аласұрам кешқұрым.
Тұла-бойды үрейлі бір діріл ап,
Жаназалық күй ойнайды бес күнім.
Кеуде жақтан естілгенде жан демі,
Ойлағанмен, құтылмайсың әрнені,
Көше жаққа жаутаңдаймын, кімді іздеп,
Достар қайда? Досым менің бар ма еді?..
Есіктерін қағып жүріп қанша үйдің,
Кімді табам, кімге барып, тыншимын?..
…Көкке қарап ұлып тұрған бөрінің,
Жанарынан көксұр жұлдыз ыршиды…
Саяхат
Шумақ-шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп,
Тыпыршыған жүрегім «жүрем!» – десе, елеңдеп.
Кеужіреген кеудеге, күн тығып ап кешқұрым,
Түнге сіңіп кетер ем, жалын құшып бестінің.
Оң жағымда көк бөрі, салақтатып көк тілін,
Сол жағымда көк қасқа – ер тимеген шоқтығын,
Әр бұтаққа байлауға көйлегімнің ақтығын,
Бара жатам сүйретіп көлеңкесін аттының.
Бара жатам бетке алып жалындаған батысты,
Қарт-құрт шайнап құртымды,
жусан жұлып ат үсті.
Таза ауадан масайып, ән бастасам бір рухты,
Шапалақтап көкте құс, қолпаштар ед мұңлықты!
Жанымдағы көкжалым ұлып берсе қосылып,
Жас төгілер ауадан, жерге жетпей шашылып.
Тыныштығы бұзылған тұра келер дала-аю,
Мың құбылып жазылар, гүлге толы самайы!
Сауырынан бестінің ақ тамшылар дөңгелеп,
Ақ маржандай шық болып, қонып жатар шөңгеге.
Дүбірлетіп бар маңды асып өтсем белден бір,
Дүр-дүр етіп ұшар ед шаһит рухы көрден бір.
Дербес менің дауысым жатқан кезде жаңғырып,
Еркіндіктің есінен кетпес едім мәңгілік!
Көк қасқаға ауысып, көк сағымды шұбыртып,
Кең даланы бір шолсам, көздерімді жүгіртіп.
…Бар жатса көз ұшы бейнем менің сұйылып,
Дүниенің төрт жағы сәлем берер иіліп!
Беймезгіл ойлары
Беймезгіл…
Жасанды үміттерім…
Сөнуден жалыққан жарықтаймын.
Көкала көбелек-күдіктерім,
Көңілдің көшесімен қалықтайды…
Ішімнен өртенген іңірдеймін,
Кірпіктен тұтанған тамұқтаймын.
Біреуге өлеңдер күбірлеймін,
Біреуді іздеуден жалықпаймын…
Кеудесін қызыл сәуле еміп жатқан,
Батысы өртенген құрлықтаймын.
Тұмандар тірідей көміп жатқан,
Жарықтың ұшқындарын ұлықтаймын.
Таппаған орманынан қайырымды,
Дірілден жалыққан шыбықтаймын.
Көрсеткен өз көзіме айбымды,
Айнадан құлаған сынықтаймын…
Мен кеше ұшып жүріп гүлге қондым,
Инелік қанатымды ала қашты…
Келмейді менің енді пенде болғым,
Жалғанмен келмейді жағаласқым.
Періштеге тіл қатпай оң жақтағы.
Сайтанға сағым шашып иықтағы,
Мен бүгін бесігімде құндақталып,
Сәбидей келеді ұйықтағым…
Кешкі құбылыстар
Қап-қара бояудан жалыққан,
Бір сәуле сібірлер жасыннан.
Бір дауыс күңгірлеп жарықтан,
Көлеңке күбірлер қасымнан.
Көлеңке көруді үйренген,
Таңқалып түн жаяр саусағын.
Кеудеме қонуға именген,
Қалықтап жүреді тау-сағым.
Қалықтап жүреді тау-сағым,
Қара бұлт сияқты аспанда.
Қозғалмай жатайын, шаршадым,
Бір ауыр кеңістік басқанда.
Кеш, ең алғаш сәтінде,
Жарық пен түнектен жаралған.
Ғарыштың бергі жақ бетінде,
Қалқиды сәулелі аралдар…
Гүл іздеуші
Қанша бақтан іздеумен гүлдерімді,
Сүйретумен келемін сүлдерімді.
Құлақтардан естимін күлгенімді,
Cұрақтардан көремін білгенімді.
Ал, біреулер, өздерін көміп жатар,
Көре алмастан тіп-тірі жүргенімді.
Күдіктерден кешқұрым мүсінделген,
Құпиялы сыр тарттым кісімнен мен.
Түк етпейді егерде түсімде мен,
Көріп қойсам өзімді ішімде өлген.
Ең бастысы гүлдердің күлтесінен,
Бір жарықты сімірсем ішілмеген.
Анау жатқан қаңбақтар даласында,
Сапарыма сан соқпақ таласуда.
Кеше мені шақырды бал ашуға,
Бір пері қыз сығандар арасынан.
Ал, мен оған толғандым Тәңір жайлы,
Көзі шығып кеткенше шарасынан.
Содан кейін керемет құштарыммен,
Жолға шыққам ең қатал дұшпаныммен.
Жан азабын жүрекпен құшқаныммен,
Сол гүл үшін бір өмір бастадым мен.
Тау басына шығып ап, мәңгілікті,
Тоқтаттым жалт еткен қас қағыммен!
Жер бетінен таппастан жұмбақ гүлді,
Астасып кете бардым Аспаныммен!
Алқаш шал
Пәк ауадан көк түтінге ауысып,
Кемсең қағып, өксіп отыр бір адам.
Көз жасының тамшылары суарар,
Ақ сақалын қуарған.
Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Духанада қалып қойған тірі өлік.
Әкесінен сықпыртады әлемді,
Дию сынды түнеріп.
Айналасы – кәрі мен жас дөрекі,
Сырттағы әлем – тұманданған күз есі.
Саусағының арасындағы темекі –
он үшінші мүшесі.
Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Көкірегін жаулап алған қай қайғы?
Терезе алды жылап тұрған еменді
Кемпірім деп ойлайды.
Жын сөзіндей – духананың түтіні,
Шал соңыра емен түбі құлайды.
Аузы сыра көпіршігін жұтынып,
Ақ сақалы жылайды…
Жаңбырлы түн
Ерлан Жүніске
Жанарымнан жан ұшқыны шашылып,
Күтем сені… әлденеге асығып.
Бөлмем ішін көкшілдене кезіп жүр
Бұлтты ойымның булығулы жасыны…
Кәдімгі адам деп қарайсың сөзге сен.
Ой жасыны… ол да – түйсік өзгеше.
Кездестірмес едім сені ғұмырда,
Бұл жалғанды жанұшыра кезбесем.
Жырларымның әуеніне қосылып,
Мұңданамын, шылым шоғын өшіріп.
Арғымақ түн тереземе асылып,
Кісінейді, ашынып.
Арғымақ түн – арқыраған тіршілік,
Кісінегені – бос үміт…
Сен інісің және маған ағасың.
Өкінтпесін өткінші өмір тобасыз.
Мен өзіңді хабаршы ма деп қалам,
Бұл әлемге ерте келген адасып…
Жарық дүние мен жаназаның арасын
Өлеңіңмен өлшеп жүрсің шамасы.
Қара да тұр, жаңбыр жауып біткенше,
Айға айналар, арғымақ-түн тағасы.
Құрысыншы!
Сағат – түнгі он екі.
Сорлы қала, мінез-құлқы дөрекі…
Жаңбыр қойды…
Отырайық бұрқырап,
Ала келші темекі.
Елегізу
Іңірлер…
Қып-қысқа бір өмірлер…
Көше бойы – көмескілеу күбірлер.
Жүректегі үміт құсын үркітетін түнімен,
Жарқанаттар жамырайды көк үйлердің түбінен.
Іңірлер…
Көкжиектің ысқырығы – сыбызғының үніндей…
Аққан жұлдыз айдаһардың тіліндей.
Енді қанша ғұмырыңның қалғанын
Біреу санап тұрған сынды, білінбей.
Іңірлер…
Біз сүймейтін беймаза шақ, көңіл де.
Өксіктер бар, қараңғылық тозаңына көмілген.
Ай бұрымы, көкжілтімдеу өрілген,
Ақ сайтанның сақалындай көрінген…
Іңірлер…
Қып-қысқа бір өмірлер…
Телефонның жүрегіне таңбаланған нөмірлер…
Құштарлық пен үрей табы көрінер,
Құпия хаттың бұзылмаған мөрінен…
Іңірлер…
Қып-қысқа бір өмірлер…
Қызыл кеште нұр тамшылар көгімнен,
Мен отырмын хатқа қарап шошынып,
Маған келген үкім болар, тегінде?..
Алматы – 1
Алпыс екі тамыры ақырын бүлкілдеп,
Шаһар жатыр, көшелері күңкілдеп.
Ақындары аттанады үн-түнсіз,
Кеңсай жаққа біртіндеп.
Көкірегі сірілері – қамыққан,
Жалтақтайды сатылмалы жарыққа.
Әнебіреу талант еді тәп-тәуір,
Жатыр бүгін арықта.
Е, бұл қала кімді марқұм қылмады,
Алатаудың басында өлсін шын дарын.
Көсем болам! – деп келеді ауылдан,
Көкбазардың құлдары.
Болар жағдай боламын деп болар ма,
Құдай қыли қарайтындай оларға.
Қарындыға қала ішінен үй дайын,
Дарындыға – қол арба!
Қыз ақынның маңдай соры бес елі…
Ашыныспен артық айтсам, кеш, елім.
Бұл қаланы шеше көрген барлығы,
Әкесінің… мұндай өгей шешенің!
…Кел, ақындар, менен де бір ішіңдер,
Күбірлейді қып-қызыл мас мүсіндер.
Бұл қаланы
Құс аңдыған көшеден,
Есенғали ғана түсінген…
Сол… отырған…
Мақсат Мәлікке
Білесің бе, Ғайса досым, сол, әлгі…
Күлуді мен енді мүлде доғардым.
Қу медиен сахарадай көкірек…
Кеше түнде жоғалдым.
Содан кейін…
Қаңғып жүріп таң алды,
Түстерімнің түкпірінен оралдым.
Қайтем енді, байыз таппай жүрген соң,
Байғұс жаным дәруіштей боп алды.
Жүргенімде, сонда Сенен алыста,
Күрсінгенің естіліп ед ғарыштан.
Сездім Сенің аспандағы бейнеңді,
Ішіндегі перілермен алысқан.
О, сол кезде сағынып ем Өзіңді,
Жүрегіңді, жан-жүйкеңді төзімді.
Ғайып сәтте Саған ұқсас пайғамбар,
Менің мына құшағымда көз ілді…
Сол… отырған…
Сыра тартып, салқындап…
Білте шамдай Ай жанады қалтылдап.
Жасырынып тұрғандайсың әдейі,
Аспан-қалқан артында!
Жаңалық жоқ.
Сол… отырған… ән тыңдап,
Баяғы бір балбал тастай қалпымда.
Маңайымда тірі жандар билеп жүр,
Арасынан елестейді марқұмдар…
Бәрі өтірік – бақытты боп өтем деу,
Бәрі – жалған,
Таусылмайық бекерге?!
«Алдавайда» кездесейік екеуміз,
Ана жаққа біржолата кетерде…
РАДИОМИСТИКА
Әлдекімнің көмейінен құбыла,
Шашырап тұр дыбыстардың сәулесі.
Көздерінен жарқ етердей шұғыла,
Сөздерінен өртенердей бөлме іші.
Бұл нендей үн,
Арбап жатқан ауаны?
Ми төзбейтін әуендердің жаңбыры,
Бұл сұраққа Оның берер жауабы –
Тылсымданған жаңғырық.
Әлдеқайдан күмбірлейді күй басқа,
Бұл дүниенің емес мүлде нотасы.
Саналарға қадалғанда қиғаштап,
Айқай ғана күбірлейді опасыз.
…Елең-алаң кейпім мынау отырған,
Есім шығып мына дауыс-нөпірден.
Тәңір Өзі бәзбіреудің атынан,
Сөйлеп-сөйлеп жібергендей эфирден!…
Оралу
Болашаққа қолдарымды қусырып,
Денем отыр өн-бойынан бу шығып.
Қазір күллі тыныштықты ысырып,
Жаңғырады жарты тамшы тысыры…
Сонда ғана шаң қаланың төсімен,
Айқай салып жүгіремін ішімнен.
Шұбыртамын санамнан да есімнен,
Күнәларды Құдай маған кешірген.
Сосын ақшам жарқанатын ұстап ап,
Айналдырам көбелек пен құстарға.
Жұмбақталған өлең жазып достарға,
Сағынышты жығып берем құштарға.
Саусақтардың ұштарынан от шашып,
Түнге сіңем, дәптерімді ап қашып.
Елестетер жұмағымның қақпасын,
Адамзаттың үміттері топтасып.
Ал, мен болсам қуаныштан жылаймын,
Қуаныштан тоқтамауды сұраймын!
Енді менде жоқ алданыш, жоқ уайым,
Енді менде бақыт болар ылайым.
Себебі мен, кешіп жүріп өмірді,
Тауып алдым өз ішімнен Тәңірді!
Бірдеме туралы өлең
Аяз кетпей санадан,
Ауладан мұз,
Жалғызсырап жалғанда жаурағанбыз.
Қыстың түні көлеңке түсіріп тұр,
Қараңғылық екен деп ойламаңыз.
Аппақ шашын жайып сап жер бетіне,
Ызғарлана қыс қарар келбетіңе.
Ал, сен болсаң санаңды әлдилеумен,
Өлең жазып отырсың тербетіле.
Сенім қалмай періште мен адамға,
Барғың келер ең күнәһар қадамға…
Бірақ сені іркіп қалар әлсіз ой,
«Тағы бір рет үміт бер» – деп қоғамға.
Қоғам байқұс негізінде залалсыз,
Даму сондай, заңы сондай амалсыз.
Кім болсаң да қабылдайды ол сені,
Тек ақынын өлтіреді алаңсыз…
…Сайтан алғыр, суық бүгін түн неге,
Ұйқысырап жалған жатыр, үндеме!
Осы жолдар бітсін, шылым шегермін,
Сосын тағы жазып көрем бірдеме…
«Кент төртінші» ерінімде дірілдеп,
Түтінімен ою салар күбірлеп.
Адамы да, қоғамы да бар болғыр,
Анеу, ане көріп қойдым бір сурет!
Жолдағы метаморфозалар
Кетіп барам тағы да.
Алматыдан Астанаға.
Тағы да мас боламын ба,
Тальгоның ресторанында?
Біреу маған жүрек тұсын көрсетіп,
Сыбырлайды: «Астана мұнда!».
Қойшы деймін мен оған,
Қолды сілтеп:
«Жас баламын ба?».
Аяқ артып
тамбурдың баспалдағына,
Қарап алам жолсеріктің қасқабағына.
Орнымды іздеп келемін, басу айтып,
Тыпыршыған көңілдің қасқалдағына.
«Ай бала, Астана мұнда!» – деп қалады,
Көрші отырған ақсақалым да.
Дұрыс айтасыз көкем-ау деп,
Шақырамын шалымды дастарханыма.
«Сенің жүрегің күйреген Отырар ғой» – деп,
Көз жүгіртем тірі отырған асқаралыға.
Ол күрсініп, бір шындық айтқан болар:
«Балам, балам Астанада баспана қымбат»…
Содан кейін денеме қарап алып,
Шошып кетіп сұрақ қояды маған:
«Бас қайда, шырақ?!..».
Музаға
Мейірімді жүрегіңмен кішкене,
Уды өлтірдің жүрегімді тістеген.
Зейнұр сені әкелгенде әлемге,
Ажал маған мәңгілікке «қош!» – деген.
Мен өзіңді аспан жақтан сұрағам,
Уығымсың! Шаңырағым тұр аман!
Заңғар-заңғар биіктерге ұш, қызым,
Адамдарға еліктеме жылаған.
Мен сияқты қумай босқа сағымды,
Уысыңда ұстағайсың бағыңды!
Зұлымдықтың тік қарағын бетіне,
Адал болсаң, сындыра алмас сағыңды!
Маңдайыңа жұлдыз жақсын Тәңірім,
Уыздай боп үлбіресін көңілің.
Зерделі бол, зиялы бол, балапан,
Аллахуакбар, ұзақ болсын өмірің!
«Жетіқарақшы»
Түнгі қара сұлбамнан,
Іштегі әлем шетінен
Мың-мың жазу түсірем жұлдыздардың бетіне.
Қос дүниенің арасы жалғансыншы менімен,
Жалған тәннің ішінде бөлінсем де екіге!..
Маған бүгін бар сиқыр амалсыздан көнеді,
Мен жай адам емеспін,
Мен ақынмын себебі!
Шексіздікті жұта алмай, көп тесілсем көгіме,
Менің жасыл көзім боп, аспан жерге төнеді!..
Шексіз сана ішінен көлеңкелер қараңғы,
Қанаттанған сәулемен барша әлемге таралды.
Мәңгіліктің төріне суретімді салдым мен,
Көңілімнің мұңына малып алып қаламды!..
Шындығында, тұңғиық ғарышта да жыныс бар,
Жүрегімнің түбінен құмар үнін тыныстар.
Құс жолы әні!
Тұмандық…
Жұлдыз-жұлдыз… жұлдыздар!..
Тамшылай ма санама вирусы бар дыбыстар?..
Түнгі қара сұлбамнан,
Іштегі әлем шетінен,
Мың-мың жазу түсірдім жұлдыздардың бетіне.
Енді сырқат ғарышқа емші өлеңді жіберем,
Мұздай суық төсіне қадап кетсін жеті ине!
Түнгі коллаж
Керікмойын мұржалар… көмейлерінен жын ұшып…
Жапырақ-жәндік сыңсиды, өз ішінде бүрісіп.
Ертегілік кейіпкер шығардайын құмардан,
Түкпірінде есімнің шар үрлейді тұманнан…
Құбылмалы өмір бұл, кейде қиял, кейде мұң,
Өзім де адам емеспін, сыра аңқыған жейдемін.
Бірақ тірі жейдемін,
Сөйлеуге де тілім бар,
Ойлап қоям, сыра иісін жақсылыққа ырымдап.
Қалықтайды әуеде май шам жанған бөлмем де.
Құтырынған құс сынды жаға-жеңім ербеңдеп…
Түнгі жынды көбелек нұр іздейді көзімнен…
Аман қалсам игі еді шалығы зор сезімнен!
Ішімдегі шайтаным шайқап-шайқап қайғысын,
Жүрегіме толтыра ішіп отыр, байғұсым…
Көше кезіп, бақ кезіп, қанбай қалған ойыны ма,
Қалғып жатқан таулардың бұлттар еніп қойнына,
Өзім еккен жас талдың түс көруде бүршігі.
Ай да қонды аулаға, көк ала қал – тұмсығы.
Тек сен жоқсын бұл түнде,
Сағындырмай келші, еркем,
Құлазыған ғұмырға егіз болған көлеңкем…
***
Олар ұзақ сыр шертісіп отырды…
Жаназа оқып, жанған Күнді батырды.
Келер таңды азан ұшы атырды.
Сүйкімді қос тентек бала, ақылды,
Ұзақ-ұзақ сыр шертісіп отырды…
Олар ұзақ ағыл-тегіл жылады,
Бұлдырады қара көздер қырағы.
Қос көмекей – қанжар-сөздің қынабы…
Қос кәлләнің бұлаңдады шырағы…
Сүйкімді қос тентек бала… жұма күн,
Ұзақ-ұзақ ағыл-тегіл жылады.
Олар кенет құрбандыққа тіленді,
Ақыл айтар, бақұл айтар кім енді?
Екеуі де – келбетті жас, гүлөңді.
Сүйкімді қос тентек ұл…
Құрбандыққа тіленді.
Елеместен азғырынды сыбырды,
Елеместен жындысүрей дүбірді,
Олар іштей бір-біріне жүгірді.
Пенделіктің ала туы жығылды.
Қайта бастау керек енді ғұмырды…
Эйфория
Қүрсіністен арқамдағы қанаттарым сілкініп,
Арманым жоқ, ұшып кеттім періштедей бір күні.
Шыр айнала атылдым да,
Биіктікке құлшынып,
Ағыл-тегіл жылап алдым, көк аспанда тұншығып.
«Таба алсам ғой кеудемдегі алаураған құсаға ем,
Айды әлпештеп әр сөзіммен,
Күнді барып құшар ем!..»
Деген оймен,
Тозақтан да самғап кеттім жоғары,
Рухым байғұс бір қуанды, еркіндіктің ұраны.
Ох, шіркін-ай, мұндай рахат көрмеген бұл жүрегім
Менен бөлек құс боп ұшып кетердейін, білемін.
Сағым болып билеп тұрған көріп қалдым бақты бір,
Ақылымды аймалайды тылсым жақтан тәтті нұр.
«Жұмақ па бұл, пайғамбарлар суреттеген неше бір,
Жұмақ болса, кірер едім!.. о, Тәңірім, кеше гөр!»
Әне, әне, мен сияқты қанатты бір сұлбалар
Ұжымаққа еніп жатыр, еніп жатыр ұрлана.
Бәз біреулер ұлымен де, құлымен де қауышып,
Оймен ғана тілдеседі, естілмей-ақ дауысы!..
Елдің бәрі мәз кезінде мен де қарап тұрам ба,
Бірдеме деп сөйлеп қалдым айдары әсем жыланға…
Әйел ме екен, сайтан ба екен сол бір жылан, сол бейбақ,
Сықпытында түн ойнайды, жанарында – Ай-аруақ.
Сорлы екенмін, рұқсатсыз кіріп кеткен пейішке,
Жон арқамнан қамшыменен осып өтті періште,
Құлап кеттім мен қанатсыз!.. осы өмірге-төменге,
Содан бері, қорқып жүрмін қанаты жоқ денемнен…
Сабыр, сабыр…
Қалмахамбет Мұқаметқалиға
Қамығамыз бекер біз.
Рас қой, енді!
Бұл жалғанға бөтенбіз.
Жалған жарық жақтырмаса,
не етерміз,
Көлеңкеге айналармыз екеуімз…
Қазір кілең бай-манаптар үдеп тұр.
Тәңір егер берсе бізге тілекті,
Көлеңкемен жіберер ек жарық қып,
Күні ертеңгі түнекті.
Көз көрместі біздердегі без көрген,
Ұғып болдық – заман қатты өзгерген.
Ерен ойды жаратамыз деп жүріп,
Таяқ жедік ергежейлі сөздерден.
Не демекпіз халыққа?
Қарық олар шамдар шашқан жарыққа.
Көлеңкеден көлеңкелер түсіріп,
Күбірлесе тұрайықшы тамұқта…
…Міне, қазір хабарласам,
Қамықпа!
Иман
Жібек қылып отыр біреу түнді есіп,
Орман демі керімсалдай тұрды есіп.
Бір қуатты аппақ нұрға малына,
Ғалам жатыр тыныштықпен тілдесіп.
Бір мезетке аңырая өмір дүр,
Салқын көкте сапар шегіп Тәңір жүр.
Жұлдыздардан тұрғызылған көшеге
Кілем болды тұмандықтар көгілдір.
Кеңістікті ой баурауда кемеңгер,
Гүл аңқиды, жыр аңқиды жұмыр жер.
Таң қалысып, қарай қалды жан-жақтан
Бей-берекет өмір сүрген әлемдер.
Белгісіз бір бағыттарға бет алып,
Рухтар ұшты, қызыл-жасыл от алып.
Күлкі үнінен ғарыш жатты жайқалып,
Жақсы сөзден жәннәт майы тұтанып!..
Бұл не өзі, мен жынданған шығармын?
Енді ешқашан болмаса екен мұнар күн.
Көзді жұмып күбірлеймін ішімнен,
Шатастырып сүрелерін Құранның!..
Ал, шын айтсам,
Таң атқанын тілеумен,
Түн өткіздім ғарыштағы біреумен.
Ол біреуім үнсіз ғана ыңылдап,
Жүріп алды жұлдыздарды күреумен…
***
Дала бейне теңіздей…
Ал, ол алыс шаһардан келе жатыр мені іздеп…
Тәрк еткен соң қызық-думан барлығын.
Көкірегіндегі шам тіліндей нұрлы үміт,
Сөнер-сөнбес кейіпте шыңғырады қарлығып.
Әр елестен бейнемді қалқып жүрген көшкіндеп,
Көшіреді кеудеге суретімді кескіндеп.
Сағыныштан жүрегі бір уыс боп жиналып,
Тәңіріме жалынып, иман оқыр ибалы.
Мекендеген қалтасын көмескі бір суретім,
О, бұл неткен іздеушім, тыным таппай жүретін.
О, несіне мен саған қажет болып қалды екем,
Қайран менің қарт бабам, қайран менің шал көкем?!
Қарсы алушы ем алдыңнан білмеймін-ау қай жерде,
Келе жатыр ақсақал, селеу саусақ, ай-кеуде…
Бір астау ет жылқының, торсық-торсық қымызды,
Алып шығып күтуші ем, қонағымды ең ізгі.
Саясына еменнің көрпе тастап, жантайып,
Ол маған бір әңгіме айтар еді марқайып:
«Сені балам іздедім, ғасырлардың көшінен,
Сені балам іздедім, ақындардың ішінен.
Іздедім ғой бірақ та, таппадым ғой, аспаннан,
Құтылмас ең бәрібір, мәңгілікке қашқаннан.
Алыстағы шаһардың шайырынан көнерген,
Саған кітап әкелдім, іші толған өлеңге.
Алыстағы шаһарда түсінбеген оны ешкім,
Сол шайырмен жер үсті өзім ғана тілдестім.
Жаһандағы ол шайыр алғашқысы болатын,
Кемеңгерге аспаннан өлең-құстар қонатын.
Сол құстардың ішінде,
Жазылмаған жалғыз-ақ ала қанат кептер жүр.
Кеудесінде кептердің екі-ақ шумақ өлең тұр,
Өлеңдегі мағына ой жетпейтін терең бір.
Саған айтсам деп едім, түсінер деп жұмбақты,
Уақыт шіркін, тоқтамай мыңжылдыққа зыр қақты.
Іздей, іздей шаршадым, енді таптым мен сені,
Ұлы рухы шайырдың түсірмеді еңсемді!».
«Ал, тыңдай ғой!» – дегенде оянамын, селк етіп,
Елес болып сақалы терезеден желк етіп,
Жоғалады әлгі шал, оралады қайтадан,
Басталатын сапардың соқпағына лай табан.
Мен қалғанда күтумен мыңжылдыққа дос болып,
Бір шаһардан шығады жалғыз соқпақ басталып…
Қас-қағым
Айқасқанда кірпіктерім, көз жасымен бапталған,
Қорқынышқа қозғау салып қараңғылық қатпарлы,
Қайдағы бір әлемдерден (алтынменен апталған)
Жұлыныма жұлдыз жауды, көк түбінде сақтаулы.
Жар қасында ашылғанда жалғыздықтың құшағы…
Бір бұрышта бөлектенем бар ғаламнан, бүрісіп.
Көз ұшында ұшып жүрді жүрек қана құсалы,
Қып-қызыл бір көбелектей түн іші…
Көз ішінде күрсінулі көлеңкелер көшуде,
Көлеңкелер – жүйкемдегі сәулелердің мүрдесі.
Айналамнан ызың-қуың естіледі дыбыстар,
Барша адам мен өсімдіктің ауысқандай мүлде есі…
Уақыттың өзі, сірә, қап-қара тас пішінде…
Ертең қайта қақ төбемнен Күн жайнай ма, кім білген.
Бір жұмылып, бір ашылған жанарымның ішінде
Ұшып жүрді бір қара құс, қанатына түнді ілген…
Қылкөпір
Шылымымның көк демі боп шұбалған,
Сүрлеу-түтін сіңіп жатыр тұманға.
Ауа ғана күрсіністен уланған,
Талықсиды қасыретті құмардан.
Сират-сүрлеу көз ұшында басталған,
Көтеріліп бара жатыр аспанға.
Күйреп қалған қалалар бар астында,
Сиреп қалған жанарлар бар жас тұнған.
Күнәһарлар аттанатын мақшарға,
Мына ізбін қылкөпір ме тасталған?
Кеше ғана мың арманнан мастанған,
Екі жағы көрінбейді бастардан.
Арты өкініш, азабы мол – алды мұң,
О, неліктен мен көремін жолды бұл.
Салынбаған суреттерді әлдебір,
Түйсігіме тығып жатыр жын небір.
Елестермен күресуге пәрменсіз,
Сорлы миың дабылдайды дәрменсіз.
Содан кейін жындануға шақ қалып,
Отырасың өз-өзіңнен сақтанып.
Ауыр ойлар өлеңің боп жатталып,
Ақ параққа тізбектелер қатталып.
Ал, қылкөпір ерініңнен басталған,
Бұралаңдап ұшып жатыр аспанға.
Аспан қайда? Ол ауадан уланып,
Ұйықтап қапты, жүрегімді жастанған…
Дұғалау
Қырық шырақ тұтатып, дұға оқып отырмын,
От ішінде билеген сайтаным бар ақылды.
Сақ-сақ күліп, құбылып, жайнаңдайды жанары,
Жолатпайды маңына молдасынған ақынды!
Күрсіністі түнге атып, ішқұса боп жыладым…
«Бұл дүниеде кім суайт, кім оңбаған, кім әділ?..»
От-жалын боп шалқиды қырық шілтенді дұға-тіл,
Өмір мәнін бес күндік өз-өзімнен сұрадым.
Ішім толған зар мен мұң…
Көрмегенім көп менің?
Шырақ-үміт қолға алып, қара ойларға беттедім.
Ол ойларда – күрең күз, ажал күткен кемпірдей…
Өліп кетті көктемім…
Айшық алдым қолыма… қорқытпақ боп сайтанды,
Сайтан кетті көрінбей,
Сайтансыған Ай қалды.
Жон арқамнан, жыбырлап, қанат бітер секілді.
Жан кәусары дірілдеп, жүрегімде шайқалды.
Секем алдым ажалдан…
Енді емделу қиын-ды,
Өрт лаулатқан өз дұғам өртейтіндей миымды.
Сайтан қайта көрінді сұлу әйел түрінде,
Оған мені азғыру қорқытудан тиімді.
«Уа, Жаратқан – дедім мен, – құтқар мына пендеңді,
Құзырыңа Өзіңнің пақырыңыз көнді енді!..»
Сонда ғана қырық шырақ шытыр-шытыр лаулады,
Бір қара рух бірақ та, кезіп жүрді бөлмемді…
Ақырет
Жылады ма Тәңірім, жалғыздықтан жабыққан,
Көк аспанның түбінде жұлдыз ақты тамұқтан.
Жер-Ананың жүрегі тоқтап қалды тас болып,
Әділетке зарыққан.
Ойланбайды ол енді, Жаппар Ие өлтірсе.
Айналмайды ол енді, айналмайды еркінше.
Қарғыстан да қараңғы.
Ай тартады табытын,
Жаназасын – жел дүмше.
Қара аспанға шапшыған адамзаттың күнәсі,
Періштелер ғайыпқа ұшып кетті Күн асып.
Жансыз қалған Жер үсті естіледі
Ең соңғы
Пайғамбардың дұғасы.
Жер-Ана өлді, тамұқтың мөрі түсіп тасына.
Осы сұмдық әлдебір сұмдықтардың басы ма?
Мұхиттар мен теңіздер кеткен екен айналып
Бір тамшы көз жасына…
Сөз жоқ, енді басталмақ космостық басты ылаң..
Қара аспанның от жанар үстінен де, астынан.
Ай да ғайып,
Күн ғайып…
Судырайды құр ғана
Бір сөзі жоқ бос Құран…
Балапан
Сарыауыз балғын балапан
Шырқырап іздер енесін.
Жақ жүні қызыл ала таң,
Жауратар әбден денесін.
Күн-өктем ілезде бұрқаулы…
Балапан жатыр қорексіз.
Болды ма жемі сұңқардың,
Енесі кетті дерексіз.
Түйсігі әлсіз бейшара
Қыбырға ғана сенеді.
Ұяға шөп кеп түссе де,
Аузын аша береді.
Лүпілдеп құйттай жүрегі,
Ұяға симай кетеді.
Титімдей сорлы!..
Кең дүние
Жарылқай салса не етеді!..
Сезбеді тіпті өлімді,
Бергенде тағы таң қылаң,
Анасы болып көрінді
Ысылдап тұрған әбжылан…
Сөз
Ең әуелі сөз болған
Інжілден
Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Хақ-Тәңірдің жарлығы.
Сөзден ғана пана тапқан жүрегі,
Аянышты ақындардың тағдыры.
Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Ұлы ақынның жарлығы.
Содан бері қарашықтың түбінде,
Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы.
Алдымен сөз!
Содан кейін тіршілік,
Бір құрсақта бұлқыныпты, тұншығып.
«Күн!» – дегенде көкжиектен күн шығып,
«Түн!» – дегенде қыр астынан түн шығып,
Шайырларды құшақтайды қымсынып.
Алдымен Сөз!
Содан кейін елеңдеп…
Әріптерден құралатын әлемде.
Жұлым-жұлым дәптеріне ғаламның,
Көз жасы боп тамшылайды өлеңдер…
Алдымен Сөз!
Содан кейін бар дала,
Тымырайып жалған сөзге алданар,
Жүректерге көшер ме екен сүртілмей,
Тамшыдағы таңбалар?…
Жүгіну
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Біздің жақта азғындаған күй мынау,
Көк түріктің рухы өшкен заман бұл,
Кеңірдегін кеміреді қылбұрау.
Көкжалдықтан айырылған бір ағам,
Төбет құсап тағып апты қарғыбау…
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Жалған жатыр сол баяғы жалған боп.
Аласарып таулар ғана қартайған.
Мағынасыз жанарларда – жалған от,
Жағылмаған шырақтарда шайқалған,
Сөз шырыны шынымен де арман боп.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап жылауды да ұмыттық.
Оны мен де ұмытқанмын.
Бес күннің
Мағынасын түсінбеуге құлықты,
Бүгін бізден тектілік те жоғалды,
Бақытым деп ұғынатын былықты.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап ұлуды да доғардық,
Қыңсылап кеп тығыламыз әркімге.
Мың бүгілген белімізге обал-ды,
Көк Түрігім өз ішінде өртенген,
Көп түрігің көпқұдайшыл боп алды.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Төрт құбылаға түмен-түмен атылған,
Бізде дәрмен қалмады ма шынымен?
«Билеушімін!» – деп шығатын жатырдан,
«Күн біздікі!» – деп шығатын түнімен,
Афрасиабтай айырылдық па батырдан!..
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Бабаларымыз тітіреткен жаһанды!
Бізден қашан қыңқыл-қыңсыл жоғалар?..
Атқа қонып, белден буған шапанды,
Құшағына паналатқан Отанды,
Бір бабамды елестетем, ағалар!
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Тербететін рухымызды қолға алып,
Бізді мүлде ұмытқан ба, ол ғаріп?
Күдер үзіп кетті ме екен біздерден?
Бұл жалғанда бәрі қазір өзгерген,
Бір мейірім іздеп жүрміз, алданып,
Сөніп қалған көздерден….
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірге сәлем айт!
Күпірлі ирония
(Шахановша әзілдеу)
Бәрі өтірік боп шықса –
Хауа Анаң да,
Қабылың да…
Ең алғашқы Адамың да!
Жердің бетін күл қылатын,
Жарық Дүниемді түн қылатын
Ақырзаманың да.
Бәрі де өтірік боп шықса –
Жұмағың да,
Жұмақтағы ғажабың да,
Тозағың да,
Тозақтағы азабың да!
Гөйтіп жүргенімізде
«Жан дегенің – құпия құбылыс» деп,
Періште мен ібілістер,
Қылкөпірлік «жүгірістер»,
Күнәлар мен түңілістер,
Бәрі ақырында өтірік боп шықса!
Онда мені діншілдердің қатарынан шығарып,
Салып көрші жүрегіме бұғалық!
Өлгеннен соң бәрібір ғой,
Дінге мүлде бөлінбейтін,
Көзге мүлде көрінбейтін,
Аруақтарға айналмаймыз ба, Құдай-ай,
Соны неге түсінбейді бұ халық?!..
Мінәжат
Сабыр берші Тәңірім, сабыр ғана,
Күйкі тірлік батып жүр қабырғама.
Үміті көп бейбақ ем,
Сандаламын,
Саруайым санамды сағым қамап.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Ынсабыма керегі дамыл ғана.
Сабыр бер де, ақыл бер аңқылдаған,
Жүрек төрін жайласын көңіл–қонақ.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Ойланайын бір уақ шамырқана.
Алабұртып әрнеге, адасармын,
Алтын-күміс, гауһармен жарылқама.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Басқа тілек менен Сен қабылдама.
Барар әлі алдыңа жаным қара,
Тажал тәннің мекені – қабірхана…
Әумин деші…
Ғайсаның монологы
Жалғап тұрған Жер мен Көктің арасын,
Қайран жалған, қайда кетіп барасың.
Тәңір көктен жібергенде қайтарып,
Тозаң болып мені қарсы аласың!
Адамзаттың күнәсіне мұңданып,
Ажалыммен жүз ойнағам шыңдалып.
Іңір кіре Ібіліспен жолығып,
Екі кеште кеткендеймін жынданып.
Қимаймын деп көк отына тамұқтың.
Адамзаттың қамын ойлап, қамықтым,
Осы жолда тәрк еткенмен өзімді,
Құрбан болу қасіретін жаңа ұқтым.
Бақи менен фәни заңы жалпылық,
Жалпы көпке түсіріпті жалқы ғып.
Балаң арман бой көтерсе санамда,
Бас шайқады көз алдымда қарт үміт.
Азап болды мен жүрер жол ертеңгі,
Қайтем енді, жүрегімді дерт емді.
Сабырлы боп көрінгенмен бәріне,
Өне-бойым қорқыныштан өртенді.
Тәңір айтқан текті сөзді енді ұқтым,
Аспан жақтан сәуле іздеп, көз тіктім.
Қуыршағы болғанымша Құдайдың,
Құрбаны боп кетпедім бе кездіктің.
Жазылар-ау ертең Інжіл – әз хабар,
Жанарлардан мені аяған жас тамар.
Шәкіртімнен сатқындықты сұрағам,
Түн ұйқыда жатқан кезде басқалар.
Жоғалттым мен туа сала бақытты,
Іздеймін деп жүректерден жақұтты.
Мың соқпақта адасып кеп іркілдім,
Жалғыз Ием тоқтатқан соң уақытты.
Отыз үште ортаймаған көңілмен,
Отыз үште қартаймаған өмірмен.
Отыз үш мың түсіп тозақ отына,
Отыз үш мың қара жерге көмілгем.
Жұмақты емес, аңсап едім бір ләззат,
Күйдірді ғой, қайтейін-ай, сыр-азап,
Магдалена арманымсың құпия,
Құпиядан шерлі көңіл зәрезап.
Бұл дертімді емдей алмас жұмақ та,
Күлкісі мен үні оның құлақта.
Құдай атты махаббаттың әлемін,
Салғым келген қыз бұрымды бұлаққа.
Мөлдір бұлақ, құмды қырат, тұр есте,
Балғын кезім, бал сезімім, бәрі есте.
Пайғамбарлық парызымды қайтейін,
Сүймеген соң іңгәлаған нәресте.
Азап қандай, аспан жерге құлағыр,
Мазақ қандай, қатқан жерім жылағыр.
Бір-ақ сәтте ажал шешім шығарар,
Мың-мың сәттен тұрғанымен бұл өмір.
Менен соң да таң атады, жер көктеп,
Қара жерге қонақтайды мұң-кептер.
Сыз ғаламнан қылдай болып тартылып,
Көтереді жүрегімді гүл жіптер.
Пайғамбардың жолын өттім шынайы,
Пенде болып кете жаздап ұдайы.
Сен көрдің бе қасіретті осындай,
Адамзаттың, жер мен көктің Құдайы?!
Сездің бе сен бір ләззатқа шөлдедім,
Бұл өмірде бір қуаныш бер дедім.
Қайғысы да, наласы да адамның,
Кешір мені, сенің ғана ермегің.
Жалғыз қалдым, ажал жақын төрімнен,
Жарық жалған қараңғы екен көрімнен.
Жүрек емес тамырларым жарылып,
Ұшар ертең жаным тәннен бөлінген.
Сонда менің халімді кеп көргейсің,
Сонда мені неге, не деп тергейсің.
Тамырымнан жақын едім мен саған ,
Тағыдырымды өз қолыма бергейсің.
Ықтияр жоқ жадырап бір күлуге,
Жол таппадым түн түнегін түруге.
Уа, Жаратқан босат мына айшықтан,
Өзім үшін бір сәт өмір сүруге.
Бұл қорлыққа келер кімнің көнгісі,
Жанбай жатып келер кімнің сөнгісі,
Қасіретімнің құпиясын аңдасаң,
Көкке көз тік…
Сұлбам – сұрақ белгісі!
Өкініш
Жер бетіне мыңжыл бойы тұнжырлы,
Аппақ жұлдыз сапар шекті мың жылдық.
Тау мен тасты жарып өткен сәулесі,
Жүректерді тесе алмаcтан, қынжылды.
Тәңір атты жаралған соң өрістен,
Аппақ жұлдыз – періште еді келіскен.
Пенделердің әлеміне жол тартты,
Пенделерге көрінбейтін пейіштен.
Батыс жақтан көлбеңдеді көлеңке,
Шығыс жақтан сібірледі кіреуке.
Бір хабарды айта алмаған хабаршы,
Бұл жалғанға келді ме екен тым ерте?
Солтүстік пен оңтүстікте таң атпай,
Гүлдер солды, желге бетін қаратпай.
Пәктік пенен адалдыққа өгейлеу,
Аппақ нұрды бәрі тұрды жаратпай.
Бар ғаламды басып кетті қас түнек,
Көкжиекті жасын өтті кескілеп.
Қараң бірақ адамдардың жанары,
Қарашығы санасынан естірек…
Ғасырларда нәлет құшып тасталған.
Сол күндердің көздерінде жас қалған,
Аппақ жұлдыз жаңалығын айтпады,
Содан кейін бәрі қайта басталған.
Қараңғылық күтпей жатып Күн, Айды,
Аяғы ауыр бір аруды сынайды.
Құрсағында тулап жатқан пайғамбар,
Тумай жатып, өліп қалған сыңайлы.
Аппақ жұлдыз қара аспанда жылайды…
…әлем әлі дайын емес…
Көшпелі таным
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Бүгін мені түлендер түн ішінде жылатты.
Күрсініс те, күдік те бұрынғыдан қараңғы,
Сірә, көктен біздерге ақырзаман құлаттың…
Қайран Митра,
Сөзің сенің Күн еді,
Безің сенің Түн еді,
Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді.
Бүгін енді тұман да түйсігімді тұмшалап,
Бүгін енді құландар тек түсімде жүреді.
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Жусан исі шалқитын бәріне ортақ бір-ақ тіл!
Құдіретіңе сыйынып, тітіреткен әлемді,
Балбал баба жылап тұр…
Қайран Митра,
Сөзің сенің Күн еді,
Безің сенің Түн еді,
Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді.
Тастан қатты бүгінде бетегенің бүйрегі,
Қара орманның бауыры,
Қара жердің жүрегі.
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Жанарымнан көңілдің майы аралас у ақты.
Кіндігінен әлемнің сені тапсам деп едім,
«Митра көшіп кетті» – деп, күдіктерім жұбатты…
Жұмбақтау
Есіл-дертім ендігі – тылсымменен күресу.
Содан болар…
Сол жаққа ауып кеткен мүлде есім,
Құшағымда әлдилеп, бір өлеңнің мүрдесін,
Кеш қарайса іздеймін, еркіндіктің түрмесін.
Міне, бүгін дәл солай, шылым шегіп, мұңданып,
Түбегейлі шешуге жаратылыс жұмбағын,
Ми қайнатқан жанартау-ойларымнан салқындап,
Дір-дір етіп отырмын, байыз таппай балконда…
…Ағып түсті бір жұлдыз,
Ажалға ол да бір дәлел.
Жолақ-жолақ іздері – белгісіз бір ноталар,
Ал, суылы – түнгі әуен.
Құлап түсті бір боздақ, бетке алып бақиды,
Қалған жұлдыз жымыңдап, жаназасын оқиды.
Үрейлі ме? Әрине!
Өлім жайлы үрейің – үрейлердің ұлысы,
Ажал жайлы ойламау – бақыт дерсің, дұрысы!
Секунд, минут – қаңғыбас ойларыңмен күресу…
Секунд сайын өліммен… Қорқынышты, құрысын!
Жұмбақ шешкің келе ме? Онда үрей – үлесің!
Үрейіңнің көзімен талай қызық көресің…
Ең дұрысы ондайда – болашақты еске алу.
Кешірілмес күнә ғой, болашақтан кеш қалу.
Келешектен кім білген, қызық сырды ұғармыз,
Мүмкін біздер бұрын-ақ өліп қалған шығармыз?..
«Фәни-жалған!» дегендер барған шығар бақиға,
Керісінше болмасын, біз білетін оқиға!
Құрсағыннан анаңның шыққың келмей жатқаның -
Тоғыз толғақ үстінде қысқан шығар басқа мұң?!
Күнә істеп қойдың ба? Онда жалшы боласың,
Тазалайсың, иманды бір пенденің қорасын.
Ары қарай белгілі…
Осылайша өрілер, өміріңнің әр күні…
Бейіт қана түзетер – жолы болмас бүкірді,
Құдай мені сақтасын, ойларымнан күпірлі!
Е, мұңдасым, қайтейін…
Мүмкін шындық осында,
Екі дүние арасы есске алумен қосылған.
Төсектегі қария түк түсінбес бала боп,
Бесіктегі бал бөбек былдырлайды дана боп…
Бәрі әуелден белгілі…
Қар құрсағын жарады қалтыраған қыр гүлі…
Өте берер осылай бір заңдылық өзгермей,
Өмір деген ұлы көш тозаңдарды көзге ілмей…
Ал, сен болсаң, жұлдызды ағып түскен, мазақтап,
Қызықтайсың түсінбей, рухын оның азаптап…
Бір күрсінер оған да, өмір дейтін әулие,
Қайран саған амал жоқ,
Алма-кезек дүние…
Жыла жүрек!
Жыла жүрек! Тағы да жалқы, мұңлы,
Естиінші кеудемнен солқылыңды.
Арманымды аяусыз ұрлап кеткен,
Қайтейін-ай қоңыр күз алтыныңды?…
Жыла көңіл! Гүлдей боп дірілдеші…
Қалай, қалай? Тағы да күбірлеші!
Жыла, жыла, тазартшы әлемімді,
Тек менің жанарымнан білінбеші.
Жыла жаным! Шамдайын қалтырашы,
Қандай нұрмен көзімді толтырасың?!
Қандай енді арманға жалғанасың,
Қандай енді жалғанға алданасың?
Жыла көзім! Жасыңды көрсетпеші,
Жасыңды көрсетпеші, ел сөкпесін!
Мен жігітпін, ал, ішім жаралы құс,
Жасаған-ай, құсымды емдеп берші!
Жыла ақын! Ешкімге білдірмеші,
Оқымашы жырыңды, бүлдіресің.
Бар мұңынды кімге енді білдіресің,
Қай үмітке өзіңді сендіресің?
Жыла шайыр! Білдірмей кемсеңдеші,
Мына өмір ғажап де! Көркем деші.
Жыламашы, Құдай-ай, жыламашы,
Көкірегім, Құдай-ай, өртенбеші!..
Жыламашы! Ешкімді кешірмеші,
Сен әлі де Тәңірдің есіндесің!
Жылап ал да, құшақта көлеңкеңді,
Енді соны ең соңғы досым деші…

Жылап отырмын…
Күннен бір сәт түнекке түскендеймін
Бар ғаламның ащы уын ішкендеймін
Жұмақ қалып жайына, жан азапта
Тас отына тозақтың піскендеймін
Осылай мен де кейде ішті емдеймін
Тәбетім жоқ таңғы асқа, түстенбеймін…
Күйіп тұрып отына ойларымның
Аязына ақпанның үскендеймін
Күннен бір сәт түнекке түскендеймін
Бар ғаламның ащы уын ішкендеймін
Жұмақ қалып жайына, жан азапта
Тас отына тозақтың піскендеймін
Осылай мен де кейде ішті емдеймін
Тәбетім жоқ таңғы асқа, түстенбеймін…
Күйіп тұрып отына ойларымның
Аязына ақпанның үскендеймін
Күннен бір сәт түнекке түскендеймін
Бар ғаламның ащы уын ішкендеймін
Жұмақ қалып жайына, жан азапта
Тас отына тозақтың піскендеймін
Осылай мен де кейде ішті емдеймін
Тәбетім жоқ таңғы асқа, түстенбеймін…
Күйіп тұрып отына ойларымның
Аязына ақпанның үскендеймін
Күннен бір сәт түнекке түскендеймін
Бар ғаламның ащы уын ішкендеймін
Жұмақ қалып жайына, жан азапта
Тас отына тозақтың піскендеймін
Осылай мен де кейде ішті емдеймін
Тәбетім жоқ таңғы асқа, түстенбеймін…
Күйіп тұрып отына ойларымның
Аязына ақпанның үскендеймін