06.01.10

Геометриялық ойлар

geom_oilar

Дәу шеңбердің ішіндегі нүктедей,
Мен отырмын қолдарымнан түк келмей.
Арманым жоқ өзгертуге әлемді,
Амалым жоқ өтіп кетсем, түк көрмей.

Ақ парақты құлпыртуға үйренген,
Бір сызыққа тізіледі сөйлемдер.
Өлең жазу қасыретін ақынның,
Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем.

…Әлі ешкім оянбаған әлемде,
Түсіп жатыр жұлдызданған сөйлемдер,
Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де,
Мыңдап ақын туғанымен әр елде.

Бірақ, біреу төртбұрышты бөлмеде,
Кітап қысып шерге толы кеудеге.
Жылап-жылап алатыны ақиқат,
Келетіні тағы шындық тәубеге.

Доға қылып исе сені тағдырың,
Онда артыңда өкінішің, алдың мұң.
О, дүниемен қиылыспаса жолдарың,
Бұл дүниеде ажалы жоқ қалды кім?..

Қанша ғасыр қозғалудан жалыққан,
Жарық күнді айналады алып шар.
Дәу шеңбердің ішіндегі нүктелер,
Бір күндері аспан жаққа қалықтар.

Сонда ғана жеңілдейді зілдей мұң,
Жұпар аңқып өлең жатар гүлдей бір.
Ал, әзірше ғұмыр берші Тәңірім,
Үзілмеші шексіздіктің шеңбері!..

817 рет қаралды

4 Пікірлер “Геометриялық ойлар”

  1. Орынбасар Ж:

    Дәу шеңбердің ішіндегі нүктелер,
    Тағдырының не боларын күтпеген.
    Аспан әлде, құлайтыны құрдым ба?
    Көз жетпейді, тұңғиығы түп-терең..

    Жарық күн мен алып шарды қозғаған,
    Көкте Біреу Одан ешкім озбаған.
    Бақылаушы бар нәрсені биіктен,
    Бұйрығымен мен де Соның қозғалам…

  2. Атжалды:

    “Колдарымнан”?

  3. Ермек:

    Мынаны да ақын дейді екен-ау

  4. Абзал САРИЕВ:

    керемет!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion