Кірпіктердің арасынан күн сәулесі сығалар,
Көгімдегі алтын ділдә – менің жалғыз сыбағам!
Бұл көктемнің ауасы да, дәл өзімдей мас бүгін,
Қурап қалған ағаштардай – жапырақсыз жастығым…
Шіркін, шырша болсам егер, төрт мезгілде жап-жасыл,
Тауға тәж боп тұрар едім, безендіріп қар басын!
Әй, адаммын бірақ та мен, ұмтылатын жақсы атқа,
Өзі білмес, қайда апарар армандар мен мақсаттар…
Жып-жылы күн алдамшы тым, көпті көрген арудай,
Пенделер жүр дөңгеленген – Тәңір шашқан тарыдай.
Менде солар сияқтымын, өзгешелік жоқ менде,
Тек жүрегім сәл басқалау, сәл басқалау көктемде.
Қиялымда мүлде ұмытып, жер бетінде жұрт барын,
Мен көктемде тербелемін бесігінде бұлттардың.
Жапырақсыз жүрегіме, ақ бұлттардан жай табам,
Содан кейін ораламын, көк аспаннан қайтадан.
Ол да өтірік, мен жай ғана күн сәулесін сіміріп,
Отырамын бар адамның тыңдаған боп күбірін,
…Шындығында шырша салып дәптерімнің шетіне,
Жап-жасыл бір өлең тілеп, Тәңірімнен өтінем!..

Оте жаксы олен екен
Ақырын жүріп, анық сөйлеп, осы беттен қайтпағын.
Шын жүрекпен інім саған, осы менің айтпағым.
Күмбірлеген күбірлі өлең, құлақ құрышын қандырсын,
Ақын іздеп ашқандардың, интернеттің сайттарын.
Тәңіріңнен шын сұрасаң, береді анық түйдектеп,
Сөз сұраса кейбіреулер, қысылмайсың күйбектеп.
Нағыз ақын міне солар, жүрек кірден арылған,
Өтетіндер бұл жалғаннан, сирек кетіп, сирек кеп.
Тоқтамастан жырла сонда, иманыңды сауыт қып.
Көкіректен күркіріген, пенделерге жауып құт.
Тас қараңғы көрдейлердің, кеудесінің көзін аш,
Даулдатқан желдей өрбіт, жүректерін ауытқыт.
Тынып қалсын тылсым әлем, тілден тамған тамшыға,
Биіктерге бермес асу, белді буып қарсы бар.
Тамылжытып терең сырмен, тамсандырып талайды,
Тас шеңгелден тамшылатып, бас айналар бал шығар.
Осы менің шын тілегім, саған айтар Ақберен,
Алла берген ақ өлеңді, жұлдыз қылып тақ дер ем.
Әлемдерді арала да, ақиқатқа шақырғын,
Әркімдерге бұйырмаған, Алла берген бақ деген….
Рахмет ағасы!