Қанша бақтан іздеумен гүлдерімді,
Сүйретумен келемін сүлдерімді.
Құлақтардан естимін күлгенімді,
Cұрақтардан көремін білгенімді.
Ал, біреулер, өздерін көміп жатар,
Көре алмастан тіп-тірі жүргенімді.
Күдіктерден кешқұрым мүсінделген,
Құпиялы сыр тарттым кісімнен мен.
Түк етпейді егерде түсімде мен,
Көріп қойсам өзімді ішімде өлген.
Ең бастысы гүлдердің күлтесінен,
Бір жарықты сімірсем ішілмеген.
Анау жатқан қаңбақтар даласында,
Сапарыма сан соқпақ таласуда.
Кеше мені,
Шақырды бал ашуға,
Бір пері қыз сығандар арасынан.
Ал, мен оған толғандым Тәңір жайлы,
Көзі шығып кеткенше шарасынан.
Содан кейін керемет құштарыммен,
Жолға шыққам ең қатал дұшпаныммен.
Қасырет, қайғы-мұңды құшқаныммен,
Сол гүл үшін бір өмір бастадым мен.
Тау басына шығып ап, мәңгілікті,
Тоқтаттым жалт еткен қас қағыммен!
Жұлдыз-гүлдер жымыңдап шақырған соң,
Астасып кете бардым Аспаныммен!

Жұлдыз-гүлдер жымыңдап шақырған соң,
Астасып кете бардым Аспаныммен!
Одан соң кезікпедің бе дұшпаныңмен?
Дүр өлең тарқатылса тіл, көмейден,
Айтатұғын ақында сыр көбейген.
Таудан толып ағылған бұлақтайын,
Ақтарылар ақ таңдай жыр көмейден.
Тіліңнің тығыздығы түсіп сынға,
Таңдаулылар жетеді ұшып шыңға.
Жалаң ұйқас көздеген жалтаңдарды,
Шаң қаптырып, шалағай пысықсынған.
Бір ақын күңіренген гүл құшақтап,
Жыры оның, жүз қайраған қыл пышақтан.
Таңдаулы тарландарын бұл қазақтың,
Ең алдымен өзінің ұлты сатқан….