06.01.10

Иман

Жібек қылып отыр біреу түнді есіп,
Орман демі керімсалдай тұрды есіп.
Бір қуатты аппақ нұрға малына,
Ғалам жатыр тыныштықпен тілдесіп.

Бір мезетке аңырая өмір дүр,
Салқын көкте сапар шегіп Тәңір жүр.
Жұлдыздардан тұрғызылған көшеге
Кілем болды тұмандықтар көгілдір.

Кеңістікті ой баурауда кемеңгер,
Гүл аңқиды, жыр аңқиды жұмыр жер.
Таң қалысып, қарай қалды жан-жақтан
Бей-берекет өмір сүрген әлемдер.

Белгісіз бір бағыттарға бет алып,
Рухтар ұшты, қызыл-жасыл от алып.
Күлкі үнінен ғарыш жатты жайқалып,
Жақсы сөзден жәннәт майы тұтанып!..

Бұл не өзі, мен жынданған шығармын?
Енді ешқашан болмаса екен мұнар күн.
Көзді жұмып күбірлеймін ішімнен,
Шатастырып сүрелерін Құранның!..

Ал, шын айтсам,
Таң атқанын тілеумен,
Түн өткіздім ғарыштағы біреумен.
Ол біреуім үнсіз ғана ыңылдап,
Жүріп алды жұлдыздарды күреумен…

1290 рет қаралды

7 Пікірлер “Иман”

  1. Гүлбану:

    Иманыңыз алсіремесін!

  2. Отияр:

    АКБЕРЕН, АЙНАЛАЙЫН БҰЛ ӨЛЕҢІҢ ИМАНҒА БІР ЕЛІ ЖАКЫНДАМАЙДЫ… ОЙЛАН…

  3. Ақберен:

    Қойыңыздар…Бәрін жалпақ тілмен жазсам, не болар еді…

  4. іңкәр:

    қызық екен… өлең сөздің патшасы…

  5. Аяулым:

    Ақберен ағаның өлеңдері адамның жанын елітіп, жұрегін белгісіз бір тұңғиыққа жетелейді. Арман мен ойды ұштастырып, халқына өрелі өлеңдер сыйлап жүрген ағамызға мың алғыс

  6. Орынбасар.Ж:

    Дін дегенде тұрмас мүмін ділгіріп.
    Иман жайлы жазу ләзім жыр біліп…
    Өкпелеме, өлең жақсы болғанмен,
    Бірер сөзің жіберіпті бүлдіріп…

    Біріншіден Тәңір сапар шекпейді.
    Оған біздің шектеулі ақыл жетпейді.
    Уысында ғалам ұлық Алланың,
    Миллиард жылға ұзарса да көк мейлі…

    Екіншіден алты шарт бар иманда…
    Мұсылмандар сөзсіз бұған иланған.
    Сол шарттарға сенген пенде мүлтіксіз,
    Тарапынан Тәңір Хақтың сыйланған.

    Бір шартына ишара жоқ иманның,
    Күрделі өлең болсын мақұл, жыйған мұң…
    Құдай Өзі кітабында ескерткен,
    Қатарында болмағайсың бейғамның…

    Жырларыңды жеке отырып қарайтын,
    Інім едің бір дарынға балайтын,
    Ауыр тимес нәпсіңе сын айтқаным…
    Сөздің сұлу серісіне санайтын.

    Қаламыңа қарым тілеп жүрекпен,
    Аяқтайын айтарымды тілекпен.
    Терең иман нәсіп етсін Тәңірім,
    Жан біткеннен жақсы көріп құл еткен!..

  7. Алия:

    Алла баршаңызға еки дуние жаксылыгын насип етсин! Орынбасар ага, Алла разы болсын!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion