Тылсым мезгіл күбірлеп мұң тілінде,
Тығып жатыр даланы түн түбіне.
Күміс шық боп тұнады Ай сәулесі,
Күнге ғашық гүлдердің кірпігінде.
Айдаһар боп елестеп тымақ таулар,
Ұмыт болған тарихтан сыр ақтарар.
Тарбағатай ақ тасын жалт еткізсе,
Шыңғыстаудың шыңдары бұлақтанар.
Тәңірдің әуелгі жоспарындай,
Мұндағы аспан өзге әлем аспанындай.
Тек жерде көде-сақал жұлқынады,
Ұйықтап жатқан бақсының шаштарындай.
Бұл жерде тамады түн қара шықтай,
Немесе керіледі қара шыттай.
Қырдағы анау топтасқан тобылғылар,
Қара түнде көрінер қалашықтай.
Талдар мұнда қобыз боп күй шашады,
Мұны естіген сайтаннан күй қашады.
Жидебайда жазылар өлеңге бір,
Періштелер теңеулер жинасады.
Қос күмбезден жарқ етсе шұғыла бір,
Қара түнге таралар шұбыра нұр.
Көлеңкесі Абайдың бір көрінсе,
Бас иеді Шығысқа құбыла бір.
Дөңгеленіп тағы ертең атады Күн,
Жалғасады ғұмыры сапарымның.
Бірақ енді көрмеспін мұндай түнді,
Жанарындай мұтылған Шәкәрімнің…
Бәрін енді қайтару кеш десе де,
Жұлдыз нұрын құямын бос кесеме.
Ертең тағы жарықты жамыратар,
Шығыс жақтан жарқ етіп қос кесене..!

Табиғатты суреттемейтін ақын кемде-кем шығар. Бірақ, Ақберен, сенің суреттеуің ерекше, бізді қоршаған табиғат деп қабылдайтын ек, сен табиғатты қоршаған дүниені көрсеткенсің…Рахмет!
Әр адамның туған жері болатыны секілді өлеңнің де туған жері болады екен… Мына өлеңіңнен сондай ой пайда болды…
Ия, Акберен мырза, тамаша сипатталган тун екен. Оте унады олен!!! Рахмет Сизге!!!
Түнгі өзгеше “пейзаж” образы еліктіреді… Түйіні ғажап! Тек “мұтылған” дегенді “қабасақал” десе қалай болар еді?
“Қабасақалыңыз” не ағасы?! Ұлы философты Маркспен шатастырып отырғаннан саумысыз?! “Мұтылған” деген Шәкәрімнің жалғыздығы мен ішкі күйзелісін білдіретін өз сөзі ғой…
Жоқ сіз айтқан кісімен шатастырып отырған жоқпын. Әр тұлғаның көз нұры, көңіл қуанышы бір бейнесі болады гой! Сол бейненің қоюлатып суретін салса ма дегеним гой… Мұңлық Түн-сезім көзден көрінсе, ол да ділге лайық..
Білмеймін, сіз секілді Шәкәрімді “қабасақал” деп атауға ауызым бармайды…
Кейден түрден мазмұн, мазмұннан түр іздеуге болады. АЛШЫ
шынмен перштелер теңеулер жинасқан сияқты…керемет олең!
Абай мен Шакарімдер туган мекен аркашан жыр озегі гой, дегенмен де, бул жырда акыннын сагыныш сезімі молт молт етеді.Періштелер тенеулер жинасады…Керемет!
“Жидебайда жазылар өлеңге бір,
Періштелер теңеулер жинасады” Сөз жоқ, мынау сөз атақты екен.
иә, өте керемет өлең!!! мен де Жидебайда болдым, осы сіздегі сезімнің барі маған тансық емес!!! бірақ сол кезде мен де сіз секілді тұла бойыма қанат бітіп, жырдың көгіне самғай алған да ғой, ШІРКІН!!! Өте тамаша)))