06.01.10

Жол

Қамықтырып ақ таңдарда ой-күдік,
Қара бұлтқа сіңіп кетті Ай күліп.
Алабұртып, қара жаяу қалпымда
Жолға шықтым…
Қажет емес сәйгүлік.

Бұл сапардың жөні бөлек, жолы – сын,
Бұл сапардың бітер жері – «Кәрі-шың».
Басында оның мәңгі жасыл бағым бар,
Сорым бары тағы шын.

Жәутендеген қоңыр көзі құланның
Мұнарынан елестейді тұманның.
Ақ тозаң қар иреңдейді тұс-тұстан,
Ізін салып жыланның.

Мен әйтеуір көз ашпадым бораннан,
Жібермейді тосқауыл боп ол алдан.
Қар жастанған қарақшылар жолында
Әулиелер тоналған.

Осы жолда – айдаһарлы үңгірлер,
Осы жолда – тылсым-тылсым күмбірлер…
Өрмелеймін.
Өлерімді қай жерде
Ішімдегі мұң білген.

Болсам-дағы өз-өзіме өкпелі,
Пірлерімнен медет күтем көктегі.
Қос өкпемді айналдырар қанатқа
Тәңірімнің нұры ойнаған оттегі!

Айналамды ажал демі құрсаулап,
Азғыруда сайтан күліп, жын сарнап.
«Кәрі-шыңның» шығам бір күн басына,
Өн-бойымнан нұр саулап…

617 рет қаралды

1 Пікір “Жол”

  1. Шора:

    Кәрі шыңның шығып алып басына,
    Шақырамын жындарымды қасыма.
    Сондан кейін уағыз атам оларға,
    Иман жайлы, ақтарылып, ашына.

    Сонда сен де келіп тыңда сырымды,
    Бәлікім бізбен бөлісерсің мұңыңды.
    Ар сотының шыққан сәт те үкімі,
    Сонда ғана түсінерсің ұлыңды.

    Ал ендеше өрмелей бер шыңыңа,
    Әзірге ешкім құлақ аспас мұңыңа.
    Дарынды емес, қарынды ойлап тойынған,
    Нәпсі деген үлкен астан құныға.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion