06.01.10

Жұлдыз-гүлдер

Бұрыңғы бір түстерімдей көрмеген,
Бұрыңғы бір өмірімдей сүрмеген.
Көк пейіштен көктем исін үрлеген,
Көк аспанда жұлдыз-гүлдер бүрлеген.

Жұлдыз-гүлдер…
Ғұмырымда көрмеген.
Жүрегімді емдеңдерші кірлеген!
Іштен сыртқа шығатындай бірдемем,
Сендер жаққа жаутаңдаймын түнде мен.

Жұлдыз-гүлдер…
Жылап тұрмын мен неге?
Бұл жалғанның жарығына көнген ем,
Білем, білем шаршап кеттім мүлде мен,
Маңайдағы жұлдызсынған пендеден.

…Еш пенденің түсіне де кірмеген,
Көксеңгірде жұлдыз-гүлдер бүрлеген.
Көз жасымның түкпірінде бұлдырап,
Көк пейіштің көбелегі жүр неге?..

806 рет қаралды

3 Пікірлер “Жұлдыз-гүлдер”

  1. Ердәулет:

    Жұлдыз-гүлдер әрқашан көкте жарқырай берсін!

  2. Орынбасар.Ж:

    Мына өлеңің жазылыпты тамаша.
    Іштен шыққан ыстық демің жаңаша…
    Көк пейіштің көбелегін қууды,
    Бұйыртады бір-ақ Алла қаласа…

    Мойындауда жүрек сырын ақтарып,
    Ерлік жатыр сырлы сөзде сақталып…
    Жібек жырмен жеткізетін жан мұңын,
    Шартарапта шайырлардай жоқ халық.

  3. kalamkas:

    Найзагай олен!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion