07.06.11

Кетерде

Мен кетермін…
Қуанамын мен соған!
Жүрегіме қона ма екен ем содан?
Тәннен шығып, Жаратқанға тартамын,
Рахмет айтып, Жер саған!

Өлім жоқ қой, ажал – өткел тек қана,
Жан алауы құбылады шоқтана…
Бір бөлмеден екіншіге өтермін,
Жаратылыс қозғалысы, тоқтама!

Мен кетермін…
Жұмбақ сонда шешілер…
Біреу мені кінәлайды, кешірер.
Тірі болу – мәңгіліктің бақыты,
Шықпай жүрсең Тәңіріңнің есінен.

Мен кетермін…
Кеткендерге қосылам…
Білем оны және сенем осыған.
Сансыз жалтыл сыйлап тұрар қуаныш,
Жанарлардың жасынан!

Мен кетермін…
Басқа әлемге жырақтап,
Сұлу әлемге, жылы әлемге, түні аппақ.
Ол кеңістік болмас бірақ мәңгілік,
Ол әлемде кімдер қалды тұрақтап..?

Сиқырлы бір шексіздікті шарлаймын,
Бар рухымды тазалайды қардай мұң!
Мен осылай мөлдіреген өмірдің,
Мәңгілікке керуенін жалғаймын.

Мен кетермін…
Тәтті мезет келгенде.
Ағып кетем тұман басқан бөлмемде.
Мен кетермін жүрегімде мазасыз,
Ең ақырғы махаббатым өлгенде…

459 рет қаралды

3 Пікірлер “Кетерде”

  1. Гүлнар:

    Мен осылай мөлдіреген өмірдің,
    Мәңгілікке керуенін жалғаймын.
    Адамның тәні өлсе де, жаны өлмейді дйсің ғой….

  2. Анонимно:

    Өлмейді адам, өлмейді екен тіршілік,
    Құласа терек өніп шығады бір шыбық.
    Мөп-мөлдір мынау ару дүние тұрғанда,
    Тіршілік үшін күн кешейік құлшынып.

  3. сена:

    Өлмейді адам, өлмейді екен тіршілік,
    Құласа терек өніп шығады бір шыбық.
    Мөп-мөлдір мынау ару дүние тұрғанда,
    Тіршілік үшін күн кешейік құлшынып.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion