14.01.10

Күйкентай тау

Ұмытсам сенің кештегі
Сұлбаңды, кедір-бұдырлы,
Күйкентай тауым, кеш мені,
Күйкентай тауым, тұғырлы.

Жәндігің көркем, құсың сақ,
Бөктерің толған бетеге.
Өзіңнен туған құлыншақ,
Көдеңді сүймей кете ме.

Аппақ бұлт шалса басыңды,
Қытықтар сағым далаңды.
Елші қып жібер лашынды,
Сағынсаң сары балаңды.

Бабамның асыл іздерін,
Жалғауға бір күн жетермін.
Өзіме жетпей өз демім,
Жусаннан мас боп кетермін.

Жүздессем егер сенімен,
Кетерде мәңгі қоштасып,
Бір сөйлеп қалам көгіңнен,
Көкжиегіңмен астасып…

631 рет қаралды

1 Пікір “Күйкентай тау”

  1. Ержан:

    Аппақ бұлт шалса басыңды,
    Қытықтар сағым далаңды.
    Елші қып жібер лашынды,
    Сағынсаң сары балаңды.Керемет екен адемі өрілген

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion