14.01.10

Лашын

(баллада)

Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,
Бедеу торы құлындады. Естідік.
Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің
Көңілінен қоңырсамал есті үміт.

Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,
Өгей атам боратады бұйрықты.
«Құлыншаққа көзің тиер!» – деп,
Маған
Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.

Берсе ғой деп сол биенің құлынын,
Тезек терем, үзілгенше жұлыным.
Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,
Тумасам да баласы боп ұлының.

Сәби едім, келер күнге сенетін,
Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.
Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,
Қырсық  шалдың немересі көп еді.

Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,
Бағып жатам жылқы келер қиырды.
Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың,
Елестетер шұрқыраған үйірді.

Құштарланған қиялымның күшімен
Атқа мінем!..
Ол елес қой, түсінем.
Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,
Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.

Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,
Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп.
Арманымды біреу сезіп қоярдай,
Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.

Құлағы оның қалар сонда дір етіп.
Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп.
Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,
Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.

Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп,
Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.
Ондай кезде мәз болатын қырсық шал,
Сар сақалын иегінде билетіп.

Қозы бақтым.
Қой құрттадым ашынып.
Ала жаздай серік болды Лашыным.
Қарашада еркіндікке жібердім,
Қалмасын деп мен секілді басылып.

Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды.
Ал, қырсық шал «өй, әкеңнің!..» деп алды.
«Әкең..» деуі бер жағы ғой кәпірдің,
Лашын үшін талай рет сабалдым.

Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,
Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.
Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал
Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.

Мен де іштей «өй, әкеңнің!..» деп алдым.
Иә, солай… қоңыр төбел жоғалды.
Есесіне, қоңыр дәптер ішіне,
Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.

Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір,
Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр…
Анда-санда азаптайды, еске алсам,
Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл.

Лашыным-ай!..
Үні келіп құлаққа,
Жаңғырық боп адасады жыраққа.
Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,
Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!

Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,
Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..
Өжет болып өскеніме өкінбен,
Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!…

975 рет қаралды

8 Пікірлер “Лашын”

  1. Анонимно:

    Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,
    Бедеу торы құлындады. Естідік.
    Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің
    Көңілінен қоңырсамал есті үміт.

    Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,
    Өгей атам боратады бұйрықты.
    «Құлыншаққа көзің тиер!» – деп,
    Маған
    Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.

    Берсе ғой деп сол биенің құлынын,
    Тезек терем, үзілгенше жұлыным.
    Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,
    Тумасам да баласы боп ұлының.

    Сәби едім, келер күнге сенетін,
    Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.
    Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,
    Қырсық шалдың немересі көп еді.

    Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,
    Бағып жатам жылқы келер қиырды.
    Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың,
    Елестетер шұрқыраған үйірді.

    Құштарланған қиялымның күшімен
    Атқа мінем!..
    Ол елес қой, түсінем.
    Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,
    Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.

    Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,
    Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп.
    Арманымды біреу сезіп қоярдай,
    Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.

    Құлағы оның қалар сонда дір етіп.
    Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп.
    Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,
    Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.

    Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп,
    Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.
    Ондай кезде мәз болатын қырсық шал,
    Сар сақалын иегінде билетіп.

    Қозы бақтым.
    Қой құрттадым ашынып.
    Ала жаздай серік болды Лашыным.
    Қарашада еркіндікке жібердім,
    Қалмасын деп мен секілді басылып.

    Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды.
    Ал, қырсық шал «өй, әкеңнің!..» деп алды.
    «Әкең..» деуі бер жағы ғой кәпірдің,
    Лашын үшін талай рет сабалдым.

    Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,
    Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.
    Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал
    Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.

    Мен де іштей «өй, әкеңнің!..» деп алдым.
    Иә, солай… қоңыр төбел жоғалды.
    Есесіне, қоңыр дәптер ішіне,
    Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.

    Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір,
    Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр…
    Анда-санда азаптайды, еске алсам,
    Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл.

    Лашыным-ай!..
    Үні келіп құлаққа,
    Жаңғырық боп адасады жыраққа.
    Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,
    Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!

    Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,
    Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..
    Өжет болып өскеніме өкінбен,
    Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!…

  2. Нұрлан Окаұлы:

    Бауырым! ойың озық, тілің жйүрік болсын! ризамын! керемет өлең екен!

  3. Болат Атабаев:

    Бiр адам Пегас дейдi, ендi бiрi согым дейд! Двойной стандарт деген осы.

  4. Данияр Әлімқұл:

    Керемет өлең!Шабытыңыз тек шатқаяқтамасын,
    аҚ ЖОЛ

  5. Ердәулет Дербісәлиев:

    Керемет туынды!

  6. Әпке:

    Тамаша!!!

  7. Нұржан Туғанбай:

    Өте жақсы өлнң екен, маған ұнады!!! Қаламыңыз қарыштай берсін!!!

  8. Саясат:

    Ақберен, айналайын Сенің өлеңдеріңді мүмкіндігінше оқып жүремін. “Арзу” сайты шығарған кітабыңды да алғанмын. Ондағы Сенің “балалық шағың” да маған таныс. Тебірене отырып оқыдым. Өйткені, әкең Елгезекпен бір курста оқып едік. Ол өте білімді, саналы, көп оқитын, зерделі азамат болатын.Университетте қалды. Ол кезде жоғары оқу орнында бірден қалу өте сирек кездесетін. Өкінішке орай тым ерте – небары 34 жасында 84 жылы өмірден озды ғой. Соңғы сапарына да бір топ курстастары қайғы жұтып, Плодоконсервный маңындағы үйінен шығарып салдық. Сен ол кезде небары 4 жаста екенсің. Сол жерде көрдім-ау деймін. Одан кейін әкеңнің бауырлары сендерді елге көшіріп әкеткенін естідік. Асылдың сынығы қалтарыста қалмапты, соған қуанамыз. Сенің түйсігің, ой-санаң, зердең дәл сол әкеңнің қанынан дарыған шығар бәлкім.Тегі мықты еді ғой. Артына осындай ұрпақ қалдырған әкең Елгезектің әруағы разы болсын. Ұзақ та мәнді ғұмыр кеш. Сенің жазғандарың бүгінгі ұрпаққа -қатарластарыңның санасына сіңе берсін, ой салсын. Елгезек ылғи Тәкен Әлімқұловтың жазғандарын саралап,сараптап, жіліктеп тұрып талдап айтып беруші еді. Ол кітаптарды әлдеқашан оқып қойған шығарсың.
    Бұл Саясат Бейісбаев деген әкеңнің курстасы, журналист. Менің эл-поштам: sayat54@mail.ru

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion