Аруларға
Көздерде терең тұңғиық,
Қарашық – гүлдер жайнаған.
Сезімнің шыңы ең биік…
Қыздарға толы айналам.
Қастары керім қиылған,
Кемпірқосақ – көктем-дүр…
Ажарға қызыл құйылған,
Шіркін-ай, көрік неткен бұл!
Бұрымдар – қара ормандар…
Ырғағы мас қып жүректі…
Құмартып өлем жалғанда,
Құдайым берсе тілекті!..
Қыз жүрген жердің бәрі – бақ.
Қыз жүрген жердің жаз бәрі.
Аруды ғана танымақ
Көңілдің қоңыр қаздары.
Уақыттың сұмдық ағысы…
Құмардың анық өшпегі…
Арулар жүрген бақ ішін
Күз жайлап кетсе, кеш мені…
Аңсар
Сен менің сұп-суық қолдарыма
Сәуленің ұшқыны боп қонасың ба?
Жазылмаған өлеңнің жолдарында
Өзің жайлы теңеулер таласуда.
Бес күндік ғұмырымда жолықпадың,
Бес күндік ғұмырымда қызығы жоқ.
Бірақ та, көрінуге жалықпадың,
Ұмыт болған түстердің үзігі боп.
Бейтүкпірлерге жоғалатын
Бейнең елестейді миым іші.
Бокалымды скверлерге жағалатып,
Күбіріңді жүрмін құйып-ішіп…
Дәптерімді, сүрленген ащы өлеңмен,
Қойныма тығып алып,
Өзіңмен қоса өлем мен,
Шұғылалым!
Алматы кеші
Жасын көшіп қара бұлттар есінен,
Жарықтықтар сөйлейді-ай кеп шешіле.
Көше бойы.
Асығып та тұрмын мен
Поэзия кешіне.
Ақша қуған, атақ қуған түгелдей –
тым қауіпті – ақын болу бұл елде.
Келіп қалды дәу «мерседес» зырқырап,
Өрімдей қыз – рөлде.
Жас болған соң, жасындармен жалғанбай
Өмір сүру қиын екен, арланбай.
Қолшатырсыз қарап тұрмын,
Үсті-бас
Жыр-жаңбырға малмандай!
Бағдаршамдар, күзетшілері көшенің,
Бақылайды поэзия нөсерін.
Көріп тұрмын, рөлде отыр жап-жас қыз,
Қарақат көз, қош ерін!..
Нар тәуекел!
Тоқтатуға бекіндім.
Ақынмын ғой сүп-сүйкімді, кекілді!..
Сұлу бірақ мені құдды бұралқы
Ит көретін секілді!..
Осқырынған орысшалау қыз түге.
Әлде ағасы, әлде әкесі күшті ме,
«Мерседесі» күрт ышқынып,
Лай суды
Бұрқ еткізді үстіме!
Есіргендер өстуші еді жыларда,
Алайда оны кекиген қыз ұғар ма.
Арықта ағып барады жатыр қызарып,
Құрты қозған бір алма…
Ой, қойшы, поэзиясы бар болсын!..
Жіберілмеген sms
Жанарымыз жұлдыздардан жаралған,
Жүрегіміз – шашыраған аралдар.
Сен – демімсің, басталатын самалдан,
Мен – өлеңмін, тылсым түнге қамалған.
Көзіңдегі мұхит – менің мекенім,
Толқын шашың – сыйынатын тотемім!
Ерініңде мен сүймеген көк өрім,
Еріп жатыр удай тәтті шекерің.
Кірпіктерің мұхитымның шетінде,
Сая тапқан бұйра-бұйра кекілден.
Тамшы-ғұмыр сенсіз өткен мөлдіреп,
Мөлтеңдейді сен сүймеген бетімде.
«Иә» мен «жоқ»
«Иә» мен «жоқтың» арасында жауабың,
Мен еститін сол үнсіздік баяғы…
Ал, мен сенің көздеріңе табынып,
Жүрегімді жайнамаз қып жаямын.
«Иә» – десең таралады бойға ыстық,
«Жоқ» – десең бе? Мен жаһанға симаспын.
Бізді қазір бір нүктеде ұстап тұр,
«Иә» мен «жоқтың» арасында қимастық.
Кейде ұшып кетердейін құс болып,
Кірпігіңнің әр қимылы астарлы.
Сол кірпіктен тұтанады бір күні,
«Иә» мен «келдің» ортасында құштарлық!
Күзгі пастораль
Көкейімнің текті жырын
Қырау қылды өткен күн.
Жүрегімнен кетті үзіліп
Түймелері көктемнің.
Тұмшаласам көздерімді,
Жапырақпен сарғайған,
Алыс қалған кездерімді,
Еске салып арбайды ән.
Сол бір кездің арман әні,
Тәтті бал мен шекерден.
Саған ғана арбалғаным,
Білші, сәулем, бекер ме?
Қыста туып, жазда өлсем,
Күзге сіңер ар-жаным.
Бір жауқазын мұзда көрсең,
Бұл дүниеде қалғаным.
Көрінбесем жер бетінен,
Қара аспаннан іздеме.
Жаздан кейін, келбетіңнен
Аймалаймын күзде мен.
Күз дегенің – рухым менің,
Билеп тұрған жалғанды.
Самал болып сыбыр-демім,
Ыңылдайды сол әнді…
Кешкі ода
Сенін ернің – пейіштегі гүл сынды,
Демің сенің – сездіреді тылсымды…
Көзің сенің – Ай жұтылған түн сынды,
Сезім неге мөлдіреген мұң сынды?..
Қара шашың – Қара теңіз толқыны,
Қарашығың – мен адасар жол түбі…
Жүрегіңе сезіле ме, тыңдашы,
Сені аңсаған жүрегімнің солқылы?!
Саусақтарың – жапырағы қайыңның,
Қауырсынның сәулелермен ойыны…
Жанарыңда жасырулы мың жұмбақ,
Көзқараста періштенің пайымы…
Қасың сенің – иілген адырнадай,
Сабырың ше? Құламас қабырғадай!
Кірпіктерің өрнек салар құбылған,
Әр өрнекте тығылған Тәңір бардай!
Қыр мұрының – таулардың сілеміндей,
Нұр-ғұмырың – баулардың тілегіндей.
Қарашы әне, майысқан аппақ гүлді,
Дәл өзіңнің нәп-нәзік білегіндей!
Бар өмірің мен үшін – жарық шашқан,
Төбемдегі жайқалған алып Аспан!
Бітсе менің өмірім жер бетінде,
Құстай болып көрінер жаным ұшқан.
Ұшса егер құс-жаным сағым құшқан,
Ұшса ұшар, бесауат сабылыстан.
Кетсем егер, кетермін бұл жалғаннан,
Саған деген өртенген сағыныштан!
***
Келген кезде жаныма тағы да мұң,
Іштен тынып, мен сені сағынамын…
Ауамен де, әуенмен де, өлеңмен,
Мен өзіңе білдірмей агыламын…
Отырғанда шалқайып түн тағына,
Тіміскілеп келеді мұң тағы да.
Мен ағамын желменен, самалменен,
Шаштарыңа сәулелі гүл тағуға…
Дөңгеленіп, кішкентай шаңырақтай,
Мен өзіңе ағамын аруақтай.
Елесіңе жолығып, сыбырлаймын,
Ақ нұрымды маңайға жамыратпай…
Тілгілесе өксік пен мұң көмейді,
Жүрегімде нұр енді гүлдемейді.
Мен елес боп үн қатсам елесіңе,
Мені ол елемейді, үндемейді…
Көз алымда қалтырап тоңған өлең,
Қанатымен шақырар жолға неге?
Сағыныштан шаршадым, қалжырадым,
Жалығыпты байқасам, ол да менен…
Құрбандыққа тілену
Ауа болып сіңер едім өкпеңе,
Өкпелеме,
өтінемін,
«Кет» деме!
Мені жұтып тыныстасаң болғаны,
Маған басқа керек емес ештеңе!
Аптап күнде ыстық буға қастасып,
Су боп енсем таңдайыңмен астасып.
Мені жұтып, өмір сүрсең болғаны,
Маған енді керек емес басқасы!
Басқа пенде мұны мүлде сезбесін,
Шоқ болар ем мұндай отқа төзгесін,
Мені жағып, бір жылынсаң болғаны,
Маған енді керек емес өзгесі!
Бір ғасырға теңестірер мезетті,
Ғашық жандай бұл өмірде өжет кім?
Ғұмырымды саған қияр едім мен,
Сен өлмеші, маған сол ғой қажеті!
Қандай құдырет бұл дертімнен емдемек,
Қашан шығар басқа жаққа жол бөлек?..
Қайда барсаң, сүрлеуің боп жатайын,
Өзіме де сол керек!
***
Мені кімдер күтіп отыр,
Кімдер мені сағынды?
Бір арудың мүмкін бе оты,
Баяғыдай жалынды?
Бұрыңғыдай, баяғыдай
Сүйе ме екен ол мені?
Дәруіштің таяғындай,
Серік етер жол мені.
Өкпелемей өткеніме,
Барар едім өкінбей,
Күбірлеген көктеміне
Күзден жеткен өкілдей.
Барайын ба, көрейін бе,
Сол жүректі гүлдеген?
Көз алдында өлейін бе?
Шаршап кеттім, мүлде мен…
Келе жатсам көшелермен,
Соқпақтармен созылған,
Қарсы ала ма,
Кешер ме екен,
Мінезімді бұзылған?
Сағынды ма өлеңімді,
Арналмаған өзіне?
Сезер ме екен келерімді,
Жас тығылып көзіне?
Қайдам, қайдам,
Қайдағыны
Айтып кеттім…
Сандырақ!
Кейде осылай ойдағыны
Өлең қылар жан бірақ.
Білем, мені ешкім күтпес,
Білем, ешкім сағынбас.
Кешір мені, сағым типтес
Қиялдағы қарындас!..
***
Мен жалғанға келгем Сені көруге,
Өзің үшін қуану мен жылауға.
Көркем көзің маған жылу беруге
Арналмаса, айналамын қырауға!
Мен дүниеге келгем Сені естуге,
Ғашықтықтың қайғы-зарын білуге.
Мәжнүн күйін бастан кешкен естіге
Бұйыр енді өлуге!
Мен білгенмін…
Құмар жанға жаза – мың,
Дүниеге келген сәтте-ақ ұрындым!
Басылғанда жүрегімнің азабы,
Мекеніме қайтып кетем бұрынғы…
***
Мен сіз жайлы не білемін сары қыз,
Сары елессіз, қазандағы сары күз.
Бір болмасын білсем дағы жанымыз,
Ашылмасын білсем дағы бағымыз,
Мен сіз жайлы ойланамын, наныңыз.
Сіз мен жайлы не білесіз сары нұр,
Сары әлемде қалтыраған сары гүл.
Сары күзде құлазыса өмір құр,
Сары күзде қырауланар көңіл бұл,
Мен сіз жайлы ойланамын бәрібір…
Біздер жайлы не біледі мына күз,
Тағдыр ма бұл, қандай еді кінәмыз?
Біздер жайлы қалған кезде бір аңыз.
Тәңір алды тартылады күнәміз…
Сонда біздер «сүйдік қой!» – деп жылармыз.
Махаббат періштесі
Менің сұрғылт ойларымның ішінде,
Жылап отыр жараланған періште.
Күйдірейген еркек сайтан түсімде,
Айтқанымды дауыстайды терістеп.
Бір хабарды жеткізуге келгендей,
Жылап отыр, о неліктен, аппақ рух?
Жаһандағы жалғыз досым өлген бе,
Қайдан келді, қалқып ұшып батпырауық?
Рухы келді мүлде басқа аспаннан,
Әлденеден қалтырайды жер бүгін.
Сорлы Ібіліс, бұ дүниеге тасталған,
Орындатпақ болғаны ма жарлығын?
Мүмкін біреу көрді ме екен Құдайды,
Содан бері ол бейшара мазасыз?
Ол бейбақтан ұрпақ енді тумайды.
Бірақ мәңгі өмір сүрер қазасыз?
…Әлде, биыл көктем келмей қояр ма,
Қыстан кейін қайта айналып келер күз?
Әлде, біреу лашығында оянған,
Қалған шығар жалғыз өзі, әлемсіз?
Ей, періште! Ақ қанатты жолдасым,
Жылымашы, жыламашы, білемін…
Бір сезімді жоқтап келген шығарсың,
Ал, мен саған сұрақ қоя беремін…
Сезімі жоқ құлазып тұр жүрегім,
ЕҺ, періштем, махаббат қой – тілегің…
Мәжнүннама
Мен сенің әлеміңе енбедім,
Сен көрмедің алапатты мендегі.
Ләйлі болып мұңданбассың сен де бір,
Мәжнүн болып жынданбаспын мен де бір.
Екеумізсіз жылап отыр жас бақыт,
Екеумізсіз өтіп жатыр бос уақыт.
Құрбыларың білмей кетер мен жайлы,
Өзің жайлы айта алмаймын досқа түк.
А, дүние!
Сендей жарды бермеген,
Дәл мен сынды өтіп кетер шерменде.
Саған ғана арналатын ішімде,
Жүрегімді іліп қойдым көрмемде!
Бұл өмірден сен де өтесің, мен де өтем,
/Кімге барып бұл сезімді емдетем?/
Көкке қара!
Тамшылаған жаңбырмен,
Өлең жолын нөсер қылып селдетем.
Апармады неге саған жол бұрын?
Көрмей енді өтем бе екен жан нұрын.
Бар амалым өлең жазу ендігі,
Селк етпейді оған да бірақ тағдырым…
Сенсіз өткен өмір енді тұл-ғұмыр,
Тоқтап қалған сияқты ма жер жұмыр…
Шыр айналып кетсін мына дүние,
Жалт қарашы енді бір!!!
Махаббат станциясы
Айлы түн.
Рельстер тасыры,
Тамбурда билейді көк тұман.
Миымда ойлардың жасыны,
Жүректе сезімдер көк шулан.
Аңсау мен сағыну,
Тәтті мұң,
Ішіме еніпті жасырын.
Кемсеңдеп баянсыз шаттығым,
Өзіңсіз жылайды, асылым!
Анамды сағынып көрмегем,
Дәл бұлай, Құдай-ай, осылай!
Көлбеңдеп келеді көлденең,
Сол бейнең бейнемнен шошымай.
Ұзақ жол.
Купенің шамдары,
Әлсіздеу төгеді жарықты.
Күбір мен күлкілер жан-жағым,
Мен сені ойлаудан жалықтым…
Рельстер тасыры.
Айлы түн
Көзімді сүртеді нұрымен.
Сұрақтар – жаулары ойлының,
Махаббат ойнайды құлымен.
Қос рельс – домбыра ішегі,
Күй ойнар, бір мұңлы, бір түрлі
Сапарлас шарабын ішеді,
Мен ішпей келемін.
Күлкілі…
Ішпедім мен бүгін, себебі
Баса алмас шарап та мұңымды.
Тек уақыт бәрін де жеңеді
Тіріңде білмейтін құныңды.
Қос рельс – екеуміз секілді,
Қосылмай жететін тұйыққа
Пойыздан түсуге бекіндім,
Сумкамды ілдім де иыққа…
Нәркес
Әлемде бар еді бір сұлу,
Жат еді өзіне күрсіну.
Жайдары болғанмен сырт көзге,
Ішінде бар еді бір сыры.
Қыз қалпын қалтқысыз сүйетін,
Ол еркек болғысы келетін.
Тек қана өзіне ұқсайтын,
Бейнені түсінде көретін.
Тек ойша өз-өзін аймалап,
Құмартып тұратын айнаға.
Ал, Тәңір сене ме қулыққа,
Табиғат көне ме айлаға?
Сүйгені келмеді өмірге,
Сұлу тек елеске емінген.
Жамалы желінді қайғыға,
Табаны таланды шөгірге.
Ләззатсыз қаншама түн қалды,
Азапты жүректе мұң қалды.
Ешкімді сүймеген қалпында,
Өз-өзін сүюден жынданды.
Иесіз қалдырып тұрағын,
Қорымда қаңғырып, жылады.
Бір күні қанжардың ұшына,
Айнасын құшақтап құлады…
Періште
Бүгін сенің жанарыңа үңілдім,
Онда неге періштенің мұңы жүр?
Сүймей-ақ қой!
Бірақ маған өмірдің,
Жылуы мен сұлулығын ұғындыр!
Жарық шашқан жаның нұр да, тәнің гүл,
Сайтансың ба, перісің бе, бәрібір!
Сенің барлық болмысыңнан, құбылып,
Маған бүгін күліп тұрды Тәңірім!
Сескенбеймін күдіктер мен үміттен,
Жол бермеймін көндіру мен үгітке.
Сыйың болсын мен сияқты жігітке,
Ішіме еніп, жүрегімді көріп кел!
Сонда мүмкін жанарыңнан жаралы,
Бір бақыттың көрінеді аралы…
Жалт қарашы!
Өліп жатқан ішімнен,
Мен өмірге қайта келем оралып!
Сағыныш сәлемі
Сәлем айтты сағыныш тағы,
Жүрек тағы құсалы.
Сол бейнеңді сағыныштағы,
Жылап тұрып құшамын.
Кетерде сенің жанарындағы,
Қорқытты мені тұнық мұң.
Тікенектер аралындағы,
Жалғыз гүлсің, қылықтым…
Ұшпасын мейлі армандар биік,
Қонбасын жерге қауырсын.
Бақыт екен ғой адамды сүю,
Жыласын жаным, ауырсын!
Келмеді ме бақыттың кезі,
Уақыттың тезі шаршатты.
Жүзіктегі жақұттың көзі,
Армандатты да аңсатты…
Сезімнің аппақ шұғыласы,
Көзімнен ақса жас болып.
Ұсыншы ләззат құмырасын,
Сарқып ішейін, мас болып!
Мас боп кетейін, айықпайын,
Аспанда жылап жатайын.
Дауылды түнгі қайықтайын,
Арпалыс сорын татайын!
Сағыныш менің тәтті мұңым,
Сезімімді аяласын.
Бір күні сен де аппақ гүлім,
Жүрегімде оянасың!
Cеренада
Сенің нәзік серпілгенде кірпігің,
Тәңір маған сыйлап тұрар күлкіні.
Сенің ғана жүрегіңнің дүрсілі,
Өзгертеді бар әлемді бір күні.
Сенің ғана ерініңнің дірілі,
Сенің ғана өрілмеген бұрымың.
Сенің ғана сөздеріңнің шырыны,
Сақтап қалар сұлулықты ең ұлы.
Сенің ғана көздеріңде мөп-мөлдір,
Көңілдегі мен аңсаған көктем жүр.
Ғаламдағы жалғыздардың жұлдызын,
Жандыра алсаң, жандырасың тек сен бір!
Сенің ғана жанарыңның жалтылы,
Тірілтеді мұңға батқан жалқыны.
Саған ғана жан-дүниемді шарпулы,
Мұз қылады көздеріңнің салқыны!
Аясаңшы, алтыным!
Сен жайлы
Жанымның жабыңқы әлемі,
Көңілдің күбірлі кемсеңі.
Сен жайлы емес бұл өлеңім,
Ұмытып үлгіргем мен сені.
Сен жайлы ой емес,
Дегенмен,
Сол бейнең көз алды, бұрыңғы.
Мен сенсіз көруді үйренгем,
Болғанмен болашақ бұлынғыр.
Шарапты, өзіңе ұнаған,
Мен бүгін ішемін бокалсыз.
Сен жайлы сезімдер қураған,
Күздегі гүлдердей жұпарсыз.
Сен жайлы естелік емес бұл,
Бұл өлең ғайыптан сезілген.
Сөздердің ішінде елес жүр,
Сен жайлы сезімнен безінген…
Сен жайлы емес бұл өлеңім,
Ұмытып үлгіргем мен сені.
Жанымның жабыңқы әлемі,
Көңілдің күбірлі кемсеңі…
Сен және мен
Сен және мен…
Арамызда сезім нұры көлденең,
Еріндерді табыстырар шөлдеген…
Сұлу сағым ұшып шығар ғарышқа,
Біздер жатқан бөлмеден…
Сен және мен…
Жүректерде тілектер…
Демімізде самал жел бар, жібектей…
Сағым болып еріп кетер сұлбамыз,
Таң алдынғы түнектей…
Сен және мен…
Ортамызда жұмақ бар…
Жұмбақ гүлден өріледі шумақтар…
Сол сағымнан шашырай ма шуақ бар,
Жағыла ма шырақтар?!
Сен және мен…
Өксік ұқсас дыбыстар,
Құмарлықтан жиілеген тыныстар…
Ажыратар құдырет жоқ бұл кезде,
Құшақтарды құрысқан..
Сен және мен…
Ләззатты бір шаршаулар,
Тағы, тағы…тағы да сол…аңсаулар…
Маңдайымнан сорғалайды тәтті тер,
Таңдайыңнан бал саулар…
Сен және мен…
Ажырауды қаламаған пенделер,
Тостағанмен у жұтайын емге мен!
Сағыныштың түрмесіне тығайын,
Махаббатты өлмеген…
Сен және мен…
Арадағы ауада,
Қоштасарда сүйіседі жанарлар.
Жалт қарашы,
Қолым жетпес періштем,
Пейіш жаққа қанатыңды қағарда!
***
Сені мүлде ұмыту – өз жадымнан бас тарту,
Сенің бейнең жүрекке сөз айтады астыртын.
Сені жоққа шығару – өмірімді қысқарту,
Сені еске түсіру – қарашықтан жас бүрку!
Сені сүймеу – дұшпанға пышақтату жүректі,
Құмырадай кеудеге құшақтату түнекті.
Сені мүлде ұмыту – қасиетті міндетім,
Бірақ менің болмысым сенің ғана үмбетің!..
Сені ешкімге бермеймін…
Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!
Мен сені көкте Күннен қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!
Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!
Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем..
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,
Аяз болып көрінер тозақ деген!
Біреу менің көзімнен байқар күзді…
Мен сені ұмытуға қауқарсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар,
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді..!
Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!
Сені сүю…
Сені сүю – тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю – үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю – нұр тарату жүрекке,
Сені сүю – қуаныштан мұң кешу!
Сені сүю – шуақ шашу жанардан,
Сені сүю – жұпар жұту самалдан.
Сені сүю – өз өзіңді ұмыту,
Табу бәлкім өз өзіңді жоғалған.
Сені сүю – шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю – шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю – бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.
Сені сүю – жан алдында ақталу,
Сені сүю – жындануға шақ қалу.
Сені сүю – қасіреттен бақ табу,
Сені сүю – азаптардан шаттану!
Сені сүю – өз өртіңнен жалындау,
Сені сүю – өзге жанды сағынбау.
Сені сүю – мүсініңе бас ұрып
Өзге мүлде құдыретке табынбау!
Сені сүю – періштеге айналу,
Сені сүю – елестерге байлану.
Сені сүю – қауызында гүлдердің,
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!
Сені сүю – ажалымнан құтылу,
Сені сүю – ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю – қанатына құстардың,
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!
Сені сүю – мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю – мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю – еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!
Сенсіз өмір басталғанда…
Сенсіз өмір басталғанда,
Дәруішке айналам…
Дәруішке айналам да, Тәңір жайлы ойланам!
Қарашыққа қашап алып елесіңді ескірген,
Өзің жайлы бір хабарды естімеймін ешкімнен.
Күбірлеймін жай ғана мен, есіміңді қайталап,
Мүмкін сол бір өз дұғамнан жүрегіме жай табам…
Алай-дүлей дауыл соғып, шайқап кетсе жер бетін,
Бұршақ-бұршақ жасын бүркіп, кемсеңдейді Ай ғана…
Сенсіз өмір басталғанда,
Диуаналық күй кешем,
Диуаналық күй кешем де, жер бетінен мүлде өшем!
Қаңғып жүріп соқпақтармен, сүрлеулермен белгісіз,
Бейтаныс бір адамдармен өз мүрдемді жерлесем…
Сені бір сәт көру үшін ең сүйкімсіз тал болып,
Сен жүрмейтін жол шетінде, мұңға батып бүрлесем…
Сенсіз өмір басталғанда,
Мен бақсы боп билеймін,
Тылсымданған әлемімде енді ешкімді сүймеймін!
Жанарыма жанұшыра жұлдыз біткен жауарда,
Көбелек пен жарқанаттар қарқ-қарқ күлер ауада.
Көз ұшында, көкжиекте Күн көміліп жатқанда,
Менің сұлбам көрінбейді сенсіз атқан ақ таңда.
Сенсіз өмір басталғанда, айналамын бұлтқа мен,
Көк аспанда қалықтаймын шығармастан сыртқа дем.
Менен тумас қызығам да шапқылаған бұлаққа,
Көздеріңді сағынғанда, жылап алам жырақта…
Сансыз буға бөлінем де, тамшыларға сұп-суық,
Кірпігіңе қонақтаймын мөлдіреген шық болып.
Сен бірақ та сезбейсің де, қағып-қағып кірпікті,
Тұнық менің болмысымды жібергенде лақтырып,
Тырс етем де жерге сіңем, ең соңғы рет аһ ұрып…
Сонда ғана жаңа ғұмыр басталады, өзіңсіз,
Көздеріңсіз, сөздеріңсіз, мына ащы сезімсіз…
Топыраққа сіңіп кетіп, мәңгілікке жоғалсам,
Жылап жатам…
Жылап жатам…
Жылап жатам…
Тек үнсіз…
Сурет
Көз жасыңнан бес тамшы,
Алты бояу күлкіңнен,
Шарап жасап ұсыншы, айығайын дертімнен!
Тынысымнан буға сен айналғанда мөлдіреп,
Күлге айналып ұшайын жан шыдамас өртіңнен!
Күрсіністің демінен,
Ұшқынынан бақыттың,
Өлең өріп берейін өрнегіне жақұттың.
Кеңістік пен қозғалыс арбалсыншы көзіңе,
Мәңгілікке тұрақта жанарында уақыттың!
Көзқарастан қас қағым, кірпігіңнен бір діріл,
Жадқа қашап қояйын үзілгенше гүл-ғұмыр!
Қайшылықтар бірліктен тапсын тәтті үйлесім,
Ғашық болып шалқысын шашы қара түнге нұр…
Иісіңнен бір жұтым, дауысыңнан бір күбір,
Сусылыңнан шашыңның естіледі бір сыбыр…
Жүрегіңнің қағысы – қоңырауым өмірлік,
Сен бар болсаң, сүйікті, маған мынау жер жұмыр!
Тағы да саған
Сенің ғана көздеріңмен көргім келген әлемді,
Сенің ғана сөздеріңмен өргім келген өлеңді.
Сенің ғана саусағыңмен ағытқым кеп түймемді,
Сенің ғана ерініңмен білгім келген сүйгенді.
Сенің ғана қолдарыңмен әлпештеп пәк сәулені,
Сенің ыстық тынысыңа күйгім келген, әуелі.
Сенің ғана шаштарыңда қалғым келген тұншығып,
Сенің шығып асқарына қалғым келген бір шығып.
Сенің сұлу бұрымыңнан иіскей-иіскей гүл исін,
Сенің ғана қулығыңнан өлгім келген, у ішіп.
Сенің ғана құшағыңды қанат қылып… Күн асып,
Сенің ғана кірпігіне кетсем деймін ұласып.
Сонсоң, бүкіл ғұмырымды көне хаттан таңбалы,
Оқып шығып, жатқанымда жас баладай таңқалып,
Көкірегімді шаттық кернеп, еңіреуді қош көріп,
Көздеріңнен ыршып кетсем бұршақ-бұршақ жас болып!
Түнгі диалог
Мен сенен сұрадым:
Талдар сөйлей ме деп,
Түн ішінде ырғалып билей ме деп.
Бұтақтарда сырғадай тербетілген,
Жапырақтар бір күні сирей ме деп?
Сен сұрадың:
Жұлдыздар жылай ма деп,
Себепсізден-сепебсіз құлай ма деп?
Ғарыштағы бос қалып ұялары,
Өлген жұлдыз ешқашан тумай ма деп?
Мен сұрадым:
Ақ гүлдер күлмей ме деп,
Үзілерін қай күні білмей ме деп.
Көктемеде қуантқан бәйшешектер,
Күзде бізді ұмытып жүрмей ме деп?
Сен сұрадың:
Бұл күндер өтпей ме деп,
Бұлттай көшіп жыраққа кетпей ме деп.
Сағыныштың тұманы сейіле ме,
Мұнарлана құласа беткейге кеп?
Мен сұрадым:
Азап пенен шаттықтың арасында,
Сен мендік мәңгілік боласың ба?
Түнге қарай осылай ұша бермей,
Бір күні кеп қолыма қонасың ба?
Мен сұрадым, өзімнің биігімнен,
Сен жыладың: «Сүйем ғой! Сүйемін!» деп…
Түнгі қонақ
Тыныштықпен таба алмаған үйлесім,
Жарқылдайды қара бұлттар жүйкесі.
Жан дүниемнен ашылады түнге есік,
Бүгінгі түн – періштелер би кеші!
Нәзік гүлдей еліктірмес би кімді?
Қызық үшін қидым тәтті ұйқымды.
Періштеге қарай қалсам, өртенем,
Сондай сұлу, сүйкімді!..
Татып көрсем тыйым салған жемістен,
Жүрегімде сансыз сезім керіскен…
Сайтан болып шықпаса еді соңыра,
Мейірімді періштем…
О, Жасаған, Жасаған!..
Күліп жүрмін, жанарымнан жас аға!..
Құшағымнан кете берер сытылып,
Шұғылаланған қош ауа…
Бір елесті көрсетеді таңертең,
Атталмаған босаға…
Төрт әріп
Шырағымды тұтатып ап жаңбырдан,
Мен өзіңді іздеп жүргем тағдырдан
Төрт әріптен есіміңді құрап ап,
Әр тамшыға суретіңді салдырғам!
Арасында әріптердің көнерген,
Сені іздедім жұмбақталған өлеңнен.
Мұң мен қайғы шаршатқанда жүректі,
Сен көріндің шұғылаға бөленген.
Тамырымда маза бермей бір ағын,
Мен өзіңді періштеден сұрадым.
Жолыққанда бұлдырады көзіңнен,
Талай жылдар іздеп жүрген жұмағым.
Кемпірқосақ үстіменен жүгіріп,
Сені іздедім жер мен көктен түңіліп.
Көздеріңе – айнасына ғарыштың,
Құлап кеттім, абайсызда үңіліп.
Әні-міне от шырағым сөнерде,
Тағдырыма басыбайлы көнерде.
Сені таптым, о, алақай!
Періште,
Жүректегі сезімдерді көмерде.
Түннен шығып,
Бар жарықтан жасқанған,
Сәлем айттым арайланған жас таңға.
Төрт әріптен құралатын атыңды,
Бар сәулемен жазып қойдым Аспанға!
***
Тіршіліктің бастауы – махаббаттың шуағы
Ал, түнектің бастауы – бір жарықтың шырағы.
Махабаттың сәулесі – рухтың жалғыз азығы,
Рухтың жалғыз тірегі – жүрек – сезім тұрағы.
Сағыныш пен ынтығу – махаббатың өксігі,
Кеңістік пен уақытта махабаттың жоқ шегі!
Сезім деген Тәңірдің баға жетпес сыйлығы,
Сенім менен адалдық – сол сезімге оттегі…
Сүйген кезің – өмірдің қайталанбас көктемі,
Тәтті мұңнан нәр алған – көңіліңнің мектебі.
Сүйген адам – сиқыршы, сүйген адам данышпан,
Орындайтын сүйгеннің армандарын Көктегі.
Ең бір ғажап кездерің – сезімге мас кездерің,
Ең бір тозақ кездерің – төзімге қас кездерің
Бәрін мүмкін мұндайда, мұндай ұлы уақытта,
Періштегі сүйкімді ғашық жанның сөздері.
Уәде берші…
Уәде берші кешірмеуге,
Алдануға мұрсат бер.
Рұқсат берші өшірмеуге…
Сондай тәтті сол сәттер…
Жыламауға уәде берші,
Күлмеуге де уәде бер.
Жүрегімде әне көрші,
Жылап жатыр сәулелер…
Үндемеуге уәде берші,
Үнсіздікте мұн жүрсін.
Түн демеуге уәде берші,
Жүрегіңде күн күлсін!
Уәде деген – Тәңір сөзі,
Біздің сезім Тәңірден!
Айырады өмір өзі,
Өлім әлсіз өмірден…
Қос тамшыны көзден көрші,
Кірпік жолын бөгейді.
Ұмытпауға сөзің берші,
Ұмыт болғым келмейді.

Назым Калиева
Керемет ага шынындада!!!!!!!!!!!!!Соз жок
Бұл өмірден сен де өтесің, мен де өтем,
/Кімге барып бұл сезімді емдетем?/
Көкке қара!
Тамшылаған жаңбырмен,
Өлең жолын нөсер қылып селдетем.
Апармады неге саған жол бұрын?
Көрмей енді өтем бе екен жан нұрын.
Бар амалым өлең жазу ендігі,
Селк етпейді оған да бірақ тағдырым…
жоғарыдағы өлең жолдарыңыз қатты ұнады. өлеңдеріңіздің барлығы да оқырманның жүрегінен орын табатынына сенімдімін
Ақберен аға. тәңір тілеуңді берсін
кушті екен
Мен сіздің өлеңдеріңізді өз атыңыздан өз сайтыма шаптағым келеді поэзия бетіне, қарсы емессіз бе?
Өлеңдеріңіз өте керемет !!! Неге бұндай өлеңдерге кітап шығармасқа, жай ғана керемет, Ақберен Елгезек 21 ғасырдың ұлы ақыны !
Сізді шын жүректен құтықтаймын !!!
super_dance.kz@mail.ru
Рахмет Акберен ага!
оте керемет