Бола ма мүлде өлмеуге,
Бола ма мұңды емдеуге?
Симайды, әттең, бұл жүрек,
Кеңістік сиған кеудеге!..
Тоқтатпай секунд, минутты,
Қасымнан талай жыл өтті.
Көрсем бе деп ем уақытты,
Сағаттың тілі дір етті.
Қаламмен түртіп жүректі,
Көңілге көркем жыр ектім.
Көрсем бе деп Тәңірді,
Періште түйсік шыр етті…
Арқалап аңқау арманды,
Көрсем бе деп ем орманды.
Орманым отқа оранып,
Аспанға барып сомдалды.
Биікке мен де құмар ем,
Биікке мен де сыңар ем.
Көрсем бе деп мұзартты,
Төмендеп кетті мына әлем.
Симадым енді жерге мен,
Қимадым жырды көрге мен.
Аспанды сүйсем деп едім,
Жұлдызды сүйіп көрген ем.
Содан мен жолды шаң қылып,
Шықтым да кеттім қаңғырып?
Сағаттың тілі тоқтады,
Басталып кетіп мәңгілік…

Сананы билеп сан күдік,
Жадыңда жырлар жаңғырып…
Дәптері тағдыр жабылар,
Басталып кетсе мәңгілік…
Жалғанның онда біткені.
Алланың болып күткені…
Ақірет келіп ашылар,
Біреудің болса бүккені…
Кітаптың беті ашылып,
Шығады көзден жас ұлып…
Кеудені күйік кернейді,
Өкінішпенен бас ұрып…
Сағаттың тілі тоқтаса,
Пендеде ерік жоқ қашар…
“Екі жақ” болып ол күні,
Майданда “Махшар” топтасар…
Өлшеніп қылдай қылмысы,
Ауырлап ол күн тұрмысы,
Бәрі боп әлек басымен,
Басталар жанға бір қысым…
Әзірге тұра, тұрайық.
Жасағандарымыз кіл айып…
Күнәларымыздың кешірілуін,
Тәңірден жылап сұрайық…