Өмір–елес, жан –сағым,
Алаңғасар мұң-ғұмыр.
Мен емес ем аңсарым,
Менікі емес түрім бұл.
Мына көздің ішінде,
Сөздер жатыр ұятты.
Ғұмыр мені түсінде,
Көріп жатқан сияқты.
Менікі емес бұл өмір,
Менікі емес заман бұл.
Жүрегімде темір – гүл,
Көңілімде алаң жүр.
Қарашықтың түбінен,
Қол бұлғаса өткен ел.
Мен айнадан шегінем,
Шеті нұрдан көктеген.
Рухым алыс ғарышта,
Бейнем дақ па айдағы?
Мен өзіммен танысқам,
Бір бұрышта қайдағы.
Содан бері көрем деп,
Керуенін ғұмырдың.
Бір бейнеге елеңдеп,
Өз-өзіме жүгірдім.
Бәрі бекер боп шықты,
Мен өзімнен құтылдым.
Желбіретіп ақ шытты,
Айна ішінде жұтылдым.
Айнадағы егізге,
Қол бұлғадым, ол маған.
Қойып кетті теңізге,
Маған тартқан бір адам…
