14.01.10

Музаға

Мейірімді жүрегіңмен кішкене,
Уды өлтірдің жүрегімді тістеген.
Зейнұр сені әкелгенде әлемге,
Ажал маған мәңгілікке «қош!» – деген.

Мен өзіңді аспан жақтан сұрағам,
Уығымсың! Шаңырағым тұр аман!
Заңғар-заңғар биіктерге ұш, қызым,
Адамдарға еліктеме жылаған.

Мен сияқты қумай босқа сағымды,
Уысыңда ұстағайсың бағыңды!
Зұлымдықтың тік қарағын бетіне,
Адал болсаң, сындыра алмас сағыңды!

Маңдайыңа жұлдыз жақсын Тәңірім,
Уыздай боп үлбіресін көңілің.
Зерделі бол, зиялы бол, балапан,
Аллахуакбар, ұзақ болсын өмірің!

828 рет қаралды

3 Пікірлер “Музаға”

  1. Жайыктын кызы:

    амин.Нагыз казактын кызы боларына куманим жок кызыныздын!Алла алдынан жарылкасын!

  2. Нарынбеk Жумашев:

    (( 0,Муза балапан журеk kарындасым!
    - Бiлесiн бе?
    Əkенде дарын басым… )))

  3. Гаухар:

    Зейнұр сені әкелгенде әлемге,
    Ажал маған мәңгілікке «қош!» – деген.
    Бул жолдарды калай тусинуге болады? керемет олен

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion