Мына жалған мен сияқты тынымсыз,
Шыр көбелек айналады Күн асты.
Бір күндерім әнге салса,
Бірі үнсіз
Қайғырады,
Мұңы ащы.
Мына көктем мен сияқты балаң тым,
Өлім жақтан сезгісі жоқ күз демін.
Мына ақшам мен сияқты алаң тым,
Бақылайтын көліктердің тізбегін.
Мына таулар мен сияқты көкірек,
Көңілімен әлпештеген аспанды.
Мына жұлдыз мен сияқты жетімек,
Тастанды.
Мына өлең мен сияқты қырсық шын,
Көнбейтұғын жылтыр көз бен мақтауға.
Сөзін сөйлеп кетсе күш пен бұлшықтың,
Оған менен жоқ сауға.
Мына түн де мен сияқты тылсым-ды,
Бұза түскен ақындардың ұйқысын.
Тағдыр, сірә, қылкөпірлік қыл сынды,
Тартқылай ма бір кісі?
Иесі ме ол мендік ақыл-теңіздің,
Бел байладым не қылса да көнбеуге.
Мен тегінде тек ажалмен егізбін,
Тиіспін бірақ өлмеуге.

Керемет! Мен пікір айта алмаймын! Сіздің өлеңдеріңіз жаныма жақын.
Иә, пікір айту қажет емес. Кейде таң қалып, кейде өз ойыңды танып, тұтастай өзіңе көшіре бересің, көшіре бересің…
ага мен сизди мактан тутам! тамаша! соз жок!