Дмитрий Мережковскийден
Жаралғандай жаңа аспан,
Көгілдір ауа көк пүліш.
Қайғы да жоқ жағаласқан,
Күнәсіз жүрек тып-тыныш.
Керек емес атақ, сезім,
Дала үнсіз қалған таңда.
Таза шөптер сияқты өзім,
Тыныстаймын анда-санда.
Қайтем күнді айға қонған,
Мені сүймес енді біреу.
Қандай бақыт ойламаған,
Қандай бақыт түк тілемеу!
***
Адамдарды сүйе алмадым, нетермін,
Мен оларға туғанымнан бөтенмін.
Биік тұрған жағымсынған достардан,
Маған қымбат ешнәрсе жоқ аспаннан!
Жадау жанға көрсетеді туыстық,
Жұлдыздар мен мұздай суық кеңістік.
Бүгін маған шөлдің мұңы ең ыстық,
Сүйкімдірек сосын мылқау тыныштық….
***
Жалғандығымен өмір құнды,
Күрес те емес, қайғы да емес.
Тек шексіз күндер өте мұңды,
Қорқынышқа – ойдан елес.
Маған қазір өмір тұрғандай,
Бір нүктеде. Жүрек тоқтап.
Түсімде жүрсем жын ұрғандай,
Өңімде жүрем шумақтап.
О дүниеде Тәңірім лаулай,
Осындай жаза қолданса.
Онда өмір өлімнен аумай,
Біткені дұрыс қалғанша.
Шайқалып тұрам қара таудай,
Тұманды көкке қамалып,
Өлімнен тұрса өмір аумай,
Ажал да болмас жаңалық.
