14.01.10

Олар ұзақ сыр шертісіп отырды

Олар ұзақ сыр шертісіп отырды…
Жаназа оқып, жанған Күнді батырды.
Келер таңды азан ұшы атырды.
Сүйкімді қос тентек бала, ақылды,
Ұзақ-ұзақ сыр шертісіп отырды…

Олар ұзақ ағыл-тегіл жылады,
Бұлдырады қара көздер қырағы.
Қос көмекей – қанжар-сөздің қынабы…
Қос кәлләнің бұлаңдады шырағы…
Сүйкімді қос тентек бала… жұма күн,
Ұзақ-ұзақ ағыл-тегіл жылады.

Олар кенет құрбандыққа тіленді,
Ақыл айтар, бақұл айтар кім енді?
Екеуі де – келбетті жас, гүлөңді.
Сүйкімді қос тентек ұл…
Құрбандыққа тіленді.

Елеместен азғырынды сыбырды,
Елеместен жындысүрей дүбірді,
Олар іштей бір-біріне жүгірді.
Пенделіктің ала туы жығылды.

Қайта бастау керек енді ғұмырды…

710 рет қаралды

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion