Періште перзент едім ғарыштағы,
Рухыма Тәңір тәнді бағыштады.
Жаратқанды сағынып жылап жаттым,
Жалғанменен еріксіз табысқалы.
Елігіп жұлдыздарға жолымдағы,
Бағымды жоғалттым ба қолымдағы.
Білмеген өлім сырын бала жүрек,
Шошыды құлпытастан қорымдағы.
Аллаға адал қайту антым еді,
Шаршатты тіршіліктің шарты мені.
Сенделіп екі дүние арасында,
Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.
Рухым ұшса ортасы шеңберленген,
Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем…
Не сұраймын,
Не күтем,
Нені білем,
Мен сияқты бейүміт пенделерден?
Қым-қуыт күндер өтер дөңгеленген,
Кім туып, кімдер өтпес, шерленбеген.
Барар жерің беймәлім,
Бейтарапта,
Бейжауапты күтпеші сен де менен…

Ассалаумагалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Машаллах! Бул оленде турен сыр бар екен, акикат бар. Журектен шыккан олен журекке барып теир…
Жырымменен мына әлемді жарық қып,
Ақиқатты ақ ту етіп алып тік,
Жоғалар ма шыр айналсам жер бетін,
Сезімі жоқ надандық пен ғаріптік?…
Рухыма күйігімді қорек қып,
Өз сырымды өзгелерден бөлек қып,
Өлең жазып отырамын өзімше,
Сезіміме саусағымды көмек қып.
Дүниенің дүбіріне ұласып,
Барады әне қиялым да қыр асып.
Күбір, күмбір көктен келіп құйылған,
Көп күйлерге кеудем менің лашық.
Жеткізе алмай пенделерге сырымды,
Өкінгендей өткеніме бұрынғы,
Көмек сұрап келешекке Құдайдан,
Кеудем менің көкке қарап ұрынды…
Өмірімнің көктемі өтіп күзі кеп,
Сабағымнан жапырағым үзіле,
Шам сияқты жанып біткен білтесі,
Мен жалғанға қарап тұрмын сүзіле…