14.01.10

Пессимизм. Оптимизм.

Қалды ма біреу мына әлемде тірі әлі,
Сыныптай боп жылжып жатыр түн әлі.
Күй шығады көкіректен күнәлі,
Үміт қана дірілдейді шүбәлі.

Үнсіздік те жаңғырады күмәнді,
Қаңғырады ауа ғана тұманды.
Кеңістікте кісінейді құлан бір,
Жалғыз өзі кезіп жүрген Тұранды.

Мешіт жақтан айтып отыр кім әнді?
Таңғы бесте тыңдайыңшы Құранды…
Ысылымен үмітімді сөндірмек,
Иманыммен өлтірейін жыланды!

819 рет қаралды

3 Пікірлер “Пессимизм. Оптимизм.”

  1. Орынбасар.Ж:

    Дала дауыл, құм суырған бетке ұрып,
    Уілдейді өңменіңнен өтердей.
    Жалқы жүрек құлазиды тек тұрып,
    Суырылып тәннен шығып кетердей.

    Басталғандай Ақыреттің азабы,
    Түннен тұрып Тәңіріме тіл қаттым.
    Қасқыр болып ұлиды алып мазаны,
    Кеудемдегі күй сарнаған ырғақ тым…

    Төсегіме таңылғандай тас болып,
    Жанар жұмық жалықты ма жарықтан?
    Жүрегімнен жыр ағады жас болып,
    Қамсыз мынау қарекеттен қамыққан.

    Күндіз маған көрінеді түндей боп,
    Қабырғамды қара бұлттар қаусырып.
    Сорлы жүрек кетер ме екен жүндей боп,
    Хақтың берген шыдам шегі таусылып?…

    Таң да атыпты, сағат тілі алтыда,
    Құлшылықтың жақындапты есебі.
    Тәңір алды түсер кезі талқыға,
    Әр сикундтың өтіп кеткен кешегі…

  2. Берік:

    “Кеңістікте кісінейді құлан бір,
    Жалғыз өзі кезіп жүрген Тұранды”, деген жолдар философиялық екен, маған қатты ұнады: 1. Таза түркінің “дала философиясын” дәйектеп береді. 2. Асқақтық пен көнеліктің үйлесімділігі бар және жалғыздықтың трагедиясы мен тылсымдығы жамалған. 3. Эко-этикалық мәселелердің нышаны мен экоэтниканы ой түйткілдерін сараптайды. 4. Ұлттық Рухты терең түйсіне білудің бағдарын ашып берген екен….

  3. Берік:

    Кеңістікте кісінейді құлан бір,
    Жалғыз өзі кезіп жүрген Тұранды
    Күлдірлеген үнінен-дүр
    Естисін бе, КӨК ТҮРКІЛІК ұранды,- деп тілек айтқым келеді.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion