07.10.10

Қалалық лирика

Ұйқысырау (цикл).  І – өлең

…Бұрыш жақта су ағады шүмектен,
Сыра біткен. У ағады жүректен.
Мен тынышпын, мен мұңлымын,
Дір еткен,
Иек қана құлап кеткен білектен.
Естеліктер. Балалық шақ елесі,
Қалқып шықты, мылқауланған түнектен.

Болмайтындай енді мүлде ертеңі,
Үлкен сәби жазып отыр ертегі…
Тозып біткен тоқсан жылдык күнделік,
Парақтарын боратады, түрленіп,
Кезектегі мыңжылдыққа, ең кемі…

Қас-қағымның шырымынан емделіп,
Ары қарай кетпеу күнә сенделіп..
Өлмеген соң балконыңа жерленіп,
Шылымыңды сорғылайсың шерленіп.
Анау жақта жарқырайды салюттер,
Олар мәз ғой,
Менікі – құр пенделік…

Ұйқысырау.  ІI – өлең.

Тағы да түн.
Жалғыздық.
Темекінің тұқылы,
Ақыл-есі түтіндеп, күлсалғышқа жұтылды.
Ми ішінде майысып көркем ойлар үкілі,
Үлбіреген үмітке тәж тоқиды жұпыны…

Тағы да түн. Жалғыздық. Сары шөлмек сыра бар,
Шылымым бар тағы да,
Бәрі жақсы, сірә да!
Тек іштегі біреудің маза бермес сұрағы,
Дір-дір етіп тұрғанша шайырлардың шырағы…

Жоғалғандай жаһаннан жұбандырар бар қызық,
Тағы да сол күйге еніп, бойды мұңға алғыздық,
Жүрегімді орап ап, тоңдырады бар мұздық,
Темекінің түтіні…
Тағы да түн.
Жалғыздық.

Ұйқысырау.  ІІІ – өлең.

Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Әлемде мынау әлдиге әуес бала өлді.
Жүрегім болса, бүк түсіп жатыр кеудемде,
Жыламай көрші, шошымай көрші, ал, енді!

Домалақ бала сәскеде әлі ерке еді,
Батыстың шашын демімен қызыл өртеді.
Мәңгілік Түннің түбіне құлап өлетін,
Жап-жарық Күннің ғұмыры неткен келте еді.

Бір таңға дейін қалған соң шыбын жандары,
«Еһ, дәурен-ай!» – деуші еді ауыл шалдары.
Бір күнге тағы үмітін жалғап отырып,
Бір түннен ауыр, қорқатын еді, алдағы.

Шалдардың сонда, әжімдер тілген бетінен,
Ажалдың түрін көргендей шошып кетіп ем.
Өмірдің бірақ, білмеген екем күн сайын,
Дөңгелеп жүріп, сынатын бір сәт шетінен.

Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Торына кімді түсіріп алар, ол енді?
Жүрегім болса, сандырақтап жатып ұйықтады,
Түсіне оның ажалдан қашқан бала енді…

Ұйқысырау. ІV – өлең.

Би кешіндегі арудайын сырғалы,
От түрінде газ билейді ырғалып…
Терезені ашып қалсам айқара,
Күмілжіген көктен тұрар Ай қарап.
Көше жаққа елеңдеумен отырам,
Жазылмаған жырларымды қайталап.

Жаурап өткен сұр көктемде кеш шығып,
Ауламызда дірдектейді бес шыбық.
Бес досыма ұқсатамын оларды,
Мені іздеп келе жатқан, есі шығып.

Телефон да… өзі суық, өзі үнсіз,
Қозғалыссыз, қоңыраусыз, көңілсіз.
Жылан-сағат оратылып білекке,
Айыр тілін қозғалтады сенімсіз.

Сөредегі кітаптар да қызықсыз,
Көңілдегі сұрақтар да қызықсыз.
Теледидар терезеден аумайды,
Терезеден Ай қарайды құлықсыз…

Ұйқысырау.  V – өлең. Арбалу.

Түгесілмес түн сыры.
Таңға дейін бар уақыт.
Жылы тәнге оранып, маужыраумен жан жатыр.
Көк жарықты рух сергек! Ол білмейді ұйқыны,
Оның басты міндеті – дұрыс жолды таңдату.

Қатпарында миымның ұзақ жылдар сақталып,
Құлыптаулы-кілтеулі жадым жатыр хат болып.
Ішімдегі Тәңірдің көрінбейтін сәулесі,
Қос дүниенің арасын нұрландырар, қақ бөліп.

Түн мен күннің арасын сол ғажайып тылсым нұр,
Айырған соң, түнектен жарық мәңгі ыршып жүр.
Таңға дейін уақыт бар…Жұлдыз көшер кез келер,
Ал, әзірше аулада біреу үнсіз сыңсып жүр…

Түн дегенің – мәңгілік, біткен кезде таң келер,
Дүр сілкініп, өмірге атылады жан-жебе.
Қазір оны оятпа, қазір өлең жаза тұр,
Бәрі ертең болады, ал, әзірше қам жеме…

Көз ілініп барады…
Бұлдыр-бұлдыр бір елес, билеп келе жатқандай,
Арудайын тым сұлу, қайқы кірпік, ақ маңдай.
Ол ібіліс мен білсем, жоспарында – азғыру,
Балқып кетіп барамын, тұңғиыққа батқандай…

Жалғыз қалу қауіпті!
Түн дегенің – бір мектеп…
Саусақтарым қалтырап, денем отыр дірдектеп.
Рухым ұйықтап қалған ба?
Мен сайтанды құштым ба?
Ары қарай беймәлім, ары қарай көп нүкте…

Ұйқысырау.  VI – өлең. Байғыз-құстар.

Ауыл жақта дәл осылай болатын,
Күнде осылай ыңылдайтын қара Түн.
Қыс түскенде жылымайтын қара үйдің,
Шатырына байғыз-құстар қонатын.

Қомдап қойып жұлдызданған қанатын,
Сыбырлап та, шәуілдеп те алатын.
Көрінбейтін көзінен де көлкілдеп,
Айдалаға суық сағым ағатын.

Нәресте боп іңгәлайтын бейуақта,
Шайтан болып ыңырситын аулақта.
Өлген шалдың орнын сипап,
Кемпірдің
Түріне ене, күбірлейтін аруаққа.

Құмар сөзін кірпігімен жасырып,
Қыз болып та қымсынатын, тосылып.
Бұлт болып та аунақшитын зәу-көкте,
Ай нұрынан қауырсыны шашылып.

Құлақ тосып даладағы лаң дуға,
Жүрек тосып моладағы зар-мұңға,
Батыратын жұлдыздардың қарасын,
Бір балақай терезенің алдында.

Жылдар өтті.
Мен өзгердім.
Түн бірақ,
Өзгермеді.
Ойлай берем тұнжырап.
Сол баяғы байғыз-құстар елесі
Көкірегімде жүр жылап…

Ұйқысырау.  VII – өлең. Ауруханадағы түн.

Тереземді осып өтсе жарқанат,
Қақырынып қояды бір қарғалар.
Ай қызарып тұмсығының ұшында,
Ит ұлиды, жел қарасын қармалап.

Қажып бітіп қараңғылық зілінен,
Қабырғалар күбірлесті түнімен.
Тек тыныштық ән салады ыңылдап,
Қабаттасып үнсіздіктің үнімен.

Өшіп қалған үмітінің шырағы,
Тар көшеде панасыз мас жылады.
Албастының демін сезіп алыстан,
Дірілдейді жапырақтар құлағы.

Қалтарыста – қарақшылар күбірі.
Бұрылыста – жезөкшелер сыбыры…
Үрей иісін сезінеді жәндіктер,
Үйеңкінің қабығына тығылып.

Таң алдында Ай көрінсе тұтылған.
Түйсігімнен дауыс шығар құтырған.
…Тірілерге жаназа оқып отырған,
Мына түннен дұға оқып құтылғам…

Панорама

(Цикл)

Панорама – 1

Балкондар – қанаттары үйлердің,
Көк үйлер – ордалары күйбеңнің.
Аулалар.
Балаларға үйген құм,
Алатау -
Көкжиекте күйген мұң…

Осы сурет өзгермейтін секілді,
Басқа сурет көз көрмейтін секілді.
Өзгереді деген сөзден өзгелеу,
Мына жалған сөз білмейтін секілді.
Мені өмір көзге ілмейтін секілді…

Панорама – 2

…Сол аула, өзгермейтін, қалыпты,
Ай да аспанда өзгермейтін, жарықтық.
Жұлдыздар да өзгермейтін аспанда,
Күміс сәуле кірпіктерін қағып тұр.

Табиғатта болмайды деп нала-мұң,
Күбірлейді санамдағы қонағым.
Мен білмейтін, өзгермейтін әлемде,
Өзгеріске мен ұшырап барамын…
Уақыт сырғып ағады…

Панорама – 3

Ымырт…
Жым-жырт…
Іңірдегі бөлме іші күңгірт…
Кеңістікті кезіп жүрген уақыт,
Ең баянды шындық…
Уақыт – ажал…
Неткен сұмдық!
Панорама – 4
Жарық көзді тізбектелген көліктер,
Сіңіп жатыр тұманданған көбікке.
Сағат тілі ақшамдағы жетіден
«Шексіздіктен» аттанады түнекке…
Айғыздалған ауаменен арбаса,
Тағы бүгін бар қаланы қар басар.
Жерге қарай қалықтайды аппақ қар,
Көкке қарай ұшып жатқан жандарша…

Жапырақтың көзімен

Қалтыраған жапыраққа айналып,
Жараланған бір бұтақта жаным тұр.
Кірпігімнен, өмір жайлы ойланып,
Күздің жасы тамып тұр.

Асфальттағы құлазыған көлеңкем,
Жанталаса қармалайды сәулені.
…Мен де бейне – дымқылданған сіріңке,
Бітті сірә, дәуренім.

Әуедегі көрінбейтін тақтаға,
Күз жарықтық өз бояуын жағып тұр.
Мұңға батқан алаңдарда қап-қара,
Иесі жоқ қолшатырлар лағып жүр.

Тұмауратып қалар ма екен тағы аспан?..
Тәнім әбден кеуіп қалған у екен.
Қара қарға қарғып түсті ағаштан,
Ал, мен әлі ілінулі тұр екем…

Күзгі сарын – 2

Жаз да бітті,
Наз да бітті біздегі.
Осы кезді ұнатпаймыз біз тегі.
Алақан боп аймалайды асфальтты,
Қызыл-сары жапырақтар күздегі.

Су бетінде мұз елесі…
Сыз демі.
Ұғындырмақ болды бізге күз нені?
Қайыршы үні жаңғырады парктен,
Қайдағы бір айқайлардан түздегі.

Дір еткізіп, қай үмітті үз деді,
Өкініштің өрнектері іздегі?…
Аспандағы соқпақтармен белгісіз,
Бара жатыр тырналардың тізбегі.

Қай тараптың мекен етіп бұрышын,
Күз кеп қалды жасау үшін жұмысын?
Бұтағынан елестейді талдардың,
Аппақ қыстың қылышының бір ұшы.

Күз келіпті…
Е, онсыз да аз ба мұң?
Жаз-бозбала қыршын кетті, боздағым.
Қайдағыны қозғап алып, өлең де,
Түтін болып аралайды сөз бағын…

Мен де күздей,
Сап-сары ала кейіпке
Еніп алып,
Жалтақтаймын бейітке.
Өлең үшін құрбан болған бейіттен,
Күңіреніп күрсінеді шейіттер…

Параллелизм елесі

Тып-тыныш түн, түнгі аспан,
Жоқ алайда тыныш жер…
Нән шаһарда – қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел.
Ал, ауылда, ауылда… құлазыған көшелер,
Құлазыған көшеде құлазумен өшеді ел.

Құлазыған қыз-жігіт шөлмек ұстап қыдырған,
Құлазыған көшені қала көріп құбылған.
Ол көшпелі қазақтың ұрпағы ғой дегенмен,
Рухы өшіп қалған соң, қаланы аңсар өлермен.

Ал, қаланың ішінде тоғыз қабат сары үй,
Құлазиды жетінші қабатында сары ұл.
Қаладағы өмірі – бәрі талас, бәрі мұң,
Жайдары еді ол бұрын…
Оған енді бәрібір…

Тып-тыныш түн, түнгі аспан,
Жоқ алайда тыныш жер.
Нән шаһарда – қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел.
Алыс-алыс, алыста азық іздеп бөрі жүр,
Ол – арланның ұрпағы, рухы өшпес бәрібір!..

Нән шаһарда… балконда асыранды дүр тазы
Ұйықтап жатыр, түсінде түлкі індете, ін қазып.
«Ол кешегі құмайдың ұрпағы ғой» дегенмен,
Таң алдында оған да бутерброд берем мен…

Кәрі бала

Қала шеті.
Күл-қоқыс.
Жаздың күні тымырсық.
Қайыршылар арықтан әндететін ыңырсып.
Лас сөздерден жиіркеніп бұлың-бұлың көшемен
Күнде өтеді бір жетім, тумай жатып есі өлген.

Қайыр сұрап шығады ол, кәрі шалдық түр-өңмен.
Жап-жас бала бірақ та. Жеті жасар. Білем мен.
Белгісіз бір ауруға душарланған өгей ұл.
Өкініштен-өксіктен жыбырлайды көмейі.

Қоғам деген мен үшін – сол жетім мен өңгелер.
Тақияға ескірген соқыр теңге дөңгелеп
Түсе қалса,
Сырқаттан айығам деп ойлайды.
Қолындағы шыбықты аспап қылып ойнайды.

Кімді іздеп жүр бұл бала тым қатыгез әлемнен?
Ұйытардай қаныңды, ұйқасы жоқ өлеңмен.
Дерт меңдеген денесін,
Елес кезген санасын…
Қаптап жүрген кіл пенде қайырылмайды жаны ашып.

Бүгін де сол… күл-қоқыс.
Айнала-маң тымырсық.
Арық іші алқаштар қозғалады ыңырсып.
Кәрі бала шыбықты аспап қылып… жылады.
Құдайым-ау, шыбықтан сыбызғы үні шығады!..

Бақылау

Қасымда жоқ сырласатын ешкімім,
Мен отырмын өзді-өзіммен қату боп.
Су бетінде әлем жатыр бес жұлым,
Жаратқанның жырым-жырым хаты боп.

Алтыншысы солтүстікте мұздана,
Ақ аюға мекен болған кеңістік…
Өткен күндер шұғыласында – түз-дала…
Жерұйықпен оңтүстікте табыстық.

Ал, ауылым ғарыштан да мұнартып,
Сағыныштың ширатады түтінін.
Ләйліген жұрт…
Ондай дудан мұң артық,
Тұрмыс артық, шапан киген жұпыны.

Жұлдыздар жоқ, көрінбейді ешбірі,
Жымыңымен қытықтайтын жұлынды.
Жоқтау айтып, мені іздеуші кешқұрым,
Өлең ғана екендігі білінді.

Таңғы арай да – қызыл қораз, шақырған,
Көк аспанда дөңгеленер бақыр-күн.
Ызғар ғана сезіледі ақылдан,
Түк жаза алмай отырмын…
Жаңбырлы элегия

Жаңбыр – мөлдір құс,
Асфальтқа құлап шашылған.
Елесі ме екен…сол бір қыз…
Мұң өретін шашынан….

Саябақ. Сүрлеу. Тротуар.
Шамның жасы – сары нұр.
Елесі ме екен…отынан…
Жанып кетті кәрі Күн…

Жалғыздықтың жалғызы -
Өзім және кім екен?
Елесі ме екен…алқызыл…
Жалын атар көлеңкем…

Көліктер. Қала. Дүкендер.
Бағдаршам. Талдар. Алаңдар.
Елесі ме екен…кетерде…
Жымияды адамдар…

Жарнама – өмір. Көшелер.
Алдымда тағы сол есік.
Елесім бе екен…кеше мен…
Барады екем жол кесіп…

Өз үйім. Төсек. Күрсініс.
Ұйқы жоқ. Әлде ол түсім?
Елесі ме екен…бір сыбыс…
Естіп жатыр бір кісі…

Алқаш шал

Пәк ауадан көк түтінге ауысып,
Кемсең қағып, өксіп отыр бір адам.
Көз жасының тамшылары суарар,
Ақ сақалын қуарған.

Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Духанада қалып қойған тірі өлік.
Әкесінен сықпыртады әлемді,
Дию сынды түнеріп.

Айналасы – кәрі мен жас дөрекі,
Сырттағы әлем – тұманданған күз есі.
Саусағының  арасындағы темекі –
он үшінші мүшесі.

Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Көкірегін жаулап алған қай қайғы?
Терезе алды жылап тұрған еменді
Кемпірім деп ойлайды.

Жын сөзіндей – духананың түтіні,
Шал соңыра емен түбі құлайды.
Аузы сыра көпіршігін жұтынып,
Ақ сақалы жылайды…

558 рет қаралды

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion