07.10.10

Қанат сілку

Ұлықбек Есдәулетке

Пейіш жаққа қимай-қимай елеңдеп,
Періште боп қонып едік жатырға.
Құстар ғана ұшатұғын әлемде,
Айналдық па қанаты жоқ пақырға?!

Аспан жаққа көз тігеміз сағына,
Адам жүзін жатырқаймыз әлі де.
Арқамызға қарап қойып тағы да,
«Қанат бер!» деп жалынамыз Тәңірге…

Қарашықты сәулелерге сүйгізіп,
Бір суретті көреміз бе сенгісіз.
Саусақ ұшын жұлдыздарға тигізіп,
Бір нөмірді тереміз бе белгісіз?!

Әлдекімді, ештеңені елемей,
Әлде мүлде ден қоярмыз шарапқа.
Ешқашанда жазылмайтын өлеңдей,
Қонбай ұшып кетеміз бе параққа.

Түннің суық шуағына жылынып,
Ай нұрынан жатамыз ба мас болып,
Бір арудың кірпігінде ілініп,
Қалайықшы үзілмейтін жас болып?

Қалайықшы!
Жалт-жұлт етіп жақұтша,
Сол кірпіктен сосын ұшып кетерміз.
Амал қанша, шықтың жасы уақытша,
Ал, уақытқа не қылармыз, нетерміз.

Шықтан кейін көбелекке айналып,
Қалықтаймыз еркіндіктің елінде.
Қалған кезде Күн ойланып, Ай қалып,
Адамдардың меншіктеген көгінде.

Ал, біздер ше? Періштелік кейіпке,
Қайта оралып шаттанамыз бір күні.
Келмеңдерші, келмеңдерші бейітке,
Онда жатар басқа бейне біртүрлі…
Қанаты бар періштеден пендеге,
Айналғанмен ұшатындай жүреміз.
Ақын айтса сенбейді екен ел неге,
Сенбейді олар, сенбейтінін білеміз!

Тірі кезде мұндай мүмкін емес дер,
Ессіздермен мен несіне таласам.
…Маған ылғи мөлдір қанат елестер,
Аға, Сіздің арқаңызға қарасам!..

588 рет қаралды

2 Пікірлер “Қанат сілку”

  1. Данияр Тараздан:

    Бір арудың кірпігінде ілініп,
    Қалайықшы үзілмейтін жас болып?

  2. Акмоншак:

    Журектин сози…

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion