03.04.11

Құдыреттену

Бүгін менің бар күшім сенен білем,
Сені көрсем, керемет кемелденем.
Сен тұрғанда дірілдеп ақ қайыңдай,
Мен ішімнен дүр етіп еменденем!

Сені бүтін сыйлаған Аллам маған,
Сені көрсем, ғаламат ғаламданам!
Сен дала боп мейірім төккен кезде,
Ақ төсіңде жол болып тарамдалам!

Әлсіз күйім бұрынғы жырақтаған,
Сені көрсем, құлпыра қуаттанам!
Қара түнде келбетің елестесе,
Нұр шашуға асығып, шуақтанам!

Мұң да енді қоймайды сұрақ маған,
Түнегімде тұншығып шырақтанам!
Шөл ішінде үлбірек гүлім болсаң,
Құм астынан ыршыған бұлақ болам!

Саған тиген жандарға жұтқа айналам,
Сені сүйген жандарға құтқа айналам.
Сен сүйетін әлемді әр таң сайын,
Тазартатын мөп-мөлдір шыққа айналам!

423 рет қаралды

2 Пікірлер “Құдыреттену”

  1. МУНИРА:

    Бакыт деген балалык кезім екен ,
    Омір деген МУНДАРГА тозу екен
    ИНШАЛЛА Жаныныз малдір булак суын-дай таза болсын

  2. Назгуль:

    Сіздін жыр шумақтарыңызды әрдайым аса тоғаныспен оқимын, бойыма қуат-жігер аламын, өмір сүруге деген құштарлык пайда болады. Ғажайып сезім… улкен рахмет!! Талантынызға бас иемін.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion