21.01.10

Қысқы кеш этюді

Шайырларға

Зәулім үйлер арасынан, сәулесіз,
Сүйретіле шығып жатыр қара кеш.
Бізді мүлде түсінбейтін, әуресіз,
Алдымызда әлем жатыр алапес.

Ызғарлы кеш құбылады, киесіз,
«Құс жолы» да – бір құбыжық, ала төс.
Қап-қара ауа айнасынан иесіз,
Қадалады кірпігі жоқ қара көз.

Ол нендей көз?
Тегін емес, әйтеуір,
Бір қатерді ымырт келе байқағам…
Телесандық айтқан сайын ертегі,
Көкіректі шер басады қайтадан.

Әлдебір дем терезені жиектеп,
Иір-иір ою-өрнек жасаған.
Бір өрнекте – қырауланған жүректер,
Бір өрнекте – гүлді құшқан ошаған…

Бір өрнекте – қыз сұлбасы қаралы…
Бір өрнекте өлеңдерден қалған із.
Бір бұрышта ақ параққа оранып,
Қара кешке сіңіп жатыр сұлбамыз…

730 рет қаралды

1 Пікір “Қысқы кеш этюді”

  1. Айгерім Кудекова:

    Қыста қақаған 25-қантарда дуниеге келген маған осындай өлеңдер қатты ұнайды.ТАМАША……….Ақын ағама алғысым шексіз……………..

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion