Әлдекімнің көмейінен құбыла,
Шашырап тұр дыбыстардың сәулесі.
Көздерінен жарқ етердей шұғыла,
Сөздерінен өртенердей бөлме іші.
Бұл нендей үн,
Арбап жатқан ауаны?
Ми төзбейтін әуендердің жаңбыры,
Бұл сұраққа Оның берер жауабы –
Тылсымданған жаңғырық.
Әлдеқайдан күмбірлейді күй басқа,
Бұл дүниенің емес мүлде нотасы.
Саналарға қадалғанда қиғаштап,
Айқай ғана күбірлейді опасыз.
…Елең-алаң кейпім мынау отырған,
Есім шығып мына дауыс-нөпірден.
Тәңір Өзі бәзбіреудің атынан,
Сөйлеп-сөйлеп жібергендей эфирден!…
