Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта,
Қимылы жоқ, тынып тұрған әлемде,
Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,
Күліп тұрып, реквиемге елеңде.
Сәуле іздеп, жарық таппай түңілгем,
Мың түнектің керуеніне ілестім.
Шыңғыстаудың елесіне көмілгем,
Келмеген соң жалған күнмен күрескім.
Қиямпұрыс қиялына құл адам,
Саф алтынын таба алмайды сабырдың.
Күйсандықтан басқа күмбір сұрағам,
Лақылдап кеп Лакримоза ағылды.
Тұңғиықтың шеті де жоқ, шегі де,
Тұңғиықтан тұнық көздер қарады.
Ауаменен көшкен күйдің легі де
Ой-санама ойран салып барады.
Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта,
Мәңгілікте қалу – менің әлегім.
Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,
Реквием боп жылап тұршы әлемім…
