Жаңбыр
Жапырақтан жылы жасы ыршыған,
Бақылашы мына жаздың жаңбырын.
Тамшыларда дауылдар бар тыншыған,
Дауылдарда – мұхиттардың тағдыры…
Қарашыққа құлағандай жарық бар,
Түкпіріне сүңгіп кетші тамшының.
Тұнып тұрған сол әлемде қалықтап,
Ұшып жүрсін жан-шыбын.
Өз атыңды естігендей нөсерден,
Шығып кетші дуылдаған қауымнан.
Мөлдіреп кеп көшелерге төселген,
Жаратылыс жұмбағын көр жауынан!
Саған жауын мұңын шағар, сұрасаң,
Тылсымдықтың сырын ашар үңілсең.
Тамшылармен сипалайды жыласаң,
Тысырымен жұбатады түңілсең…
Күзгі сарын
Аяқталды гүлдердің патшалығы,
Ақ қауыздар шашылған бақша қалды.
Тағы да бір жалғыздықты жараттты,
Жіңішкерген көлеңкесі сабақтың…
Жаз күнінен қалмағандай шаттығы,
Дала жатыр басылғандай аптығы.
Қырау шашы ағарып мына жалған,
Тыраулардан құтылып тына қалған.
Бір жапырақ теректен тұра қалған,
Ирелеңдеп тым баяу құлады алға…
Бақша ішінде жылап жүрді жел бейбақ,
Жылынбаған күнді ойлап,
Жұлынбаған гүлді ойлап.
Айтылмаған жеті сөз кеңістікте жүрді ойнап,
Ал, оларға өкініш шашып тұрды мұң-қойма…
Мен білмегем ештеңе,
Мен гүлдерді іздедім,
Күзге қарай бастады өзім басқан іздерім.
Күзге қарап жыладым,
Гүлдерімді сұрадым,
Азан-қазан күйге бір тұнып қалды құлағым.
Бекер болды ақшамда бақшаларды кезгенім,
Айналыпты шындыққа таңсәріде сезгенім,
Естірткендей әдейі пәк гүлдердің қазасын,
Тікенектер ән салды жүрегімде мазасыз.
Күзгі элегия
Сары мұң қалды көгалда…
Жазмышын өзі сызған бақ…
Тұманды жарып жоғалған
Қып-қызыл Күнім – қызғалдақ.
Қайырлы бұлттар қанатты,
Төбемнен ұшты бұрқырап.
Теректің жасын санап тұр,
Көбелек – сары жапырақ.
Жарқырап қайта шықса-ай Күн!
Топырақ көзі – қақ суы…
Мылқау бір жынға ұқсаймын,
Сіміріп алған бақсы уын.
Сырымды кім бар тыңдамақ,
Қоштастым Көкпен. Пенделік.
Жүректе жырым іңгәлап,
Тұманда жүрдім, сенделіп…
Түлкібас
Қуалаған құлын-бұлтты кекілді,
Жұпар ауа жуындырар бетінді.
Суы шипа, шөбі шүйгін мына жер,
Әлемдегі Кіші Жұмақ секілді.
Мына тасқа, күнге күйген баяғы,
Таңба басып тарих қолын қояды.
Гүл жайнап тұр тиіп кеткен белеске,
Хауа Ана мен Адам Ата аяғы.
Мына таулар өркөкірек, әмірлі,
Олар көрген Жаратушы Өмірді!
Жұмырбасты бұл жұмақтың тұрғыны,
Пейіштегі періштедей көңілді.
Мың бұтақта сайрағанда құс түрлі,
Қыстың өзін менсінбейсің қыс құрлы.
Мөлдіреген сөл бөлінер еменнен,
Тарам-тарам жасы болып Рысқұлдың.
Суаруда топырағын құнарлы,
Ақсу менен Жабағылы сыңарлы.
Парасатқа бас иетін мына ел,
Туған екен дара тұлға Тұрарды.
Жағасында күміс қылдай Арыстың,
Маған қарап, сыбырлаған қамыс тұр.
Сәл жоғары көзді тіксең асқарда,
Тауға ұқсас теңбіл-теңбіл барыс жүр.
Қала жақта жүргеніңмен жеңіспен,
Суы мұндай болмайды екен сен ішкен.
Кету керек Түлкібасқа қамықсаң,
Жұмақтағы тату үшін жемістен!
Алтай күзі
Қызықпауды үйрендім ештеңеге,
Қайғырмауды үйрендім «қош!» дегенде.
Тек жапырақ көңілім дірдектейді,
Күз келіпті кешікпей Өскеменге…
Мен біреуге қас па екем, дос біреуге,
Мен үшін бақыт енді кеш тілеуге.
Сен ұмыттың Шығысым өз балаңды,
Мен де үйрендім үніңді естімеуге.
Ано-о-у күзден көзімде бояу қалды,
Қайран Шығыс суына тоя алмадым.
Сен балаңды ұмыттың, үйренгенсің,
Мен өзіңді аңсауды қоя алмадым.
Бір күндерін бір күнге жалғап өткен,
Күзге қарай таусылар арман көктем.
Жүрегіме кіріп ап теңселеді,
Өскеменді қоршаған орман біткен…
Мына түні мөлт етіп, жер құшты кім,
Жоталарың неге үнсіз өркешті мұң?
Самбырлған дауысын Рүстемімнің *,
Еске салып жылайды Ертіс бүгін…
__________________________
• Рүстем Есдәулет – ақын, режиссер, актер.
Көңілсіз қыркүйек
Оңтүстікке құстар ұшып, жеткенде,
Кезіп кетер кеуде ішін күз-көңіл.
Көздеріңе жұлдыз түсіп кеткенде,
Батыс жаққа асығады бір ғұмыр.
Солтүстіктен ызғар шаша күз келсе,
Мың бүгіліп намаз оқыр қызыл гүл.
Шым-шытырық түске енді төзбесек,
Шығыс жақтан күн көрмейміз біз бүгін.
Аспанымнан жараланған қанаттан,
Тамып түсер мөлдіреген тамшылар.
Кім жылап тұр?
Біз білмейтін жәннаттан,
Бізді аяған, күнәсіз бір жан шығар…
Әне, әне!
Бір қауырсын қалықтап,
Көбелектей қонды жолдың бетіне.
Жанып кетпе, өмір атты тамұқтан,
Ақ, қауырсын, өтінем!
Үзіп алып жапырақты саркебір,
Бір шетіне құстың көшін көшірдім,
Бір шетіне өлең жазып әлдебір,
Әдемілеп оны қайта өшірдім.
Мен де бір күн үзілем де сабақтан,
Жапырақтай саған ұшам Жаратқан!
Сонда маған құс қанаты қанатқан,
Аспан жақтан шашылады парақтар…
Алғашқы қар
Диірмен-аспан түбінен,
Төгілді мәрмәр ұнтағы.
Азынақ көңіл етегін
Қымтағын.
Ақ ұлпа құстар ғарыштың,
Қонақтап жатыр жерге аман.
Бойынан сырғып қамыстың,
Бір тобы құлар көлге алаң.
Әуеде билеп ақ құйын,
Тигізді тауға табанын.
Тәңірдің берген ақ сыйын,
Қабылдап жатыр жалғаным.
Ақша қыз мақпал денесін,
Тигізді жапырақ-жігітке.
Сорайған аппақ енесі,
Көндірді күзді үгітке.
Күздің де бітті билігі,
Төрінде қыстың бейнесі.
Бебеулеп кірді килігіп,
Ақ аттар тартқан күймесі.
Қалықтап келіп көгімнен,
Төселді көрпе қар мамық.
Оранып аппақ кебінге,
Сіресіп қалды быламық…
P.S.
Терезе сырты ақ әлем,
Бер жағы дерт пен дәрілер.
Ұйқассыз ұйқы – ақ өлең,
Ақшақар қыздай дәрігер…
Қысқы палитра
Қар жауып тұр былтырғыдай,
Неткен өрнек ағыл-тегіл.
Аяз ата – жылтыр құдай
Алдап жатыр тағы мені…
Гүл өсіп тұр темірге де,
Шын гүл емес, қырау ғана.
Мұнша қатал өмір неге?
Тағдыр деген – жылау ғана.
Солқылдап бір жылап алшы,
Мұзға айналсын қарың мына.
Тұра алмаймын сірә, қарсы,
Көк аяздың жалынына!
Сұп-суық боп, маздап тұрсаң,
Жұбанады жалған мына.
Жапырағын жаз лақтырса,
Обалын да қардан сұра!..
Жылашы сен!
Жылағаның –
нағыз өмір,
Қалғаны – ермек.
….Білдіреді тұман барын,
Мұзішіндік таңбалы өрнек…
Сәлем, көктем!
Сәлем, көктем,
Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің,
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
Сәлем, көктем,
Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
Сәлем, көктем,
Өрнек қандай су салған,
Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың,
Жұпар исін жұта берем жусаннан.
Сәлем, көктем,
Өліп кетпеу үшін мен,
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты – керемет той, аста-төк,
Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген…
Сәлем, көктем,
Өркеш-өркеш томарың…
Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!..
Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып,
Қауызында сақталса еді обалым!..
Сәлем, көктем!
Кіл еңбекқор, кіл асқақ
Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан.
Көңілімнің оркестрін ойнатты,
Тырналардан нота түзген мына аспан!..
Теңіз-көктем
Көктемдегі жапырақтар – толқындар,
Ал, көктемнің өзі ұшан бір теңіз.
Көктен түскен сәулелерде алтын бар,
Көкіректің көзіменен көрсеңіз.
Көк желектер жұлдыз болып жайнаған,
Көктем деген аспан дер ем, сенсеңіз,
Көктем келсе дуадағы шулаған,
Ауыл жаққа алып барам, ерсеңіз.
Көктем біздің ауыл жаққа келгенде,
Таулар жасыл кемелерге айналар.
Қажып жүрген кеудеңдегі шерменде,
Жүрегіңді ерке самал аймалар.
О, туған жер!..
Қоңыр сағым кештегі,
Ұқсап кетер топ-топ жүзген дельфинге.
Қиял деген қайығыңның ескегін,
Есе түссең, есе түссең еркінде!..
Таңғажайып теңіз десем бұл маусым,
Жаздың өзін жатырқайтын шығарсың.
Толқын-толқын бұлттар көшсе көктемде,
Көк аспанның тұңғиығын ұғарсың!
***
Биыл тағы тобылғылар гүлдейді,
Өзен жақтан сағынышты қаңқыл кеп.
«Биыл тағы ауыл жаққа кел!» – дейді,
Түнгі ұйқымнан оятатын әупілдек.
Биыл тағы қыраттарда гүл жайнап,
Есіл-дертті ертіп кетер белестер.
Биыл тағы жанарымда – мұңлы ойлар,
Ауыл жаққа асықтырар елестер.
Биыл тағы тұнық аспан төрінен
Жер бетіне Тәңір нұрын көшірер.
Биыл тағы нөсер мені шомылтып,
Кезекті бір ит көйлегім шешілер.
Биыл тағы тәж қып киіп сағымды,
Патшалығын көрсетеді асыл жер.
Еске салар бозбалалық шағымды,
Бір арудың көзіндегі жасыл көл…

ақын Ақберен сіздің “табиғат лирикасы”өлеңдеріңіз “Абайдың лирикасынан кем түспейді, сіздің жаныңыздың соншалықты романтик екеніңізге таң қалып отырмын. өте сауатты жазылған,талабыңызға нұр жаусын!
өлеңдеріңіздің мен сияқты оқырмандары көп болсын!сіз интернетте ғана шығармай өлеңдеріңізді неге кітап қып жарияламайсыз,оқырман қауымның көпшілігі сайтқа кіре бермейді ,ғой.
Табиғат лирикасы жазылған шығарма өте керемет! Сіздің табиғатқа арнап жазған шығармаңыздың барлығы Абай тамыздың шығармасынан кем емес деп білемін. Арқашан осындай өлеңдеріңізбен таныла беріңіз! қаламыңыздың сиясы еш таусылмай, шабытыңыз еш кідірмей арқашан ақын – жазушылардың алды болып, қаламыңыздан керемет өлең жинақтар шыға берсін!
Отлично! Вы все настоящий писатели!
Керемет! Соз жок!
Баріде өте жақсы. Осындай өлеңдеріңізбен биіктерден көріне беріңіз.
The girl let’s any marketing campaign work your five instances, keeping mindful track of typically the getting capability of the promotions, in addition to may keep your most profitable in addition to variations any smallest.
сайтыныз оте унады!
Табиғат жайлы өлеңдеріңіз өте тамаша екен Мен бұл өлеңдерді оқи отырып тамаша әсер алдым
оте тамаша. Маган унады.
ote jaksi magan olenderiniz katti unad
olenderiniz ote zhaksi eken.
Туган жерим Тулкибасты доп басып суреттепсиз, ауылымды ансап кеттим. Ауылга конак болып келиниз, бирге жупар исин жутайык, шын ниетиммен шакырам ага.
маған өлеңдерініз қатты ұнады.өте керемет…
Адемі өрілімдер ага!
Ассалаумагалейкум ага!Сіздің табиғат лирикасына арнаған өлеңдеріңіз жазылган диссертациялық жумыстар бар ма,маған өте қажет болып отыр?!