Жүре бермей өмірдің көшіменен,
Есім кетіп, сүйді екем несіне мен?
Жұлдыздар да ендігі жұбатпайды,
…Ай жатыр шалқасынан есінеген.
Ауламда күбірлейді құлаған нұр,
Құлаған нұр, сезім бе жылаған бұл?
Түн кейде жұбататын…Ол да бүгін,
Меңірейіп неліктен тына қалды.
Жарқанат та жоғалды балкондағы,
Жалғыздық-ай жүректі талқан қылды!
Ұшқын шашып төменге, жұбататын,
Шылымым да таусылды қалтамдағы…
Маған жалған туғаннан тосын еді,
Болмысым неге нәзік осы менің?…
Мені ылғи жұбататын, әзіл айтып,
Ұйықтап жатыр үйінде досым менің…
Сезім мен шарасыздық айқайласып,
Тұрған кезде, қалайша жай табасың?
Жазшы жаным, жалқы сөз sms-пен:
«Сүйем» деген сөзіңді қайталашы…

Бір сәттік құлазу… Қарапайым өлең.
Құлазыған түндердегі серік-ойлардың шерменде қалмай жарыққа шыққанының өзі дұрыс шығар…
Түн тақырыбындағы өлеңдеріңіз өте керемет екен
Басы жақсы ақ басталған, соңы тым қарапайым, қарабайыр
Ақбауырым, тағы да мен болып, жоқ, тек қана мен емес, “Жалғыздық” құрсауында жалғыз қалғандар атынан сөйлеп тұрғандайсың.Керемет. “Басы жақсы басталған, аяғы қарабайыр” деген пікірмен қосылмаймын. Әсірелеу жоқ, қарапайым ҚАЗАҚ тілінде,АДАМ тілінде. Жаңа, жақсы өлеңдеріңді сағына күтем.