Менің нала – мұңымнан жаратылған,
Алматыны орады ала тұман.
Түкпірінде тұманның періште жүр,
Пейіш нұры тамшылап қанатынан.
Айырылғандай мәңгіге тағатынан,
Уақыт күйі қалқиды сағатымнан.
Нәрестенің шырылы маза бермес,
Көрші әлемнің төрінде жаңа туған.
Жұпар жұтып алған соң қауыздардан,
Сөздер түсіп барады ауыздардан.
Тұңғиыққа құлайды нәзік дене,
Бір сөз үшін байқаусыз бауыздалған…
Ал, ішімде бақсылар жұлқынады,
Дауыстары алыста бұлқынады.
Кісінеп кеп жүрекке қарғып кірер,
Жаратқанның жабайы жылқылары.
Көздер атып шыққанда шарасынан,
Тұтанады ормандар қарасынан.
Сен көзіңді табарсың қарап тұрсаң,
Жаутаңдаған жанарлар арасынан.
О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай,
Тұман бірде тулайды дауылдырдай.
Жүгіресің тұманның тұнығына,
Тұнығында тұп-тұнық ауыл бардай.
Бойындағы біткен соң жанып сабыр,
Кездесесің бақытты халыққа бір.
Ол әлемнен шошынған тірі денең,
Ұмтылады жердегі жарыққа бір…
Көзіне көрінбейтін жарық та бір,
Қара жалын лаулаған тамұқтай дүр.
Сәулелерін жұтып ап ала тұман,
Түйсігіңнің төрінде қалықтап жүр.
Періште ше?
Түтіндеп қанатынан,
Отқа оранар… (ол оттан жаратылған!).
Қауырсынға қол созар жұпарланған,
Күнәлардан жалыққан қара күмән…
Менің нала-мұңымнан жаратылған,
Алматыда басылар ала тұман,
Жарық – патша сұрайды аспан астын,
Түн атты қара құлдан…
***
Өткен күнгі елестерім көмескі,
Қаңғып кетті сүрлеулермен ең ескі.
Ерінімнен бұлт ұшырып отырмын,
Түйсік жақтан түсініксіз жел есіп.
Көз ұшында желтоқсанның мұздары,
Шошытады тірі жандай қозғалып…
Үстел маңы шым-шытырық оқиға,
Айтылмаған бара жатыр сөз қалып…
Құрбандыққа шала алмастан өлеңді,
Осы күйден арылмаспын мен енді.
Бұрымындай сұңғақ бойлы арудың,
Білегіме орап тұрмын сөйлемді.
Көшелерді тұман демі кезіп жүр,
Көшелерден тұман нені сезіп жүр?
Елегізіп отырудан жалықтым,
Кімнен, қайдан келген екен сезім бұл?
Қолындағы кісі көмер күрекпен,
Бір құбыжық үңіледі түнектен.
Өлең болып мөлдіреген жаныңды,
Оқып тұрар дірілдеген жүрекпен…

Шіркін өмір кейде арғымақ ат секілдісің жалынан тартып мініп, көсіле шапқың келеді. Кейде әркімнің астында жүрген сайқалға ұқсайсың мықтылап тұрып бастан тепкің келеді.