14.01.10

Тыныштықбекке хат

Амансыз ба, Семейдегі қымбаттым,
Арамызда жатыр әне, қара түн.
Менікі сол – жеңілдету жұмбақты,
Сіздікі сол – жаңа әлемдер жарату.

Біздікі сол – көзбен көктен түн ішу,
Сағыну бар Өзіңізді, аңсау да.
Тіршіліктің тіреліп тұр қылышы,
Уақытым жоқ шаршауға.

Сол баяғы, шылым шегу. Төселгем.
Сол балконда тағы отыру қамалып.
Керуен-керуен серуен құру көшеде,
Емес бүгін жаңалық.

Ал, Сіз бүгін?.. Білем, білем,
Мыңдаған,
терезеден кроссворд шешіп тұрсыз ғой.
Мың бұралып жатпай жатыр сынбаған,
Ақ қағазға қырың берген қырсық ой.

Естен мүлде шығарып сап басқасын,
Оятам деп қоғамсынған кереңді.
Өн-бойынан жасын шашып жап-жасыл,
Көздеріне үрлеп тұрсыз өлеңді.

Шіркін, бізге билік берсе,
Күн ертең,
Сансыз жұлдыз қуанар ед көкте ағып.
Еркін рухты бабаларым күнелткен,
Кетер ме едік, Алтай жақты бетке алып.

Аға, ертең, құлып салып жүрекке,
Күй кешсек қой, тым ерекше, бөлекше.
Сүңгіп кетіп, шексіз, шетсіз түнекке,
Түкпіріне ақ сәулелі гүл ексе!

«Бірақ» – деген бес әріпті сөз құртар,
Біздегі бар қиял және арманды.
Қаймықпаңыз, ертең жерді қозғалтар,
Қарауылда қалған мұң…

641 рет қаралды

1 Пікір “Тыныштықбекке хат”

  1. Анонимно:

    Тамаша өлең екен!
    Тыңдасам елең етем. Әуенге елтімейтін,
    дүние керең бе екен.
    Ақберекен ақын екен!

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion