28.01.11

Вокзалдық мұң

Теміржол вокзалы – қоштасу алаңы,
Тағдырдың мазағы – аспанның амалы.
Бейтаныс жолаушы – бес күннің қонағы,
Елемес ешкімді, ешкімнің жанары.

Дәл бұлай болмаған, дәл кеше, сәл бұрын,
Әлдебір бір діріл, сағыныш әлде мұң?
Жүректі қартайтар осындай күндерім,
Жүз жылға есейді тағы да жан бүгін.

Көкжиек жолағы – орамал алқызыл,
Мен кеттім, сен қалдың, аңсаған жалғызым.
Тағы да күдіктер – қуақы түлкілер,
Тап-таза көңілге шимайлап салды ізін.

О, сондай дәрменсіз жұбатар жол мені,
Жұбатып көрем деп жылатар ол мені.
Жолдардың мақсаты – қиналмай қысқару,
Адамға қызықты бере алар ол нені?

Қос шаһар, қос мекен, мүлде өзге бейнесі,
Ауылдық шақтарын түсірер кейде есі.
Ал, біздің арада мұхиттай дала бар,
…Кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы…

613 рет қаралды

3 Пікірлер “Вокзалдық мұң”

  1. kalamkas:

    Ал, біздің арада мұхиттай дала бар,
    …Кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы…Олен жап-жаксы. Бірак магынасы булдыр ма калай?

  2. Ляйла:

    Рас, вокзал алаңын сағыныш пен мұң, қимастық сезімдері кернеп тұрады емес пе…Дегенмен, жолдардың адамға ұсынар қызықтары да жоқ емес…

  3. Гүлсім Давлетбақова:

    жақсы екен.

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion