Бұл шығармамды бала кезімнен сүйіп оқыған
қазақтың қайталанбас хас жазушысы
Бердібек Соқпақбаевтың рухына бағыштаймын.
КІРІСПЕ ОРНЫНА
Қадірлі оқырман! Сіз оқығалы отырған мына шағын хиқаят менің қызықты да мұңды балалық шағымнан сыр шертеді. Шығарма шырайы шындығында демекші, осы хиқаятта баяндалған оқиғалар ойдан шығарылған дүниелер емес, менің басымнан өткен тағдыр.
Хиқаятта аты аталған кейіпкерлер де кездейсоқ, қиялымда туған жандар емес, бірі бақиға аттанған, бірі фәниде сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан адамдар. Мен осы шығарманы жазу барысында бір кейіпкерлерімді жақсы жағынан көрсетіп, екіншісін әжуалап, жамандауды мақсат еткем жоқ. Керісінше, басымнан кешкен оқиғаларды, бүлдіршін кезімнен жадымда сақталған үзік-үзік естеліктерді әдебиетсүйер қауымға жеткізгім келді. Хиқаятты оқуға жеңіл, көп жерінде оқырманды мұңайтқаннан гөрі күлдіргенді жөн көріп жазуға тырыстым. Сондықтан, егер осы хиқаятта аты аталған кейіпкерлердің туған-туыстарының, құда-жекжаттарының, жора-жолдастарының, бала-шағаларының намысына тиіп кетсем, ол оқырмандарымнан алдын-ала кешірім сұраймын.
Сонымен, бақидағы кейіпкерлеріме дұға бағыштап, тірілеріне ұзақ ғұмыр тілей отырып, сізді, құрмет оқырман, менің балалық шағыма сапар шегуге шақырамын.
Бірінші бөлім
Үржардағы сары үрпек
Әкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік. Алматыдағы үйімізден алғанымыз – бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны автобусқа артып алып, шешемнің төркініне тартыппыз. Әкемізден үшеу қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан және мен.
Бұрыңғы Семей облысына қарасты Үржар, өзіне аттас ауданның орталығы. Қысы қақаған аязды, көктемі сұлу, жазы күннің мейірімді нұрына, күзі жеміс-жідекке бай, табиғаты тамаша Үржар, қалың найман мен керейдің байырғы құтты мекені. Тұрғындары ақкөңіл-сауықшыл, емешегі үзілердей мейірбан, әзілқой және өнер мен білімге құштар Құдай сүйген пенделер. Шығысында Тарбағатайдың тәккаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге, ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам баласына көңілді өмір сүруіне Тәңірім барлық жағдай жасап қойған.
Біз осында тұратын болдық.
Мен ес білгелі нағашыларымның қабақ түйгенін, бір-біріне ауыр сөз айтып, шекісіп жатқанын көрген емеспін. Нағашыларым шетінен өнерлі, оқыған, мәдениетті кісілер. Бірі домбырамен күй шертсе, бірі гармоньмен ән айтады, бірі өлең жазса, бірі аймақтағы барлық автокөліктердің хирургы – әйгілі моторист, бірі Құдай жолына түскен діндар болса, бірі таланты фотограф.
Төрт жасымда мен осындай адамдардың арасына түстім.
Мені білетін Үржардағы көрші-қолаң, туыс-жекжат «біртүрлі бала» – деп атайтын. Оның өзіндік себебі бар. Үлкендердің айтуына қарағанда мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғалардан сыр шертетін көрінем. Мысалы үшін, басқа планеталарға шеккен сапарларым жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп береді екем. Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтижелері жайлы таратып айтамын. Ол ол ма, менің әңгімемді қызықтаған қауымға үйдің қасындағы тойғайдан Гитлер мен Борманды кездестіріп, үшеуіміздің екінші дүниежүзілік соғыстың салдарын сараптағанымызды паш етемін! Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс» – дегендей менің «естеліктерімді» тындау үшін үйінен арнайы ала шыққан кәмпит пен пірәндікті жейдемнің етегіне уыстап төгеді. Әлгілерді ауызымды бұлтыңдатып жеп алған соң (мен де адаммын ғой), шөлдей бастаймын. Әңгімемді ертең жалғаймын деп міндетси тамағымды кенеп ишара білдіруім мұң, жақын маңайдағы дүкендерден лимонад әкелінеді. Бұл кезде пақырыңыздың қиялына жарықтың өзі жете алмай аласұратын! «Тархун» әкелінсе (сол кезде ол лимонадтан қымбаттырақ тұратын), мен жаңа, тың естеліктерге сөзсіз көшем. Бұл «мінезімді» біліп алған ағайын күн ара менің әңгімелеремді тындауға әжептәуір дайындалып келетін. Мен де олардың көңілдерін қалдырмауға тырысам. Ол үшін, менің бала миым ұдайы жұмыс істеп тұратын. Жаңа қырық өтірікті ойлап табу оңай деймісіз? Ол бір бес минутта айта салуға келмейтін күрделі және машақаты көп жұмыс. Елді мезі етпеу үшін айтылған әңгіме қайталанбауы тиіс. Оның үстіне айтып отырған оқиғаларда логикалық сабақтастық міндетті түрде болу керек. Бір жерден сондай дүниелерді оқып алып, соған өз жанынан бірдеңелерді қосып, ұра беретіндей, мен бес-алты жасымда әлі хат тани қойғам жоқ. Сондықтан мен тәтті-мәтті мен дәмді сусындарды маңдай тер, адал еңбегімен алатынмын. Жұрттан түскен «гонорардың» тең жартысын міндетті түрде ауру ағама әкеліп берем. Ол өз кезегінде маған салған суреттерін сыйлайтын.
Ағам екеуміз дос едік.
Менен екі жас үлкендігі бар ағам, нағашыларымның айтуына қарағанда үлкен кісілердің әңгімесін айтады екен. Туғанынан мүгедек боп қалған ағам, тапжылмай отырып сурет салатын. Мен оның салған суреттеріне сүйсінуші едім. Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне «Бауырыма ағасы Даныштан» – деп жазып қойыпты. Оны мен кейін хат танығаннан кейін оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен әліппені танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл құдды тірі сияқты еді. Әлі есімде, жататын керуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең тұрған кезде ағама «Дәкай, қарашы сен салған гүл жел соққандай билеп тұр» – деп таңқалатынмын. Ол соған мәз болушы еді, жарықтық…
Сол сұрқайы күзді есіме алсам, денемді мұз қариды. Қазанның ең бір сүйкімсіз күндердің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан қыс көп ұзамай қылышын сүйретіп, сау ете қалатын. Сондай бір жауынды-шашынды, ызғарлы күндердің бірінде мен аяулы ағамнан айырылып қалдым.
Біз ағам екеуміз қуыстай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте жататынбыз. Бір күні кешке қарай мазасы болмай тұрған ағам менен су сұрады. Ойын баласымын, шаршап, сілікпем шығып келіп жатқан мен оның көңілін қимай ожаумен су әкеп бердім. Ол оны ішпей, мынауың жылы екен, суығын әкел деп қайта жұмсайды. Тағы әкелем. Ол құдықтан тартып әкел деп тағы жібереді. Мен баруға ерініп, өзің тұр да, ал деп жатып кеп қырсықтанам. Сөйтіп, салғыласып жатып ұйықтап қаппын. Кейін ойлап отырсам, кететінін біліп, өлгенімді көрмесін деп далаға шығара берген екен ғой…
Түн ішінде біреу мені көтеріп ап, басқа бөлмеге ауыстырып жатқызып жатқаны есімде. Таңертең оянсам, сыртта жұрт жиналып қалған, у да шу, біреу еңіреп жылап жатыр, біреу басу айтып жатыр. Түсінбеймін. Басқа бөлмеде жатқаным да түсініксіз.
Біз Данышпан екеуіміз үйдің қасындағы өзенге нағашы апамыздың қазын бағатынбыз. Күнделікті әдет бойынша, атып тұрып, Данышпан жатқан бөлмеге беттедім. Біздің төсек жиналып, бөлмеге басқа төсек кіргізіліпті. Соның үстінде бетіне ақ мата жабылған біреу жатыр. Ашып қалсам, ағам. Енді мен оны оятам деп жұлқылайын кеп. «Тұр, тұр, Дәкай! Қазды шығару керек, апам ұрсады ғой» – деп қоям. Ағам қозғалмайды. Көздерін тарс жұмып алған. Бала санам оның жайдары жанары жарық дүниені енді ешқашан көре алмайтынын түсінбеді. Далаға атып шығып, жылап отырған шешеме келіп: «Анау тұрмайды, мен жалғыз қазға бармаймын!» – деп қиғылық салып тұрмын. Бір жағынан жиналған жұрттың жылауы маған бір сұмдықты сездіргендей шошытып, дауысым бәсең шығып, дірілдей бастағанын да сезіп тұрмын.
Шешем:
- Дәкай қатты ұйықтап қалды. Ол енді оянбайды – деді. Мен әлі де елең-алаң қалпымда тұрмын. Бір кезде санамның түкпіріне «ағам қайтыс болды» деген суық ақпарат жетті. Осылайша мен алғаш рет ажал деген сұмның бар екендігін білдім. Қазалы жұрттың бір шетінде, «енді маған кім сурет салып береді?» – деп бақырып жылап тұрғаным әлі есімде. Сол кездегі ащы өкініш сезімі әлі күнге дейін кеудемде жаңғырып тұр.
Шешем әкем қайтыс болғасын, екі жылдан кейін күйеуге шығатын болды. Бұл мен үшін ең жағымсыз, мүлде күтпеген жайсыз хабар болғанын жасыра алмаймын. Марқұм нағашы апам: «Мамаңды бір жақсы аға үйіне әкетеді, сол сенің папаң болады» – деп жатқаны жадымда.
Әке орнын баспай қалғыр әлгі жақсы ағамыз, елу жасына дейін жылқы бағып, дала кезіп, адамдармен араласпағасын түз тағысына айналған, қарабайыр һәм қатал адам екен. Елу жасына дейін әйел мен бала дегенді білмеген әлгіге менің шешемді зорлап қосқандай. Шешемнің қалың малы ретінде нағашы апамның үйіне бір қара жылқы әкелінді. Сол жылқыны сұмдық жек көретінмін. Ешкім жоқта қорада тұрған байғұс жылқыға алыстан тас атамын. Менің шешеме айырбасталған жануардан өш алғым келгені ғой.
Шынымен бір күні шешем ақыры үйден кетіп тынды. Ол кезде Даныш ағам тірітұғын. Екеуміз қосылып шешемізді жоқтадық. Күйеуге ерте шығып кеткен апайымыз Маржан, анамыздың тойына келген екен, екеуімізді жұбатып жүр. Маржан: Мамамыз барған үй үлкен екен, әлгі болашақ папамыз бай екен, бәрімізді жарылқап тастайды екен деген сөздерді айтып, өзі де егіліп қояды.
Той болатын күні біз үйге қамалдық. Түннің бір уағы. Ешкім жоқ. Мен негізі табиғатымнан шыдамсызбын. Жылауды мен бастадым. Ағам маған басу айтқанмен, өзі де танауын қорс-қорс еткізіп тартып, кемсеңдеп еңкілдей бастады. Шешемізді қимай жылап отырмыз. Қалай ұйықтап қалғанымыз есімде қалмапты.
Ағам сол жылы, сегіз жасында қайтыс болды. Мен нағашыларымның үйінде жүре бердім. Шешем анда-санда келіп тұратын. Кейін онысы сирей бастады. Соған қарағанда қара қайыстай күйеуі жібермейтін болуы керек деп топшыладым.
Мен қазір алтыдамын. Күнде бір ермек тауып алып, ағам мен анамды ұмытуға тырысып бағып жүрмін. Түк етпейді деп қоям, өскесін мамамды анабір сорайған сұмырайдан құтқарып алам деп өз-өзіммен серттесемін. Сол ұлы жорыққа аттану үшін, ағаштан қылыш жасап, садақ иемін. Күнде кешке қарай қысқа көшенің ана басынан мына басына дейін жүгіріп жаттығамын. Мен бір күні шешемді құтқарамын!
Шешем кеткеннен кейін, бұрыңғы менің әңгімемді асыға күтіп жүрген тындармандарым енді еңбексіз кәмпит-сәмпиттерін беретінді шығарды. Біреу қолыма құрт немесе пішінә бере қалса, бір әңгіме бастай қалсам, рахмет, айтпай-қой деп, басымнан сипап, күрсіне-мүрсіне кете баратын. Мен оған не боп қалды-ей деп, артынан қуып берем. Жетіп алғасын, бір әңгіме айтып берейінші деп жалынам. Ол жоқ, кәмпитті былай – ақ ала қой дейді. Мен түсінбей далмын. Олардың мені аяп жүргендерін қайдан ғана білейін? Осындай екі-үш жағдайдан кейін, жыным ұстап, тегін келетін тәттіден бас тарттым. Содан бері тәттіге жаным қас, мүлде жемеймін, осы күнге дейін.
Қалаң
Бір күні жеңгемнен күштілеп тұрып шапалақ жедім. Содан ойбайға басып, нағашы апамның қойынына тығылдым. Сөйтсем, сөредегі тұрған алманы сұраусыз алған екем. Ол алма ағамның балаларына арналған екен. Алма дейтін аулада шашылып жатады. Соны өз қолымен теріп алмай, неге дайынға жүгіресін деген әлгі шапалақ – жеңгемнің уәжі екен. Апамның айқайға басқанын көрсеңіз сол күні! Маған емес, әрине.
Апам мені керемет жақсы көретін. Менің әкем жайлы қызықты әңгімелерді де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу баласын өз ұлындай көрген екен. Есімде қалғаны, нан зауытында жұмыс істеп жүріп, оң қолындағы саусақтарынан тегіс айырылған апам, күнұзаққа картоп аршып отыратын. Ырғағы әдемі бір әнді ыңылдап отырушы еді.
Мен шапалақ жеген күні үйдің іші салқын тартты. Ертесінде шешем келді. Апам оған: балаңды өзің алып, тәрбиеле, менің енді шамам жоқ, оның үстінде мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты өзіңнен жесін деп, мені шешеме қосақтап шығарып салды. Сол күн – менің балалық шағымның тәтті дәурені таусылған күн еді.
Біз селикат кірпіштен салынған, ақ қаңылтырмен төбесін жапқан, ауласы ат шаптырымдай үйдің алдына кеп тоқтадық. Анам осы үйде тұратынын айтпай – ақ түсіндім. Әлгінің үйі шынымен үлкен екен, өзі бақуатты тұратын кісі екені анадайдан көрініп тұр.
Аулаға имене кірген мен ең алдымен сиыр сауып келе жатқан бір апаны көрдім. Апа жүрген жердің бәрі мейірімге толы болады деп ойлайтынмын. Оным бекер болып шықты. Қора жақтан шапшаң жүріп жеткен әлгі апамыз, сүйкімсіз бір қап – қара кемпір екен. Мені көре салған кемпірдің көзі бағжаң ете қалды. Сол жағына қарай шырт түкірді де, әлгі мыстан кемпіріміз сүтін қоюға клетке кіріп кетті. Мен бүрісе түсіп, шешемнің бауырына тығылдым. Біздің жарылқаушы әкеміз малда жүрген болып шықты. Онымен таныстығым жоқ әзірге. Сыртынан бір көргенім болмаса.
Кешке жақын әлгі машинасын гүрілдетіп үйге жетті. Бойы биік, мойыны жуан. Білектерінде бұлшық еттері ойнақшып, тамырлары білеуленіп тұрады екен өзінің. Құстұмсық. Өне-бойынан қара күштің қорқынышты ызғары есіледі. Қабағы үнемі түксиіңкі жүреді екен. Екі сөзінің бірі «әкеңнің ауызын бәлен қылайын…». Шашы бурыл тартқан. Атжақты, дөңқабақ. Көзі үлкен, көкшіл. Бірдеңе ұнамай қалса, тісін шықырлатып қояды екен. Қысқасы, мендей нәзік балаға мұндай қуатты, қарадойыр адам ұнаған жоқ. Қатыгез екенін байғұс жүрегім бірден сезді. Барар жер, басатын тау жоқ осы бір табиғаттың үлкен қателігімен бірге өмір сүретін болдық.
Мені шешем оған таныстырып жатыр. Осында тұрады. Апасы осында жіберді. Қасымда болсыншы деп жатыр. Анау маған ызбарлана қарап, «ой, әкеңнің ауызын…» – деп мені бір сыбап өтті. Көшедегі балалар осы бір сұмпайы боқтық сөйлемді маған қаратып айта қалса, жағаласа кетуші едім. Қазір оның іске асуы өте қиын екенін түсініп тұрмын. Әзірге әліптің артын бағайын деп өзімді өзім сабырға иландырдым. Кейін оның осы сөзіне етім үйреніп кетті. Әуелі ішімнен «өз әкеңнің тағы ауызын ұрайын» – деп күлімсіреп тұратынды шығардым.
Кенет әлгі «әкетайым»: «Шалбарыңды шеш!» - демесі бар ма?! Онысы несі деп шешеме жалтақ-жалтақ қараймын. Шешем оны естімегенсіп, клетке сүйеулі тұрған сыпыртқыны ала салып, жанұшыра ауланы сыпыра бастады. Мен кірерге жер таппай тұрмын. Шалбарды шешкені несі?
- Әй, мақау! Кереңсің бе не, шалбарыңды шеш дедім ғой? – деген күркіреген дауыстан селк ете қалдым.
- Неге, папа?
- Қайдағы папа? Мен саған папа емеспін! Мені аға деп атайтын боласың, ұқтың ба?
- Жарайды, қалауыңыз білсін.
- Шалбарды шеш, кәні!
- Шешпеймін! Ұялам!
- Уахахаха! Ұялатындай қыз емес шығарсың, а?!
- Ұлмын мен!
- Дәлелдеші, кәне, ұл болсаң!
- Мәңіз ендеше!
- Өй, Томаш мына балаң кәпір ғой!
Бұл үйге мен сияқты кәпірлерге кіруге болмайды екен. Ертесінде мәшинесіне мінгізіп алып, өгей әкем Ғабит деген бір хирурга апарып, шырылдатып сүндетке отырғызды. Қара жер хабар жеткізбесін, Қалиасқармен таныстығым осылай басталғанды. Оны былайғы жұрт Қалаң деп атайды екен.
Екі аптадай нағашы ағамның менімен жасты қыздың көйлегін киіп ап, етегін желпілдетіп ауланы сыпырып, су тасып жүріп мені мұсылман қылған Қалиасқарды зерттеумен болдым. Кез келген адам қандай жағдайға тап болмасын, бірінші кезекте қауіпсіздігін ойлайды екен. Мен де сол ойдың жетегінде жүрдім. Қауіпсіздігімді қамтамассыз ету үшін келесідей нәрселерді істемеуге өзіме-өзім уәде бердім:
Бірінші: Көп сөйлемеу. Екінші: Салғыласпау. Үшінші: Айтқанын бұлжытпай істеу. Осы үш ұстаным мені әлгінің қарабұжыр жұдырығынан аман қалдыратын секілді боп көрінді. Бірақ бұл ұстанымдарымды дана уақыт түкке тұрғысыз етті. Оңаша жерде желкеден түйіп қалудан басталған Қалаңның маған тиісуі күн өткен сайын үдеп-дамып, түрленіп, мың құбылып, жаңа формаларға ие болып, өгей әкемді тың ізденістерге жетеледі. Қалекең баланы ұруды өнер деңгейіне көтерген адам. Мысалы, былай.
«Әй, иттің ғана күшігі бері кел!» – деп айқалайды. Үшінші ұстанымымды іске асыру үшін, алдына жетіп келем. Сені кім шақырды – ей деп әлгі мені күректей алақанымен иектің астынан періп қалады да, мұрттай ұшырады. Артынан қарқылдап, мақұлықтарша күледі Мен безе жөнелем. Келесі жолы тағы шақырады. Тағы ұратын шығар, бармай-ақ қояйын деп, қора тазалап немесе малға шөп салып жүре берсем, тағы да пәлеге қалам. Шақырғанда неге келмейсің, сілімтік – деп енді қолдың қырымен дәлдеп тұрып, желкеден ұрады. Тоңқалаң асасын. Жылауға тағы болмайды. Шешеңе айтсаң, өлтірем дейді. Жыласам, көзім ісіп кететінін екеуміз де білеміз. Сондықтан мен жыламауға үйрендім. Бұл маған көше төбелестеріне қатысу үшін зор тәжірибе болды. Күйреп жатқан жерлерден де жеңістің бір ұшын көріп, пайдалы бір дүние алып шығуға мен содан бері машықтанып алдым.
Көше төбелесі демекші, әлгіндей соққылардан кейін, мен бала-шағаның жұдырығын маса шаққан құрлы көрмейтінмін. Ал, өзім Қалаңның маған қолданатын әдіс-тәсілдерін қарсы келген жүгірмектерге мейілінше пайдаланатын едім. Жарты жылдан кейін, біз тұрған көшедегі балалар мені екінші атаман қылып етіп сайлап алды. Мен тек қана Тлеукештен ғана именем. Ол шындығында шымыр және өте әлді бала болатын. Кейін екеуміз адам айыра алмайтын дос болып кеттік. Екеуіміздің басымыздан кешіргеніміз жайлы төмен жақта әңгімелейтін боламыз.
Мектебің мынау, класың…
Арада бір жыл өтті. Мен жетіге толдым. Көшедегі балалар мені көрсе құрақ ұшады. Бәріміз мектепке барамыз деп дайындалып жүрміз. Бірақ қай мектепке баратынымыз белгісіз. Оны үлкендер ғана біледі.
Шешем өмір бақи орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келді. Қазақшасы кез келген қазақтан артық. Елдің бәрі сотқа арыздану үшін, әкімшілікке хат жаздырып алу үшін шешеме келетін. Қазақша тап-тұйнақтай етіп жазып берген ол елдің ризашылығына бөленіп жүретін. Әлгі даңғоймен шешем әдеби тілде келістіріп тұрып сөйлесетін. Соған анау боқтықты қоспай сөйлеуге тырысып, мәдениетсіп, жетісіп қалатын. Онысы тіпті күлкілі еді. Арасы боқтықпен жалғанбаған соң, айтқан сөздері ұйқаспай, басы жоқ аяғы жоқ сөйлемдерді құрауға тырысатын. Болмағасын, әңгіменің аяғында басын шұлғып, дәу-дәу қолдарын сермеп, иығын қиқаңдатып, мыңқылдап, біресе тұрып, біресе отырып, арасында «анау ше?!» деп қойып, ақыры ишараға көшетін байқұс. Маған бұл шешемнің оны жазалап жатқанындай көрінетін.
Менімен анам тек орысша сөйлесетін. Сөйтсем, мені орыс мектебіне берем деп дайындап жүрген екен. Мен болсам, тіліммен жағыма сүйеніп, екі тілде де сайрай беремін. Алматыда тілім балабақшада орысша шыққан екен. Ал, үйде бәрі қазақша сөйлейді. Сондықтан мен мектепке бармай тұрып, екі тілді бала болып өстім.
Бірінші класс. Үржардың дәл ортасында С.Киров атындағы ескі мектеп бар. Бүгін ол І.Жансүгіров шайырдың атында. Сол мектептің табалдырығынан Олег деген орыстың бір баласымен қол ұстасып аттаған едім. Олешка екеуіміз бір партада үш жыл отырдық. Кейін ол сыныптас досым үй ішімен Германияға көшіп кетті.
Сықырлақ парталарымыз жылда боялған соң, ағашынан гөрі, бояуының арқасында қалыңдай беретін. Бұрынырақ төселген ағаш едендері де сықырлақ. Тақтайларының арасы ашылып-ашылып қалған, талай қаламсабымыз сонда түсіп, ғайып болатын. Мектептегі өмір маған үйдегі тіршіліктен қымбат еді. Елдің балалары соңғы сабақтан соң, үйіне қашса, мен мектептің кәнігі қарауылы секілді, айналсоқтап кетпей жүретінмін. Үйге барсаң, қара кемпір берген суып қалған макарон жейсің, одан кейін қара озбырдан таяқ жейсің. Еш өзгермейтін күнделікті тіршілік. Қарын ашқан соң еріксіз, портфеліңді сүйретіп үйге қарай аяңдайсың. Үйде сабақ оқу деген бір қасірет. Кітап ұстаған қолдарыңды иығыңмен қоса жұлып алардай, әлгі дәу жетіп келеді. «Немене, оқымысты болып, менен, менің інілерімнен керемет болып кетем деймісің, қу жетім, айда кет, бұзауға бар» – деп түйгіштеп-түйгіштеп жіберетін. Өзі кітап атаулыдан қарадай қорқатын. Шешемнің жинаған кітаптарына қарап тұрып, осының ішінде бір де бір сурет жоқ, несіне осы қалың қағазға шұқшияды-ей осы жұрт – деп таңқалып жүретін. Бірақ, сол қараңғы адамның ішіндегі Тәңіри рух бәрібір сол кітаптарда ғаламат күш бар екенін сездіретін сияқты көрінетін маған. Әйтеуір, бұл шешемнің кітаптары мен шешемнен туған маған өш. Менің кітапқа әуестігімді ол біледі. Сондықтан зал үйдегі мұқабалары әдемі кітаптарға жолатпауға тырысатын. Мен болсам, ол ақыл-ой теңізіне шомылуға әлі даяр емес екенімді білемін. Бұл жағдай Қалаңның қаперіне де кіріп – шықпайды.
Қалаңның қанжары
Қалаң жарықтық, арақты шелектеп ішетін ауыл сабаздарының бірі еді. Кейін кезде ол қылығын жиілетіп жіберді. Дәу адамның мас болғаны тіпті үрейлі болады. Екі көзі алақтап, сүріне-қабына құлағанда, ауызынан сасық иіспен қоса, боқтықтың тамаша үлгілері көрші тұратын тәмам жұртқа жайылып жатушы еді. Бірақ мен оның шешемді сабағанын көрген емеспін. Өтірік айтудың қажеті жоқ. Есесіне, менің басыма әңгір таяқты әбден ойнатушы еді.
Қыс кезі. Құдай атқан бір түні, Қалаң араққа сылқия тойып кеп, ауыз үйге кір-міре құлады. Шешем мен қара кемпір хал үстінде жатқан нағашы апамның үйіне кеткен. Үйде жалғыз қалған менде ес жоқ. Тұрғызайын десем, басыма пәле тілеп алам. Тұрғызбайын десем, тағы болмайды. Сілейіп қарап тұрмын. Бір кезде, тірі екен, қозғала бастады. Тұрды. Ешнәрсені көрмей тұрған көкшіл көздеріне менің бала сұлбам ұшырасты. Кенет маған тақап келді де, құшақтап еңіремесі бар ма?! Менің де көңілім босап, жылай кеттім. Мынаған бірдеңе көрінген шығар, тәубесіне келіпті ғой, сорлы Қаланым деп қоям ішімнен. Бір кезде «сен оңбағанды асырап жүрген мен де ми жоқ қой, ми жоқ!» – деп қазандай басын қабырғаға дүрсілдетіп ұра бастады. Зәрем зәр түбіне кетті. Бір пәлекеттің басталатынын ішім сезіп тұр. Қазір ұра бастайды. Жоқ. Мені қолымнан жетектеп залға әкелді де, орындыққа отырғызды. Сосын бетіме ұзақ тесіліп қарап отырды. Одан да ұрғаны жақсы екен. Шүңірейген көк көзі өнменімен өтіп бара жатыр. Сосын жақындап келді де, белінен белбеуін шешіп, қолдарымды орындықтың арқасына байлай бастады. Кімнің өлгісі келеді дейсің, мен дереу айқайға бастым. Жап, ауызыңды иттің күшігі! – деп дүрсе қоя берді Қалаң. Мен біткен жерім осы ғой деп, иманымды үйіре бастадым.
Қалаң қиқалаңдап барып, қабырғадағы серванттың есігін ашты. Бірдемені іздеп жатыр. Бір кезде іздегені табылды. Жақында Қалаң Алматыға барып келген. Сол кезде қарақшы пышаққа әуес демекші, мал соятын бірнеше сояудай-сояудай қанжарлар алып келген еді. Соның біреуін алып шықты. Бітті шаруам. Құдды бір кинодағыдай есінен ауысқан Қалаң маған дәріс оқи бастады.
- Ей, жетімек! Мен мына пышақты не үшін сатып алды деп ойлайсың!?
- Мал сою үшін, ағатай!
- Жоқ, мен сені сою үшін алғам мұны! Хахахахахаха!
- Аға, қойыңызшы!
- Қазір бәлем, көрсетем саған!
Жас кезінде Қалаңды бір бойжеткенге үйлендірген екен. Әлгі байқұс әйелін бұл нақұрыс байлап тастап, бауыздамақ болғанда жұрт улап-шулап әрең айырып алыпты деген әңгімені талай естіген едім. Сонысы рас боп шығайын деп тұр. Бірақ мені құтқаратын тірі жан жоқ қой.
Мен енді құтылудың амалдарын қарастыра бастадым. Қолымды байлаған белдік босап үлгірген. Егер жақындап келіп, ұстаса амал жоқ. Қашсам, қазір кету керек. Артымда терезе. Қолымды босатып алғанымды байқап тұрған Қалаң жоқ. Мас. Бөлменің бас жағында креслода пышағын жалаңдатып, мені боқтап, сөйлеп отыр. Жан тәтті, қолымды босатып ап, атып тұрдым. Қалаң да тура ұмтылды. Орындықты көтере-мөтере басынан салып қалдым. Гүрс етіп, Қалаң бар денесімен еденге құлады. Бірдеме деп міңгірлеп, ұйықтап қалды. Мен есім шыққаны соншалық, есікке қарай жүгіргеннің орнына терезеде бір-ақ қарғыдым. Далада қыс. Үстімде іш киімнен басқа лыпа жоқ. Тұрсынғазының үйіне беттедім. Қақпасын тарсылдатып соққылап жатырмын. Үй жаққа қарап, Қалаң көрінбей ме деп қарап қоям. Бір кезде даланың шамы жағылды. Көретін жарығым бар екен.
Нағашы апам хал үстінде жатқанда мені шақыртыпты. Таңертең безілдеп отырып, нағашы ағамның үйіне бардым. Апам байқұс айналып-толғанып жатыр. Шешемді шақыртып ап: мына балаға ешкімнің қолын тигізуші болма деп қадап-қадап айтты. Сосын бір қорқынышты қорылға басқаны есімде.
Апамның жетісін өткізіп, шешем екеуміз үйге қайттық. Қалаң жылыұшырай қарсы алды мені. Басымнан сипап, мұрнымнан шымшып қояды. Онысы түсінікті. Ешкім білмесін дегені. Кімге айтам? Шешем болса, жүрегі ауырады, туысқанға айтсам, төбелес болады. Тағы мені мерт қылуы мүмкін. Әлгі жағдай Қалаң үшін ұмытылғанмен, менің жүрегімде тікен болып мәңгілікке қадалып қалды.
Бұл оқиғадан кейін мен ешнәрседен қорықпайтын болдым. Тіпті алдымнан пышақ алып жүгірсе де, өліспей беріспейтінім ақиқат. Көшедегі балалар мені көпті көрген ардагер ретінде көреді. Қалаң қанша жасырғанымен, кіп-кішкентай көше елдің бәрі оның мені ұрып-соғатынын біледі. Маған солардың білгені жақсы. Тым құрығанда балалары аяғын тартып жүреді. Көшеге шыққанда сіз мына жолдарды жазып отырған пақырыңыздың кеудесін көрсеңіз! Дөңгеленіп жүретін ғой! Мен қақпадан шыға салысымен балалар жүгіріп кеп, маған амандасады. Паңданып тұрып, Тлеукештен басқасын тілімен түйреп-түйреп мазақтап өтем. Оған толық құқым бар. Екінші атаманмын. Көшедегі жүгірмектердің бәрін бір шыбықпен үйіріп алғанымды Қалаң біледі. Кейде көшеге шығып, шылымын шегіп отырып: «Әй, қайсың балаңды менің сары сапалағыммен шығарасың?» – деп көршілеріне одыраңдап қоятыны бар. Ондайда көрші қатындар «Есуас неме! Біреудің жетім баласын төбелестіргіш қораз қылмақшы ма, жынды!» – деп тоңқылдай бастайтын. Оған Қалаң шімірікпей, өте бір жағымсыз түрде қарқылдайтын.
Жылқыауылдағы төбелес
Келесі жылы жазда Алматыдан Қалаңның боқ қарын екі інісі келді. Біреуі менен бір жас, екіншісі екі жас үлкен. Қызық енді басталды! Қалаң жазда бізді Тарбағатайдың бөктеріндегі жылқы ауылына алып кететін болды. Аса барғым жоқ еді, болмады. Шешем бетіме қарап-қарап күрсіне жолға жинап жатты. Арасында сен ақылды баласың ғой, ағаңды тында ана екеуіне тиіспе деп қояды. Мен мұрынымды ішке тартып, мама, саспа мен Рэмбомын ғой деп күлдіріп қоям. Ол маған мүмкін Брюс Ли боларсың деп қояды. Бұл екеуміз бір бірімзді жұбатқан түріміз.
Күні бойы Қалаңның бырылдақ мәшинесімен тоңқаң-тоңқаң етіп, алагеуімде жылқы ауылға да жеттік. Кешке Тарбағатай тауы бөлек бір тылсымға ие боп тұрады екен. Құдды менің әкем сияқты. Маған биіктен қарап, «балам жасыма!» дейтін секілді. Мен тауға қарап кемсеңдей бердім…
Ертесінде Қалаң қоста қорылдап жатқан ана екеуін оятпай мені жұлқылап тұрғызып алды. Қыстағы болған оқиғаны сұрады. Ешкім білмей ме деп. Мен сіз нені айтып тұрсыз деп, түсінбегенсідім. Бұл қылығым Қалекеңе ұнаған болуы керек, желкемнен тартып, құшақтағансыды. Ішімнен: сенің ажалың түбі менен болады деп мен отырмын.
Әлгі екі қалалықтың бірінің аты Асыл, екіншісінің аты Еркін. Екеуінін де атына заты сай емес. Асыл дегені қара домалақ бірдеме. Еркін дегені қараптан қарап қорқып, зарлай беретін бір сүмелек. Аттан кәдімгідей қорқады өзі. Қарадомалақ Асылы тамақсау біреу екен. Алдына не әкелсең өнешіне тықпалай беретін мешкей неме. Сондықтан болар семіз. Еркіні кішкен әлжуаздау. Бірақ екеуінің де менен жасы үлкен. Оған қоса Қалаң сияқты қорғандары тағы бар. Менің бар рухтанарым, іштей сиынарым да жалғыз Тарбағатай. Әлгілердің үстінде адам қараудан жалықпайтын әдемі киімдері бар. Екеуі де әдемі адидас киген. Бастарында бейсболка. Мен үшін бұл киімдер орындалмас арман. Аяқтарында менің аппақ арманымнан аумай қалған кроссовки. Қолдарында электрондық сағат. Жақындап барып, бала болып шүйіркелесейін десем, итеріп жібереді. Менің бар ойым қалайда ана сағатты жақыннан көру. Үржардың универмагындағы сағат мыналар тағып жүрген сағатқа қарағанда дамымай қалған ежелгі уақыт өлшегіш сияқты. Мыналардікі сұмдық енді. Жыбырлаған цифрлер. Ары бері жүгіріп жүрген қара жолдар. Бірдемесін басса пиқ-пиқ етеді. Арасында құлағыңды аймалайтын әдемі әуен ойнай ма, Құдай-ау! Бауы да тамаша. Екеуінің сағаты да, тағаты әр түрлі. Біреуі асқа сондай шыдамсыз жатып-ішер бәле екен. Екіншісі ойынқұмар cужүрек екен. Оның ойыны мен үшін қызтекенің ойыны сияқты. Өзі, өле алмай жүріп, өте қауіпсіз ойындарды ойнайды. Тобы бар. Сол қызыл-ала допты ақырын ғана, жәймен тебеді де, билегендей жүгіріп барып қуып жетеді. Сосын қосқа қарай, аштан өлгелі жүрген баладай тағы да нәзік теуіп қояды. Қарап отырып ішін пыспақ түгілі, зығырданың қайнайды екен. Қалталары толған сағыз. Ауыздарынан көпіршітіп, шар шығарады. Иісі де сондай тәтті. Маған бірақ бермейді. Бірінің бейсболкасынының маңдайында ағылшынша жеті әріптен тұратын жазу бар екен. Мен ағылшынша білмеймін. Сондықтан ол жерге ойымша «Сұмырай» деген жазу жазып қойдым. Екіншісінің маңдайында ирелеңдеп жатқан жыланның суреті бар екен. Еркіннің аты көп ойландырмай табылды.
Мен қостың отымен кіріп, күлімен шығам. Жақын арадағы бұлақтан су тасимын. Сұмырай мен Жыланға шәй қайнатам. Әлгілер менің қожайындарым секілді. Басында менің жырым-жырым денемнен қорқып жүрді ме, көп басына алған жоқ. Еті мен көзі үйреніп алған соң, басынуды бастады, пәтшағарлар. Әлгі сүмелек доп тебеді, мен оны кері қайтарам. Ауылда алысып-жұлысып футбол үйреніп қалған маған мынау бір ерсі көрінеді екен. Қатты тепсем, «не надо» деп қояды. Жәйлап тебемін. Сонын өзінен доп анабіреудің қасынан оқша зулап өте шығады. Доптың өзі жалығып кеткен сияқты көрінеді маған. Күнде осы. Екіншісіне, сағат сайын тамақ жылыту керек екен. Жегені қайда кетіп жатыр мен үшін беймәлім. Біреуінің добын сайға теуіп, көзін құртайын, екіншісінің жегенін желкесінен шығарайын десем, бізге қарап шылымын будақтатып отырған Қалаң менің бар қимылымды жіті бақылауда. Осылай жүріп, үш күн өтті. Мыналардың өмірі түк өзгермейді екен. Жылқы ауылда жүрміз-ау, табиғатты тамашалайық-ау, осқырынып тұрған айғырларға мініп, даланы басымызға көтеріп, айқайлап шабайық-ау, қой бүлдірген терейік-ау, тауға шығып өрмелейік-ау, тым құрығанда допты қаттырақ тебейік-ау да демейді ғой. Қалай келді, солай жүр.
Қалаң мені оларды менсінбей жүргенімді байқады. Намыстанды. Олар інісінің балалары. Мен қайдағы біреудің жетімегімін. Төртінші күні, екеуін шақырып алып, кеңес құрды. Мен олардың жиналыстарын бұлаққа суға кетіп бара жатқанда байқап қойғам. Не болса да көрейік! Ішім әбден пысты. Оның үстіне мен оларға қызмет қылатын ханның балалары ма екен, түге! Келсем, Қалаң ана екеуі маған жабылатыны, кім жеңсе соған Қалаң бір сом ақша беретінін хабарлады. Мен Үржардан шықпай жатып білгем оны. Жабылатынын әрине. Ақша дегенді білмей қалайын. Құдайым берді деген осы, міне!
Міне, біреу тырсылдап алдымда секіріп жүр, екіншісі артымда мың бұралып, сымдай қолдарын жұдырықтап түйіп ап, майысып жүр. Бірінші боп шабуылды мен бастадым. Тұратын несі бар екен! Өлгенде көрген бір төбелес дегендей, әлгі секең-секең етіп тұрған мешкейдің қоңқақ мұрынынан тоңқ еткізіп періп қалдым. Қан фонтанша атқылады. Өзі есеңгіреп, баудай түсті. Екіншісі, суға түскен мысықтай бүрісіп қалды. Оны кеп, добын тепкендей жәйлап кеп, мамық құйрығынан теуіп қалдым. Шыжбың ете қалды да, әлгі ирелеңдеп барып, жерге отыра қалды. Төбелес дегеніміз осымен бітті. Қалаңда түр жоқ. Екеуін шақырып алып, желкеден алақанмен ұрған болып, сипай қалды. Оған әлгі Жыланы бажылдап қоя берді. Семізі мұрнын сүртіп, пысылдай береді. Оның көзінде де алмайдай-алмадай мөлдір жас үйірілген. Мен ішім күлкіден жарылғалы тұр. Күлуге болмайтыны белгілі емес пе! Қалаң уәдесінде тұрды. Бір сом қалтада.
Сізге өтірік маған шын, мешкейі адам екен, маған кетерінде сағатын сыйлап кетті. Ал, Жылан ше? Ол мені кешірмеді. Бұл менің өзім жеткен жеңістерімнің бірі еді. Қалаңнан жылқы ауылда жүрген он бес күн ішінде бірде бір рет таяқ жегем жоқ.
Тлеукеш
Тлеукештің азан шақырып қойған есімі Тілеуқабыл. Ол менің өмірімдегі бірінші досым. Құрдаспыз. Екеуіміз бір-бірімізге сай қосылғанбыз. Ойлап таппайтынымыз жоқ. Қиялимыз. Әкесі Түсіпхан да өте мейірбан, жақсы кісі. Мені жақсы көретін. Жұрт Түсіпханды еркелетіп, Түсек деп атайды. Тлеукеш оны әкем деп мойындамай өскен. Себебі, атасының баласы. Марқұм атасын талай көргем. Көзі бақырайған, сұлуша келген зор тұлғалы адам еді. Ныспысы Рамазан. Бір есімде қалғаны, біздің көшемен өтіп бара жатқаны. Қолында қосауыз мылтығы бар. Сол кезде Рамазан ата үйімізге кіріп Қалаңды көздеп тұрып «бұрқ» еткізіп атып, жалпасынан түсірсе ғой деп бала қиялмен армандап үлгіргенім есімде. Әйтпесе, біреуге өлім тілеу күнә екенін білемін. Кезекті бір соққыдан кейін, Рамазан атаны көрген кезде келген ойлар болар.
Үйдегі ойналмаған ойынның есесін Түсіпханның үйінде Тлеукешпен бірге қайтарамын. Көбінесе, әрине соғыс ойыны ғой. Қаруды кез келген заттан істеп алушы едік. Кәдімгі носилканың сабын жұлып алып, екіге бөлсеңіз, салмақты мылтық болып шыға келеді. Бұл Тлеукештің ойлап тапқаны. Сол қаруды жасап алып, Тлеукеш екеуміз бір күні шпион ұстауға уағдаластық. Біздің тұратын көшенің бір шеті, үлкен тас жолға тіреледі. Арғы жағындағы бос алқапқа ол кезде экспресс шөп егілуші еді. Ол егін шөптің біткен жері қалың жыныс, ну-тоғай. Жұрт оны Сорт-участок дейтін. Онда жүзімнің түр-түрі өсіріледі. Тлеукеш екеумізге соның ішінде қаптап жүрген оңбаған шпиондар елестейтін.
Шпионды ұстасақ, аудандық және облыстық газеттерге фотосуретімізді басып, біз туралы мақалалар жарық көреді. Атағымыз облыс түгілі, мұқым Қазақстанға таралауы неғайбыл. Осы ойлар бізді үлкен ерлікке итермеледі. Келіскен күні, кешке екеуміз трассада кездесіп, сорт-участокке беттедік. Тәңір сәтін салса, бүгінгі кеш нағыз шпиондардың жиналып, құтыратын кезі. Біздің мақсат, қалайда біреуін ұстап, байлап-матап, Тлеукештің үйіне әкеп, қамап тастау. Сосын милиция шақырып, атақ пен даңқа, мүмкін ақшаға да мейлінше бату. Екеуміз өлсе де ұшынан оқ ұшпайтын ағаш мылтығымызды асынып алып, ауыр арқанды сүйретіп жолға шықтық. Арқан қаныпезер шпионды байлау үшін алынғаны оқырманға түсінікті деп ойлаймыз. Сорт- участок алыс екен. Келе жатырмыз. Дала іңірдің бояуын бойына әбден сіңіріп, енді тездетіп қоюлана бастады.
Алыста ағараңдаған бірнәрсе көрінді. Жақындай келсек, «Москвич» маркалы мәшине. Қуанып кеттік. Іздегеніміз алдымыздан шықты. Москвичтің терезелері буланып кеткен. Бізге ол қанен-қаперсіз ұйықтап жатқан шпионды елестетті. Сұмпайы бандит бізді көріп қалмасын деп, еңбектеуге көштік. Жақындағанда ыңырсыған бір дауыс естілді. Буланған терезені сүртіп қалып, қарасақ, біздің көптен бері аңсап жүрген шпионымыз, бір әйелді тыр жалаңаш шешіндіріп тастап, тұншықтырып жатыр екен. Астындағы коммунист әйел шпионның мойынын дәрменсіз құшақтап, құтылмаққа әрекетенетін сияқты. Арасында шаршағаннан ба екен, әлгі басбұзардың арқасынан саусақтары тайып кетіп, сауырын сипалағансиды. Бұл енді біз келмесек өледі екен. Әлгі шпион ағамыз біртүрлі дәу екен бірақ. Бар салмағымен әлгі байқұс келіншекті аяусыз жаншиды. Аяғын аспанға көтеріп сап, езгілеп жатыр. Соған қарағанда, өлтіре бастағанда аяғы кедергі келтірмесін дегені ғой деп қоямыз. Былай еңбектеп барып, Тлеукеш екеуміз ақылдасамыз кеп. Әйелді шпионның жалаңаштап алып, өлтіріп жатуы, өлгеннен кейін киімін шешіп әуреленбей-ақ өзенге лақтыра салу үшін керек. Ал, енді өзінің шешініп тастауы ол оқта-текте әлгі әйел тұншығып жатып, құсып қойса, киімі былғанбауы үшін деп қоямыз тағы. Қысқасы әлгі қылмыскерді ұстауға бел будық. Есікті мен оқыс ашып қалам да, Тлеукеш: «Оңбаған шпион жолдас, Сіз тұтқындалдыңыз!» – деп айқайлатын болды.
Мен есікті жұлқи тарттым. Құдай-ай, тыр жалаңаш шпионды бірінші рет көруім. Борбиған құйрықтары шылпылдай ма, қайтеді, өзі!? Мынау тұншықтырып жатыр ма, әлде байқұс әйелдің ішіне темір ме, бірдеме тығып жатыр ма? Қапелімде анықтап үлгіргем жоқ, Тлеукештің дауысы саңқ ете қалды. Шпионның астындағы пора-порасы шығып терлеп кеткен әйел қаңқ ете қалды. Шпион өре түрегелді. «Ой, мына түн ішінде неғып жүрген балалар – ей» – деп әлгі дәу мені ұстай қалам деп ауаны қармап қалды. Біз Тлеукеш екеуіміз бір-бірімізді айтқызбай түсіндік. «Тақиялы періштедегі» бес сом аз ақша емес, бірақ денсаулық та керек демекші, мына денесі жалпақ шпионға әліміз келмейтіні анық болды. Содан атақ-даңқтан гөрі денсаулықты жоғары қойдық та, Тлеукеш екеуміз зытып бердік. Әлгі шпион артымыздан қуып берді. Зытып келеміз. Артымызға қарай қарай зытып келеміз. Қорқыныштан аяқтарымыз жүгірмей, шпионға болысып келе жатыр.
- Мылтықты таста! – деп айқайлайды маған Тлеукеш.
- Өзің неге тастамайсың? – деп мен де намыстанып бағам.
- Маған керек ол!
- Маған керек жоқ па екен!?
- Ойбай анау келіп қалды! Таста, жүгіре алмай қаласың.
- Бірге тастайық!
- Ал, жарайды.
Мылтықтарымыз шпионға қалды. Қылмыскеріміз мәйкішең бізді қуып келеді. Мылтық болса, кетті. Бірақ арқанды тастауға болмайды. Ол Қалаңның арқаны. Оны тастап, Қалаңның қолынан өлгенше, шпионның қолынан ерлікпен қаза тапқаным дұрыс емес пе?
- Таста арқанды!
- Қалаң өлтіреді!
- Өлтірмейді. Біздің үйдегі арқанды аласың!
- Сендердікі Қалаңдікіне ұқсамайды ғой!
- Түууу, сен де!
- Тасташы, айналайын. Өлтіреді анау, түрі жаман екен! – деп қояды менен оқ бойы алда келе жатқан Тлеукеш.
- Тастамаймын! Ұстап алып, өлтірсін! Сен ауылға бар да елге хабарла! Ертең журналистерге айтсын.
- Пәлесін қарай гөр өзінің! Жалғыз атақты болғын келеді екен ғой. Әкел арқанның бір шетін!
Шпионның күші әйелді тұншықтырғанға кетіп қалған болуы керек, бір кезде жұдырығымен ауаны ұрғылап, қалып қойды. Біз аяқтарымызды сүйретіп, үйге әрең келдік. Ертесінде елге мақтанышпен айтып отырсақ, бәрі ду-ду күледі. Бізді ешкім ерлік жасады деп отырған жоқ. Қызық. Содан бері шпион ұстау кәсібінен Тлеукеш екеуміздің де көңіліміз қалды.
Тимур
Бір күні Тлеукеш үйге жүгіріп кіріп: «жүр біздің үйге бір төбелескіш бала келді. Менен қаймығатын түрі жоқ. Ұрайын десем, туысқан. Қалған балалар үркіп қапты, сен соны бір көрші» – деді. Төбелес десе тұратын мен бе, жарайды деп атып шықтым. Тлеукештің үйнің есік алдында бір топ өзіміздің балалар жиналып қапты. Ортасында қара торы шымыр біреу тұр. Басына лента тағып апты. Үрпиісе барып, таныстым. Ол қолымды қатты қысып тұрып, атын айтты:
- Тимур!
- Ақберен!
- Біз оны Акош дейміз! – деп муридтерім шулап қоя берді.
- Төбелесе аласың ба? – деді Тимур.
- Канишня!
- Қан шыққанша ма, жан шыққанша ма?
- Жан!
- Кеттік.
- Кетсек, кеттік!
Тлеукештің қорасынын артына бардық. Менде ешқашан төбелестің алдында басқалар айтатындай дірілдеу-қалтырау деген болмайды. Қалаңның алдына бара жатқандай сабырлымын. Анау біртүрлі қобалжып келе жатқан секілді. Балалар мен туралы аңызбен қорқытып тастаған болуы керек. Тұрдық. Басталды. Жақсы төбелеседі екен. Тек бір кемшілігі көзін жұмып ап, шабуылдай береді екен. Бір сәті келгенде артына шығып кетіп, желкеден тұсынан Қалаңның кәнігі тәсілін қолдандым. Миы ауызына түсті ғой деймін, «жан шықты, жан шықты!» – деп айқай салды. Уәдеде тұрамыз, тоқтадық. Тимур Тлеукештердің алыс бір туысының баласы екен. Өздері Рудный деген бір қалада тұрады. Жүріс тұрысы қалалық болғанмен, жүрген жерде төбелесе беретін нағыз батыр екен.
Бір күні Тимур Құлақты жеңіп кетіпті деген әңгіме гу ете қалды. Құлақ дегеніміз 78-гі Марат деген сотқар. Одан Тлеукеш те, мен де қорқамыз. Менің маңдайымда тыртық бар. Ол Марат Құлақтың өмір бойы мені ұмытпасын дегендей салып кеткен таңбасы. Қолына тиген затпен ұратын бір қояншық өзі. Сол бір күні менімен төбелеспекші болды. Дұрыстап төбелескеннің орнына жерден бір қиыршық тасты тауып ап, әй-шәй жоқ тура маңдайма бірақ қадасын кеп. Сосын әлгі жалғыз маңдайды ауруханаға барып тіктіргеніміз есімде. Шешемнің қан қысымы екі күн қатарынан көтеріліп, пәле болған.
Сол Құлақты бізден екі жас кіші Тимур соғып тастапты. Міне, ғажап. Жүгіріп Тимурға барсам, мойынын әлгі Мұрат тістеп тастапты, одан қайтып тұрған біздің жауынгер жоқ. Маңғаздана қарайды. Құлақты Тимур астына екі бүктеп, тепкілеп тастапты. Біздің көшеде бүгін той. Себебі, ана көшенің көсемі Марат Құлақ. Енді ол көшенің балалары бізге қарайтын болды. Себебі, жеңімпаз біздің көшенің қонағы! Тлеукеш, Тимур және мен өле өлгенше дос болуға серттестік. Ала жаздай ұмытылмайтын сәттерді басымыздан кешірдік.
Тимур сабақ жақындағанда үйіне қайтатын болды. Шығарып салуға Тлеукеш екеуміз Үржардың шетіндегі вокзалға бардық. Жанары мөлдіреп, бізбен ұзақ қоштасты Тимур. Өзі бір өссе көрікті жігіт болайын деп тұрған бала. Екі аптадан соң, Тлеукеш үйге жылап келді. Тимур жол апатынан қайтыс бопты. Ағам қайтқан кезде бір жылағаным бар, Тимурдың қазасын естіген мен есім қалмай еңіредім. Бала кездегі кіршіксіз достықты қию қиынның қиыны екен. Әлі күнге дейін Тимурдың отты көздері мен әдемі күлкісін, тапқыр сөздері мен жарасымды қалжыңын сағынамын. Бақұл бол, періште досым, бақұл бол! Мен сені ешқашан ұмытпаймын!
Лениннің неменесі
Мұғалім бізге «октябряттыққа» өтесіңдер, Ленин аталарыңның басы қашалған төсбелгі алып келіндер деген. Үржардың универмагынан шешем маған әлгі белгіні сатып алып берді. Бесбұрышты белгінің ортасында дударбас, бала Ульяновтың бейнесі сомдалған. Жан-жағында күннің шапағы шашырап тұр. Сүп-сүйкімді төсбелгі, жалт-жұлт етеді. Мен Лениннің үмбеті болуға дайынмын. Бір бірімізге төсбелгілерімізді көрсетіп мақтанып жүрміз. Келесі аптаның дүйсенбісіндегі салтанатты рәсімді асыға күтудеміз.
Біздің сыныпта Кузьмина Оксана деген немістің аппақ қызы оқитын. Мен ең алғаш рет оған орыс тілінде шатып-бұтып өлең шығарғанмын. Көзі зеңгір көктей тұп-тұнық еді. Алдыңғы партада отыратын. Сабақ үлгерімі кілең бес. Тәртібі үлгілі. Өзі нәп-нәзік, аққудың балапанындай еді. Мен оны жақсы көретінмін. Алайда, ол мені қазақ деп менсінбейді. Кейін ол да Олешканың артынан Германияға көшіп кетті. Сол Оксананың төсбелгісі бәрімізден өзгешелеу боп шықты. Қып-қызыл бесжұлдыздың ортасында Лениннің басқа, мүлде бөлек салынған суреті бар. Бәріміз аң-таңбыз. Біздікі ескі төсбелгі.
Мен сондай төсбелгі табамын деп ант іштім. Өйткені менде де сондай төсбелгі болса, ол Оксана екеуімізді ортақтастыратын, жақындастыратын дәнекер болады деп есептегем. Содан іздеуге көштім. Таныс, туыс-туғандарымның бәрінен сұрап шықтым. Табылмады. Универмагта да жоқ. Көрші Ғалидің қызында бар болып шықты. Ол бізбен қатар оқитын. Бірақ, Абай атындағы қазақ мектебінде. Бізді «хахолсыңдар» деп мазақтайтын ылғи. Аты Меруерт. Біз оны Мико деп атайтынбыз. Сонымен Микодан төсбелгіні жалынып сұрап жүрмін. Оның айырбастағысы жоқ. Әкесі арнайы Семейден әкепті оны. Қызым ерекшеленіп жүрсін дегені ғой. Өзім білетін барлық қулық-сұмдықты қолданып бақтым. Түк шықпады. Есіме оның ирис кәмпитті жақсы көретіні түсті. Баяғыда Миконың: «Маған екі мөшек ирис кәмпитті әкеп берсе де, мен оны бір сағатта тауысып бітірем» – деп жиіркендіргені жадыма оралды. Оны алатын менде, әрине, көк тиін жоқ. Бір мөшек болмаса да, бір киллограмм алмақ оймен, шешемнен ақша сұрап едім, бермеді.
Қара кемпірдің сұр сандығында дүние жүзінің барлық таңғажайыбы сақталып тұратындай елестейтін маған. Ішінен бір килограмм ирис шықпауы тіпті мүмкін емес екенін ішім құрғыр сезеді. Соған ұрлыққа түсетін болдым. Алайда, оның кілтін қолға түсіру, төсбелгіні ұмытудан да қиынға соқты. Ұрлыққа ебім жоқ екенін байқаған соң, басқа амал қарастыруыма тура келді.
Қара кемпірмен бір үйде тұрсақ та, екеуміз де бір-бірімізді байқаймай жүре беретінбіз. Оған менің кей қылығым оғаш көрінгенгенде ғана, сол жағына шырт түкіріп, тәмпіш мұрынын тыржита қалатын. Ол маған ештеңе демейді, мен одан ешнәрсе сұрамаймын. Өзімізбен өзіміз, ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар.
Бұл қара кемпірдің есімі Мәстен. Қалаңның әкесі үлкен молда болған кісі екен. Сол кісі Қытайдан бері қарай ауғанда, әйелі арғы бетте қалып қойыпты. Шиеттей бала-шағасымен қытайлардан қашып келе жатып, шекара маңында қоныстанған қырғыз ауылын уақытша сағалаған көрінеді. Мәстен сол қырғыз ауылының қызы. Сол жерде бірін бірі ұнатып, қосылған десіп отыратын Қалаңның туыстары. Мәстен бала көтермеген күйі, Қалаңның әкесі қайтыс болғанмен, осы үйге адал болып қала беріпті. Бұл қара кемпір өте өжет еді. Өңкиген Қалаң кейде ішіп кеп, елдің мазасын әбден алып болғанда, сахнаға Мәстен шығушы еді. Орнынан оқыс көтерілген бойда, жұдырықтай кемпір Қалаңның аяғынан шалып жіберіп, еңгезердей еркекті топалаң асыратын. Сосын үстіне мініп алып, жұп-жұмыр кішкентай жұдырықтармен бет, көз демей былшылдатып ұратын. Бұл әдіс Қалаңға сиқырдай әсер етіп, сауығып кететін. Жапырақтай кемпірдің астында жатқан Қалаңның: «апатай, өлтірдің ғой, қоя бер, болдым, қойдым, нан ұрсын!..» – деп ойбайлап жатқаны. Мұндай қызықты мен түгілі, осындайда жинала қалатын ақкөңіл көршілеріміз талай көрген. Мұндай таяқ жеулерден кейін Қалаң бір-екі апта моп-момақан күйде жүретін.
Сол Мәстеннің көзінде құпия бір мұң бартын. Мен оның қырғыз екенің біле тұра, ол туралы қызығып сұрамаушы едім. Пәледе нем бар? Төсбелгінің әлегі мені қырғыздардың тарихы мен жағрафиясын оқуға итермеледі. Уақыт аз. Қолға төсбелгіні тез түсіру керек дегендей.
Азын-аулақ мәліметті жинап алған мен, бір күні Мәстенге келіп:
- Апа, Сіз Ыстықкөлде болдыңыз ба? – деп майыса қалдым. Көзі тостағандай Мәстен, одырая қарады да:
- І, оны қайтейін деп едің? – деді
- Бүгін сабақта өттік. Мұғалім қосымша оқып келіңдер деп еді.
Оным енді нағыз өтіріктің өзі. Себебі, біз әлі жағрафия пәніне жетпеген сыныптамыз. Сонда да диалогты жалғастыру керек боп тұр.
- Болғам жоқ, шырақ!
- Болмасаңыз барғыңыз келе ме, апа?
- Ыстықкөлде нем бар менің, басымды қатырмай, аулақ жүр!
- Апа, мен сізді өскенде Ыстықкөлге апарамын!
- Е, мені неғып жарылқай қалдың? Шешеңді апармайсың ба?
- Мен сізді аяймын!
- Не дейд, мынау?
- Аяймын деймін сізді! Сіз ағайын туысқандарыңызды сағынып жүргеніңізді білем. Мен де әкемді сағындым. Ағамды да.
Кемпірімнің өзгергенін көрсеңіз ғой! Әжім тілген бет-ауызы жыбыр-жыбыр етіп, баладай кемсең қаға қалды. Мен осы сәтте пайдалана қалдым да, оның қолын алып, сипалай жөнелдім.
- Апа, мына ағамның туыстары сізді түсінбейді де жақсы көрмейді ғой, ал, мен сізді жақсы көремін. Ылғи қырғызша бір әдемі әндер айтып жүресіз. Соны үйренгім келеді. Сондықтан мен сізге Қырғызстанды көрсеткім кеп жүр. Ол жақта туысқандарыңыз бар. Соған апарғым келеді – деп басып қалып ем, жанды жеріне дөп тиіппін.
Мәстенімнің бажырақ көздерінен жас бырш ете қалды. Жігітін сағынған бойжеткендей солқылдасын кеп! Ойбай, бірдеме бүлдіріп алдым ба-ей дегендей көше жаққа жаутаң-жаутаң қараймын. Қалаң келіп қалса, өгей шешемді неге жылатып тұрсың, ұрғаннан саусың ба? – деп, әй-шәй жоқ соққыға жығуы ықтимал.
О, тоба! Шынымды айтайын, қайдағы Лениннің басы үшін, кемпірдің көңілін босатып жібергенім үшін кәдімгідей өкініп қалдым. Өзімді өзім іштей жегідей жеп тұрмын. Алайда, шегінерге жол жоқ. Кәмпитін бермесе бермей-ақ қойсын, бір жеңілдеп қалсын деп мырзасынып тағы ойлап қоям.
- Иии, қу жетімегім-ай, сезімтал бала екенсің ғой – деп Мәстен солқылдаған күйі мені құшағына тартты.
- Апатайым-ау! – деп мен де емірене қалмасым бар ма!
- Енді ана Қалаң тиіссе, маған айтшы, ол қарабураның шәт-шәләкейін шығарайын! – деп менің бетімнен, ащы жасын жаға-маға сүйе бастады.
Ал, әйтпесе! Лениннің аруағы мені желеп-жебеп жіберді ме, не боп кетті, өзі?! Мен сияқты қарасирақ пролетариат балаға аяқ астынан қорғаушының табыла қалғаның қарасаңызшы! Менің де көңілім босап, дымқылдана бастаған мұрынымды сүртіп отырмын.
О, Жасаған! Мәстен сандығын сатырлатып ашып жатыр, бірдемелерді қопастырып алып шығып жатыр. Сандықтың түбінен үстелдің үстіне дәл маған керегі қойылды. Мысықтың суреті бар, бір салафан дорба ирис кәмпит. Апамыз мың бүгіліп, тағы бірнәрсе іздеп жатыр. Бір кезде апамның қолына бір бөтелке мөлдір арақ ілінді. «Пшеничная» деген жазуы бар құтыны Мәстен үстелге тақ еткізіп қойды. Содан кейін Мәстеніміз шкафтағы қырлы стақанды алды да, ішін тазартақандай үрледі. Сол жақ ұртына бөтелкенің мойынын тығып жіберіп, қақпағын «пақ!» еткізіп ашып, жаңағы қырлы стақанға толтыра-молтыра бүлкілдетіп арақ құйды. Сосын басын қиқаң еткізіп, стақандағы сасық сұйықтықты бір деммен қағып салды. Мен тілім байланып, қарап тұрмын. Қырғыз апам, көзін жұмып, ауаны жұтпай біраз тұрды да, мені өзіне әмірлі қолдарымен тартып, басымнан иіскеді. Содан ақырын итеріп: «Бара ғой, балам, бара ғой!» – деді. Мен кетіп бара жатып, үстелдің шетінде мыжылып жатқан, дорбаны іле-міле үйден атып шықтым. Арманым орындалып, бізді «октябраттыққа» қабылдау салтанатында Оксана екеуміз бірдей төсбелгі тағып тұрдық!
Пионер
Үшінші сыныптан біз бесінші сыныпқа бірақ аттадық. Сол жылы бізді пионерлікке қабылдады. Пионерлікке қабылданған кезімізде айтарлықтай оқиға болған жоқ. Мойынымызға қып-қызыл шытты байлап ап, екі ұшын екі жаққа шығарып қойып, желбіретіп жүгіріп жүруді қызық көретінбіз. Сол кездің өзінде пионерліктен қадір кете бастаған еді. Бір жылдан соң Кеңес Одағы тарих сахнасынан түсті. Біздің мойынымыздан ескіріп үлгірмеген қызыл галстук шешілді.
Федор әкей
Жаздыгүні Тлеукеш екеуміз күндіз бұзау бағып, кешке табыннан сиырды күтіп ап, дедеңдетіп үйге қуып әкелетінбіз. Табын Үржардың керемет тоғайы (жергілікті халық оны Роща дейді) бітетін жақтан келетін. Біз табын жаққа неғұрлым ертерек баруға тырысатынбыз. Өйткені ол жақта бала көп, емін-еркін ойнауға мүмкіндік бар.
Сол тоғайдың орта тұсында христиандық шіркеу болатынды. Бір күні Тлеукешке сол шіркеуге кіріп шығуды ұсындым. Орыс мектебінде оқып жүрген маған ол аса қорқынышты ғибадатхана емес еді. Оның үстіне орыстармен қоян–қолтық араласамыз. Мен орыс ертегілерін жақсы көріп оқушы едім. Кез келген халықтың мінез-құлқы, дүние-танымы ертегілерінде жатады. Сол көптеген ертегілерде, әсіресе кеңестік идеологияны санаға мықтап сіңіру үшін мектеп бағдарламаларына енгізілген орыс әдебиетінінің христиан дінбасыларын әшкерелейтін шығармаларды оқыған маған тірідей попты көру қызық. Тлеукештің атасы Рамазан Аллаға сыйынып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман. Тлеукешті де соған баулитыны заңдылық. Досым біраз үрейленіп, қарсылық танытқандай болды. Алайда, жаңалық құмар баланың санасы діни ұстанымды жеңіп кетті. Сонымен ертең біз шіркеуге баратын болдық.
Күмбезінде қисық айқышы бар ескі ғимаратқа қорқа-қорқа кірдік. Бізді ұзын қара ряса киген, сақалы беліне дейін бұйралана түскен поп қарсы алды. Басында ерігіп жүрген балалар екен деп, жөн сұрасты. Біз шіркеуді көргіміз келетінін айттық. Поптың пейілі түзеліп, бізді шіркеу ішіне бастап кірді.
Шіркеудің сыйынатын, шоқындыратын негізгі бөлмесі аса үлкен емес екен. Ортасында Мәриям мен оның қолындағы сәби Ғайса пайғамбардың бейнесі салынған үлкен икона ілініп тұр. Қалған қабырғаларында соған ұқсас, әртүрлі діни уақиғалардың, қасиетті кісілердің суреттері ілінген. Жан-жағымыз шытырлап жанып тұрған шамшырақтар. Шіркеудің ішінен біртүрлі иіс шығады. Әйтеуір, біздің санамызға өгеулеу екені рас. Бір екі бүкшиген орыстың кемпірлері шоқынып, дұғаларын күбірлеп тұр. Жаңағы негізгі бөлменің ішіне кіреберіс есіктен түсетін жарық пен шамшырақтар шашқан сәулелер ғана нұрландырып тұр. Жалпы, шіркеу іші күңгірт, сыз татиды.
Поп бізге өзін Федор әкей деп таныстырды. Ең алдымен, өзінің бөлмесіне шақырып, бізге үлкен ағаш астаудан ағаш шөмішпен араластырып, борщ құйып берді. Борщты соғып алдық. Содан кейін бізге Ғайса пайғамбар туралы ұзақ-ұзақ әңгімелеуге көшті. Мен ішімнен Ғайсаны аяп отырмын. Әсіресе айқышқа керілген сәтін. Шынымды айтайын, Ғайса тіріліп ертесінде сахабаларына келгенін естіп, қатты қуанып қалдым.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, сыртқа шықсақ, дала қараңғы болып кеткені есімде. Содан жүгіре-мүгіре үйге тарттық. Тлеукеш мені жол бойы боқтап келді. Абырой болғанда, әншейінде қаңғып кетуге бейім сиырлар күйіс қайырып, қорада жатыр екен. Дін туралы түсінігім міне, осыдан бастап қалыптаса бастады. Бірақ бабаларымыз ұстанған дін – Исламды біз сатқан емеспіз. Дегенмен, Ғайса пайғамбардың тағдыры мен тұлғасы мені осы күнге дейін қатты толғандырады.
Пантомима
Мен бала кезімде киноактер болуды армандайтынмын. Мектепте бастауыш сыныптарынан бастап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуды жаным сүйетін. Көшедегі балаларға кинодан көрген сюжеттерді, ондағы актерлердің диалогтарын айнытпай салатынмын. Оның үстіне пантомиманы меңгеріп алғам. Кәсіби деңгейде болмаса да, жұртқа ұнайтынын байқайтынмын. Мектепте бір шара бола қалса, мені осы пантомима нөмірімен мектеп басшылығы сахнаға шығарып қоятын.
Бір күні мектептің көркемөнерпаздарын бағалауға ауданнан комиссия келетін болды. Комиссияның төрағасы – менің туған нағашы ағам Бақыт. Бақыттың жақсылығын біздің жанұя көп көрді. Алғаш Үржарға көшіп келгенімзде соның үйінде тұрып, ұрыс-керіссіз, тату-тәтті өмір сүргенбіз. Менің бақытсыз балалық шағымның ең бір жарқын, ең бір сәулелі, жайма-шуақ та қайғысыз сәттерім сол Бақыт ағамның үйінде өткен еді. Бақыт аудандық музыка мектебін ұзақ жылдар басқарды. Мені домбыра үйірмесіне де апарған сол. Алайда, менен музыкант шыға қойған жоқ. Домбыраны, ұят болса да айтайын, әлі де жөндеп тарта алмаймын. Бақыттың үйінен қонақ үзілмейтін. Гастрольмен жүрген Алматылық неше түрлі мықты әнші мен күйшілерді мен Бақыт ағамның үйінде көргенмін. Сосын ол үйде ән айтылмаса, қабырғалары саударап түсіп қалатындай көрінетін.
Біз оны Үлкен аға деп атайтынбыз. Өзі жастайынан кәрі шешесіне болысып, іні-қарындастарын сүйреп өсірді. Қарындасын қияға ұшырып, бауырларын ұяға қондырды. Одан үлкені – менің шешем ғана. Екеуі оңаша қалып, көп әңгімелесетіні есімде қалыпты.
Бақыт ағамдай әзілді келістіріп айтатын жер бетінде адам жоқ. Өте астарлы қалжыңдайтын. Күлгенде жиырылмай, елмен бірге емін-еркін рахаттана күлетін. Сосын сұмдық еңбекқор. Таң атпай тұрып алып, қора-қопсысын реттеп жүргені. «Директормын!» – деп шалқайғанын бір көрген емеспін. Кешкі жаңалықтарды көруді маған үйреткен де сол Бақыт ағам. Жаңалықты жібермей көру содан бері менің өмірлік әдетіме айналып кетті. Сағат кешкі онда Мәскеуден, Орталық телевидениеден «Время» бағдарламасы таратылатын. Сол бағдарлама басталмас бұрын, менің «Әй, Акош, бері кел, жаңалық көреміз» – деп шақырып алып, қасына отырғызып қоятын.
Сол кісі келе жатқанын біліп, мені мұғалімдер пантомимамен сахнаға шығуға үгіттей бастады. Ауылда кім кімнің жақыны екені белгілі емес пе. Оның үстіне шешем біздің мектепте сабақ береді. Ол кезде ол Қалаңға екінші ұл сыйлап, декретте еді.
Бақыт ағам менің өнерімді көрсе, мектепке жақсы баға беріп кетеді деген ұстаздарымның тапқан қулығы. Содан байқау басталды. Мектептің бетке ұстар көркемөнерпаздары барын салып, өнерін көрсетіп жатыр. Шарықтау шегінде сахнаға мен жүгіріп шықтым. Алақандарымды жайып, мөлдір қабырғадан өте алмай әлектенем. Сосын ауада ұшып жүрген шыбынды ұстап алып, әлгі әйнеге «быж» еткізіп жабыстырамын. Одан кейін үтік болып қызып, қызарамын да «пыш» етіп жанып кетем. Осындай бірнеше іс-қимылдардан тұратын нөмірім әрең аяқталды. Бақыт ағам төмен қарап отыр. Концертіміз аяқталысымен, елдің бәріне мақтау қағазы беріліп жатты. Ол тізімнің ішінде мен ғана жоқ боп шықтым.
Екінші бөлім
Атамекенге оралу
Қалаңның үйі Үржардың ең шетінде орналасқан Аэродромная көшесінде болатын. Көшенің Аэродромная деп аталуы, оның Үржардың әуежайына жақын орналасқандығына байланысты. Біз сол әуежайдың үлкен алаңында ойнауды жақсы көруші едік. Жан – жағын мал кірмеу үшін, терең қылып ор қазып тастаған. Сол орда біз ұрланып шылым шегіп, отқа картоп пісіріп, уақытымызды мәз-мейрам өткізетінбіз. Ордың үйілген топырағының үстінде міндетті түрде бір қарауылымыз сырттан келіп қалуы ықтимал қауіпті бақылауда ұстайтын. Олар картоп піскесін немесе ішке сормай, түтінін сыртқа үрлеп шегетін темекіміз біткен кезде ауысып тұрушы еді. Сондай бір қызықты күндердің бірінде, біз әдеттегідей көңіл көтеріп отырғанбыз. Қарауылымыз: «Бәшөннің қатыны Шынар келе жатыр» – деп айқай салды. Үрпиісе – үрпиісе қалып, сыртқа шықтық. Қара көйлегінің етегі желбіреп, бір қолында шыбығы бар біздің отырған жақты бағытқа алып, шынымен де Шынар келе жатыр. Шынар Қалаңның келіні. Еркек қатын. Тұла-бойы енесі Мәстен сияқты қара. Мінезін адам ұғып болмайды. Қарадүрсін, дөрекі. Мен бұл кісіден оқта-текте таяқ жеп тұратынмын. Менің бақытыма орай Шынар бірақ біздің үйде тұрмайтын. Дегенмен, келген сайын, бір ілік іздеп мені шымшып, түйіп қалудың ретін қалт жібермейтін. Қысқасы Шынар келе жатыр.
«Әй, қу жетімек, сені іздемеген жерім жоқ, неғып отырсың мынау өңкей хулиганның арасында?» – деп Шынар маған бірден дүрсе қоя берді. Содан кейін, қолымнан ұстаған күйі, үйге дедеңдетіп ертіп кетті. Жол бойы бірдемелерді айтып келе жатыр, көбісі есімде жоқ. Сөйтсем, мені тауып әкелуге шешем жұмсапты.
- Айналайын-ау, қайда жүрсің, іздемеген жеріміз жоқ қой сені – деді шешем, мені көре сала.
- Әуежайда жер сағыз тердік…
- Ия, саған, көк түтіннің арасында отыр, наша шегіп отыр-ау деймін – деп мені тапқанына мақтанып тұрған Шынар сөзге араласты.
- Қой, абысын, Құдай атқыр, нашасы несі?! Менің балам наша түгілі, темекіні де тартпайды, бостан-босқа, жала жаппа! – деп шешем мені қорғаштап жатыр. Шешемнің сөзіне Шынар дүрдек ерінін астынғысын сылп еткізді де, көлеңкеде тұрған төсекті сықырлата, үстіне бар салмағымен құлай кетті.
Шешем мені үйге алып кірді. Залдағы ескі-құсқы шәлі орамалға оралған, иісі мүңкіген бір киімдер алып шығып жатыр. Үйіншек-түйіншектен маған кигізетін ештеңе таппаған шешем, «уф, жаным-айлап» жерге отыра қалды. Сосын маған ұзақ қарап отырды да: «Сені іздеп, Шұбартаудан әкеңнің туыстары кепті» – деп үстіме жай түсіргендей хабарды айтты. Мен аң-таңмын. Әкемнің туыстары? Ол кімдер? Менде несі бар? Бұл бір секундта басымда жүгіріп өткен сұрақтар. Шешем орнынан тұрып, мені бауырына басты.
- Үлкен ағаңның үйіне түсіпті таңертең. Сені күтіп отыр. Қазір дүкенге барып, саған дұрыс киім аламыз да, Бақыттың үйіне барамыз – деді шешем. Дауысы біртүрлі тарғылданып шықты.
- Олар кімдер, мама?
- Сенің папаңның ағасы мен қарындасы келіпті. Сен оларға менің жағдайым жаман емес, сабағымды жақсы оқып жүрмін деп айт, жарайма, құлыным?!
- Жарайды, мама.
Біз универмагқа барып, маған су жаңа шалбар мен алдында жолбарыстың суреті бар футболка алдық. Шікірейіп киініп алған мен осының бәрін достарыма көрсеткім-ақ келіп тұр. Бірақ, қазір емес. Қазір мені күтіп отырған туысқандарға бару керек. Сосын да үлгірем ғой!
Бақыттың үйіне кіре бере айқай естілді. Біреу елдің жер-жеберіне жетіп, ұрсып отыр екен. Мына қуатты дауыстың иесі – әкемнің ағасы Орынғали. Үйге кірер-кірмесімді білмей, айқайға басып отырған адамнан кәдімгідей шошып, үрейлене қарап босағада сөстиіп қалдым. Анау маған тіпті қарағысы да жоқ. Үстелді тоқпақтап елдің бәрін ысқыртып, боқтап отыр.
Әкемнің ағасы дегеніміз, міне, осы Орынғали. Егде тартып қалған кісі екен. Денесі төртпақтау келген, мойыны жуан, құлағы қалқиған, шашы селдіреп үлгірген, шайпау біреу. Мінезі шәлкес екенін жымқырылған жіңішке еріндері де айтып тұр. Желке тұсы төрт бөлікке бөлінген, ортасынан жалт-жұлт етіп мөлдіреген тер көрінеді. Қолдары ауыр екен. Ұрған сайын үстелдің аяқтары тұрған жерінен айнып кетіп жатыр. Көздері бақырайған, мұрыны тәмпіш. Дауысы сұмдық қатты шығатын көкдолының нақ өзі.
- Әй, қу Бақыт, әлгі бала қайда?
- Міне, алдыңызда тұр ғой, Ореке!
- Қайсы, мынау тыриған сары шымшық па?
- Иә, Ореке, Ақбереніңіз осы ғой.
- Ойбай, ойбай, қай бетімді шымшиын, ойбай?! Мынау өлуге шақ қалыпты ғой, ойбай! Өлексе ғой, мынауың!
- Ореке-ау енді, бала болғасын ойнай….
- Кет, сандалмай, қу Бақыт! Баламды өлтіруге айналыпсыңдар, сендердің екі аяқтарыңды ма, бәлем, бір етікке тығып, түрмеде шірітіп өлтірем, өңкей безбүйрек оңбағандар!
- Ореке, қойыңыз, енді!
- Қоймаймын дегесін, қоймаймын! Ал, қайтесің – деп, басын үстелге екі ұрды. Мен шегіншектей бердім.
Кенет Орекеміз «өй, әйнәләйын, келе ғой» – деп мені өзіне жұлқи тартты. Мен «баж» ете қалып, шешеме ұмтылдым. Орекеңнің мені жіберетін түрі жоқ. Қолымды мытып, өлтіріп барады. Жүрегім дүрсілдеп, тырбаңдап жатырмын. Оған Орекең қоймады. Құшағына басып, сілекейін жағып, сүйе бастады. Онысы ұрғанмен бірдей сияқты екен. Менің бетіме еріндерін әдейі батырып сүйіп жатқандай. «Ерінде де күш болады екен-ау!» – деп мен де уақытты босқа жібермей ойлап жатырмын. Мені сүю кезегі әкемнің қарындасы Жайнаға жетті. Ол кісі Орекеңдей, дөрекілік көрсетпей, емірене сүйді. Жайнадан кейін, мені Орекеңнің баласы құшақтады. Айдарханның жасы жиырма алтыға келген сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт екен. Үстіне сол кездегі мода киім – адидас көстюмін киіп алыпты. Басында Қалаңның інілерінің басындағы бейсболкадан да әдемі кепка. Қолында сағат.
Орекеңнің баласымен тез тіл табысып кеттім. Себебі, Айдархан сол кештен бастап, «бізбен бірге жүр» деп мені үгіттей бастаған. Уәделері керемет енді. Мен шынымды айтсам, ана шалдан қатты сескеніп қалғам. Өйткені Орекең маған Қалаңнан да жындылау көрінді. Мынаның үйіне кетсем, тіпті оңбаймын ғой деп ішімнен өзімше топшылаймын кеп. Сондықтан да Айдарханның үгіттеуіне көнбей жүрмін.
Айдархан мені Алматымен алды. Алматыны көру деген мен үшін ешқашан орындалмайтын арман еді ғой, шіркін! Теледидардан ғана көреміз. Сол кездегі астана Алматыда тұратын адамдар күн жүйесінен бөлек орналасқан планеталарда тұратын тіршілік иелері секілді елестейтін. Оның үстіне менің кіндік қаным тамған шаһар. Туған жердің өзіне тарту қасиеті болады. Ол да өз кезегінде Айдарханға көмектесіп жатыр. Сонымен, мен шешеме Орынғалидің қолына кетем деп қиғылық салдым. Орынғалидің де келген шаруасы – мені алып кетіп, өсіріп, ел қатарына қосу екен. Қанша айтқанмен әкем екеуі ағайынды. Есін енді жинаған Орекең, інісінің үрім-бұтағын түгендеуді мұрат тұтыпты. Есін енді жинаған деп отыруым, Орынғали өмір-бақи жетім асыраумен келеді. Жұбайынан ерте айырылған ол, тағдырдың талайына көніп, қалған ғұмырын бала-шағасын асырауға арнаған хас еркек. Мұнысын хош көрген Тәңірім оған дәулетті де аямай бере салған. Дәулет пен бақты Құдай тегін бермейді. Күн-түн демей, еңбек еткен Орынғалидан мал да, ақша да үзілмеген екен. Бір ауданның білдей заготовителі. Шұбартау ауданының сыйлы азаматтарының бірі. Ала жаздай тері, сүйек пен жүн жинап, қойшыларды аралап жүріп, шаруасын дөңгелетіп алған екен. Қазір зейнетке шыққан бір әулеттің көшбасшысы. Балаларының бірсыпырасын әкем тірі кезінде оқуға түсірген көрінеді. Солардың бірқатары Алматыда тұрады. Біздің үйде.
Сонымен не керек, мен Шұбартауға, ата-бабам мекен еткен жерге кететін болдым. Шешем жылап-сықтап жүріп, киім-кешегімді жинап, батасын беріп, шығарып салды.
Міне, біз сап-сары пазик автобусымен сап-сары мидай даламен Шұбартауға тартып келеміз. Орекеңді мен бірден ата деп атайтын болдым. Жол бойы шешемнің қолында өткен өмірімді тергеумен болды. Мен Қалаң туралы тіс жарғам жоқ. Оны бірақ көпті көрген Орекең Үржардағы тыңшыларынан біліп алған екен, кейін айтып беруге тура келді. Жолда атам болашақ арманымды да сұрап қояды.
- Акошжан, өскенде кім боласың?
- Қойшы болам, ата!
- Көтек, не дейд? Қойшы болғаны несі?
- Қойшылар бай болады ғой, ата, сойса еті бар, сатса ақшасы бар!
- Мәссаған, мынау адам болмайтын бала болайын деп тұр ғой! Ұқсамасаң тумағыр, мынау әкесіне тартпаған екен – деп атам ауыр-ауыр күрсініп қояды.
Әкем туралы бірауыз сөз. Марқұм әкем жастайынан алғыр, білімге құштар болып өсіп, алғашқы жоғарғы білімді Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищені бітіріпті. Қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Шешеммен сол оқу орынында қатар оқып, жанұя құрады. Сүйенері жалғыз Орынғали. Әкемнің азан шақырып қойған есімі Орынбек. Атама ұқсастырып шешелері қойыпты. Кейінен, мінезіне байланысты жора-жолдастары оны Елгезек атап кеткен екен. Бұл әңгімені мен алғаш Орекеңнен естідім. Ауылда жүріп, әкем аудандық «Шұбартау шұғыласы» газетінде редактор қызметін атқарыпты. Әскерден келгесін, Алматыдаға кетіп, КазГУге оқуға түседі. Мен түсе алмай арманда кеткен журфакқа.
Тамыз айы. Біз Шұбартаудың Көктал деген ауылындамыз. Мен он екі жастағы қағылез баламын. Бетімнен ешкім қақпайды. Туыс-туғандарымның бәрі мені көруге үйге келіп, мәре-сәре боп жүр. Мен жұлдызбын. Не жеймін, не киемін демеймін. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Мұндай май шелпекті көрмеген мен бақыттан басым айналып, шауып жүрмін.
Оқырманның уақытын алмау үшін, Алматыға барған сапарымды айтуды жөн көрмедім. Әркімнің өз Алматысы бар. Сондықтан, Алматыдан алған алғашқы әсерлерім біреуді қызықтыра қоймас деп ойладым.
Орынғалидің балалары
Жозыны айнала қоршап отырған Орынғалидің балалары жетеу. Екі қыз, бес ұл. Және бір бірімен бақталас төрт абысын. Бұл менің жеңгелерім. Олар туралы және кейін түскен бір жеңгем жөнінде төмен жақта әңгімелейміз.
Шалдан кейінгі отырған ағамның аты Айдар. Ол Орынғалидің Кәкен деген қарындасының баласы. Әйтеуір, маған белгісіз жағдайлармен шалдың бауырында өскен. Айдар Орынғалидің тұңғышы есебінде. Еркесі де серкесі де осы. Алматыдағы біздің үйге ие болып қалған да осы Айдар. КазГУді бітірген тарихшы. Қазір сауда істеп жүр. Мінезі ауыр көрінгенмен, ұнатқан адамымен күліп-ойнауды жек көрмейді.
Айдардан кейін, қара қолын табаққа салып жіберіп, әңгімесін тауыса алмай жатқан ер адам – Айдарбек. Айдарбек шалдың үлкен ұлы, кіндігінен тараған нағыз тұңғышы. Алайда, бұл екінші бала есебінде. Айдарбектің түрі өз әкесінен де кәрі көрінеді. Май-май шашы иығына төгіліп тұрады. Ұзын шашы мода қуғандығынан емес, шаш алдыруға уақыты жетпегендігінен. Көктемде ұстарамен тықырлап алып тастайды да, күзге таман осындай күйге түседі. Жылдағы әдеті. Кекештігі бар, быдық. Бірақ, ақкөңіл, еңбекқор. Сүйікті жары мен ажырамас досы К700 тракторы. Әзірге үйленбеген. Жасы отыздан асса да, жанұя құрудан техника айдауды артық көреді.
Айдарбек шалға әңгіме айтып отыр.
- Пәленшекеңнің үйіне «қққққққ….» – деді. Шал маған қулана көзін қысып:
- Қаладағы балалары кеп пе? – деп қояды. Айдарбек басын шайқайды:
- Қққққққққ….
- Құдығы кеуіп қап па? – деп қояды тағы шал. Айдарбек басын аласұра шайқайды тағы да.
- Қққққққққ…
- Қысыр сиыры қашып па?
- Туууүй, олай емес! Қққққққ…
- Құдалық келген шығар? Айдарбек мәз болып, басын шұлғи бастайды.
- Аааа, түсінікті!
Шал ауылда кімнің үйінде не болып жатқанын бәрінен бұрын біліп отыратын. Баласын мазақ қылып, қалжыңға басып, қинауды ұнатушы еді. Бізге не керек, күлкі керек. Жамырай күлеміз кеп.
Мынау мені осында келуге көндірген Айдархан деген ағам. Ол туралы жоғарыда айттық. Айдармен бірлесіп сауда жасайтынын алайда айта кетейік. Үйленген. КазГУді бітірген биолог. Шалдың балаларынының ішіндегі еті тірісі осы. Бәрін сүйреп жүреді. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, өз шаруасына жауапты, жымиып қана жүре беретін адам.
Мынау отырған зор тұлғалы жігіт Асқар. Марқұм Асқар менің ең жақсы көретін, мінезі тамаша ағам еді. Ақкөңіл деген сөз оның нағыз жан-дүниесін, ашық мінезін аша алмай дал болатын. Сұмдық еңбекқор. Бұл жоқта қораны тазалауға болмайды. Тазалап қойсаң, ылаң шығарады. Жұмыс істеуге жаралған робот секілді. Совхоздың жұмысынан айызы қанбай келіп, қорадағы бірдемелерді қопастырып жатқаны әйтеуір. Күлген кезде кісінеп тұрып күледі. Оның әңгімесіне емес, жұрт бұның күлкісіне ішек-сілесі қататын. Күрделі әңгімелерді түсінбетін, дарақылау еді. Рухы пейіште шалқығыр, бала сияқты болатын.
О, мына кісі жайлы әңгіме бөлек. Бұл шалдың кенже баласы Жалын. Атын әкем қойған. Бұл милисса. Үйде де мақтанып, формамен жүріп, елдің мазасын алатын. Бірдеме айтсаң, шиқылдап күле бетін, шашы мен қас-кірпігі сап-сары, санасы сегізінші сыныптан бері қарай өсуді қаламаған, бірақ өлетін жерін білетін қуақы жігіт. Мен Шұбартауға келген жылы үйленген.
Бір күні Баршатастан этаппен Аягөзге қылмыскерлерді апарып тастап, Жалын ауылға соқты. Өзі кішкене ішіңкіреп алған. Шал бірден сезді. Сезіп қана қоймай, ең сүйікті баласын таяқ пен боқтықтың астына көмді. Сөйтсе, әлгі милисса баласы:
- Әй, ғраждан, маған қол көтеруге болмайды, мен органмын! – деп доқ көрсетіп қояды. Оған шал одан әрі өршеленіп, тоқпақтай берген:
- Сен сияқты милиссаны мына өкіметке мен туып бергем, ал, сотта, қағыңғыр неме!
Одан кейін отырған келіншектің есімі Зәкен. Бұл Орынғалидің үлкен қызы. Бет-әлпеті кемпірге ұқсап қалған, бүкшиіп жүретін, отыздан енді асқан әйел. Қазақстанның бар алтын қоры осының ауызында сияқты көрінетін маған. Тісі түгел саудырап түсіп қалғандықтан, тамақты шайнайтын қуралдарды алтыннан салдырған болатын. Оған оның дәулеті жететін. Бұл да саудамен айналысады. Әл-ауқаты бауырларынан да жоғары болса да, өте сараң адам. Менің оның біреумен адам болып, әңгімелескенін есіме түсіре алмай отырмын.
Мына ерте қартайған қыз – Зәкеннің сіңілісі Дәкен. Бұл да Асқар секілді бала сияқты еді. Кейін бір жаққа күйеуге шықты да, ғайып болды. Содан бері одан хабар естігем жоқ. Тек есімде қалғаны оның «р» мен «с» әріпін айта алмайтындығы, сөйлесе оны адам баласы түсінбейтіндігі еді.
Осы аты аталған балаларын Орынғали атам ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын. Үш мезгіл асын аға-жеңгелерім қара шаңырақ – Орынғалидің үйінен ішеді. Сосын абысын-ажын күнұзаққа күйеулері жұмыстан келгенше, осы үйдің шаруашылығымен айналысатын. Кешкі асты бірін – бірі әжуалап, қыран-топаң күлкінің астында сіңіретін. Күн ұясына батқанда үй-үйлеріне тарайтын. Таңертең тағы осы үйге жиналатын.
Орынғалидің бауырлары
Орынғали шешесінен тарағандардың үлкені. Одан кейінгісі Кәкен деген қарындасы. Сосын менің әкем. Әкемнен кейінгі екі қыздың аты Кенжесарқыт пен Жайнагүл. Кенжесарқыт алтын медальмен мектепті бітіріп, оқуға кетемін деп жүргенде, суға ағып, қайтыс болыпты. Соңғы үшеуінің алдағы екеуінен әкелері бөлек, шешелері бір. Менің әжем көзі тірісінде өте өжет, сұлу кісі болған деседі жұрт. Соғыстан жары оралмаған соң, менің негізгі атама күйеуге шыққан. Негізгі атам өзінің жанұясын тастамай, екі үйді қатар асырапты. Өзі ферманың бастығы, арғы аталары болыс болған көрінеді. Соғыстан жараланып келген атамды, сол кездегі аудан басшылығы, кейін совхозға айналған фермаға бастық қылып тағайындапты. Дәл мен сияқты Орынғали шал да өгей әкенің қолында тұрған екен. Бірақ, менің басымнан өткен қоқаң-лоққыны өгей әкесінен еш көрмегенін Орынғали маған өзі әңгімелеп отырушы еді.
Әкеміздің кенже қарындасы Жайнагүл апайымыз сөзге шешен, білімді, мінезі тік адам. Оның үш қызы бар. Екеуімен мен тете өстім. Жездеміз бокстан спорт шебері. Кезінде аудан көлемінде төбелеспен аты шыққан жігіт ағасы. Өзі көңілді жүруді жақсы көретін, ақкөңіл кісі. Бұл жанұядан, кіші қарындасым деп Орынғали ешнәрсесін аямайтын. Біз Жайна апайымыздан бөлек тұрғандығымызбен, күндіз үнемі бірге, бір үйде жүретінбіз.
Орынғалидің Кәкен деген қарындасы көкайыл, өте адуынды кісі. Мойыны ұзын, ыздиып қалған қатын. Құлақтары ауыр алтын сырғаны көп таққандықтан салпиып кеткен. Терлегенде сырғалары ұзын мойынына шашымен бірге қабаттасып, жабысып қалушы еді. Мен оны «кобра» деп мазақтайтынмын. Кобра демекші, Кәкен үйге келгенде, жеңгелерім жыланға арбалған қояндардай жым болатын. Кәкен келіндеріне қырғидай тиетін. Жеңгелерімнің бәріне де Кәкен лақап ат қоюға шебер еді.
Кәкеннің үш ұл, үш қызы бар. Бәрі де Кәкеннің дайындығынан өткен, ұстағанын жұлып алатын пысық, көздегеніне жетпей қоймайтын қайтпас та қайсар жандар. Орынғалидің жиендері атамның балаларымен қатты бәсекелес еді. Себебі, Орынғали балаларына ең соңғы үлгідегі киім кигізіп, қаланың баласы жемейтін тәтті-мәттіге тойындырып өсірген. Орынғалидің балалары үйленгенде тойлары да Кәкеннің балаларының тойларындай жұпыны өтпеген еді. Кәкеннің балалары кішкене кезінде молшылықты Орекеңнің балаларымен бірге көріп өсті. Алайда, әке өзіндікі емес, кей нәрселерден қағылатыны тағы болуы керек. Болмаса, осының бәрі тек бізге әкелінсе деп аңсайтын болса керек, өсе келе бұл көрсеқызарлық екі ағайын балаларының арасындағы алауыздыққа, көреалмаушылық пен күндестікке алып келді.
Көшедегі майдан
Екі ағайын балаларының арасындағы бақталастық, уақыт өте келе, екі үй арасындағы жиі–жиі болып тұратын жанжалдарға ұласты. Үйаралық қақтығыстарға осы жолдардың авторы да еріксіз қатысатын. Жанжалдасу үйреншікті әдетке айналғандығы соншалық, төбелесу үшін екі үй де болмашы бір ілік іздеп отыратын. Мысалға, Орынғалидің үйінде бір жақсылық бола қалса, оған атам Кәкенді де, оның бала–шағасын да әдейі шақырмайды. Бірақ, оларға естірту үшін, көшені басына көтеріп, хабарлап жүреді. Кәкеннің балалары мен өзіне керегі де сол. Той–томалақ, кішігірім ас беру біздің үйде салтанатты түрде төбелеспен ашылатын.
Есімде қалғанын айта отырайын. Құдайдың бір шуақты күні, біз Жалын деген ағамның баласын сүндетке отырғызатын болдық. Атам маған арнайы тапсырма берді. Мен міндетім – бұл қуанышты бөлісу үшін Кәкеннің көршісі Нүрзиләні қонаққа шақыру. Қонаққа шақырып тұрғандығымды бірақ ауласында құлағы үнемі түрік отыратын Кәкен апамыз естуі шарт. Сонымен мен Нүрзиләнің үйіне тартам. Нүрзиләнің құлағы естімейтіндігін пайдаланып, үйіне кірмей, көшеден былай айқайлаймын:
- Апа, бүгін біздің үйде сүндет той. Атам сізге ішінде болсын деп шақырып жатыр!
- Әәәә, рахмет, шырағым. Сағат нешеде?
- Сағат үште апа, ү–ш–т–т–е, – деп дауысымды соза түсем.
Кәкеннің мені бақылап, тын тындап тұрғандығын байқай сала:
- Апа, ұмытып кетпеңіз, шалдың кенже ұлының баласын сүндетке отырғызамыз. Той болады, той! Келіңіз! – деп одан бетер айқайлаймын.
- Ә, рахмет, жарығым барам, барам – деп бізге аса сыйлы да емес қонағымыз мәз–мәйрам боп қалады.
Нүрзиләның біздің үйдегі қуаныштарға қатысу бақыты оның Кәкеннің көршісі болғандығынан ғана бұйыратын. Өзі де неге мені соңғы кезде сонша құрметтеп, әспеттеп қалды деп таң–тамаша болу керек.
Үйге жетісімен атама баяндама жасаймын. Атам:
– Әлгі Кәкен естіді ме?
– Естіді, ата!
– Жарайсың, сарбазым!
– Нешеде деп айттың керең кемпірге (Нүрзилә ғой!)?
– Сағат үште.
– Ағаларыңды жина, төбелеске сағат екі жарымда дайын болайық…
Біздің осындай бұйрықтарға етіміз үйреніп кеткен. Әркім өзінің қару–жарағын дайындап, қора жақта айқайлап, арқасы қозып, аруақтанып жүреді. Атам бізді сағат екіден он бес минөт өткен кезде, штабтың соңғы жиналысына шақырады.
– Өткендегідей ұйықтап тұрмай, осы жолы қимылдап қалындар! Айдарбек орыныңды білесің ғой? Саған таяқ өтпейтінін бәрі біледі, қайта–қайта ана нәзік Болатқа жүгіре бермей, Мұратты ал өзіне. Ұқтың ба?
– Құп болады!
– Әй, Асқар сен осы жолы Асхатпен төбелесесін. Бірден барып, қолындағы шынжырмен иықтан салып жібер, сосын ары қарай төбелес барысында көре жатарсың.
– Жақсы, әке!
– Акош, тас жинап қойдың ба?
– Ия, ата!
– Өткен жолғыдай ағаларына тиіп кетпесін, дәлдеп ататын бол. Күмәндансаң, жақындап кеп, лақтыр тасты. Аяқтан атуға тырыс. Көзіне тиіп кетіп, ағызып алсаң, сотталасың!
– Құп болады, генерал!
– Мен өзім ана иттердің әке–шешелерімен айқасам, әлім жетпей жатса, жан–жаққа бытырамай көмектесіндер маған!
Бұл біздің соғыс стратегиясы мен тактикамызды соңғы рет саралап алатын кәдімгі әскери кеңесіміз. Бұл жерде атам төбелесудің кейбір іс–қимылын, айла–әрекеттерін, біреуді мысалға алып отырып көрсететіні тағы бар. Кеңес аяқталған соң, біздің қару–жарағымызды тексеріп алып, атам «жау» келгенше терлеп–тепшеп шәй ішуге кетеді. Мен көрші баланы барлаушылыққа алғам, соның хабарын күтуге көшеге шығам.
Бір кезде шортигінің екі балағы желбіреп, мұрыны делдиіп, айдарынан жел есіп барлаушым жүгіріп келе жатады. «Аналар үйінен шықты! Келе жатыр! Дайындалыңдар!» – деп ентіге келіп, қуанышын жасыра алмай хабарлайды. Балаға қызық керек, біз болсақ таяқ жейміз.
Барлаушының хабарын мен біздің қолбасшыға баяндауға жүгірем. Осы сәтте көршілеріміз ішкен асын жерге қойып, шаруасын тастап, қызықты тамашалауға көшеге шыға бастайды. Бұл жағдай атам үшін үлкен абырой екенін осы жерде қыстыра айта кеткеніміз жөн.
Екі көшенің ортасында тау болып, көн үйіліп жататын. Сол таудай үйіндінің ар жағынан бір заматта жаудың жер қайыстыратын қолы көрінеді. Үйіндіден сырғи түсіп, алдыңғы шепте қаздиған күйі қолды бастап апамыз Кәкен келе жатады. Қасындағысы тумасынан жуастау болса да жастайынан төбелеспен еті қатайған үлкен жездеміз Төлеуғали. Олардың артынан үйіндінің шыңынан төбелес десе делебесі қозатын, бес қаруын бойына асынған жауынгер ұлдары түсе бастайды.
Біз бұл уақытта көшеге шығып ап, ұрысқа сақадай сай дайын тұрамыз. Төбелес әдетте, Кәкеннің өзгермейтін айқайынан басталатын.
– Бізді неге тойына шақырмайсың–ей, қу қақпас? Менен басқа кімің бар еді–ей сенің, ә?! Әлгі сүндетке отырғызайын деп жатқан оңбаған немереңнің қызығын көрмей кет, көрмей кеткір!
– Той өзімдікі, шақырсам да, шақырмасам да өзім білем, білдің бе?! Сайрама бет–алды!
– Үй, қалқан құлақ неме, жан бітіпті ғой саған! Мен саған көрсетейін, бәлем!
Осы сөзден кейін Кәкен баяғы әдетінше Орынғалидің құлағына жармасып, атамды жерге тұқырта тарта бастайды. Біз атойлап қып–қызыл төбелеске кірісеміз де кетеміз. Кезекті бір ұрысымыз осылай басталатын.
Өтірік айтып отырғам жоқ, шалдың дұрыс жоспарлаған тактикасының арқасында біз осы жолы жеңіске жеттік. Соғыстың біздің пайдамызға шешілуіне менің де еңбегім зор. Осы жолы атқылаған тасым нысанаға дөп тиіп, қарсыластарымыздың біразын есеңгіретіп, ұрысқа жарамсыз қылды. Бұл көрініс біздің үйге лек––легімен тартылып, келіп жатқан қонақтарымыздың алдында өтіп жататын. Оған еті үйренген біздің қонақтар, таңдай қақпастан үйге кіріп кете беретін.
Той біткесін бізді атам гараждың алдына дастархан жайғызып жинайды. Бет–ауызы ісіп көгерген, бірінің тісі түсіп, екіншісінің көзі жабылып, үшіншісінің аяғы ақсап, қолы ауырып қалған майдангерлер соғыстың қортындысын тындауға жозының басына жиналатын. Бүгін атам көңілді. Өзінің бір құлағы бұрыннан да қалқиып, жағы едәуір үлкейіп кеткендігіне қарамастан, қолбасшымыз маңғаз, көріктей кеудесінде жеңімпаз рухы асқақтап тұр. Бәрімізді айнала аралап, беттерімізден сүйіп, құшағына басып: «Әй, менің құлындарым–ұлдарым батыр ғой, кім бар шақ келетін менің сарбаздарыма!» – деп кәнігі дала командирлері сынды бізді мақтап жүр. Біз жара–жарақатымызды ұмытып, пыс–пыс етіп, бауырсақ пен етті ұртымызда томпаңдатып, қаужаңдап жеп отыратынбыз.
Кейде Төлеуғалидің Мэлс деген ағасының балалары көмекке келетін. Ондайда амал жоқ, жеңілеміз. Сол кезде атам біздің жер–жеберімізге жетіп, айқайлап ұрсатын. «Өй, өңкей ынжық неме, неменеге состиып тұрып қалдыңдар–ей, ұрмайсыңдар ма ана иттің балаларын!» – деп өкінішін жасыра алмай, шапалақпен салып–салып өтетін. Біздің атамыз міне, осындай!
Менің жеңгелерім
Бердібек Соқпақбаев айтпақшы, мен өмірімде алуан–түрлі жеңге көрдім. Бір–біріне мүлде ұқсамайтын менің жеңгелерім бір–бір әлем еді.
Қора жақтан шелегін көтеріп келе жатқан, қара торы, момын, кішкене сәуегейлігі бар келіншек – менің Гүлғайша деген жеңгем. Байқұс жеңгем осыдан бір жыл бұрын қайтыс болды. Жатқан жері жайлы болғыр, бұл жеңгем өте сабырлы, ешкіммен жұмысы жоқ, адамға арамдығы жоқ әйел еді. Бұл Айдарбектің келіншегі. Өте кеш үйленген ағама тура осындай жар керек болатын, Құдай Орекеңнің тілегін қабыл етті. Кәкен бұған «Шолақ қасқыр» деген ат берген. Екі ұл, екі қыз тауып берген Гүлғайша жасы қырыққа жетпей, жүрегі тоқтап, жарық дүниеме қоштасып кетті. Мен оның жерлеуіне бара алмадым. Осы күнге дейін соған қатты өкінем. Маған деген пейілі тым бөлек еді, жарықтықтың. «Әлі көресіңдер, менің Акошым үлкен адам болады» – айтып отыратын. Бүгін мен жеңгемнің атын Құраннан қалдырмай, қосып отырамын.
Мына жүзі суық, бірбеткей қырсық, қисая қалатын шалдуарлау мінезді, тарамыс қатын Нәзигүл. Бұл Асқардың әйелі. Шалдан таяқты ең көп жейтін де осы жеңгем. Кәкеннен «Қара темір» атағын алған Нәзигүлдің қолдары балғадай, өзі үй шаруасынан гөрі даладағы тірлікке мығым болатын. Осының түрін мен неге екенін білмеймін қалмақтың әйелдеріне ұқсататынмын. Біртүрлі қазаққа келінкіремейтін келбеті бар еді.
Ғалия. Алматының Талғар деген ауданының тумасы. Топ–томпақ, момын. Алайда жуастан жуан шығады демекші, жеңгелерімнің арасындағы төбелестерде көбіне–көп осы жеңіп шығатын. Жасы бәрінен де кіші болғанмен, біздің үйде жиі болып тұратын жеңгеаралық соғыстарда басқалары секілді шыңғырмай, айқайламай, үндемей ғана төбелесе беретін. Ғалия Жалынның қатыны. Қарсыласы Нәзигүл. Екеуі үнемі қырқысып жүреді. Сондай бір ұрыстар кезінде Ғалиямыз үнін шығармай, табанды түрде, сіресе–тіресе намысын қорғайтын. Қалған уақытта да жымын білдірмей тиесілі шаруасын жүргізе беретін. Кәкеннен алған атағы «Ұйғыр». Ол келген жағына байланысты қойылған болу керек.
Мына сұлу келіншектің есімі Айгүл. Талдықорғанның қызы. Бұл жеңгеме ағам түгілі, шалдан бастап бүкіл ауыл ғашық. Кәкен оған, келген жағына байланыстырып «Ұзын татар» деген ат қойды. Мектебімізде араб тілінен сабақ беретін. Біздің сыныпқа да. Бұған тиісу – сұлу гүлді жұлғанмен бірдей еді. Жеңгелерімді бір шыбықпен айдап, тындамаса сабап алатын атам осы Айгүлдің алдында бала боп қалатын. Сұлулықтың алдында зұлымдық та бас иетінің талай көрген мына пақырыңыздың сөзіне сеніңіз, атам бұл келініне бірде–бір ауыр сөз айтпайтын. Қабағы кіржиіңкіреп отырған атамды осы жеңгем ғана көңілдендіретін. Тамақты қалай жасаушы еді! Мен оның қолынан шыққан палау мен лағманды ешқай жерден көргем жоқ, әй, көре алмайтын да шығармын.
Кейін ол Алматыға кетіп қалды. Атам жібергісі келмесе де, сүйікті жарына деген сағынышынан сарғайып біткен Айдархан қояр да қоймай бір күні асыл жеңгемді астанаға алып кетті.
Айгүл Алматыға кетісімен біздің үйге дөрекілік пен боқтық, салақтық пен дарақылық ене бастаған. Атам бұрыңғыдай емес, көбіне–көп ашудың қарагеріне мініп ап, біздерге тыным таптырмайтын болды. Кейін кезде келінін сағынды ма қайдам, Алматыға жиі барғыштайтын болды. Өзге келіндеріне Айгүлді үлгі қылып қоятын. Оған басқа жеңгелерім пыш–пыштап жақтырмай, күбірлесе қалатын. Мені де сұлулық пен тектілікке құмар жанымды жеңгелерім түсінбей, аса ұнатпаушы еді. Ал, мен болсам, шешемді сағынып жүргенім аздай, енді Айгүлге деген сағынышымнан зардап шеге бастадым.
Қойшы бала
Мен мамырдың жиырма бесінен тамыздың отызына дейін, ала жаздай атамның қойын бағатынмын. Ауылымыздан үш шақырым жерде Сарытайпақ деген тоғай бар. Бұл менің алдымдағы қойларымның жайылатын жері. Шұбартаудың табиғаты диқаншылықтан гөрі, мал бағуға қолайлы. Бұл өлке Үржардағыдай жеміс–жидекке бай емес, есесіне төсінде жусан мен ақкөдеден бастап, малға қажетті шөптің барлық түрі өсетін, тауы мен жазығы аң мен құсқа, киік пен арқарға толған ұлан–ғайыр даласы бар.
Кеңес үкіметі кезінде, тоғыз совхозының малы мыңғырған, өзге де шаруашылығы дөңгеленген Шұбартау, күллі Қазақстан еліне танымал аудандарының бірі еді. Бұл киелі топырақтан аты әйгілі ақын–жазушы да, талантты ғалымдар да, ел басқарған игі жақсылар да, Еңбек ерлері де шыққан. Аспанында бүркіт пен қыран шарықтаған, жайлауында ән қалықтаған Шұбартау, бүгін Аягөз ауданымен бірігіп, жаңа заманға икемделіп жатқан жайы бар.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында болған дағдарыс елді біраз күйзелтіп, шаруашылығын шайқап жібергенді. Менің атам сияқты өз ісіне ұқыпты һәм еңбекқор адамдар ғана бұл дағдарыстан малының арқасында аман–сау шығуға мүмкіндік алды. Атамның малы көп еді. Мен бағатын қойдың саны, қозы-лағын қоспағанда, қошқары–сегі мен саулығының өзі үш жүз бастан асып жығылатын. Ірі қараның басы жиырмаға жететін. Далаға қоя берген екі үйір жылқысы тағы бар. Бір үйірі кем дегенде он–он бес жылқыдан тұратын. Атам жылда бие байлап, қымыз ашытатын еді. Мен жастайымнан ауызымнан қымыз үзілмей, құрт сорып, ет жеп өскен қазақтың қарапайым әрі денсаулығы мықты баласымын. Атқа мініп, қой бағудың, шалғы ұстап, шөп шабудың қыр–сырын мен атамекенім–Шұбартауда үйрендім. Осы құтты мекенде менің есею жылдарым да өтті.
Менің жасым қазір он бесте. Он екімде атамекеніме оралған мен кәдімгі қойын құрттап, айранын ұртап, табиғатқа еркелеп, Тәңірге молдасыз сиынатын нағыз қазаққа айналып қалған шағым. Төбелес пен қора сыртындағы күрестен шыныққан мен құрдастарымның алдымын. Және сабақ үлгерімім де жақсы. Оның үстіне көрші–қолаңымыз балаларына мені үнемі үлгі қылып мақтап отыратын табиғатта өте сирек кездесетін қойшымын. Олай деуге менің толық хақым бар. Сіз оны қазір түсініп қаларсыз.
Атам мені таңғы бесте тұрғызып, қойды өргіздіретін. Таңғы бес ұйқының ең тәтті кезі. Тұрғың келмейді. Мен түгілі құсұйқы шалдардың өзі, кемпірін құшақтап, бұл кезде ұйқының рахатына бөленіп жататын. Ал, мен болсам, бір кесе айранды төңкере салып, арқама ертоқымды артып ап, қойды айдап даланы бетке алып, бара жатам. Атам: «таңғы шыққа бөгіп жатқан шөпке жайылған мал тез семіреді әрі еті жұмсақ болады» – деп мені шығарып салатын. Арқамдағы ертоқымды тұсалған құла жорғамды ұстағанша, Биікжардың маңайында өскен қалың шеңгелдің түбіне тастаймын да, айнала жарық болғанша соған басымды қойып, қорылға басам. Бірақ ұйқың ұйқы болмайды. Біраздан кейін күн нұры маңдайыңды қыздырып, бар маң малдың азан–қазан дауысына көміліп, тұрғызып жібереді. Ертоқымды қайтадан арқаға лақтырып, безілдеп атымды іздеуге кетем. Бұл кезде менің қойларым, Ақ үшкөлден (Ақ мектеп қой) ары асып кетеді. Оған дейін төрт шақырымдай жер бар. Атымды ұстап, бар даланы басыма көтеріп ән салып, жорғамды тепеңдетіп, қойыма жетем.
Анау көзінде екі елі көзілдірігі бар шал – Дәуіт. Көзі нашар көргендіктен, қойынан айырылып қалам деп, малына жақындай береді де, алдындағы Шопан атаның тұқымына жайылуға мұрсат бермей, күйдіретін. Мен бұл шалға қатты еркелейтінмін. Қойымды қайыра сап, Дәуіт ақсақалға шауып келем. Қойлары бытырай қашады. Жау қайдан келгенін білмей, сасқалақтаған қария, жан–жағына алақ–жұлақ қарап, шабан атын тебініп, ойбайға басады.
– Мен ғой ата, қорықпаңыз, енді! – деп мен қойшы атамды сабасына түсіре бастаймын.
– Ой, Орынғалидің күшігі, сенбісің–ей?! – деп шал қуанып қалатын.
Сосын қанжығасына байлап алып шыққан торсықтан қымыз ұрттататын. Дәуіт ақсақал көне қиссаларды жатқа соғатын ауылдағы дегдар қария. Мен сол үшін де бұны жақсы көрем. Ол бір талдың саясына түсіп, маған талтүске дейін қисса оқушы еді. Мен қой алыстап бара жатса, атқа қарғып мініп, екі үйдің қойын екі жаққа қайырамын. Сосын шалға ауылдағы жаңалықтарды айтам. Қаншама құпия арманымды да осы бір қасиетті шалға ғана ашқан едім. Ол арман–қиялыма кәдімгідей ден қойып, тындап, бауырсақтай быртиған қолдарын жайып, бата беруші еді. Түске таман, шапанының етегі жалпылдап, қойын қора жағына айдап кетіп бара жатушы еді. Мен малымның басын Сиректас жаққа бұрамын. Сосын бір қырдың түбіне қойымды иіріп, кітап оқуға кірісем.
Кітап демекші, осы бір әдетімнің арқасында талай қойды жоғалқанымды айта кетейін. Осыдан талай аузы күйген атам, таңертең менің үсті–басымды тінтіп кітап іздейтін. Талай кітапты тауып алып, тартып алған кездері де болды. Мен кітапты тығудың керемет амалдарын білетінмін. Соның бірі, кешке кітапты пакетке орап, оны бір қойдың бауырына шпагат жіппен байлап қоямын да, оны далада қуалап жүріп ұстап аламын. Кітап қолда! Шетел әдебиетінің жауһарлары мен қазақтың киелі әдебиетінің бай мұрасымен мен далада жатып–ақ танысып қойғам. Жазушы, ақын болам деген де арман сол кезде ғарыштан қалықтап бойыма қона бастағанды…
Әңгіме кітаптан шығады. Біздің ауылдың нақ ортасында кітапхана бартын. Оның меңгерушісі Ләйла апайымыз. Қылқылдап кітап сұрай берген маған, ол ешкімге айтпа деп кітапхананың қосымша кілтін бере салған. Мен кітапты кәдімгі қаппен арқалап әкеп, қораның артындағы көнге көміп тастайтынмын. Соны таусылғанша, шетінен рухым мен санама талғажау етуші едім. Кілтті мен Алматыға кетерде, рахметім мен бір сөмке анау–мынау апарып, Ләйләға тапсырғанмын. Қазір ол кітапхананың орнында, үйіндінің әр жерінен сарғайып кеткен кітап парақтары жалбырап жатқан қирандыға айналыпты. Соны жақында көрген менің көзімнен еріксіз жас ыршып кеткен. Кітапханашы Семей маңындағы Шар қаласына көшіп кетісімен, ауылдың пысықтары кітапхананың кірпішіне таласып, бұзып тастапты. Кітаптардың дені тамызыққа айналыпты.
Кешке күн ұясына әбден батып, дала алакөлеңкелене бастаған кезде ертоқымын асынып ап, қойын үйіне айдап келетін ауылдағы жалғыз бала да мына мен. Атам немересімен мені қораның артқы жағында күтіп отыратын. Қойды қораға кіргізіп, жуынып–шайнып алғасын, шәйға да қарамай көшеге шығып, қалаға кетпеген немесе қыдырып, қаладан оралған достарымды іздеп кетуші едім. Осылай жүріп, жазды да өткізетінбіз.
Лашын
Біздің ауыл – Көкталдың тұрғындары атқұмар. Атбегілік атадан балаға даритын қасиет болатындығын түсінсе де, әркім өз қарекетінше үйінде бір–бір бәйге ат ұстайтын. Мен жасым ересектеу әрі салмағым жеңіл болғандықтан осы ауылдағы үлкен сұранысқа ие шабандоз балалардың бірімін. Ауылдың қай қырынан қарасаңыз да, астындағы атын алаөкпе қып, жарысып жүрген қарадомалақтарды ұшыратасыз. Әгәрәки, арасында күнге әбден күйгендіктен шашы сарыдан қызыл түске айналған, екі аяғын аттың өкпесін түсірдей тебініп, шауып бара жатқан, көзі қысықтау өзі сары бір баланы байқап қалсаңыз, ол менмін. Тоқтатам деп әуре болмаңыз, өйткені біздің жетуге тиіс мәреміз – Үшқорымдағы табиғи ипподром. Сол жерде той бола қалса, атжарыс болады. Біз соған кетіп барамыз. Тағы да жарысуға.
Атам мені Үржардан алып келгенде, тай атаймын деп уәде берген. Алайда, уәдесінің орындалуы созылыңқырап кеткен еді. Немересі көп шал, бие туса, құлынын жыл сайын кезектесіп босана беретін жеңгелерімнің балаларына атайтын. Мен түгілі, менің әкем туған бауыры болмағандықтан, пақырыңыз жылда жылқыдан шет қалушы еді. Сөйтіп жүргенде, Айдарбектің бедеу биесі туды. Мен бұл оқиғаға арнайы баллада жазған едім. Сізді көп шаршатпай, сол өлеңімді осы жерде келтіре кетейін, қара сөзден жалыққан шығарсыз.
«Лашын»
(баллада)
Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,
Бедеу торы құлындады. Естідік.
Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің
Көңілінен қоңырсамал есті үміт.
Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,
Өгей атам боратады бұйрықты.
«Құлыншаққа көзің тиер!» – деп,
Маған
Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.
Берсе ғой деп сол биенің құлынын,
Тезек терем, үзілгенше жұлыным.
Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,
Тумасам да баласы боп ұлының.
Сәби едім, келер күнге сенетін,
Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.
Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,
Қырсық шалдың немересі көп еді.
Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,
Бағып жатам жылқы келер қиырды.
Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың,
Елестетер шұрқыраған үйірді.
Құштарланған қиялымның күшімен
Атқа мінем!..
Ол елес қой, түсінем.
Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,
Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.
Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,
Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп.
Арманымды біреу сезіп қоярдай,
Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.
Құлағы оның қалар сонда дір етіп.
Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп.
Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,
Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.
Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп,
Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.
Ондай кезде мәз болатын қырсық шал,
Сар сақалын иегінде билетіп.
Қозы бақтым.
Қой құрттадым ашынып.
Ала жаздай серік болды Лашыным.
Қарашада еркіндікке жібердім,
Қалмасын деп мен секілді басылып.
Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды.
Ал, қырсық шал «өй, әкеңнің!..» деп алды.
«Әкең..» деуі бер жағы ғой кәпірдің,
Лашын үшін талай рет сабалдым.
Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,
Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.
Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал
Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.
Мен де іштей «өй, әкеңнің!..» деп алдым.
Иә, солай… қоңыр төбел жоғалды.
Есесіне, қоңыр дәптер ішіне,
Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.
Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір,
Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр…
Анда-санда азаптайды, еске алсам,
Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл.
Лашыным-ай!..
Үні келіп құлаққа,
Жаңғырық боп адасады жыраққа.
Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,
Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!
Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,
Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..
Өжет болып өскеніме өкінбен,
Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!…
Баллададан ұққаныңыздай, соғымға сатылып кеткен мен сүйкті атымды Лашын деп атағам. Сол кезде теледидардан «Лашын» деген бір ақалтеке жылқысы туралы кино көрсететін. Соған ұқсастырып қойған түрім ғой. Лашын шынымен де Лашын еді. Екі құлағы қамыстай, қайшыланып тұратын. Маңдайында кішкене ғана төбелі бар, күрең тайды мен қант беріп үйретіп қойғам. Сосын тура кинодағыдай ысқырсам, маған қарай кісінеп шауып келуші еді. Мен тұмсығынан құшарлана иіскеп, сүйетінмін. Лашынның бойынан сондай керемет жұпар аңқушы еді ғой! Тәңір маған сыйлаған сәйгүлікті, адамдардың ашкөздігі құртты…
Сағыныш
Сіз мені анасын сағынбайтын «жетім қозы – тасбауыр» деп ойлап отырсыз. Дәл ссы жерде оңбай қателестіңіз. Баласын сағынбайтын ана болғанмен, анасын сағынбайтын бала болмайды. Өйткені, пендесінің кеудесіне Тәңір өмірдің ұлы демін анасының жатырында үрлеп, тірілтеді. Тіршіліктің ләззаты мен қиыншылығын сіз алғаш рет асыл анаңыздың алтын құрсағында сезе бастайсыз. Сіз дүниеге келесіз. Алғашқы азығыңызды да анаңыздың бойынан тататыз. Құрсақта басталған ана мен баланың байланысы мәңгі үзілмейді. Ол көрінбейтін тылсым жіп секілді, екеулеріңізді бір адам қылып байлап тастаған. Өкінішке орай тағдыр тәлкегімен, сіз анаңызды ұмытуыңыз мүмкін, бірақ сіздің жаныңыз, қайталап айтам сіз емес – жаныңыз, анаңыздың жанымен үнемі бірге болады.
Мен анамнан ажырап, Шұбартауға кеткеннен күннен бастап, сол тылсым, құдыретті байланысты жан-тәннімен, баланың тап-таза, тұп-тұнық жүрегімен сезіп үлгіргем. Сізден, несін жасырайын, түні бойы, сол бір ең жақын адамымды сағынып, жастығымды түні бойы жасқа шылап шығатынмын. Сағынышым күннен күнге үдеп, кейін менің бойымнан бір секундтқа да ажырамаған ұлы рухани депрессияға алып келді. Мен анамды сүйемін. Бірақ…Бірақ ол маған келмеді…
Әдеттегідей, қойдан кеш келіп, үйге кірдім. Босағада біздің үйдің емес, басқа бөтен әйелдің аяқ-киім тұр. Әдемі топылай. Аппақ! Шетінде әдемі гүлдің суреті бар. Біреу құлап, біреу тік тұрған қалпы әлі көз алдымнан кетпейді. Тұмсығы үшкір, ортасы жуандау болатын.
Сағыныштан сарғайып жүрген санамда «Мама!» – деген сөз найзайғайдай жарқ ете қалып, көз алдыма мейірімді шешемнің бейнесін әкеле қалды. Ентіге үйге кірдім. Маған арқасын беріп, жеңгеммен шай ішіп бір әйел адам отыр. Дене пошымы менің шешеме ұқсас, шашы қоңыр, бойы аласа. Шешемді көрмегелі аттай үш жыл өтті. Сол! Келді! Сағынған екен ғой! Шешемді жек көре бастаған өзімді кінәлап, мені іздемейтіні несі деп кінәлап жүрген әй, мен де ақымақпын ғой деп қоям! Түсінікті емес пе деп ойлап тұрмын, Қалаң жібермеген оны. Оның үстіне маған келетін қаражаты да жоқ шығар. Бүгін келді ғой! Мен барлық өкпе-назымды ұмыттым. Мен оған керекпін! Анам келді! Мен үшін!
- Урррәәә, мамам келді! – деп әлгі шай ішіп отырған кісіні құшақтай кеттім.
- Бісмілла, ойбай, мынасы кім! Жібер, ойбай! – деп шешем басқа біреу деп ойлап қалған болуы керек, менің қолымды қайырып жатыр. Мен осындай күшті, үлкен боп өсіп кеткенімді білмейді ғой, қазір көргенде қуанады деп, қуаныштан жұмылған көзімді ашпай, еркелеп тұрмын.
- Әй, Ғалия мына қайының жынды неме ғой!
- Ақош жібер, ойбай, ұят болады. Басыңнан күн өткеннен сау ма? – деп жеңгем маған айқай салды.
Мен осы кезде ғана көзімді аштым. Жүрегім дір етіп, тоқтап қалды. Бірнеше секундтқа. Сөйтсем, әлгі әйел менің шешем емес, көрші ауылда тұратын біздің құдағиымыз. Кіретін тесік табылсайшы, осындайда! Сүріне-қабына сыртқа атып шығып кетіп, біздің қораның артынан басталатын ұлы даланы басыма көтеріп, еңіреп қаша жөнелдім. Қорада жүрген атамның: «Әй, шешек атқыр, не боп қалды-ей!» – деген сөзі құлағыма жетті. Оған да қарағам жоқ. Адамдардан, мына ауылдан, жеңгемнен, ана сары қатын құдағимыздан, өмірден, өзімнен, бәрінен безіп ақырып жылап келем. Қанша қорлық көрсем де, қайтпай, қайсарланып тұрушы едім. Бұл менің адам құсап алғашқы шер тарқатып жылаған күнім еді. Мен он алты жастағы ат жалын тартып мінетін жігітпін. Ұялғам жоқ. Өйткені жыламасам жүрегімнен ұят. Қайда барғаным, не істегенім есімде жоқ, таңертең атам мені әкемнің моласынан тауып алыпты…Зираттың есігін ашпастан, бейітке сүйеніп ұйықтап қаппын.
Осы оқиғадан кейін, мен анамды күтуді доғардым. Ал, жүрегім сағынуды қоя алмады.
Кейін ержетіп, шешеме жолыққан кезімде, ол маған ай сайын хат жазып тұрғандығын айтты. Бірақ мен ол сөзге сенгем жоқ. Сенгім де келмеді. Себебі, мен бабалық шағымды ұмытқым келген.
Қияли
Менің ең жақсы көретін ісім – жаздыкүнгі жаңбырдың астына жүру. Одан қалды қыста жапалақтап жауып тұрған қарға сағаттап қарап тұру еді. Осы кезде маған аппақ қар ғарыштан жауып жатқан күміс жұлдыз болып елестейтін. Ал, мен ғарышқа жарықтың жылдамдығымен ұшып бара жатамын. Жаңбырда да дәл сондай күй кеуші ем. Мен көңілді бала болып өскем жоқ, ішімдегі алапат мұңның тұтқынында жүретінмін. Елдің бәрі мені түсінбейтін. Мен керісінше оларды.
Менің ауылдағы лақап атым – қияли. Иә, менің қиялымдағы дүние – бөлек дүние. Ол дүниеде бәрі бар. Жердегі іске аспайтын шаруа, ол әлемде оп-оңай іске асады. Ол әлем маған өмір сүруге кедергі келтіретін. Алайда, ол әлем – менің әлемім. Түстің өзін ел көргендей емес, өзімше көретінмін. Қазір де өзгеріп тұрғаным шамалы.
Мен өлең жазатын болдым. Қоңыр дәптердің ішіне. Бір күні мен бір шатпақ-шумақ өлеңсымағымды Алматыдағы «Ұлан» балалар газетіне жібердім. Екі айдан соң ауылға редакциядан хат келді. Қолыма алғанымда, анамнан хат алғандай қуанғанымды көрсеңіз! Ашсам, ішінде қып-қысқа мәтін тұр.
Айналайын, Ақберен!
Сенің өлеңдерінде сезім бар екен. Қиялың үлкен адамдардың қиялындай. Алайда, техникасы ақсап тұрғандықтан, біз сенің жіберген өлеңдерінді баса алмайтындығымызды хабарлаймыз. Өзіңді-өзің қамшылай түс, болашақта үлкен ақын болуыңа тілектеспіз.
Сұлтан Қалиев.
Көңілім су секпендей басылды. Мен өзіме серт бердім. Сұлтан ағама дәлелдеуге емес, қазақ поэзиясын биік деңгейге шығаруға ант іштім.
Міне, сол кеудені кернеген сезіммен мен он жеті жасымда Алматыға баратын автотрассада тұрмын. Әнеу, әне, Баршатас жақтан мені Шұбартауға әкелген сары пазик келе жатыр. Мен қазір соған мініп, Алматыны бағындыруға аттанам!

интернеттен баска материал іздеп отырып, сіздің әңгімеңізге кірісіп кеттім. Кірісіп кеткенім соншалықты іздеп отырған нәрсем жайында қалды. Бәрін ұмытып балалық шағыңызда сіздің жаныңызда бірге жүргендей болдым. Арасында жылап та алдым, күліп те алдым. Амал жоқ, режиссер болсам бірін қалдырмай сериал етіп шығаратын едім. Себебі, қазіргі жас буында кітіпқа деген қызығушылық жоқ, арман ертеңгі күнге деген мақсат та жоқ. Үлкен өнеге болар еді. Рахмет! Тағы қандай шығармаларыңыз бар екен, қайдан алып оқуға болады.
Акберен ага!Олендерiнiздi iздеп отырып осы гажайып шыгарманызды тауып алдым!Мен де кияли адаммын жане жанбырдан кейiнгi тынык саттi каатты унатам!Бул шындыкпен астарланган шыгарманызды окып отырып бiрде езуiме кулкi уйiрiлсе,бiрде жанарыма мун уялады.Тамаша!Артык ауыз соз жок,окырманмен терен байланыс орнаган.Озiнiзбен сырласып отыргандай болдым!Казактын багына бiткен кайсар улы,УЛКЕН РАХМЕТ !!!
бакытты балалык шак деген еферат 1здесем болмаган балалык шак шыктыго емаааааааааа(_I_) =(
неге бакытты балалык шак туралы малиметтер шыкпайды
Шедевр, ризамын, соз жок
Акберен, Сиз тегин адам емессиз….Сиз Алматы гана емес, Казакстанды багындырдыныз…. катты толкып отырмын….олендеринизди окимын деп кирип мына шыгарманызды окыдым….жумысым жайына калды…балалык шагынызды сизбен бирге бастан кешкендей асер алып отырмын, жылап та, кулип те алдым…Оз балалык шагым да еске тусип, маркум болган анам мен акемди ойлап жылап та алдым….Сизди жаксы билетин жандаймын… мен озим де оте сезимтал, киялшыл жанмын… керемет, асерли шыгарма, Сиз Улы Акын гана емес, Жазушы да екенсиз, Алгысым шексиз, рахмет!
Ақберен аға, шығармаңыз шебер жазылған! Жүрекке мұң ұялатып, көзге жас үйірді. Әсерленгенім соншалық, сол әсерден әлі аяға алмай жүрмін…
Шыгарманызды шынайылыгымен унады! Шыгармашылык табыс тилеймин! Каламыннан тек олен шумагы емес,осындай сатти ,асерли шыгармалар туындай берсин!
ананы кадирлендер.
Шынайы ақиқат тебірентеді,талант сол ақиқаты жүрекке жеткізеді,сендіреді. Тағдырдың сынағы адамды шындап қана қоймай, жігеріне жігер қосады.Биіктерден көріне бер.Рахмет.
неге бакытты балалык шак туралы интернетте жок …
нурлан байгара.
Акберен, керемет туынды, журегин осынша кан жылап турса да окырманынды конилди отырып окитындай жазылган, соз жок оте тартымды, жан тебирентеди… Казакка озиндей ул сыйлаган Аллама мын да бир рахмет!!!
Акберен, керемет туынды, журегин осынша кан жылап турса да окырманынды конилди отырып окитындай жазылган, соз жок оте тартымды, жан тебирентеди… Казакка озиндей ул сыйлаган Аллама мын да бир рахмет!!!
Акберен, журегин кан жылап турса да, окырманын конилди отырып окысын деп жазылган оте керемет туынды екен, окыган адамга уклен сабак беретин шыгарма … Казакка озиндей азамат сыйлаган Аллама мын да бир рахмет!!!
Ақберен . Сіздің шығармаңыз өте тамаша.Б.Соқпақбаев менің де сүйікті жазушым.
Сенімен бірге қызығы мол студенттік жылдарымды бірге өткізгеніме ризамын, бүгін ғана сенің сайтыңның бар екенін естдім, өміріңның біз білмеген қырларын білдім. Қайда жүрсең да аман бол! Қанатың талмай, самғап қалықтап ұша бер!!!! Шығармашылық табыстар тілеймін.
не мынау дым тусинген жокпн
Боямасыз омiр шындыгы! Кайран,балалык шак! Акбереннiн тагдыры курмеуi коп,шырмауы шырмалган омiр екен…
Менi де ауыл-кияли дейдi. Менi де адам баласы тусiнбейдi. Бiрак мен жетiм емеспiн. Менiн кияли,ауыш дуниемдi ата-анамда тусiнбейдi. Менi тек олен тусiнердi. Йа,сонымен Акбереннен бiраз нарсенi ойыма туйдiм! Шыгармашылыгын орлей берсiн,шабытын шарыктасын, кияли егiзiм!
Актобе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын аулы.
еее не мынау шыгарма іздесек каидагы брдемелер шыгат ким ол Акберен Елгезек деген
Мен сiздiң шығармаңызды оқығанда өнегелі істерді жадыма жинап,отырдым.Сізге ақ жол тілеймін.
Мына туындыңызды оқып Бердібек Соқпақбаев ағамыздың балалық шағына ұксастырғандаймын.Әсіресе анаға деген махаббат “Әкемді алсаң ал қүдай, шешемді алма,шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой” Әрине әр заманның озіне сай ерекшелігіде бар. Сізбен бір замандас болғасын ба кейбір окиғаларыңыз озімнің балалык шағымды коз алдыма келтірді.Сіздің сөзді неше түрлі накышына келтіріп, ой саптауыңызға таң калып гажайып бір күйде отырмын.
сәлеметсізбе! өте керемет жазылған! сөзім жоқ. Сізге басымды ием!