12.01.10

Әй, Сергей! Сергей, Сергей…

Орыс әдеби авангарды кезеңінің көрнекті бағыттарының бірі — имажинизм болғаны белгілі. Ресей имажинизмі (лат. – imago – образ) ағылшын ақындарының имажизм (Т.Хьюм, ЭЛаунд, Т.Элиот, Р.Олдинг-тон) поэтикалық мектебінен бастау алады.

Имажинизмнің эстетикалық табиғаты антиэстетизмге бағытталған күрделі теңеулерге негізделген. Бұл бағыттың іргетасын қалағандар, өздерін «Имажинистер орденінің Жоғары кеңесі» деп жария қылған ақындар – А.Мариенгоф, В.Шершеневич, С.Есенин, Р.Ивневтер еді.

Имажинистердің жеке бастары басқа мектептердің өкілдеріне қара­ганда материалдық жағынан әлдеқайда жоғарытұғын. 1919 жылы Ма­риенгоф пен Есенин Мәскеу қалалық кеңесінде «Еркін ойлайтындар» бірлестігін тіркетіп, қасынан баспахана мен кітап дүкенін, «Пегастың атқорасы» атты мәйхананы ашып, жағдайларын түзеп алған еді.

Имажинистердің Бүкілресейлік ақындар одағында да позициялары берік болатын. Рюрик Ивнев пен Вла­димир Шершеневич қайсыбір жылдары осы одақты басқарса, Есенин, Грузинов пен Ройзман оның президиумының мүшелері болған-ды.

Бұл мектептің өкілдерінің өз шығармаларын жоғары деңгейде жарнамалауына да үлкен мүмкіндіктері болды. «Чихи-Пихи», «Сан­дро», «Плеяда» сияқты жеке меншік баспаханаларынан төрт жылдың ішінде 40-тан астам кітаптары жарық көріпті.

1919 жылы аталмыш бағыттың өкілдері А.Луначарский атындагы әдебиет пен онер поезында поэзия үйірмесі бойынша алып империяны Оңтүстігінен Солтүстігіне, Батысынан Шығысына қарай шарлап шыққан болатын.

Кеңес үкіметінің Киров, Фрунзе секілді әртүрлі деңгейдегі басшыларымен де жақсы байланыс орнатқанын білмейтін былайғы жүрт Есе­нин және осы ағымға мүше басқаларды кедейшілікте жүріп жауһар жырлар жазды деп қателеседі.

Жалпы, ақын атаулының материалдық жағдайы жақсы болған сайын жағымсыз қылықтарға бойы үйір болатыны ақиқат…«Пегастың қорасы», одан кейін ашылған «Кебіс» пен «Тышқанның іні» іспетті ішімдікханаларда шарап ішіп, өлең оқыған имажинистердің барлығы өздерінің бетке үстар серкелері С.Есениннің кебін қүшты.

Бұл мақалада имажинизм өкілдерінің барлығының шығармашылығына шолу жасамай-ақ, поэзия әлемін сүйетіндерге бір табан жақын Сергейдің өмірінен біраз сыр шертсек деп едік…

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН СЕРІ ҰЛ

Өлең өңіріне аяқ басқан ақындардың ішінде Есенинмен «ауырмағандары» некен саяқ. Әртүрлі ұлттың өкілі болғанымен, бөлек тілдерде жазғандарымен, «науқас» шайырлар Есенинше жазғысы келеді, Есенинше жүргісі келеді, арыға кетсек, Есенин сияқты өлгісі келеді. Бір қызығы, бұл «дерттен» ақындар отызға іліге бастағанда айыға бастайды. Есениндей нәзік жүрек кез келген ақында бары даусыз. Дүниені дәл Есениндей қабылдау қазаққа тіпті жақын. Ол, өзінің деревнясын дамылсыз жырласа, біз ауылға әрдайым асығудамыз. Есенинді Мәскеу «жеп қойса», бізді де Алматы маң-дайдан сипап жүргені шамалы.

Кеудесіне қос жүрек біткен, қырғи көзі көкжиектің арғы жағын да көріп қоятын дала ақындарының дерті мен мұңы – туған ауылы, оның табиғаты мен адамдары емес пе. Қалаға қызыға келіп, жирене өлетін ақындардың, шәһәр өмірінің күреске толы тіршілігінен басы ісіп, әдеби ортаның толассыз «қырғи-қабақ» майданына жапырақтай жүрегі шыдас бермей, сарғайып бітеді. Одан аман шығып, қала заңдылығына мойынсұнатындардың өнерін кәсіпке айналдырып алғандардың кеудесін-дегі жұдырықтай еті тас болып қатып қалады.

1925 жылдың желтоқсан айында Сергей Ленинградка осындай зымиян да сүрқайы ортадан құтылу үшін кетеді. Кеп үзамай, құтылады да… Ортаны былай қойып, бес күндік жалған дүниеге қолын бұлғап, өзі жырлаған «көкпеңбек көкке» бозторғайдай шыр етіп үшып кетеді.

«Өмірім, түсім бе едің, сен менің…»

Жасы небәрі отыздағы ақынның артында өңі кетпейтін өлендері мен басыасау жігіттің бейнесі қалды. Ақиқатында Есенин қандай еді? Біз білетін Есенин шынымен де мас-күнем болды ма? Әдеби ортада қа-лыптасқан осы пікірлерге біз кереғар дәлелдер іздеп корелікші.

Рас, беймаза ақын жанының өзі әрең сыйып жүрген мына әлемде байыз табатын сәттері өте сирек. Сондай алакүйын шақта дауаны шараптан іздейтін шайырлардың көзені төңкеріп сап барып тыншитыны тағы шындық. Оның үстіне құрсақта жатып-ақ этил спиртінің дәмін сезген орыстардың ұрпағы бұл «дәстүрден» бейтарап қалуы мүлдем мүмкін емес-ті.

Ал, Есенин өлендерін кабактардың ащы түтініне уланып отырып жазды ғой деген аңызға сену ақымактың ісі.

Есенин барлық шығармаларын, көпшілік ортадан жырақ кетіп (ұялы телефондар жоқ кездегі бақытты ұрпақ!), үстелін мұнтаздай қып тазалап, үстіне қауызын жаңа ашқан гүл шоғын қойып, сергек ми, сезімтал санасымен жазды. Жұмыс істеп отырған бөлмесіне ешкімді рұқсатсыз кіргізбеген. Сусыннан тек қара шай татып, астан тек жеміс жеген. Бұл дегеніміз – өлеңге үлкен жауап-кершілікпен қарау, бүл дегеніміз – сөздің қасиетінен қорқу деп ұғынуымыз керек. Өлең жарықтық түйсігінде сезім сәулелерін жарқ еткізіп, шұыласын шашқанда ақын біткен пенделіктен ада қалыпта отырады. Ол кезде өлеңнен биік ешнәрсе, өлеңмен теңесер еш сұлулық болмайды.

Осындай ыждаһаттылықпен жұмыс істеген Сергей орыстың үлы ақынына айналды. Мариенгофтың айтқанындай: «Есенин өлген күннің ертесінде-ақ өз даңқын куып жетті».

«ҚАРА ПӘЛЕ» НЕМЕСЕ ЕСЕНИННЩ СОРЫ

Аңын, егер ол шынымен ақын болса – екі дүние арасындағы делдал ғана. Осы ақиқатты Есенин өзінің өмірі мен өлеңі арқылы дәлелдеп кетті. Ғарыштың бір нүктесінде ұршыққа оралған, бірі ұзын, бірі қысқа үзік-үзік өлеңдер жатады. Ол өлеңдердің иесі – Тәңірі. Тәңірі адам баласына түсіретін қасиетті де, киелі дүниені ақындарға аруағы сыбырлап айтып бермек. Есениннің зар-иманын ұшыратын Қара кісі де сол жақтың түрғыны. Өмірінің соңғы жылдары Сергей оны әбден түйсінген сияқты. Бәлкім, Ленинградқа баруды да сол бұйырған болар. Себебі, қара аруақ ішіне ішімдік түскен сәтте қолына револьвер алып, шым-шытырыө көшелердің бойымен Сергейді қуалап, иманын қасым қыла жаздайтын болған. Қара кісі мен Сергейдің арасындағы соңғы сұхбаты жөнінде естелік жоқ, бірақ апақ-сапақта өзі тұрып жатқан Л.Толстойдың үйіне /немересіне үйленген ғой/ түрі өрт сөндіргендей аянышты халмен кіріп, заттарын жүгіре жинап, ат арбага қарғып мініп: «Қош, болыңдар, бауырлар! Кешіріңдер мені! Ары қарай шамам жоқ!» – деп Лениград арқылы мәңгілікке сапар шеккен Есениннің ары қарай күресуге, озін мазалаған күшпен тіресуге қауқары болмаганын көрсететеді.

«Асылып өлді, бейбақ!» – дейміз. Өмірді енді сезініп, тылсым сырларына енді ғана үңіле бастаған Сергей асылып өлген жоқ, сол кездегі саяси жүйенің қасапшыларының құрбаны болды. Мүмкін Қара кісі басқа біреуге «оқып» бермек болған өлеңдерді түйсігімен көріп қойды ма екен?.. Кім білсін?

Содыр мінезімен талай мәйхананы шайқалтқан Сергей сері десе сері еді. Сырнай тартып, кәсіпқой бишідей би билеп, ән салғанда қыз-қырқынның жүрегін тамырымен жұлып алатын еді ғой. Шынымен сондай ма еді? Жоқ, оның бәрін Сергунь әдейі істеген. Себебі, ол ете сақ жігіт болатын. Өзі туған алаботен заманда бойындагы дара парасатын көрсетіп, сыр бөлісетін ешкімді таппаған. Бұны тірісінде тостағандас болған достары мүлдем түсінбей қала берді. Ал, Есенин түйсігімен көп нәрсені сезгенмен, оны ашық айтуға батылы жетпеді. Әсілі, қорықты. Біздіңше, бекер қорықты. Бәрібір өлтірді ғой. Дәл қай күні өлетінін білмегенмен Сергей құдды Қорқыт Атадай Мәскеу мәйханаларын кезген өлім елесінен аласұра қашқан болар.

Біздің Есенинді имажинизм ағымына қимайтынымыз бар. Себебі, бұл бағыт Есениннің оған мүше болғандығынан ғана әдебиет тарихына енуге мүмкіндік алды. Есениннің арқасында шыбын жанын сақтап жүрген ортаңқол ақындар, Сергей өлімінен кейін көп ұзамай, оны «көкпеңбек көктен» іздеп кетті.

Бәрі де Қара кісімен таныс болған Есенинді танығаны үшін, шала мае күйінде, өлеңнің касиетін біле алмай, қасапханалардың қараңғы бөлмелеріне сіңіп жоғалды…

«Кентавр» газеті

№3 13.04.2007 жыл

1010 рет қаралды

4 Пікірлер “Әй, Сергей! Сергей, Сергей…”

  1. ҚҰЛТАЙ АРДАҚ:

    Керемет.Бүгінгі ақынның кешегі ақын жүрегінен өзіне беймәлім сырларды өз қасиеті арқылы жаңа тұсынан аша білуі мен дарындар үндестігі көрініп тұр…

  2. Даден Айгүл:

    Көзім ашылды, жаңаша көзқарас қалыптасты. Мен Есенин өлеңдерінің қыр-сырын енді ұғына бастадым.

  3. Шыңғыс Алмасбаев:

    Маган осиндай шыгармалар ұнайды

  4. Шыңғыс Алмасбаев:

    Өте керемет жакси өз басым өзіме ұнады. ККККЕЕЕЕЕЕЕЕРРРРЕЕЕЕЕЕЕЕММММЕЕЕЕЕЕЕТТТТТТТТТ

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion