Ол маған құдды бір қалыңдығы мыңжылдықтармен ғана өлшенетін тарихтың қатпар-қатпар қабаттарынан түрегеліп, қирандылар үстінде бүкірейіп өлең жазып отыратын сияқты боп елестейтін. Ол әлі де мұңға семіп қалған шаршау жанарымен жан-жағына селқос қарап, мәңгілік ңасіреті еш таркамайтынын сезгендіктен өлеңге сырын ашып отырғандай…
Оның достары бүның суретін салғанды жақсы көретін. Романдьщ тамырлар – оған кербез келбет мен қағілез мінез, славяндық тамырлар -тәканпарлықты сыйға тартты. Антикалық бет-әлпеті суретшілерге біресе Цезарьдай, біресе Вергилийдей боп көрінетін.
Өмір бойы француз азаматтығын ала алмаған ақын, тек өмірінің соңғы екі жылында ғана оған үлкен еңбекпен қол жеткізген. Шайырдың күрделі мінезіне бүның да әсері бар-ay деп қаласың…
Ол туралы көптеген естеліктер оқыдым. Бір жерде ол қарапайым, әрі аңғал, ырмышлы және сенгіш адам ретінде бейнеленеді. Ал, бір жерде одан өткен зұлым, есерсоқ пенде жоқтың қасы. Біреу оның болмысынан сәбилік тап-таза жан дүниесін көріпті. Бәз біреу оның кемеңгерлігі мен табиғи парасаттылығына тәнті боп жатады.
Ал, мен оның поэзиясынан қуаныш пен бақыттың лебін сезе алган жоқпын. Гийом Аполлинер маған сонысымен жақын, сонысымен сүйкімдірек. Себебі, ол пенде емес! Себебі, ол бар ғаламның қасіретін жүрегінен өткізе білген мұңлық.
****
ЖОЛДА ТУҒАН БАЛА
Аполлинер алгашқы өлеңдерін қағаз бетіне түсіре бастаған кезде, оған біртүрлі ыстық көрінетін Ресейде француз символистерін орыстарға таныстырып жатқан Валерий Брюсов басқа табиғи дарын иесі туралы мақала жариялап үлгерген еді. В.Брюсов Поль Верленнің бойынан періште қалпы мен доңыз кейіпін қатар көрді. Аполлинерді тірісінде көргендер де бұны Верлен секілді екіжүзді кісі деп есептеген. Гийомды түсінуге болады. Ол өмір бойы махаббат пен ойын арасында жүріп, ешкімге білдірмей, өзі ғана сезген ұлы бір тылсым дүниеге сапар шегумен болды.
Бәлкім ақынға екі жаққа бөлінушілік анасы Анжелика Костровицкаядан дарыған болуы мүмкін. Тағдыр тәлкегімен Польшадан Италияға кеткен Анжелика Гийомды дүниеге әкелгенде жиырма екі жаста ғана болатын. Және оны итальян офицері Франческо д’Эспермонныц «ұрлап кеткеніне» бірнеше жыл болған еді. Аполлинер дүниеге келген күннен бастап оның өмірі жұмбаққа айнала бастады.
1880 жылдың 26 тамызында болған ұлы оқиғадан кейін (Г.Аполлинердің туған күні) бес күн өткен соң, Рим әкімшілігінде белгісіз ерлі-зайыптылар оны Дульчини деген фамилиямен тіркейді.
Екі жылдан соң дүниеге келген оның інісі Альбер де дәл осындай тағдырды басынан кешті. Ол Зевини фамилиясымен жазылып, ата – анасы анықталмады. Бұл Аполлинерге кейін өзінің шығу тегі туралы таңғажайып оқиғаларға толы әңгімелер таратуға мүмкіндік туғызды. Гийом бірде Наполеонның ұрпағымын деп соқса, енді бірде Рим папасының тікелей немересімін дейтін болды.
Ақынның шығу тегі жұмбаққа толы болғандықтан ол шынайы өмірден алыстай бастады. Жас Вильгельм Костровицкий Монако мен Каннадағы колледжде, содан кейін Ницц лицейінде оқып жүргенде, оның анасы ойынханаларда «әдемі алаяң» деген атаққа ие болып жатады.
ЖАБЫҢҚЫ БОЗБАЛА
Дәл сол кезде он жеті жасар жас ақын мен оның Анж Туссен атты лицейлік досы екеуі қолжазба журнал шығаруды қолға алып жатқан болатын. Вильгельм өзінің шығармаларын «Гийом Макабр» («Жабыңқы Гийом») деген бүркеншік атпен жариялайды. Одан әрі Аполлинер әдебиетте мистификация мен бүркеншік атқа талай ұрынған еді.
Бір ғана мысал. Гийом 1909 жылы Луиза Лаланн деген бүркеншік атпен жас арудың уылжыған нәзік өлеңдерін жариялап, елді дүр сілкіндірген болатын. Одан кейін сол өлендерге басқа бүркеншік атпен сын мақалалар жазып, әйелдер поэзиясы туралы тосын пікірлермен жұртты тағы бір састырған-ды. Бір жылға созылған дау-дамайдан жалыққан соң Гийом бұл ойынды тастап жүре берген. Алайда, ақынды өлең ешқашан тастаған емес.
Мына «Махаббат» атты шығармасы сол кездегі жазылған алғашқы өлеңдерінің бірінен:
Шылдыр шүмек саусақтагы
Жүзік пен сүйістердің сыртындагы сыбырды,
Сыйга тартты жаңбыр бізге, күз күткен,
Содан кейін жаһан біткен құбылды,
Келші жацын, жүзік таққан, ақ айым,
Бұрымыңа райхан гүлін тагайын!
/Өлеңдерді аударған мақала авторы/
1899 жылдың жазында анасы Аполлинерді ағасымен жазғы демалысқа Бельгияның Ставло қаласының демалыс үйіне жібереді. Онда Аполлинер алғашқы махаббатын кездестірді. Осы жерде жас Гийом «Ставло» атты алғашқы жыр топтамасын дүниеге әкелген еді. Осы жинақтан кейін Гийом поэзия әлемінің көкжиегіне өз атын өшпестей етіп қашай бастаған-ды. Алайда, бұл жинақ жарты ғасырдан кейін ғана жарық көреді. Кендір жіппен байланған өлең парақтарын ақынның ғашығы Мария Дюбуа сақтап қалады. Осы топтамадан кейін Аполлинер қайғылы махаббаттың жаралы әншісіне, ең таңдаулы ақынға айналады.
Марияға деген махаббат күзде үзілді. Өйткені, ақшадан қысылған Анжелика Костровицкая балаларына, пансионат қожайынына теңге төлемегендіктен демалыс үйінен қашып шығуды бұйырған еді. Бұл оқиғадан ақылдан адасқан Анжеликаның өктемшілдігін сезуге болады. Бұл оқиға белгілі сазгер Франсис Пуленкоға «Аполлинер алғашқы он бес жылын қатал анасының етегінің астында өткізді» – деген ұтқыр ой айтуына мүмкіндік берді. Шын мәнінде, Апполинер анасының етегінің астынан өмір бойы шыға алмай етті. Ұлы баласы бақилық болғаннан кейін Анжелика Костровицкая төрт айдан соң дүние салды…
Алғашқы сезімге ұқсас толқулар бірнеше ай өткен соң ақын жүрегін қайта мазалай бастады. Оған кінәлі он алты жасар Линда Молина да Сильва болатын. Қарашашты Линда, байсалды, салмақты сұлу болғанымен аздаған сақаулығы бартұғын, алайда Гийом үшін оның дауысы ғажап күй боп естілетін. Аполлинер алғашқы лирикалық өлеңдерінің көбісін соған арнаган. Әр өлеңді ашық хаттың сыртына жазып, аяулы Линдасына үзбей бір жыл бойы жіберіп тұрды! Бұның бәрі тағдырдың Аполлинерге шыңдалу кезеңінде жасаған үлкен көмегі болатын. Болашақ поэзия реформаторы сол кезден бастап, өлеңнің биік шыңына шығып та қойған еді. Осылайша мадригал мен акроөлең, «кұйрықты сонет» пен триолет, терцина мен элегия дүниеге келеді.
ЛИНДА
(акроөлең)
Л ебіздей жеңіл көлеңке, қалықтап жаңа түскендей,
И шара жаса кірпікпен, мұңлы бір күйге көшкендей.
Н октюрн әлде романс па? Жүректі үнсіз аймала,
Д ыбыстар ұшар саусақтан, пернеге тисе жай ғана,
А Һ, ұрар зарлы пианино, бетімнен тамшы тайғанап…
Бірақ, Линда Гийомды қаламады, мүмкін ол әлі бүндай сезімге дайын емес болған шығар. Мария сияқты Линда да жас ақынның барлық махаббат жырларын сақтап қойып, оның қазасынан кейін туындыларын «Сақталгандар» кітабына басып шығаруға ұсынды. Арулардың Аполлинердің жүрекжарды іңкәр сезімдеріне жауап бергендері кемде кем. Ағылшын қызы Анни Плейден де оның махаббатына жауап бермеді. Есесіне, Аполлинердің жауапсыз қалған сезімдері оны көрнекті лирик ақын етіп сомдап шықты.
Гүл теру
Жүр қалқам баққа, гүл терейік,
Оларда сан жоқ, сұлуым!
Райхан гүлдерді тірілтейік,
Көрмеген жаздың жылуын.
Олардың нәзік білтелерін,
Жел иіп жатыр қарашы.
Жұпарын шашқан күлтелерін,
Арманға біздің балашы!
ӘУЛИЕЛЕР ТРИУМВИРАТЫ
немесе сюрреалшмнің пайда болуы
Ақынның өткенге деген раритеттік құмарлылығының нәтижесінде, асқан эрудициясын көрсететін оның соңғы прозалық екі кітабы «Шіріген дуагер» (1909), және поэтикалық «Бестиарий немесе Орфейдің күймесі» (1911) әр жылда дүние табалдырығынан аттады. Аполлинер «Бестиарийді» Элемир Буржуға арнаган, ол оның талантын қатты құрметтейтін үлкен досы еді. Аполлинердің «Ересиарх және К°» кітабын Буржудың дәл өзі ағайынды Гонкурлар сыйлығына ұсынған, оған 1902 жылдан бастап, мерзімдік басылымдарға шыққан әңгімелері енген. Бірақ, «Ересиарх» сыйлыққа ілікпеді, бұл кітапта Аполлинер өзін заманының асқан дарыны және тамаша прозаигі деп мәлімдеген еді.
Содан кейін атақты «Триумвират» бастаған Монмартрдың дәуірі басталды. Триумвиратқа Аполлинер, Пикассо және ақын Макс Жакоб ғана мүше. Макс Жакоб туралы бір-ақ қызықты жайтты айтуға болады. Ол көріпкел ақын болған. Жакоб өз үйінің қабырғасынан Ғайсаның көлеңкесін көріпті-міс, содан кейін ол белсенді католикке айналып шыға келеді. Әдебиетші Рене Дализге «бәрімізден бұрын өлесің деуі» мұң еді, 1917 жылы Дализ соғыста қаза табады. Ал, Аполлинерге Макс Жакоб «сен тіріңде өз атағынды көре алмай өлесің» – дегенін тарих дәледеп берді.
Бір қызығы, Джордже де Кирико деген ақынның бір досы Аполли-нердің зеңбірек снаряды сынығынан жараланғанға дейін бірнеше жыл бұрын «Адам-нысана» атты әулиелік портретін салады…
1906 жылы шеберханадағы аңдардың бейнесін ойып отырған суретші досы Пикассоның жұмысына қарап отырған Аполлинерге «Бестиария немесе Орфей күймесі» идеясы келеді.
Жалпы, Аполлинердің толысып поэзия биігіне шыққан шағы Пикассо сияқты суретшілермен тікелей байланысты. Аполлинер өлеңдегі қатып қалған заңдылықтарды бұзған шайыр. Ол өз өлеңдерін суретпен жазатын. Өлең жолдар бірде екі спираль сияқты төменнен жоғары көтерілсе, бірде парақтың астыңғы бір бүрышынан, үстіңгі бір бүрышы-на бағытталып, кейде субұрқақ бейнесінде жазылатын.
Сюрреализм, яғни «Тылсым шынайылық» ұғымын енгізген де осы Гийом ақын болатын. Пикассо болса, Аполлинердің өлеңдерін бір жолын қалдырмай, құрылымын өзгертпей сурет қылып салып берді. Осы жердей сөз бен бейне ең алғаш рет үндестік тауып, көз алдыңызда сайрай бастады.
Аполлинердің «Ішімдіктер» кітабы 1913 жылы сәуірде жарық көрді. Оған дейін 1912 жылдың қараша, желтоқсан айларында жаңа поэзияға жол ашатын «Аймақ», «Вандемьер» атты екі өлеңі баспа бетіне шықты (айт-пақшы, алғашқы аполлинерлік өлеңдер баспада тыныс белгілерінсіз жарияланды). «Ішімдіктер» композициясымен жұмыс жасаған ақын болашақты өткен күнмен байланыстыра отырып, осы өлеңдерімен кітапты бастап, аяқтаған. «Аймақтан» соң, оның «Мирабо көпірі» өлеңі 1912 жылдың ақпанында жарық көрді. Бұл маңызды бастама болды. Біріншісі болашақ, екіншісі өткенмен қоштасу еді. Уақыт толқындары мен оның жәдігерлері, Мариямен қоштасу, жауапсыз махаббаттары осы «Мирабо көпірінде»| құпиялы түрде баяндалады.
Француз жазушысы Даниэль Остер «Ішімдіктер» туындысында Аполлинердің Орфей сияқты естеліктер тозағына түсіп бара жатқандығын дәл байқап қалады. Естеліктер тозағы осы кітапта Аполлинердің жанын шығарса, ұлы шайыр жан тамұғынан ешқашан құтылған емес.
1911 жылы 21 тамызда Лувр мұражайынан атақты «Джоконда» суреті ұрланып кетеді. Қылмысқа қатысты деген күдікпен Аполлинер 7 қыркүйекте түрмеге жабылады. Аполлинерге деген күдік кезінде акынның хатшысы болып жұмыс жасаған Жери Пьеренің достығынан пайда болған. Пьеренің бұған дейін Луврдан ұсақ – түйек заттарды ұрлап, оларды коллекционерлерге сатқаны анықталды. Ал, Аполлинердің бейнелеу өнеріне өлердей ғашық екендігін бәрі білетін. Лицейлік досы Анж Туссен сотта Аполлинердің қорғаушы болып, өзінің ескі досын қорғап шығады.
Париж түрмесі Сантеге келуі Гийом үшін үздік өлеңдер топтамасын жазуға таптырмас себеп болды. «Түрме лирикасы» дәстүрін ұстаган Верлен сияқты, Аполлинер классикалық поэзияның қайталанбас үлгісін көрсетті.
СОҢҒЫ ДЕМ
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ақын өз еркімен майданға аттанды. 38 жасында артиллериялық полкте бір жылға жуық қатардағы жауынгер болса, кейін дәрежесі бір сатыға көтеріліп, көптен күткен азаматтыққа қол жеткізді, ал бір аптадан соң, снаряд сыныгынан Гийомның басы жараланды.
1918 жылы шыққан «Каллиграммалар. Бейбітшілк пен Соғыс. (1913 — 1916)» кітабында сол кездегі ақынның өмірлік хроникасы қамтылған.
Аполлинер госпитальдан шыққаннан соң, кайтадан басталып келе жат-кан мәдени өмірге үреймен қараса да. баяғысынша көптеген журналдармен қызмет жасасып, жаңа кітабын шығаруға дайындалды. Солардың бірі, 1913 жылы басталған және 1916 жылы шыққан – «Қаза болған ақын» новелла кітабы. Бұл шайырдың ұзақ, азапты аурудан жазылып, әдебиетке оралуын білдірген топтама еді.
Алайда, бұл куанышты жағдай көпке созылмады. Аполлинердің өлімі де мистификациядан алыс кеткен жоқ. Әулие Фома Аквинский шіркеуінен ақын мүрдесін шығарып жатқанда Париж кешелеріне сыймай кеткен халық «Жойылсын Гийом! Жойылсын Гийом!..» – деп үрандады. Бірақ, бұл Аполлинерге қарсы айтылған ұран емес-тін. Бұл неміс императоры Вильгельмге қарсы жасалған шерудің айқай-шуы болатын.
Ноктюрн
Шаһардың сансыз оттарынан,
Көмескі бүгін мына аспан.
Жайқалған өмір бақтарынан,
Жүрек пен гүлдер жыласқан.
Ғұмырдың нұрсыз іздерінен,
Ғарыштан түсті түнектер.
Шамдардың мұңсыз көздерінен,
Аспанға ұшты жүректер!
Ажалсыз рух қой,
Тәңір күткен,
Махаббат өлген тек қана.
Ән-күймен жерді дірілдеткен,
Әуеге ұшқан шоқ қана…
Қазалы күнде досын соңғы сапарға аттандыру үшін келген Жан Кокто: «Оның табытта сұлу болып жатқаны соншалық, біз жас Вергилийді көріп тұрғандай таң болдық. Дантенің кейіпіндегі ажал оны бала сияқты қолынан ұстап ертіп кетті» – деп жазды.
«Кентавр» газеті
№13 29.06.2007 жыл

Тамаша… тұнып тұрған тылсым дүние…
Керемет!
Мен не нәрсені оқысам да, соңынан “Маған бұл не берді деуші едім?Ал, қазір……бар болғаны осы сайтқа кіргеніме қуандым.