30.12.09

АҚЫН ЕЛГЕЗЕКТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Абай.

Иә, адам баласының жан дүниесі жұмбақ. Шыр етіп жарық дүниеге келгеннен, тірліктегі талқаны таусылып, о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі аралықта ол өз бойындағы адамзат баласына тән қасиеті мен қабілетінің қай деңгейде екендігіне көз жеткізе алмай өтеді. Мұны тылсым табиғаттың сыры немесе заңдылығы деп қабылдағаннан басқа амалымыз да жоқ.

Көзбен көргені мен көңілге түйгенін сөзбен суреттеп, жан дүниесінің ішкі сырын оқырманына жеткізуді мақсат тұтқан қаншама ақын өз өмірін өлеңге арнады. Әуелде ойға алған ізгі мақсатына солардың қаншасы жетіп, қаншасы орта жолда қалды?

Бүгінгі күні қазақ поэзиясына өзіндік сарыны мен дарынын ала келген жас қаламгерлердің бірі – Ақберен Елгезек.

Ақынның соңғы жылдардағы «Көлеңкелер күбірі» жинағына «Айнадағы бейтаныс», «Ұйқысыраған ұйқастар», «Тамшыдағы таңбалар» және «Сириус сәулесі» атты төрт бөлімнен тұратын (соңғысы аудармалар), түрлі тақырыптарды қамтыған өлең-жырлары еніпті.

Жас ақынның жыр жинағын оқи отырып, күнделікті тірлікте болып жататын көп дүниелерге көңіл бөлуге мәжбүр боласың. Әрине, кез келген ақын айналасындағы құбылысты өзіндік көзбен көріп, өзіне тән өресімен ой түйетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда кей сәттерде ақынның қайсыбір қияли сезімдердің жетегіне ере отырып, өзінше пайымды пәлсапа тұжырымдай білгеніне таңданасың. Ол бірде көк Тәңіріні өзі барып көргісі, оған жан дүниесінің мұңын шаққысы келіп:

Қаламмен түртіп жүректі,

Көңілге көркем жыр ектім.

Көрсем бе деп Тәңірді,

Періште түйсік шыр етті…

- деп көк төріне талпынса, енді бірде амалы таусылып:

Ұмай-Ана!

Көк Тәңірді көрдің бе?

Біздің жақта азғындаған күй мынау,

Көк Түріктің рухы өшкен заман бұл,

Кеңірдегін кеміреді қылбұрау.

Көкжалдықтан айырылған бір ағам,

Төбет құсап тағып апты қарғыбау…

- деп Ұмай-Ананың рухымен тілдеседі.

Кешегі көкжалдардан тараған өр рухты халықтың қазіргі бейшара тірлігінен түңіліп, бүгінгі қоғамды ырың мен жырыңға бастауға бейім көп дінділіктің етек алғанына налиды.

Тәуелсіздік алғанға дейінгі еліміздің астанасы Алматыға кезінде кімдер құштар болмады. Талаптың тұлпарына тұмар тағып, Ақберен де Алматыға ат байлайды. Аты аңызға айналған ел астанасын анасына балаған балаң ақынның маңдайы тасқа соғылады. Аңқылдап барған аптығы басылып, көп жайды көзімен көріп, көңіліне түйеді, түйеді де түңіледі.

Е, бұл қала кімді марқұм қылмады,

Алатаудың басында өлсін шын дарын.

Көсем болам! – деп келеді ауылдан,

Көкбазардың құлдары…

- деген ащы да болса ақиқат жыр жолдары ақын жанының жанайқайы, бүгінгі қазақ жастарының тағдыры, қарынды мен дарындының ара салмағы.

Тоғышарлар мен топастарға сөз шығындаудың өзі артық. Осындай бір тоғышарлықтың образын ақын былайша суреттейді:

Ақша қуған, атақ қуған түгелдей –

Тым қауіпті – ақын болу бұл елде.

Келіп қалды дәу «мерседес» зырқырап,

Өрімдей қыз – рөлде.

Жас болған соң, жасындармен жалғанбай,

Өмір сүру қиын екен арланбай.

Қолшатырсыз қарап тұрмын,

Үсті-бас

Жыр – жаңбырға малмандай!..

Ақын өлеңдерінен өмірдің өкініші мен тірліктің келеңсіздіктерін, азған ел мен тозған жердің тағдырын, қоғамдағы тамырын тереңге жіберген парақорлық пен жемқорлықты қапысыз байқауға болады.

Әрине, Ақбереннің қаламы қамтыған дүниелер өзге ақындардың жырында кездеспейді деу әбестік болар. Олай десек, өлең өлкесінде сөз құдіретімен өрнек салған қаламгерлердің айдынына тас атқандай боламыз. Мәселе әр ақынның өлең жазу стилі мен ой тұжырымының тұнықтығында секілді.

Орда бұзар отыздың қақпасын енді ғана қағуға қамданып жүрген жас ақын қайсыбір терең толғамдарын көпті көрген қарт абыздың көзімен көріп, соның саналы сөзімен де жеткізе білген.

Ақынның сыршыл жырларынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ, біздің мақсатымыз ол емес.

Айтайық дегеніміз: Ақбереннің өз оқырманына ағынан жарыла білуінде. Ол жыласа не үшін жылағанын, күлсе оның да себебін жасырмай жайып салады.

Тағы бір айта кетер тұсы, алыстан сермеп, жүректен тербеп, Тәңірі мен періштені, имандылық пен ибаны, ел мен жерді жырлап, ет жүрегі езіліп отырған ақыныңыз енді бір қарасаңыз кәдімгі шуға толы сыраханада, көк түтіннің арасында ән тыңдап отырады.

Сол … отырған…

Сыра тартып салқындап…

Білте шамдай Ай жанады қалтылдап.

Жасырынып тұрғандайсың әдейі,

Аспан-қалқан артында!

Жаңалық жоқ.

Сол … отырған … ән тыңдап,

Баяғы бір балбал тастай қалпымда.

Маңайымда тірі жандар билеп жүр,

Арасынан елестейді марқұмдар …

Осы бір өлең жолдарын оқып ап, «апыр-ай, ақынның мұнысы қалай?» деген заңды сұрақтың өз-өзінен туындары сөзсіз. Алайда, Ақбереннің қайсыбір қаламдастарына ұқсап арақ-шарап атаулыдан аулақ едім, ақ едім, пәк едім деп ант-су ішпей-ақ, өз өмірінің кей тұстарын шырайсыз болса да шынайы жеткізе білуінің өзі ақын жанының табиғи тазалығынан хабар берсе керек.

Тоқсан ауыз сөздің түйінін түймес бұрын кітаптың соңғы бөліміне тоқтала кетуді де парыз санадық. Өлең жазып жүрген ақындардың арасындағы екінің бірі бел буып, бара бермейтін жанр – аударма. Ал, аударманың жауапкершілігі мен мазмұндылығы өзіңнің жазған-сызғандарыңа қарағанда әлдеқайда ауыр. Егер аудармаңыз сәтті шықса құба-құп. Біреудің ішінен шыққан төлтумасын адам танымастай етіп өңін өзгертіп, өзіңізді де, авторды да күлкіге қалдырып, жерге қарату ешкімге абырой әпермейтін тірлік. Сондықтан да аударма барынша абай болуды талап етеді. Бұл тұрғыдан алғанда Ақбереннің И. Буниннен, Д. Мережковскийден, В. Шаламов пен В. Высоцкийден аударған аудармалары мейлінше сәтті еңбектің жемісі деп бағалауға болады.

«Жақсы кітап – жан азығы» деген сөз текке айтыла салмаса керек. Жақсы кітаптан адам жоғалғанын тауып, ұзақ уақыттан бері көз жазып қалған жандармен жүздескендей әсер алып, жаны жадырап, санасы сергіп қалады.

Қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған «Көлеңкелер күбірі» жырсүйер қауымның жанын жадыратып, санасын сергітетініне күмән жоқ. Сонымен қатар, бұл жинақ Ақберен шығармаларының шыңы да, соңы да болып қалмаса екен дегіміз келеді.

Серік ҚҰСАНБАЕВ.

«Дидар»

Шығыс Қазақстан Облысының газеті

1644 рет қаралды

3 Пікірлер “АҚЫН ЕЛГЕЗЕКТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ”

  1. Акжан:

    Үсті-бас
    Жыр – жаңбырға малмандай!..

  2. kalamkas:

    маганда ен унайтын жерініз-табиги тазалыгыныз!!!

  3. маҚсат:

    Өте тамаша мен сІздІҢ оҚырманыҢызбын мен сІзге ҰзаҚ ӨмІр тІлеймІн

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion