12.01.10

Мадина Омарова. Мәңгілік сауалдар, ғұмырлы ғазалдар

Әдебиет атты мұхитқа жыл сайын, бәлкім, күн сайын жаңа тамшылар мөлдіреп келіп құйылады. Олардың бірі алып стихияның тегеурініне шыдас беріп тұра алмай, толқын арасында адасып, көзден таса қалып жатса, бәз біреулері мұхит тұңғиығынан өз орындарын екшеп, мызғымастай бекінеді.

Мен Ақберен Елгезекті осы қайтпас қайсар дарынды екінші топқа жатқызғым келеді. Өлеңдері кездейсоқ оқырманды да селт еткізер өзіндік нақышқа, ішкі үндестікке толы. Үні көпшілік арасынан бөлектеніп, ерекше шығады екен. Себеп – ақынның өз-өзіне сенімділігінде және қазіргі заманда, жастар арасын неге екені сирек кездесер жақұттай болып кеткен білімділік пен талғампаздықта болу ерек. Біз XXI ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазіргі оқырманды сіз ғажап дарыныңызбен немесе құмыққан зармен, халық мұңын жалаңжоқтаумен селт еткізе алмайсыз. Ғылым мен техника жетіліп, мемлекеттер арасындағы шойын шымылдық серпілген кезде, Сіздің жеке мұң-мүқтажыңыз ешкімге қызық емес. Қазіргі оқырманға сезіммен қатар интелуалды талшық керек. Сіз оның парасатын жаулап алу арқылы жүрегіне жол табасыз.

Ақберен Елгезек поэзиясы осы талапқа сай келіп тұр. Оның өлеңдерін оқып отырып, автордың эзотерикалық, діни, әдеби білімінен хабардар боласыз. Философиялық түйін шеберлігіне, аз сөзбенен үлкен кеңістікті, ұлы мағыналарды қамту мүмкіншілігіне тәнті боласыз. Кезінде Асқар Сүлейменов айтқан екен «…атқа отырғанынан кісінің шабаңдоздығы көрінсе, ұстанған тағылым-принципінен жазушының мәдени өресі, талғамы-тереңдігі танылмақ» деп. Ақбереннің әр өлеңінен оның мәдени өресін, дайындығын көреміз.

Жер бетіне мыңжыл бойы тұнжырлы,

Аппақ жұлдыз сапар шекті мың жылдық.

Тау мен тасты жарып өткен сәулесі,

Жүректерді тесе алмаcтан, қынжылды.

Тәңір атты жаралған соң өрістен,

Аппақ жұлдыз – періште еді келіскен.

Пенделердің әлеміне жол тартты,

Пенделерге көрінбейтін пейіштен.

Батыс жақтан көлбеңдеді көлеңке,

Шығыс жақтан сібірледі кіреуке.

Бір хабарды айта алмаған хабаршы,

Бұл жалғанға келді ме екен тым ерте?

Солтүстік пен оңтүстікте таң атпай,

Гүлдер солды, желге бетін қаратпай.

Пәктік пенен адалдыққа өгейлеу,

Аппақ нұрды бәрі тұрды жаратпай.

Бар ғаламды басып кетті қас түнек,

Көкжиекті жасын өтті кескілеп.

Қараң бірақ адамдардың жанары,

Қарашығы санасынан естірек…

Ғасырларда нәлет құшып тасталған.

Сол күндердің көздерінде жас қалған,

Аппақ жұлдыз жаңалығын айтпады,

Содан кейін бәрі қайта басталған.

Қараңғылық күтпей жатып Күн, Айды,

Аяғы ауыр бір аруды сынайды.

Құрсағында тулап жатқан пайғамбар,

Тумай жатып, өліп қалған сыңайлы.

Аппақ жұлдыз қара аспанда жылайды…

…әлем әлі дайын емес…

Жасы отызға жетпеген жас ақынның өлеңдерінен ғасырлар бойы адамзат санасына корғасын болып құйылып, мәңгі мазалап келе жаткан ғаламдық сауалдарды оқисыз, сонымен қатар Ақберен ол сауалдарға жауап тапқандай әсерде қаласыз. Автордын әйтеуір бір керемет кұпияның сырын білетінін аңғарасыз. Бұл, әрине, магнитше арбайды, авторлык харизманы күшейтеді. Және оның өлеңдерінде көп жағдайда метафизикалық сипат тән. Бір жерден буддистік таным көрінсе, екінші ретте Тәңір аты аталып, заты сезіледі. Осындай діни ілімдерден хабары жеткілікті, оларды санасына сіңіріп, жүрегімен ұғынған автордың Алла атын ауызға алып, мінәжатқа келуі – сенім туғызады және кұрмет сезімін оятады.

Алдымен Сөз!

Содан кейін барлығы,

Солай еді Хақ-Тәңірдің жарлығы.

Сөзден ғана пана тапқан жүрегі,

Аянышты ақындардың тағдыры.

Алдымен Сөз!

Содан кейін барлығы,

Солай еді Ұлы ақынның жарлығы.

Содан бері қарашықтың түбінде,

Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы.

Алдымен сөз!

Содан кейін тіршілік,

Бір құрсақта бұлқыныпты, тұншығып.

«Күн!» – дегенде көкжиектен күн шығып,

«Түн!» – дегенде қыр астынан түн шығып,

Шайырларды құшақтайды қымсынып.

Алдымен Сөз!

Содан кейін елеңдеп…

Әріптерден құралатын әлемде.

Жұлым-жұлым дәптеріне ғаламның,

Көз жасы боп тамшылайды өлеңдер…

Алдымен Сөз!

Содан кейін бар дала,

Тымырайып жалған сөзге алданар,

Жүректерге көшер ме екен сүртілмей,

Тамшыдағы таңбалар?…

Сөз қадірін, Ұлы Мәртебелі, Кұдіретті Сөз қадірін ақын-жазушыдай білетін, сезінетін пенде жок, Мұны дарыған кие деңіз, қасіретке малынып өтсін деген бұйрығы бар мөртаңба деңіз, бірак Сөз дертіне бір шалдыккан адамның ғұмыры осы Сөздің балы мен уын теріп, арпалыспен өтері анык, Ол туралы Абай «Сөз өнері – дертпен тең» десе, Мұқағали:

- Несіне? Несіне мен? Несіне мен?

Жазды екем, жанды қинап, несіне өлең?

Жүрегіме жүк арттым несінемен,

Жүре бермей өмірдің көшіменен?! - деп торығады.

Ал Есенин:

- Не каждый умеет петь,

Не каждому дано яблоком

Падать к чужим ногам,депті.

Осы катарды Акберен Елгезекпен толықтырар болсақ, жас акын:

Мен тағы да бұл әлемге келер ем,

Жатқан кезде қыс сарғайып, күз көктеп.

Мен бағбанға гүл орнына берер ем,

Жұпарланған жырларымды тізбектеп.

Өтіп кетер өкінішті өмір бұл,
Бір Құдайдың өзгермейтін заңы бір!
Мені тағы ақын етсе Тәңірім,
Бұл жалғанға келер едім тағы бір!
дейді.

Бұл, өрине, көңіл көтерер оптимизм, Поэзия әлеміне енбей жатып, үлкен ақындарға еліктеп, апатия мен зарға бөгетін, өмірде өзі бастан кешпеген мұн-мұқтажды, торығуды әдемі сөздер мен жаксы ұйқаска теліп, иегін тірей қалып, ойлана қалып, позада тұратын көп-көп ақындардан Ақберенді  осындай рухани сергектігі ерекшелейді. Ұнамды етеді. Бірақ, Ақберен поэзиясы көлеңкелі көңіл-күй мен көнілсіз тұстардан ада деуге және болмайді әрине. Ұлы Мұкағали айтпакшы, «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді».

Акбереннің көңілсіздігінің өзі ішкі сәуледен, ойлы меланхолиядан туындаған.

Қас-кагымның шырымынан емделіп,

Ары карай кетпеу күнә сенделіп.

Өлмеген соң балконыңа жерленіп,

Шылымыңды соргылайсың шерленіп.

Анау жакта жарқырайды салюттер,

Олар мәз гой, менікі құр пенделік…

Бұл енді әркайсымыз осылайша атын атап, түсі түстемесек те, ара-тұра бастан кешетін күйіміз…

Ақберенге – сәтті сапар.

«Жас қазақ» газеті

№18 (174)

8 мамыр 2008 жыл

1107 рет қаралды

2 Пікірлер “Мадина Омарова. Мәңгілік сауалдар, ғұмырлы ғазалдар”

  1. амина:

    маған барлығы ұнады керемет

  2. шакен:

    мадина апай жақсы жазыпсыз

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion