16.02.10

МАДИНА ОМАРОВА. ҚАРАҢҒЫЛЫҚТАН КЕЛГЕН ҚОНАҚ

/ақын Ақберен Елгезектің шығармашылығы туралы/

Әрбір адамды, дүниеге келген әрбір тіршілік иесін әлдебір көмескі мұң тербейді. Сол мұңның жетегінде жүріп адам әлденені іздейді, өзінің жанының мазасыздығын түрлі жолдармен басуға тырысады, кінәлайды, жақынынан безеді, шалғайға қашады. Ешкіммен және еш жерде жан тыныштығын таппағаннан кейін көп жағдайда баянсыз ғұмырмен бәтуаға келе алмай ана жаққа аттанып кете барады. Жер қойнауына жұтылып патша да, бекзада да, батыр да, ару да, бала да, кәрі де  кетті. Жер қойнауы солардың қураған сүйегіне толы. Сол бір ағараңдаған, сарғайған, шіріген сүйектерді де тербеген мұң бұл. Мәңгілік симфониясы. Онсыз адам хайуан болар еді.  Адам – жалаң тән емес, Алла бүріккен Жанды, Рухты кеудесіне сыйғызып сапарға шыққан ТІРШІЛІК ИЕСІ. Біреуінің сапары ұзақ болар, біреудікі қысқа болар. Мәселе онда емес. Мәселе – әрқайсымыздың жүрегімізді тербеген, жанымызға маза бермеген күйде. Адам рухани, интеллектуалды деңгейіне, мәдениеті мен тектілігіне қарай артынан түрлі із қалады.  Аруақтанған ақын мен арықта жатқан алқаштың Аспандағы тәңірі бір

болғанмен, зары бөлек.
Өтіп кетер өкінішті өмір бұл,
Бір Құдайдың өзгермейтін заңы бір!
Мені тағы ақын етсе Тәңірім,
Бұл жалғанға келер едім тағы бір!

Ақберен, ал сен не қалдырасың артыңда? Жырларыңды? Сенің жырларың шынымен де өзге шайырлар жазған өлеңдерге ұқсамайды. Ішінде бөлек үн, құмыққан дауыс бар. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»… Оның себебі неде болды екен? «Болмаған балалық шақта» өзің жазған тағдырың үлесін қосты ма оған. Әрине, қосты. Бірақ мәселенің шешуі бұлайша оңай болмаса керек. Сенің әлемің  иен даладағы жайма-шуақ жұлдызды түн секілді. Бір жұлдыз қаны сорғап ағып бара жатыр, басқалары жымың қағып тұр. Біреуі жарық, біреуі көмескі. Айналаны нұрлы тыныштық басқан. Кейде ол тыныштық үрейлі мылқау құбыжықтың ышқынысы тәрізді санаға сіңбес үн шығарып, үрейлендіреді. Бірақ әдетте жанға жайлы, жылы. Бірақ қараңғылықтың аты – қараңғылық. Онда өзгеше бір өмір бар, қараңғылықта түрлі нәрселердің елестеуі, әлдебір көмескі сұлбалар, сусылдаған көлеңкелердің біресе пайда болып, біресе ғайып болып жатуы мүмкін…

Жер-Ана өлді, тамұқтың мөрі түсіп тасына.
Осы сұмдық әлдебір сұмдықтардың басы ма?
Мұхиттар мен теңіздер кеткен екен айналып
Бір тамшы көз жасына…
Сөз жоқ, енді басталмақ космостық басты ылаң..
Қара аспанның от жанар үстінен де, астынан.
Ай да ғайып,
Күн ғайып…
Судырайды құр ғана
Бір сөзі жоқ бос Құран…

Мен Сен туралы ойланамын, дәлірек айтқанда, сенің жырларыңды оқығаннан кейін ойланамын. Менің жүрегімді тербеген Мәңгілік симфониясымен сенің жырларыңдағы әуен әдетте үндесіп жатады. Бұл әрине, керемет, сиқыр. Үлкен ақындарда болатын харизманың түйіні осы – бірінші жақтан сөйлеген өлеңдері арқылы жалпыадамзаттық мұң-зарды көтере алғандығында, мыңдаған, миллиондаған жүректермен үндесіп, жалғасып кете алу мүмкіндігінде болса керек. Жалқының жалпыға, күлліге айналуы. Сиқыр. Өлеңдеріңді оқып отырған кезде Сен анадан қария болып туған секілді көрінесің. Себебі, көп жырларыңда кездесетін байлам, тоқтам – әдетте жер ортасынан асқанда келетін, «жүре берсең көре бересің»-нің жемісі болуы керек еді. Ал, Сен Ол туралы қайдан білесің?

«Бір қазада, еріп келген қорымнан,
Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.
Жетімек шал…
Орын беріп ішімнен…
Содан бері қара дертке ұрынғам.
Ол қиялға берілгенде бүрісіп,
Менің мүлде жоғалады тынышым.
Бір нүктенің мекен етіп бұрышын,
Оның түсін мен көремін түн іші» деп түсіндіресің өзің.

Болса болар… Дей тұрғанмен, сен өзіңнің түк те қария еместігіңді тағы да өлеңмен білдіресің.  Өлеңдеріңнен сенің мінезіңді, кей сәттегі көңіл-күйіңді анықтайтын тағы бір сарынды ұстаймын. Өз-өзіңді қабылдамау. Өз-өзіңнен бас тарту. Неге? Әдетте жасөспірім шақта болады – сыртқы келбетіңе, қоғамдағы мәртебеңе көңіл толмай, іштей бұлқан-талқан болу, жанартауша жалындап, әлемге деген наразылықты іс-әрекетпен әйгілеу… «Автопортрет» деген өлеңіңде:

- Өңім бе еді бұл өмір, түсім бе еді?
Мен әлі де ештеңе түсінбедім.
Айнадағы бейнеге ұқсасам да,
Сол біреуге тартпаған ішімдегім!,- дейсің, ал  «Айнадағы бейтаныс» атты өлеңіңде өз-өзіңмен екінші жақтан тілдесіп:
- Сені біреу ұқса егер…
Аспан ұғар!
Себебі оның сен жайлы дастаны бар.
Сен жұтасың тамшысын ол жыласа,
Сен жыласаң…
Жұбатпас достарың бар…

Бұның барлығы, әрине, мәңгілік қақтығыстар, адамның өз ішінде туындап, сол жерде тәмамдалатын мәмілесіз майдандар… Жастық пен кәрілік, ақ пен қара, періште мен шайтан… Осыдан келіп туындайтын қысқа тұйықталу, алаулап жану, бір-ақ сәтте сөну. Сондықтан да Саған ренжуге мүлде болмайды деп ойлаймын мен. Өзіңнің жазған бір хатыңда «Ақын болған – ауыр жалпы… Ақын адамдардың құндылықтарына күлкісі келеді, бұл әлемді барлық бояуларымен көреді. Кейде адамдар мына дүниені қалай қабылдайды екен деп қызығады. Сосын ылғи өзінен-өзі іштей азаптанып жүргені. Себебі оның ішінде біреу отырып алып, ұлиды да жатады… Не бөрі емес, не вампир емес, қашқын, күнаһар періште секілді бір рух…» деген едің. Бұдан артық айту да қиын. Содан кейін Сен «өлеңді мен жазбаймын, менің ішімде Біреу отырған секілді, сол жазады» деп жиі айтасың. Иосиф Бродскийдің «Большая элегия Джону Донну» деген өлеңінде «Кто это ко мне обращается? Ты – город? Ты – пространство? Ты – остров? Ты – небо? Вы – ангелы? Который из ангелов? Ты – Гавриил?» деп әр нәрсені атап сұрап келіп ең ақырында «Нет, это я, твоя душа, Джон Донн» деп жауап алатын жері бар. Бродскийдің тағы да «Когда говорят, что поэт слышит голос Музы, мало кто вдумывается в смысл этого заезженного выражения. А если попытаться его конкретизировать, станет ясно, что голос Музы – это и есть голос языка» деген сөздері бар.

Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Хақ-Тәңірдің жарлығы.
Сөзден ғана пана тапқан жүрегі,
Аянышты ақындардың тағдыры.

Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Ұлы ақынның жарлығы.
Содан бері қарашықтың түбінде,
Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы.

Ақберен өлеңдерінің мазмұны терең, ал ауқымы тек осы өмірді, мына тіршілікті ғана емес, параллельді әлемдер тынысын, Сол жақтан түскен хабарларды қамтиды. Оның жырларында қалыпты ұғымдағы Уақыт жоқ. Әлемнің мәңгілік қонағы Рух қана шынайы. Соның күйзелісі, ізденісі – Ақберен жырларының негізгі арқауы.

Кейіпкердей өткен шақ өлеңінде,
Ұмыт болдым,
Белгісіз дерегім де.
Өмір сүріп беймәлім керегі не,
Керегі жоқ адамдар әлемінде.
Миллионжылдық секундтар есебінен
Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге.
Өзім, сірә, тірімін!
Қызық екен…
Денем отыр бүкшиіп төсегімде…

Біреу түсінер, біреу түсінбес. Түсінбегендерге түсіндіру маңызды еместей көрінеді. Әркімнің қабылдайтын өз шегі, өз шеңбері бар…
Сөзімді Осип Мандельштамның «Щелкунчик» деген өлеңімен аяқтайын деп едім.

Куда как страшно нам с тобой,
Товарищ большеротый мой!
Ох, как крошится наш табак,
Щелкунчик, дружок, дурак!
А мог бы жизнь просвистать скворцом,
Заесть ореховым пирогом…
Да, видно, нельзя никак.

1414 рет қаралды

7 Пікірлер “МАДИНА ОМАРОВА. ҚАРАҢҒЫЛЫҚТАН КЕЛГЕН ҚОНАҚ”

  1. Гүлнұр Имандосова:

    Ақберен ақынның “Сөзден ғана пана тапқан жүрегін” оқырманына ұғындыра білген. Ақын жанының тек ақындық тұсын емес, адами қасиетін де жазушы Мадина Омарова сан қырлы етіп жеткізе біліпті. Өте сәтті жазылған.

  2. Аружан Егембердиева:

    Макала жалпы жаман емес. Мадинага ангиме емес, сын жазу керек секилди… Мадинанын кемшилиги кунделигин ангимеге айналдырып жибереди… Кунделик пен ангименин арасы жер мен коктей гой.

  3. Мадина Омарова:

    “Кунделик пен ангименин арасы жер мен коктей гой”.
    Бұл туралы бұрын білмеппін… Керемет кеңес. Осындай ақыл-кеңестер арқылы жазушы-сыншы, ақын өседі, кемелденеді. Білімін толықтырады. Мың да бір рақмет.

    Осы ойға Аружан тек өз күшімен /біліктілігімен/ жетті деген сеніммен, Мадина

  4. Алтын:

    Мен Мадина Омаровамен 11 класта оқып жүргенде Қаскелең қаласында өткен облыстық олимпиадада танысқан едік. Содан бері сырттай тілекшімін.

  5. Касым:

    Аружаннын пикиринде шындык бар. Мадинада оре бар, ол оз кемшилигин шамданса да мойындаган секилди.

  6. Касым:

    Мадинанын ангимесине караганда маган Акберен туралы макаласы унады. Жаксы жазган.

  7. Асель:

    Мадина Омарова, сізбен калай жазысуга болады? “Қадір түні” атты диалог-әңгімеңізді сахналандырuан болатынмын, сол жайында! Сізден жауап күтемін asel_shekenova@mail.ru

Пікір жазу

© 2009, Ақын Ақберен Елгезектің сайты
Разработка и дизайн — студия Web Art Promotion